Мультфильм - латын тіліндегі multiplicatio — көбейту және ағылшын тіліндегі film — таспа деген сөздердің бірігуі арқылы жасалған сөз. Мультфильмнің не екеніне, қандай әсері барыне, қазір қандай мультфильмдердің хит екенін есін шала-пұла білетін баладан мультикқұмар ересектерге дейін беске жауап береді десек, артық айтқанымыз емес.
Әлемдік киноиндустрияда мультфильмдердің алатын орны ерекше және осы мақсатта сапалы дүниелер жасауға жүздеген миллион доллар жұмсайды. Әрі бұл шығын қысқа мерзімде әлденеше есе артығымен таза табыс болып құйылады. Бұл алпауыт батыс әлеміндегі жағдай. Орыстар да ешкімнен қалысып отырған жоқ. «Маша мен аюының» өзі-ақ орыс тілді әлемнің болашағын қамтамасыз етіп жатыр. Демек, мультфильмдер – балаларды қызықтырып уақытынын өткізетін, танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік көрнекі құрал ғана емес, болашақты болжаған үлкен саясаттың қуатты қаруы. Мультфильм арқылы да өзіңде барыңды базарлап, әлемдік нарыққа шығару арқылы тарихыңды, салт-дәстүріңді, қуатыңды өзгеге танытасың, мойындатасың. Қытайдың, жапонның, кәрістің мультфильмдерін қарап отырсаңыз, бұған анық көз жеткізесіз.
Ал қазақ мультипликациясы қай деңгейде? Қазақ мультфильмі десек, есімізге отандық мультфилмнің атасы, әйгілі Әмен Қайдаров ақсақал мен ол түсірген тамаша фильм «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» түседі. Демек, қазақ мультипликациясының қалыптасқан тарихы, ізгі дәстүрі бар, заман көшіне сай жұмыс жасалуда. Оған ғаламторда және «Балапан» арнасында көрсетіліп жататын алуан түрлі қазақша мультфильмдер куә. Әлемдік жауһарларды қазақ тіліне аударып ұсынып жатқандығы да тіліміздің дамуына қосылған үлес екендігі анық. Құптарлық жағдай.
Дегенмен, осы күнге дейінгі дүниелерге қатысты кейбір ойға түйгендерімізді ата-ана, көрермен ретінде көппен бөлісуді жөн көрдік.
Қазақ әдебиетіндегі авторлық және фольклорлық туындылардың желісі бойынша жасалған қазақ мультфильмдері қазіргі күні едәуір мөлшерде баршылық. Олардың барлығы да ғаламторға жүктелген. Қолжетімді. Оларға біздің ата-ана ретінде, қазақ ұлтының өкілі ретінде қоятын талабымыз – жас ұрпағымызға ұлттық эстетикалық, этикалық құндылықтарды лайықты бере білу, дөрекілікке, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрпымызға қайшы келетіндей дүниелерге жол бермеу ғой. Жоғарыдағы едәуір мөлшерде бар делінген мультфильмдер арасында осы үдеден шығатын да, талғам таразысына толмайтын да өнімдер бар. Кейбірі, расымен де қынжыларлық жағдайда. Солардың қатарында бірер жыл бұрын ағайынды Краустар түсірген бірнеше мультфильмдерді атауға болады. Мысал үшін, «Қобыланды батыр» сериалын алайықшы (әрине, барлығы бірдей қонымсыз деуден аулақпыз). Өзге жұрттың баласы қазақ эпосы желісінде мультфильм жасау дұрыс па, бұрыс па, ол жағы да ойланарлық жағдай. Бірақ кәсіби отандық мамандарды қатыстыру арқылы сапалы өнім жасап жатса, несі айып? Алайда... Алайда Краустардың ұлтымыздың жан дүниесіндегі нәзік иірімдерді алып кете алмағандығы, тереңіне бойлай алмағандығы анық аңғарылады. Сөзіміз жалаң болмау үшін мысал келтірелік. "Қобыланды батырдың" екінші сериясы – осы аттас батырлық эпостағы Қараман батырдың Қобыландыға келіп Қазан ханға қарсы жауға аттануға шақыратын тұсындағы оқиғаларға құрылған. Мәселе осы арадан шығады.
Мультфильм жасау барысында эпостың сюжеттік желісін қаз қалпында сақтап түсірмеді демейміз, оған мүмкіндік те жоқ, заманға сай авторлық шешім де басқа болуы мүмкін. Дегенмен,жырдың өне бойына арқау болып ғасырлар бойы туған халқымен бірге жасасып келе жатқан ең түйінді жерлерін көрсетпесе, мағынасы ашыла ма? Қараман досының қолқасын тыңдаған Қобыланды жауға досымен бірге аттанбақ болып келісімін береді. Сөйтіп Естеместі Тайбурылды алып келуге Құртқаға жұмсайды. Естемес барып сәлемін жеткізеді. Сонда Құртқа: «Болмайды! Бармасын, жорыққа! Жоқ, Тайбурыл әлі мініске жарамайды», - деп жауап береді. Естемес Құртқаның бұл кесімді сөзін жеткізеді. Сонда Қараман:
- Әйелінің сөзіне еріп соғысқа бармайтын үйкүшікпен жолымыз екі айырылады! – деп, қырық мың атты қиятының көзінше зілденіп, жауға қарсы аттанып кетеді. Қобыланды ашуланып тұрып қалады. Келесі эпизодта Тайбурылға мініп, қаруын асынып алып, «Тоқта!», - деген Құртқаға: «Сен мені жақсы көрсең, абыройымды айрандай төктің...», - деп жорыққа аттанып бара жатқан томырық мінезді Қобыландыны көреміз. Қазіргінің әлдебір дөрекі жігіттерінің ғана мінезі.
Әрине, «Қобыланды батыр» мультфильмі түгілі, эпостың өзінің он жеті нұсқасы болғандықтан, бірізділікті күту мүмкін емес. Бірақ сол нұсқалардың бәрінде дәл осы Құртқаның Тайбурылды баласындай мәпелеп бағатыны, Қараманның сөзіне ашуланған Қобыландының түтігіп ауылға шабатыны бар емес пе? Қыз Құртқадай арудың көрегендігі, ақылдылығы, даналығы, шаруақорлығы танылмаушы ма еді? Ежелден-ақ ел ісінен хабардар, ел қорғайтын ердің бар жағдайын қамтамасыз етуге деген үлкен жауапкершілікке ие қазақ әйелінің биік тұлғасы емес пе еді, Қыз Құртқа? Жырда Қыз Құртқаның Тайбурылдай тұлпарды табатын биенің өзін сыншылдықпен танып, оны аяқтандырып, сырт көзден таса бағып-күтетін еңбегін ерекше екпінмен суреттемеуші ме еді?
Өзі әйелдің данасы,
Тұлпар туған Буырылдың
Қырық үш күні кем деген».
Қыз Құртқа өзі баптап байлап отырған Тайбурыл тұлпардың нағыз бабына келетін мерзімін анық біледі. Қазақ қызы, қазақ әйелі ешқашан қоғамнан аулақ, томаға-тұйық өмір сүрмегендігінің айғағы емес пе! Біз осы арқылы да қазіргі күні "қазақ әйелдері оранып-шымқанып үйде отыруы керек" дейтін керауыздарға орынды жауап қатқан болар едік қой.
Қазақ әйелі елін жаудан қорғамақ болып аттанбақ болған еріне тоқтау салып, еш негізсіз «Жорыққа бармасын!», - деген жағдай ешқандай эпостық жырларда да, аңыз әңгімелерде де болған емес. Бұл - үйдегі еркегін басып билеп, оның атынан өзі шешім шығаратын қазіргі заманның көптеген тасыр әйелдерінің қылығы. Мұндағы мәселе – Бурылдың толық бабына келуі үшін әлі де болса қырық үш күн кем болуы еді ғой.
Қобыланды батырдың "иектен тері тамып, білегінен түгі шығып, жүрегі жанында тулап" келе жатуының себебі - Қараман құрдасының "Сен әйелді тыңдайсың, жауға шабар-шаппасыңды үйдегі әйелің біледі" деген қыжыртпа сөзі еді. Сондықтан да Қобыланды батыр Тобыршық атқа ер салып, ауылға қарай шаппайтын ба еді!
Міне, осы бір ұлттық бояуы қалқыған эмоциялық қалып-күйді мультфильмде неге көрсетпеске! Конфликт деген – кез келген жанрдағы туындының өзегінде жатпаушы ма еді? Қобыланды батыр түтігіп, өзінің басын кесіп алмаққа құйындатып келе жатқан қысылтаяң кезде асыл туған Құртқа қайтуші еді?
Батырдың ашуы бойына сыймай, ауылға қарай дүбірлетіп шауып келе жатқан себебін айтқызбай аңдаған Қыз Құртқа осы күнге дейін желге қақтырмай, күнге күйгізбей, жас баладай мәпелеп баптап отырған Тайбурылды ойқастатып, ойнақтатып далаға алып шығып, ашулы батырдың назарын Тайбурылға аудармаушы ма еді? Қыз Құртқа арқыраған Тайбурыл арғымаққа мініп алып аспанға қарғушы еді ғой.
Біздің айтпағымыз, Қыз Құртқа – Краустар түсірген мультфильмдегі ебіл-дебілі шығып елбеңдеген бейне емес, өзі атбегі, өзі ақылды, қажыр-қайратты батыр әйелдің образы болатын. Мұны көрсетуге неге болмайды? Көрсетуге болар еді-ау – ағайындылар бастаған шығармашылық топ сезіне алмаған соң, не шара! Айналып келгенде мұның өзі Краустар түгілі, жетпіс жеті атасынан қазақ топырағында туып, мейлі мультфильм әлде толық метражды кино түсіретін қазақ киногерлердің біразына тән кемшілік. Көбінесе интернационалдық сипаттағы, әлемдік ауқымдағы дүние түсіруге ұмтылып, қыруар қаржы жұмсалған рухани өнімдері жарамсыз, жартыкеш туынды болып қалуының басты себебі - өз ұлтының жанын түсінбегендік қой.
Жырдың нұсқасын негізге ала отырып сценарий жазып ұсынушылар ондағы әсерлі атыс-шабыс, шайқаспен қатар, қазақы танымға суарылған рухани әсерді де ойлауы керек еді ғой. Ағайынды Краустар үшін қазақ руханияты «екі қойым – бір сом» ғой, түсірілімді ұтып алды, ұжым жасақтап жұмылдырды, шығарды, ұсынды. Бірақ, бір кем дүние – баяғы қағажу қалатын қазақы рух. Рух, жылылық болмаған соң, жасалған дүние мультипликациялық тұрғыдан қанша жерден сапалы болғанымен, одан тұщымды дүние шықпайтыны анық. Өзге жұрттар шығарған мультфильмдерді қарасаңыз, сол ұлттың өзіне тән табиғи ұлттық бояуы жарқырай көрініп, әлемдік гуманизммен астасып жатады. Жас бала түгілі, өзіңіз де еріксіз жақсы көріп кетесіз. «Алматы қаласының тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырмасы бойынша ағайынды Краустар түсірген мультфильмдерді көргенде осындай ойға қалдық. Қазір де түсіріп жатыр ма, одан хабарымыз жоқ. Осы мультфильмдердің кейбірін көргенде: «Қазақ балаларының эстетикалық, этикалық тұнығын лайлау үшін жасалған туынды ма?», - деп еріксіз бас шайқауға тура келеді. Сөзіміз жалған болмас үшін әлгі ағайынды Краустар түсірген «Жанәділ» атты мультфильмді алайық.
«Жанәділдің» ұзын-ырғасы мынадай: Жанәділ атты жігітті әйелі үнемі жақтырмай, сөйлей береді. Бір күні нөкерлерімен сол елдің ханы келе жатады. Жанәділ болса: - Аманбысың, хан ием! – деп сәлем береді. Әйелі осы үшін де ұрсады. Ақыры не керек, әйелі ханды Жанәділдің көзінше үйге кіргізіп алып: «Сен әумесер ары жүр, ханның үстіне шай төгесің», - деп қуып жібереді. Киіз үйдің ішінде хан мен әйелінің дауыстары шығады: «Мінеки, шай ішіңіз, бешпармақтан алыңыз!», - деп қояды, Жанәділдің әйелі! Өз үйінің есігі алдында арлы-берлі сандалған ынжық күйеуі: «Өй, мен де шөлдедім, шай ішкім келеді!», - дейді. Күн ыстық, шөлдеп жүр. Бірақ кіруге бата алмайды. Үй ішіндегі ханның «Ы-ым», - деген әйелге ризалық дыбысын естіген Жанәділ: «Тфу!», - дейді де, «Көршіме барайын онан да», - деп кетіп қалады. Әбден ішіп-жеп тойған ханға Жанәділдің әйелі:
- Тағы келіп тұрыңыз! – десе хан:
- Күйеуің бізді сөкпей ме? – деп сұрайды. Ал әйел болса:
- Оны алысқа аттандырыңыз, сонда ол бізге кедергі келтірмейтін болады! – деп ақыл береді. Оқиға солай өрби береді. Бүгінгі күнге дейін бұл туындының ғаламторлық көрілімі жеті миллионға жуықтаған екен. Осы жазбамызды оқығаннан кейін тағы да бірнеше жүз адам көрері белгілі. «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп» деген осы десеңіз де өзіңіз біліңіз, оқырман әрі көрермен. Мұндай жартыкеш өнімдердің не керегі бар еді? Әлі де осылай шығарыла бере ме? Қандай да бір бір талаптық сүзгі, бақылау тыйым деген болмаушы ма еді? Осындай ойлар бізді мазалайды.
Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Қазақ мультфильмінде аз да болса жылт еткен жағымды дүниелер аз емес. Солардың бірі – «Қошқар мен Теке» мультфильмі. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өнімі. Сценарий авторы, режиссері Батырхан Дәуренбеков, музыкамен әрлеген Қанат Қалтай, бас суретшісі Бегім Қаламұлы, қоюшы суретші Азамат Ерназар, дыбыс режиссері Нуриддин Паттев т.б. авторлардың ортақ өніміне көрермен ретінде алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ежелден бері халқымыздың ауыз әдебиеті арқылы бірге жасап келе жатқан төл ертегінің желісін заманға сай түрлендіре отырып түсірген мультфильм – расымен де қызықты. «Білмеймін, Теке!», - деп қарап тұратын аңқау да сабырлы қошқар мен қолды-аяққа тұрмайтын сабырсыз, әрі қорқақ, бірақ айлалы Текенің бейнесі арқылы шығармашылық ұжым тамаша туынды жасай алған. Өкініштісі - араға жылдар салып жүріп түсірілген бұл мультфильм бар жоғы екі сериялы ғана екен.
- Бізге осы бірдеңе жетіспейді, сен білесің бе!», - дейді, Теке, күйсеп жайында жатқан Қошқарға:
- Білмеймін, Теке, ол не? - дейді Қошқар.
- Бізге ромаантика, жетіспейді. Ромаантика! – дейді, Теке. Оқиғалары тартымды, мәтіні ұғынықты. Ең бастысы, ұлттық танымға тұнып тұр. Тіпті Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» термесінің сарыны да орынды қолданылған. Сірескен дидактика немесе романтикалық кейіпкердің іс-әрекетіне құрылған жаттанды тәсіл емес, голливудтық кейіпкерлер үлгісіндегі жеңіл юмор арқылы өмірге бейім, шынайы өнім жасай алған екен. Бұл мультфильмді көру барысындағы біздің көрермендік бағамыз. Ал техникалық тұрғыдан орындалуы, аннимациялық эффектілердің сапасы мен деңгейі туралы кәсіби мамандар айтар.
Ең бастысы, осындай қазақы қаны ойнаған дүниелер арқылы біз жас ұрпақты елі мен жерін, мәдениеті мен әдебиетін, тарихын сүйетін, отаншыл да бауырмал етіп тәрбиелей аламыз. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деуші еді, халқымыз. "Қобыланды батыр" һәм "Қошқар мен Текені" салыцстыр арқылы болашақта Қазақстанды әлемге танытатын мультфильмдер түсіретін мамандар ең әуелі қазақтың жанын түсінетін адам болса деген ой еді, айтпағымыз.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.