Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Асылбек Ықсан. Британ мысығы...

22.05.2025 1541

Асылбек Ықсан. Британ мысығы 14+

Асылбек Ықсан. Британ мысығы - adebiportal.kz

Жайсыз үн естілді. Оянып кеткен Дәулет тас қараңғыға қадалып үнсіз жатты. Түсім болды ма екен деп түсін есіне түсіруге тырысты. Түс көрмеген сияқты. Есіне ештеңе түсе қоймады. Әлде даладан естілді ме екен... Сыртқы есік алдында жататын жұдырықтай «қоңырау» ит ызалана шәуілдегендей болып еді. Әйелі мен балалары жатқан бөлмеден тың тыңдады. Ол жақ үнсіз. Кішкентайлары мамасының қолынан түспей кеше күні бойы қыңқылдап шықты, әйелі ас үйге қайта-қайта жүгіріп дәрі шөп қайнатып Жәмилаға ішкізе алмай әуреге түсіп жүр еді. Анасының сүті емес екенін сезген сәби ақ мамықтай бетін тыржитып түкіріп тастайды да, құйттай тілін шығарып алып, қарсылығын білдіріп теріс айналады. Нәті жұмсақ Софи қызынан жеңіліп, қылығын қызықтап, бетіне телміріп отырады да қояды. Қазір әбден қалжырап ұйықтап жатқан шығар. Сәбилері сырқаттанғалы Дәулет ұлын алып үлкен бөлмеге көшті. Бес жасар Әсел мамасының қасында қалды. Әйелі екеуі Әселді бөлек бөлмеге жатқызып үйретеміз бе деп еді «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер...» деп өзін-өзі құшақтап теріс қарап отырып алған қыздарының тортиған түріне қарап бір күлісіп алды да дегеніне көнді. Жасқа шыланған бота көзі жарқ ете қалған Әселдің қуанғаны қандай керемет! «Бұл қызым гений, өйткені әкесінің қызы ғой, сені өзім тудым...» дейтін Дәулетке қызы ақырын ғана «іһһі...» деп келіскенсіп басын изейді. Алайда, ерінін жымқырып, тісін бір-біріне үйкеп, басын әнтек қисайтып алып сығырайта қараған көзінде ерке тентектік пен қулық ойнап тұратын. Софидың балаларын өзіне байлап тастайтын сиқырына қарсы амалы жоқ Дәулет «Әке, үйтейікші, әке бүйтейікші...» деп жанынан үйріліп шықпайтын ұлының да өзіне «адалдығына» күмәнмен қарайтын. Үн тағы шықты. Енді жәй шықты, бірақ та зәрлі үн. Мысықтың үні. Бірақ бөтен мысық. Жер үйге көшкелі үйлерінде мысықтың небір түрі болған еді. Автобус аялдамасы қақпаның тура алдында болғандықтан адам аяғы саябырсымайды. Үй арық жағасында, жұрт арықпен үй арасындағы екі аттам аралықты жол қылып алған, әрі әрлі-берлі өткендер құтыла алмай жүрген мысықтарын шарбақтан лақтырып кететін болуы керек «үйіңе кіргіз, тамақ бер...» дегендей бұлданған түрмен бажбия қарап, жаман дауыспен міндетсіне бажылдай мияулайтындар да, «мен бір бейшарамын, ием үйден қуып жіберді, аяй гөр...» деп пақырана бола қалатындары да бар әйтеуір, бірі кетсе бірі келіп үйлері мысықсыз болмайтын. Әйелі де, балалары да аулаға келген бұралқы күшік, үй-күйсіз мысық біткенге жаны ашығыш. Үйге бірден кіргізіп алуға Дәулеттен батпайды. Ұлы мен қызының әкелерін алдауға келгенде ым-жымдары бір. Бірақ, қандай да құпияның күндердің күнінде әшкере болатыны сияқты олардың да қулықтары бір күні ашылып-ақ қалады. Бірде паналатқан жерлерінде тамақ беріп отырғандарының үстінен түссе, енді бірде тасада ойнатып жүрген жерлерінен «ұсталады». Дәулет үйдегілердің иесіз мысықтарды паналатқандарына іші жылыса да, көшеде өскен мысықтардың үйдің кез келген жеріне отырып кететініне, жыл он екі ай түлей ме белгісіз – үй ішінде қылшық жататынына, тіпті, ол қылшықтың ас ішкен ыдыс-аяғыңның ішінен шығарына; тоңазытқыштың есігі ашылса болды жетіп келіп, көзін сатып мияулап тұрып алатын сұрамсақтығына, көзді ала беріп тамақ ұрлайтындарына – ас үйге кіріп келсең ас стөлінен секіріп түсіп тығыла қалатын екіжүзді аярлығына қарсы. Бірақ та, телевизиядағы жануарлар әлемі туралы хабарлардың тәрбиесі ме, бүгінгі балаларда бұралқы күшік, жетім мысық көрсе асырап алғысы келіп көзі мөлдіреп, қиылып тұрып алатын әдет бар. Дәретке дұрыс баруды үйрене алмаған кей мысық Дәулет тарапынан депортацияға ұшырайды. «Тазалықты білмейтін өзіңнен гөр, маған ренжи көрме...» деп ондай мысықтарды аштан өлмессің деп, қасапхана сияқты напахалы жерлерге апарып тастайды. Онда да біраз күн қиналады – «тасжүрек, эгоист» атанып, балалары мен әйелінің көзқырына ұшырап, цивилизациясы дамып кеткендер ортасында оқшау қалудың ауырлығын ойлайды, ақыры бала кезден мысық атаулымен алыстан сыйласқан әдеті мен тазалық туралы түсінігі (мүмкін жиркеншектігі) таразы басын басыңқырап кетеді де амалсыздан үйдегілердің ойынша «ауыр қылмысқа» барады. «Ауыр қылмысын» ақтарда олардың алдына ноутбугін  тартады – жазып отырған дүниесінің ішіндегі быжынаған ретсіз әріптер, тыныс белгілері, елі-елі, қарыс-қарыс интервалдар нағыз айғақ ретінде Фемида таразысының өз жақ табақшасын басып-ақ кетеді. Алайда, ашық қалған ноутбуктің бетімен әрлі-берлі жүгіріп өткен мысықтың «ғылым-білімге қылған қастандығын» бала-шағасы біліп-көріп отырса да «жауырды жаба тоқып» тымпиып отырып-ақ бейтарап көзқарас білдіреді...

Дәулет мына дауыстың тегін емес екенін сезді. Орынынан ақырын тұрып жарықты жағып еді, табалдырықта сұр мысық отыр екен. Шымқай сұр, жүні тықыр да емес, ұзын да емес, парсы кілемінің түгіндей тығыз, сирақты, денелі, бұлшық еттері тығыншықтай 3-4 жасар мысық. Балаларының арқасында мысықтың неше түрлі атасын білетін Дәулет мынаның британ тұқымы аталатын мысық екенін таныды. Бүгінгі қонағының мысығы осы екен ғой... Түн қапырық болғасын сыртқы есік ашық тұратын. Шала бүлінген жұдырықтай кәнден Элкаға қылия да қарамаған болуы керек, маса-шыбынға тұтылған тор пердені ысырып тастап, баса-көктеп кіріп келген шамасы. Мына түрі соны айтады. Асыл тастай жарқыраған сап-сары көзінің астымен жауыға тесірейеді. Британ мысығы ауызын нағыз жыртқышша ашып Дәулетке қадалған күйі ысылдап, жабайы дауыс шығарды. Қырылдаған үн ақырын шығып ашу-ызаға тола күшейіп келіп тарғыл үнге ауысты. Айбат шеккенде құйрығымен жер сабалайтын жолбарысша құлағын жымитып алып, құйрығын бұлғап еді өрттен шыққандай шолақ құйрық құр шолтаң-шолтаң етті. Шынжыры салдырлап ауладағы Бөрібасар үрді. Британ мысығы тына қалды. Құлағы локаторша айналып барып шекесіне жабысты да, жемтігіне атылардай бұғып, күжірейе қалды. Арқасын да күйік шалған екен – құр күжірейгені болмаса жүні көтеріле қоймады. Иттің үнін жаратпай, терезеге зәр төге қарады. Күжірейіп, зәрлене ысылдады да, аяғын санап басып бұрылып бөлмеден шығып кетті. Бөтен мысықтың аяқ басысынан, мойынын бұрғанынан, қарағанынан, бүткіл тұлабойынан жеккөрініш төгіліп тұрды. Қайғылы көзі тірі жан біткенді жарып тастағысы келетін ызаға толы еді. Әттең, жолбарыс емес...  Дәулет таңға дейін дөңбекшіп, көз ілмей шықты. Жиектері қызыл нүктелі төрт бұрыш экран бетіндегі аспанды кезіп келіп көпқабатты үйді көрсетті. Іле-шала құйрықты жұлдыздай аққан ракета көпқабатты үйге түсті. Жалын лап ете қалды да үйдің орнынында түтін мен шаң бұрқырап, үйінді қалды. Экранда теңіз көрінді. Теңіз беті бұрқ ете түсті де артынан лаулаған жалын шұбатылған ракета көкке көтерілді. Көлбей ұшып барып қалаға түсті. Объектив көзін бақырайта ашып қалаға төнді – әр жерде шашылған адам мүшелері, өртенген көлік, қираған үйлер, аяқ-қолы жұлынып кеткен, жантәсілім алдында жанталасқан адамдар. Кенет Дәулеттің құлағының түбінен «Мама, мама, я боюсь!» деп шар еткен бала дауысы естілді. Ұшақ креслосының астынан мысықтың тарғыл жайсыз дауысы естілді. Дәулет ұшақ төбесіндегі тілшікті басып стюардессаны шақырды. Шешесінің омырауына бетіп басып алған сәби «Мама, мне стгашно, мне очень стгашно мама...» деп бір уыс болып бүрісе түсті. Жетіп келген стюардесса өксіп-өксіп жылап отырған кішкене қызға кәмпит ұсынды. Стюардессаға әрі қызыға, әрі тосырқай қараған қыз өксігін тиып ақырын ғана кәмпитке қолын созды. Стюардесса Дәулетке иіліп құлағын тосты да басын сыпайы түрде изеп пилот кабинасына бет алды. Ұшақ салоны төбесіндегі монитордағы кино өшіп алақандай экранда Голливуд комедиясы пайда болды. Екі қатар сөреге тамақ, сусын қойылған қоларбаларын итеріп, әсем қозғалған стюардессалар ұшақ жолаушыларына тамақ тарата бастады. Дәулет ұшқалы бері иллюминаторға тесіліп үнсіз отырған әйел мен кішкене қыз баланың алдындағы креслоның арқалығына жапсырылған қалақтай стөлді жазып тамақ пен сусын қойды. Ерінінің ұшымен ғана «Дякую...» деген келіншек тамақтың күміс қатырма орауын жазып қызын тамақтандыра бастады. Дәулет босаған ыдыстарды жиыстырып, стюардессаның алып кетуіне ыңғайлап қойды да, қолын сулықпен сүртіп газет оқуға кірісті. Іштей түйіліп алып, қабағы бір жазылмай, сәбиіне де көңіл бөлмей келе жатқан келіншектің қатулы түрін байқап келе жатқан Дәулет «кемедегінің жаны бір...» деген қағидамен тіл қатып, әрі жол қысқартқысы келсе де мазалауды жөн көрмеді. Салонда микрофон қосылды да «Ұшағымыз Алматы әуежайына жақындап қалды, қазір төмендей бастаймыз, белдіктеріңізді бекітулеріңізді өтінеміз» деп үш тілде қайталаған құлаққа жағымды дауыс естілді. Иллюминатордан Алатау көрінді – тау баурайына жабыса өскен шырша, қарағай, қарлы шыңдар ұшақпен қатарласа қалқып келеді. «Мама, это гогый? Это пгавда гогый, мама...» деген сәбиін бір қолымен құшақтап алған келіншек белдік тартқан денесін барынша созып иллюминаторға жабысып қалыпты. Әйел қайырылмаған күйі «Настя, басым ауырып отыр, қоя тұршы...» деді де иығындағы шәлісін қымтана түсті. Ұшақ терезесінен көрінген төмендегі үйлер зырғып өтіп жатты. Бір кезде дөңгелектері ұшу-қону жолағына тиді де бүкіл денесі дір ете қалған алып ұшақ жерге қонды.  Дәулет жүк беретін бөлмеге өтіп, ақырын ғана айналған барабанның резеңке таспасында жантайған қарасы бар ағы бар, қызылы бар, көгі бар шамадандардың арасынан өз жүгі көрінгенше біраз тұрды. Қатар сырғып келе жатқан екі көк шамаданның өзінікіне қол созған кезде қызын жетектеп ұшақтағы көршісі де келді. Қолындағы қорапшаның торынан мысықтың көзі жылтырайды. Дәулет шамаданын сүйретіп шығар есікке беттеді. Артына қараса кішкене сәби қолын көтеріп, топ-томпақ саусақтары жыбырлап «сау бол...» деп тұр екен. Дәулеттің жымиғанын көріп сәби де жымиды. Келіншек алдына келген шамаданына қол созды. Дәулет терминалға ақысын төлеп, әуежайдың авто тұрағындағы көлігіне отырып, оталдырып біраз отырды да ақырын ғана газды басты. Капот астында булыққан 350 ат күші ала жөнелген көлік аудан сытылып жүзе жөнелген балықтай сылаң қағып асфальт бойымен сырғи жөнелді. Әуежайға кірген-шыққан көлікті есептеп тұратын автоматтың алдына келгенде Дәулет аяғын ақырын ғана тежегішке қойды. Арыны басылған машина еппен ғана тоқтай қалды. Автомат түбіртекті жұтып алған бойда шлагбаум ақырындап көтеріле бастады. Келіншегіне қоңырау соғып, аман-есен қонып, үйге бет алғанын айта берген Дәулет шлагбауымнан сәл ұзай бере ұшақтағы көршісін көрді. Жол жиегінде жүрелеп отыр екен. Аяғында қызғылт кроссовка, матасын әр жерінен сән үшін селдіреткен джинсиынан тәні жылтырайды. Келіншек шамаданының ойылып қалған бір бұрышына скотчты қабат-қабат жапсырып отыр екен. Қызы көрінбейді. Дәулет жол жиегіне тақала тоқтады. Кенет бетон діңгектің тасасынан қыз баланың басы қылт ете қалды да, Настя сұқ саусағын шошайтып ерініне тақап, көлік терезесінен басын шығарған Дәулетке «айтып қойма...» деген белгі берді. Көкпеңбек көзі күлімдеп тұр. Тоқтай қалған такси деп ойлаған болуы керек әуелі бей-жай ғана көз салған келіншек Дәулетті байқаған бойда шамадан жамап отырған түрінен ыңғайсызданып, қипақтап орынынан тұра келді. Дәулеттің «Отырыңыз...» дегеніне ләм-мим деп жақ ашпаған күйі шамаданын Дәулеттің созған қолына ұстатып, әуелі Настяны өткізіп жіберді де, мысық салынған торлы қорабын көтеріп көліктің артқы орындығына жайғасты. Дәулет шамаданды жүксалғышқа салып жатып тұтқасына жақын жапсырылған жапырақтай сары-көк туды, жүктің тіркеуден өткендігін білдіретін жалбыраған тілдей қағаздағы жазуды көзі шалды. Қатырма қағаздағы жазу украин тілінде екен. Ұялы телефонынан қаладағы қонақ үйлердің мекен-жайын қарап келе жатқан келіншек арзандау қонақ үйге жеткізіп тастауын өтінді. Дәулет келіншектің көңіл-күйі ұшақтағыдан едәуір жадырап, қабағы ашылғанын аңғарды. Құлаққа жағымды үні жансарайының сұлулығынан хабар бергенімен де әуезінің қалтарыстарында әлдебір қамырықты саз жатқаны сезіледі. Жас келіншектің бітім-болмысынан Қазақстанның тұрғындарына ұқсамайтын ерекшелік көзге ұрып тұратынын ұшаққа отыра бергеннен-ақ байқаған Дәулет келіншектің келбет-пошымына қасіретті, қайғылы ауан таңбасы басылғанын бірден сезіп, ыңылдап салған көңілді әнін тиып, ішін жиып алған еді. Жәбір көрген әлсіз әйел жанына қамқор болуға ұмтылатын күшті, қуатты еркектің табиғи жаратылыс түйсігі де оянып сала берген. Жіп-жіңішке қастары жиырылып, қабағы түйілгені, қақтаған ақ күмістей дейтіндей маңдайында жіңішке сызықтар пайда болып, қап-қара көздері мұңға толып, айналасынан оқшауланып, әлдебір бөлек әлемде отыратыны келіншектің жан күйзелісінен хабар беретіндей... Дәулет келіншектің жүзіне алғаш көз тастағанда көзінің асты күлтеленіп, көгіс тартқанын да байқаған... Алайда, самарқау, дел-сал отыратын келіншек қызының қолынан түсіп кеткен ойыншығын алып бергенде, үсті-басын түзегенде әбжіл, көз ілеспестей шалт қимылдайды екен. Дәулет әйелдің ішін болат серіппедей жиырылған әлдебір қуат кернеп, лақ еткелі тұрған жанартаудай оттың қоздап жатқанын сезіп келеді. Настя кенет қосқолдап шешесінің иығына жабысып, жұлқылай бастады: – «Мама, я к папе поеду! У меня есть кагльта, кагльту включу и к папе поеду. Я всё знаю!». Настя ойыншық ұялы телефонын қосып шешесінің беталдына тосты. «Вот смотгый! Магшгут выстгойн! Стгельку видишь?». Темекі тартуға рұқсат сұраған келіншек маңдайшадағы айнадан Дәулеттің басын изегенін көріп көліктің артқы есігінің терезесін сәл түсірді де, қол сөмкесін ақтарып оттық алып, саусақтары дірілдеп темекі тұтатты. Түтінді ішіне ұзақ сорды. Тістеніп алып қомағайлана, өштене сорды. Қызына тіс жармады. Жүзі сұрланып, көзіне жас толды. Бұлар орталықтағы екі-үш қонақ үйге кіріп шықты. Орын жоқ. Лық толы. Ресепшендегілер бір ауыздан қала қонақ үйлерінде орын жоқ екенін айтты. Дәулет пәтер жалдайтын танысына телефон соғып еді ол бес пәтерінің біреуі де бос емес екенін, солтүстіктегі көршілердің қаптап келіп жатқанын, пәтерақыны саудаласпай-ақ бір жылға бірден төлеп тастайтындарын қуана жеткізді. Дәулет келіншегіне телефон соғып, «дастархан жасап қой, жанымда қонақ бар» деді де көлігін қала іргесіндегі ауылына қарай бұрды. Қақпа автоматты түрде жылжып ашылды да көлік қалқа астына тоқтады. София аулада гүлдерді суарып, арам шөбін отап жүр екен. Резеңке қолғабын шешіп көліктен шыққан келіншекке қолын ұсынды. Қонақ келіншек Софияның қолын алды: 

– Кристина.                                                                                                                         

– София.                                                                                                                           

Дәулет жүксалғыштан шамадандарды алып жатып Софияның күлімсіреп Кристинаның қызының бетінен сүйіп, қонақтарды ертіп үйге беттегенін көрді. Есік алдына келіп, аяғын шешуге еңкейе берген Кристина кісінеген жылқы дауысы шыққан жаққа жалт қарады. Иесін көріп оқыранып есіктің үстінен емініп, кісінеп қоя берген шарбақтағы атты көріп «У вас есть кони! Как здорово!..» деп сүйсіне дауыстап жіберді де түрі бұзылып, есіктің жақтауына сүйеніп тұрып қалды. Көзінен тарам-тарам аққан жасын да сүртпеді. София көзі жыпылықтап шешесіне бір, өздеріне бір қарап тұрған Настяны көтеріп алды да қонақ әйелді үйге бастады. Ішкі бөлмелерден шыққан Иманжан мен Әселдің көзі алдымен Настяға түсті. Настя жүгіре ұмтылып келіп Иманжан мен Әселге қолын ұсынды: – «Настя...». Әкесіне жалт етіп бір қараған Иманжан қонақ қыздың қолын алды. Настя сөмкесінен Патрик Стардың қуыршағын алып Иманжанға ұсынды. Көзінде қуақылық жарқ ете қалған Иманжан қуыршақты Әселге бере салды. Кенет баж ете қалған жайсыз тарғыл дауыс естілді. Кіреберіске қоя салған тор көзді шағын қорапшадағы мысық екен. Кристина қорапшаның есігін ашып «Феникс...» деп еді үлкен сұр мысық атып шықты да мұздатқыштың артына зып берді. Мысықтың күйген резеңкі түтікшедей шолақ құйрығын байқап қалған балалар бір-біріне қарасты. Қонақ Феникс тығылып отырып үсті-үстіне бажылдаумен болды. Кристина шәйдан кейін қызын жуындырып, өзі де жуынып-шәйініп алды да София екеуі ас үйде стөл басында отырып әңгімеге кірісті. Дәулет ұйықтар алдында қыздарының бетінен сүйюге жатын бөлмеге кірді. Бөлме ішін корвалол иісі алып кетіпті. Көзі қызарып кеткен әйеліне «жүрегіңнің дімкәсі бар, жүйкеңе артық салмақ түсірмесеңші...» деп айтайын деп оқталды да үндемеді. София әңгімесін қорадағы Тайбурылды көргенде қонақ әйелдің неге талықсып кеткенінен бастады. Ұлы Олег ат спортымен шұғылданған екен. Күйеуі Андрей ұлына бәйге атын сатып алыпты. Кристинаның қала іргесінде тұратын әке-шешесінің ауласына атқора салып, қолы босай сала ұлын сонда алып кетеді екен. Олег емін-еркін атпен серуендеп, нағашы ата-әжесіне көмектесіп бақшаларын баптап, картошкаларын түптеп кәдімгідей шаруаға араласып, қара жұмыспен бұғанасы бекіп азамат болып қалған екен. Балалар дәрігері күйеуі соғыс басталғанда қолындағы броньды тапсырып ел қорғауға аттаныпты. Бахмуттағы қиян-кескі шайқаста қаза табады. Бұлар Киевте тұрған. Кристина сол күні тамағы ауырған Настясын алып емханаға кетеді. Үйде Олег пен Алёна қалады. Кезегі келіп дәрігердің кабинетінің есігін енді аша бергенде көшеден дабыл дауысы естіледі. Сарт-сұрт ашылған, қайырылысына соғылған есіктер, дәлізде бір-біріне соқтығысқан адамдар. Үрейлі жүздер. Жылаған балалар. Кристина Настяны қолынан алып сыртқа ұмтылады. Азынаған дабыл үні жүйкені тырналайды. Жанұшыра емханадан бір аялдама жердегі үйіне қарай ұшады. Бәрі көз алдында болады – бомба түскен жүз жиырма пәтерлік тоғыз қабат үйдің орынында аспанға дейін көтерілген шаң қалады. Бұлардың пәтері бірінші қабатта екен. Тоғыздағы Олегі мен бір жасар Алёнасынан жерлейтін... титтей де бір белгі қалмапты... Кристина үйіндінің арасынан Олегінің Алёнаны көтеріп тұрған фотосуретін ғана табады. Жедел жәрдем келгенде Кристина басын тоқпақтап, Алёнасының күйген қуыршағын құшақтып өз-өзімен лепіріп сөйлеп, жынданудың алдында отырады. Настяны көрші үйдегі Нина әжей алып кетеді. Үш күннен кейін ауруханадан шыққан Кристина үйінің орынында сүлесоқ күйде отырады да қояды. Әр нәрсені шұқылап қасында жүрген Настяға көз қырын да салмайды. Көрші үйдегілер әкелген тамақтан қанша жалынса да дәм татпайды. Мамалап қанша жұлқыласа да, жер тепкілеп жыласа да тас мүсін шешесі Олегі мен Алёнасының шеті күйген фотосына қарап анда-санда әлдебір әуенді ыңылдап меңіреу күйде отыра берген соң Настя Нина әжейге еріп сол үйден тамақтанып, сол үйде жүреді. Бомбалаудан соң бесінші күні қасына мысығы – Феникс келеді. Ауызында желкесінен тістеп алған өлі марғауы. Арқа жүнін от шалыпты. Құйрығынан бір сүйемдей ғана қалыпты. Күйген кәуап сияқты бұжыр-бұжыр қарақошқыл бірдеңе шолтияды. Ол шолақ құйрығы аяқ басқан сайын шолтаңдап, ауыратын болуы керек аузындағы марғауын тастай салып екі бүктеліп отыра қалады да құйрығын жалай береді. Қасыреттен бір апта бұрын балалаған Феникс кең дәліздің бір бұрышындағы үйшігін тастап, марғауларын желкесінен тістеп алып далаға тасумен болған екен. Мысығының оқыс мінезіне түсінбеген Олег артынан аңдып жүріп үйдің қараңғы жертөлесіне ере кіріп бұрыштағы картон жәшікте бір бүйірлеп шалжиып жатып алған Фениксті көреді. Соқырлары енесінің емшегін жұлып алардай тартқылап еміп жатады. Бажбиып жаман көзбен қараған мысығы Олегті танымайтындай ызалана ысқырып-пысқырып, тарғыл дауыспен мияулап жанына жолатпайды. Олег амалсыздан мысықтың сүтін, тамағын жертөлеге апарып қоятын болыпты. Бомба түскенде ауызына ілінген марғауын тістеп сыртқа ұмтылған шамасы. Үйіндіні иіскелеп, бажылдап жер тырмалаған мысығын көргенде Кристинаның көңілі тіпті босай береді. Байғұс мысықтың сүт кернеген желіні күп боп ісіп, бауыры тас ілгендей шодырайып-шодырайып кетіпті. Арғы аталары октябрь төңкерісі кезінде Қазақстанға қоныс аударып, Андрей қазақ жерінде дүниеге келген екен. Андрей қазақ елінде мектеп бітіріп, Киев медицина институына оқуға түседі де Кристинамен танысып шаңырақ көтеріп Киевте қалып қояды. Алғашқы қоныс тойын жасап, балалары дүниеге келген үйі ұлы мен қызының  моласына айналған соң Кристина есі ауысып кетпей тұрғанда басқа елге көшуге бел буады. Қала түбіндегі ата-анасына барғысы келмейді. Үрей жайлаған жұрттың жағдайы барлары үдере көшіп жатқанда деревняның тағдыры не болары бір Құдайға ғана аян. Андрейдің туып-өскен жері, ортасы, достары туралы әңгімесін жиі естіген Кристинаның жүрегінде ұялаған жылу Қазақ еліне тартады да тұрады. Біраз күн Астанаға аялдайды да климаты жайлы Алматыға бет бұрады. Қираған қалалар, босқан халықты теледидардан көрген басқа да күйеуі мен балаларын соғыс жалмаған жап-жас сұлу әйелдің қасіретін көзбен көру бір басқа екен. Дәулет түнжарымға дейін көз ілмеді. Таңертемен дәлізден жылаған дауыс естілді. Әселдің дауысы. Қонақ мысық – дәу сұр Британ мысығы – Феникс Әселдің атжалманын жеп қойыпты. Күндіз торда тұрып түнде үйді емін-еркін аралауға үйреніп қалған атжалманның екі күрек тісі ақсиып басы ғана қалыпты. Мысықтың өзі көрінбейді. Тығылып қалса керек. Әсел бода-бода жылап тұр. Қатты ыңғайсызданған қонақ әйелдің иегі дірілдеп, кемсең-кемсең етеді. Атжалманды тап бір өзі жеп қойғандай болып, не істерін білмей екі ортада көзі жыпылық-жыпылық еткен әйелін көріп Дәулетті күлкі қысты. Кристина «Мен саған басқасын алып беремін, жылама...» деп Әселді бауырына басып, басынан сипай береді. Кристинаға қарата: «Ештеңе етпес, хаюанның аты хаюан ғой...» деген Дәулет қызын жұбатты да атжалманның қалдығын пакетке салып, ауланың қоршауының түбіне көміп тастады. Сенбіде бәрі тауға аттанды. Алдыңғы орынға София, артқы орынға балалармен Кристина жайғасты. Ұзақ жолға әбден үйренген Иманжан мен Әсел, жол талғамайтын көліктің кең жүк салғышына төселген қалың көрпеге жатып алып ұялы телефондарын шұқылауға кірісті. Көлік жетпіс шақырымдай жүрген соң тау ішіне кірді. Тау өзенін жағалай біртіндеп биікке көтеріле беретін жолдың сол жағы сарқырап аққан өзен де, оң жағы қалың итмұрын, долана, жабайы өрік жармаса өскен тау баурайы. Кей тұста қылша ұшырасады. Дәулет әйелдерге кішкене балаларды қымтап отырыңдар деді де терезені түсірді. Көлік ішін тау самалы кернеді. Дәулет дауысын шығара ән салды. Кристина көзін алмай тау көрнісін тамашалап келеді. Таң атпай серуенге шыққан жұрт өзен жағалатып шатыр тігіп, кейбірі кәуап пісіруге кірісіп кетіпті. Дәулет қонақты өздері жиі баратын Қайрақты сарқырамасына апармақшы. Күміс белдіктей жарқырап, иректеліп жатқан өзенге салынған жайдақ көпірлерден әрлі-берлі өтіп жарты сағаттай жүрген соң жол тауға тірелді. Көпір алды жеміс-жидек сатып отырған адамдар, демалуға келген ығы-жығы халық. Өзен жағасында кафе тұр. Көпірден өткен соң тау арасымен төмен түскенде сол жақта екі шақырым жерде Аюлы сарқырамасы бар. Бұлар көпірден өтіп оң жаққа бұрылып өзен қуалап жоғары қарай –жиырма шақырымдай жердегі – Қайрақты сарқырамасына бет алды. Біраздан соң жол жылан тілденіп екі жаққа бөлінді. Тау қойнауын қуалап жоғарылай беретін сол жақтың жолы ұңғыл-шұңғылы көп, ат басындай тастар шашылып жататын ауыр жол. Ол жаққа жол талғамайтын көліктің өзін бауырын көтеріп, арнайы жабдықтап, төбесіндегі жүксалғышқа қонажатуға қажет заттарын тиегендер өтіп жатты. Ал, оң жаққа бастайтын жолмен өзен бойлап жаяу жүргенде жеті шақырымда Қайрақты сарқырамасы бар. Сарқырама жаққа төрт дөңгелекті көлікке рұқсат жоқ – цементке бекітілген темір тосқауыл тұр, кейде, сандық тастарды басып өте беретін тау-тастың арнайы мотоциклін мінген спортшылар өтетіні болмаса. Дәулет көлігін ағаштың көлеңкесіне қойды да сейіл атын жалдап кішкене балаларды атқа отырғызып шылбырды қолына алды. Кішкене Жәмиланы рюкзак-құндаққа бөлеп арқалап алды. Настя атқа отырғызғанда шыңғыра қуанды, өзі Әселдің белінен тас қылып құшақтап алыпты. Үнемі биікке қарай көтерілгендіктен бар салмақ аяққа түскенмен де саф таза кәусар ауа ерекше қуат беріп, ентіге дем алған адамдар шаршауды білмейді. Кейде жандарынан үріккен киіктей шапқылап жастар өте шығады. Бұл шатқалда тұмса табиғат сақталып қалған. Ұшар басы аспанмен таласқан, діңі құшақ жетпес Тянь-Шань шыршасы, шетен, жапырағы дірілдеген көктерек, аққайыңдар тұмса тіршілік әнін шырқап, өмір жырын төгіп тұрғандай. Кейде жабайы алма да ұшырасады. Тағы бір ғажабы – ағаштардың арасында қалың өскен мүк құлай кетсең түйе жүн төсек көрпедей тәніңе жұмсақ тиеді. Алуан өсімдіктің жұпарын жұтып, көк аспаға қарап жата бергің келеді. Бұлар аяқ басқан сайын кездесетін мұздай бұлақтан көсіп ішіп, табиғатты тамашалап асықпай алға жылжып келеді. Ат жетектеген Дәулет алда, балалар ортада, қызылшырайланған жүздерінде нұр ойнап, әңгіме айтып келе жатқан Кристина мен София артта. Жолдың теңжарымын еңсерген кезде Дәулет Әсел мен Настяны аттан түсірді де, атты бос қоя берді. Жәмиләні Софияға ұстатып балаларға бас-көз болуды тапсырып, жолдан таяқ тастам жердегі жартасқа беттеді. Қалалықтардың көзімен қарағанда екі кіреберісі бар, биіктігі тоғыз қабат үйдей жартасты былтыр байқаған еді. Жоқ... жартас бұны байқады... Өйткені... Емдік шөп пісіп қалған шілде айы болатын, бал иісі бұрқыраған ақшыл күрең гүлді киік оты, гүлдері сап-сары шайқурай, көрген көз демалар жапырағы қанық жасыл жалбыз сияқты өсімдіктерді жинап алайын деп жолдан екі-үш қадам шығып айналаны көзімен тінтіп тұр еді біреу ту сыртынан қадалып қарап тұрғандай болды. Бойын тіктеп бұрылып еді, ешкім көрінбеді. Осылайша бірнеше мәрте қайталанды. Ақыры, анадайдағы жартасты көргенде өзіне тартып тұрған тылсым күш иесі сол тілсіз тас екенін сезді. Таудың жасыл жамылғысын серпіп тастап, денеге шыққан сүйелдей бөлектенген жылтыр алып тастың жанына келіп біраз тұрды. Жер жаратылғалы тұрған тасты алақанымен сипап та көрді. Мүмкін, миллиондаған жыл бұрын өмір сүрген сол заманның Дәулеті де осы жартастың алдында тұрып, дәл өзіндей аялай сипаған шығар.  Күйінгенде, сүйінгенде алдына келіп, қос қолдап сүйеніп ақтарылған болар... Тас оған сырын ашты ма екен?.. Бағызы заман адамы ішін тескен арман, мұратын жартасқа қашады емес пе... «Әуелі сөз түсті...» Сөзден кейін не түсті?.. Әріп пе?.. Жо-о-оқ... Би түсті. «Әуелі сәулет өнері пайда болды. Бағызы заман адамы тоңған соң үй салды...» дейтін архитектор достарына «Жоқ, олар дайын үй – үңгірді паналады. Алғашқы адам тоңды, сосын жылынғысы келіп секірді, қолдарын ербеңдетті, содан келіп би пайда болды. Сәулеттен бұрын балет пайда болды. Қуанышта, қайғыда от айнала билегенде де жартылай жалаңаш болды, кәзіргі балет артистері сияқты...» дейтін күліп. Жабайы жануарларды отқа бұзбай қақтаған алғашқы адамдар қарыны тойған соң үңгірдің қабырғасына махаббатына деген сезімін білдіріп, сюжет қашады. Осылайша, сурет түсті. Көңілін кернеген көріктісін тасқа қашап қалдырып отырды... Негізі, сөзден бұрын белгі түсті. Қаріп те, сурет  те тұнып тұрған белгі еді. Кейінгілер айтарын жеткізбекке роман жазып тыраштанса, бағызы адам тұтас бір дәуірді жалғыз ғана белгі-суретке сыйғызды. Жыртылмайтын, өртенбейтін тас-кітап тілі сараң, мазмұны бай еді... Таңбалы тастар – дала кітапханасы... Тасқа қарап жылдап мантра оқыған жапон монахтарына он екінші жылы барып қабырға тіл қататыны туралы әлде аңыз, әлде ақиқат ойына оралған Дәулет өз бойынан ондай қасиет байқай қоймады. Әрі жапонның адам сенгісіз шыдам, төзіміне жету қайда... Жету қайда дегенмен де... өмірінің көбі ат үстінде өткен қазаққа жаратқанның өзі көп қасиетті артығымен берді емес пе... Өзге жұрттың «басы адам, денесі жылқы бұ не құдырет...» деп таң қалатыны бекер деймісің. Тайбурыл, Байшұбарлардың алты айшылық жерді алты күнде еңсеретін алғырлығы жылқы мінез ұлттың өз мінезі де... Әйтеуір... сол алып тас қайда жүрсе де түйсігін түрткілейтін болды. Бастапқыда, тобықтан келер май топыраққа сызған сурет сияқты жиектері шайылып, күңгірттеніп, нобайы ғана көрінетін. Бара-бара айқындала берді... Заманның бар техникасы жабылса да орнынан қозғай алмас алып тас жеп-жеңіл, ауада қалқып тұрғандай елестейді. Шоққа піскен таба нанның қабығындай қоңырайған түсі шыжыған шілдеде Боқсақ өзенінің жағасында күнге қақталып жататын бала кезін еске салып, тірі адамның терісіне ұқсай бастады. Жақын сырласындай көңілінен біржола орын тепкен тас есі бар екеніне сендіре бастады. Иә, тастың есі бар. Өзі оған сенген сайын санасы да жауыннан кейінгі даладай жаңғырып, сергіп қалатын болды. Дәулеттің бала-шағасын алып сарқырамаға баруы жиіледі. Дертіне шипа іздеген жұрт әулиенің басына түнесе, дені-қарны сау бұл тасқа жүгіретін болды. Тас қойнына құпия бүккенін сезеді. Ол құпия ашылса мына дүниенің сансыз қазынасы әдірем қалып, жалғанның жұмбақ сыры ақтарылар ма еді... Қазақ аңсайтын «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» орнар ма еді... Тас күндердің күні өзіне иіп сол құпиясын ашатын тәрізді. Тасқа тіл бітіп үн қатарына сенеді... Табиғат аралауды сүйетін әйелі мен саяхат десе сандарын шапалақтап еліріп шыға келетін балалары тауға баратындарын естігенде апыл-ғұпыл жинала бастайтын болды. Дәулет тас алдында сүт пісірім уақыт, әлде... одан да ұзақ тұрды. Бір кезде тасқа әлде көктен, әлде жел әкелді – бір тамшы тамды. Дәулеттің таңдайында көз жасындай кермек дәм пайда болды. Тас беті қарашықтың үлбір қабығындай мөлдіреп шыға келді. Жұп-жұқа шыныдай беті шымырлай бастады да терең өзеннің жылымындай иіріліп өз әлеміне тарта түсті. Әп сәтте беті құйын ойнағандай астан-кестені шығып бұрық-сарық болды да жұтып әкетті, әлде ұзақ телмірген Дәулет тасқа өзі сіңіп кетті... Қалай болғанда да Дәулет таңғажайып әлемнен бір-ақ шықты. Көз алдында пайда болған тосын әлем –  ғарыш әлемімен астасып жатыр екен. Дәулеттің миында бұл менің құрсаулы санам ғарыш деп түйсінетін, ақиқатында ғарыштан мүлдем өзге әлем емес пе екен деген ой жасындай ағып өтті. Самаладай жарқыраған шексіз, шетсіз кеңістік. Құс жолындай ақшаңқан жолақ бойымен ағыс айдаған жаңқадай зымыраған Дәулет ақыл жетпес саяхат кешті. Еш қорқыныш сезбеді. Қуаныш та сезілмейді. Бейтарап жәй, бейтарап күйде кете берді. Есіне Ертөстік орала берді. Бірақ астында ауыздығымен алысқан Шалқұйрық жоқ, Бапы Ханның жылан болып бұралаңдаған  қыздары да кездеспеді... Жер бетінің жарығынан мыңдаған есе күшті жарық бар. Бірақ жанарды қарымайды, көзді суырмайды. Жандүниеңді әлдиелей беретін жарық. Дәулет бұл жарықтың үн екенін түйсінді. Үннен шыққан жарық... Жарыққа айналған үн. Тамылжыған күн шуағындай үн...  Әлдилеп он сегіз мың ғаламды шарлатып алып кететін әлпеш үн. Өзін түпсіз мұхиттың ғылым ашпаған бір мақұлығы сезінді. Мұхит тұңғиығындағыдай мұнда да әлдебір нәп-нәзік жарқырауық жан иелері жүр. Қанат, құйрықтары үлбіреп әлде ұшады, әлде жүзеді. Олар бағыздан қалған кіндігі бір жатырластары сияқты. Мына тосын әлемде жылыұшырайды. Көкірегін сағыныш мұңы торлады... Құлағына Софидың үні келді. – Балалар сені іздеп жатыр. Гүлді орамалын шарт байлаған София атын тебініп қалды. Дәулет әлдеқайда ұшып кеткен есі қайта оралғанын түйсінді.                                                       

– Қозғалайық, сарқырамаға жетіп алайық, әлі біраз жер бар. Дәулет үн-түнсіз әйелінің артынан ерді. Тас әлемі LED экрандағыдай көрніске айналып, араның ұяшығындай торкөздене құралып, түрлі-түсті пикселмен көзалдында пайда бола берді – қысқаш-тістерімен дән тістеп алған құмырсқалардың ұшы-қиыры жоқ тізбегі әлдеқайдан шыға келіп, әлдеқайда ғайып болып жатыр. Бір тізбегі бұның мойын омыртқасынан кіріп жұлынын аралап бел омыртқасынан шықты. Денесі қытығы келіп, тәтті тітіркенді... Балалар гүл теріп, көбелек қуып, асықпай аяңдаған бұлар күн тастөбеден ауып, тау көлеңкесі ұзарған шақта сарқырамаға да жетті. Дәулет аттың ауыздығын алып, көкмайсаға қоя берді. Софи шырша саясына жайғасып Жәмиләні емізуге кірісті. Таудың тар қолтығынан төгілген Қайрақты сарқырамасы көлбей құйылып, гүрілдеп жатыр. Дәулеттер көбіктеніп, ұсақ күміс моншақ шашып арқыраған судың өзіне тартып тұрар сиқырына арбалып ұзақ тамашалады. Софи мен Кристина дастархан жайып, үйден ала шыққан бауырсақ, бәліш, сусын қойып бәрін дастархан басына шақырды да жеңіл-желпі тамақтанып алды. Артынан балапандары шұбырған қаздай мамырлаған әйелдер көлеңкесі мол жуан қарағайлардың арасына сіңді. Сықылықтаған балалар жұмсақ мүкке аунап ойнауға кірісті, үлкендер оларға аулаққа кетпеуді тапсырды да, жантая кетіп сүт пісірім уақыт көз шырымын алды. Дәулет бір бүйірлеп жатқан күйі ат жайылған жаққа көз салды. Серуеншілердің балалары атты айнала жиналып қалыпты, шу-шу етеді. Таласа-тармаса қолындағы печенье, тоқаштарын атқа ұсынады. Тәтті нан таңдайына жаққан жануар еріні жыбырлап тоқашты жұтып әкетеді. Ат көрмеген кей бала аттың тұмсығынан сипағысы келіп қорқақтап қолын созады да саусағы тиер-тиеместе мәз бола шыңғырып тұра қашады. Батылдау біреулері мінер жақтан келіп, ерге қонуға талпынып жүр. Дәулет орынынан тұрды. Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме дегенді біле қоймайтын балаларды ескертейін деп атқа бет алды. Атты аулағырақ апарып тұсады. Кенет ақырын салған ән естілді. Кристина екенін дауысынан таныды. Қой тастардың түбінен жылап аққан бұлаққа қарап ақырын ән салып отыр екен: – 

...Тьохнув жінке соловей за гаем.                                                                             

 Всюди буйно квітне черемчина,                                                                                   

Мов дошлюбу вбралася калина,                                                                                

Вівчаря в садочку,                                                                                                              

В тихому куточку                                                                                                                

Жде дівчина, жде.                                                                                                            

Кристина ту сыртында біреу тұрғанын сезіп жалт бұрылды да орнынан ұшып тұрды. Ұзын, қайқы кірпіктері жасқа шыланыпты. Қолының сыртымен көзін тез-тез сүртіп жіберді.  – Бетімді бұлақ суымен жуып едім... Мұздай екен... Тастан тасқа лақша секіріп көк шөптің үстіне дік ете түсті. Құлаған емен бойымен қолын қанатша жайып жүріп келе жатып аяғы тайып кетті де құлай бере Дәулеттің білегінен ұстай алды. Жігіттің көзіне тік қарады:  – Анам жақсы көретін ән еді. Анам дауысы ғажап, керемет әнші болатын. Түпсіз қара көзі мөлдіреп тұр. Дәулет әйелдің тұңғиық жанарына жасырынған құпияның тастың жұмбағынан да тылсым қуаты барын сезді. Қызыққа тоймайтын балалар сарқырама басынан кеткілері келмеді. Үлкендер көліктің алыста қалғанын, оған жеткенше түн болатынын айтып еді оған да көнер болмады. Дәулет ақыры, Иманжанға көзін қысып қойып, өздері мініп келген аттың құлыны бар екенін, оның әкесін сағынып, жем де жемей, шөп те жемей жылап тұрғанын айтты. Құлынға жаны ашыған балалар басын изеп келісе кетті. Кристина тез үйренісіп кетті. Тыным таппайтын, пысық әйел болып шықты. Балаларды ертіп ауыл ішіндегі дүкендерге барып келеді. Кейде Софи екеуі ауладағы қазандыққа от жағып, шоққа көміп таба нан пісіреді. Дәулет аулаға самаурын қояды. Ол күні үйде кішігірім мейрам. Төбесін жүзім жапқан сәкіге жайған дастархан басына жиналып, ыстық таба нанды үйдің қаймағына батырып жеген балалардың түрін көрген Дәулеттің ойына балалық шағы оралады. Таңмен тұрып бұзауды ұстап, шешесіне сиыр саууға көмектесетіні, қарынға жиған қою қаймақпен таба нан жейтіні... Кристина бау-бақша сырын жақсы біледі екен. Софиға болысып картоп түптейді, екеуі арам шөптерді отайды, жаңбырдан кейін жүзім ағашына резеңке түтікпен су шашып жуып-шаяды. Қаланың әйелі болса да малсақ болып шықты. Әсіресе, Тайбурыл десе жаны қалмайды. Жем берді, жал, құйрығын тарайды, кекілін өреді, әйтеуір жанынан шықпайды.

Балалар бір күні шәй үстінде «қуанышты хабар» жеткізді. Британ мысығы котята әкелмек екен. Үйде тышқан, аулада мал мен тауықтың жеміне ортақтасатын егеуқұйрық бар, дәліздегі ыдысы да толып тұратын ауызының салымы мол мысықтың соңғы кезде балпаң-балпаң басқанына қарап семіріп кеткен шығар деп ойлаушы еді... Қонақ мысық қонақтық мәртебесін бұлдады ма, әлде балалардың жасырын әрекеті ме... үйдегі көрпетыс, жамылғы салатын шкафтың ішіне балалапты. Әсілі, шкафтың есігін әдейі ашық қалдырып жүрген қамқоршысы балалар болса керек. Жерден жеті қоян тапқандай шу-шу еткен балалар әкесін қолынан алып, жетектеп апарып көрсетіп, саусақтарымен шұқып мәз болып санап та берді – қарыала, сарыала сегіз марғау көрпетыстың үстінде пыс-пыс демалып, үйме-жүйме болып жатыр. Енелері тышқан аулап кетті ме, көрінбейді. Балалардың қуанышы ұзаққа бармады – төрт-бес күннен кейін сегіз марғау да қимылсыз қалды. Дәулет жансыз соқырларды полиэтилен дорбаға салып аулаға терең шұқыр қазып, көміп тастады. Мысықтар өмірінің білгірі – Әсел байғұс марғаулардың неден қырылып қалғанын айтты – Феникс емізбей қойған екен. Әншейінде топ жаңалықтар қатарына кіретін қорадағы сиырдың бұзаулағаны, қойдың қоздағаны, Элканың тышқандай-тышқандай етіп күшіктегені сияқты мәселелердің маңызы жойылып бұл тақырып әрине, бірнеше күн бойына толассыз талқыланды. Бұл жаңалық, соңғы бір жыл ішінде теледидардан күнде көрсетілетін соғыстың зардабы әкелген, аса қасіретті жаңалық болды. Халқының жартысы қасақана ашаршылықта шейіт болған, еркек кіндіктісі фашизммен соғыста селдіріп қалған бұл елдің адамдарының қанының әр тамшысында соғыс қасіреті сақтаулы еді. Байы мен балаларынан айырылып тентіреген әйелдің түрі бір көргеннен-ақ Дәулеттің көкірегіндегі шер-шеменді қозғап кеткен болатын... Британ мысығы желіндеген кезден бастап бауыры тас салған қалтадай салбырап кетуінен байғұс мысықтың бір кеселге душар болғаны сезілетін. Сүт бездері шодырайып, қызылқошқылданып талаурап тұратын болды. Феникс балаларының көз алдында өлгенін біле тұра аула кезіп күні-түні зарлай мияулап жүретін болды. Шөп қора, мал қора, монша маңын тіміскілеп жаман дауыспен бажылдайды. Үйдің шатырына шығып алып адамның төбеқұйқасын шымырлатып дауыс салып отыратын әдет шығарды. Үйдегілер қанша жаны ашығанмен бара-бара еттері үйреніп кетті. Кристина жанына Иманжанды алып, Фениксті қалаға ветклиникаға алып барды. Ветеринар мысық сүтінің рН-тесті деңгейін тексеріпті. Мысық ауыр нәрсенің астында қалып, сүт безі жаншылғаннан болған созылмалы кеселге ұшыраған депті. Мысық болса да қатты күйзеліске түскен, әрі емізбегеннен желінін сүт кернеп, исініп кеткен деген диагноз қойыпты. Екпе салып беріпті. Күтіңдер, көңіліне кірбің түспесін, бетіне келмеңдер депті. Таңертең Бөрібасар еріне әуп ете қалды. Төбеттің құшаққа сияр-симас көкірегі органның тұрбасындай гүрілдеп, жағымды қоңыр үн ауланы толтырды. Қанден Элка да қақпа мен үйдің арасында әрлі-берлі шыжбалаңдап, шала бүлініп шабалады да қалды. Иманжан барып есік ашып еді, келіп тұрған Қажымұрат ақсақалдың немересі екен. Қарына төрт елі ақ мата байлап алыпты. Атасының жаназасы болатын күнді хабарлап жүр екен. Түгел келіңіздер деген дөрбіл бала, әкесінің қонақ келіншекті де ерте келсін деп мұқият тапсырғанын да жеткізді. Тоқсаннан асқан қарияның асына адам көп жиналды. Талай жылдар бригадир болған, кеңшарлар тарап, жер пышақ үстінен таланып жатқан заманда совхоздың бір қарыс жерін бөтенге татырмай ауылдағы жер емген жұртқа бөліп бергізген қадырменді ақсақал еді. Стадионға бара-бар ресторан лық толды. Көрші ауылдың адамдары да үсті-үстіне келіп жатты. Дұға оқылып, ас ауыз тиген жұрт шыққан бойда, олардың орынын басқалар басып, адамдар нөпірі толастамады. Якубжан, Анатолий Цой, Мехмед, Миша ағайлар Қажымұрат ақсақалмен бірге жастау кездерінде сонау Балхашқа дейін барып, қона жатып, қамыс арасынан қабан аулағандарын, адам бойындай жайын ұстағандарын еске алды. Софияның жанына жайғасып, басына орамал таққан Кристинаны байқаған адамдар бас изеп ізет білдіріп жатты. Кристина Софидың құлағына ауызын тақады: –  «Почему все со мной здороваютсья? Я себя здесь медиазвездой чувствую... Неудобно как-то...». Сыралғы құрбылардай болып кеткен София Кристинаның құлағының үстінен селкем шыққан шашын жасырып, орамалын жөндеп жіберіп: – «Ох, гарна дівчина, ты, гарна...» деп сыбырлады да жымиып: –  «Менің күйеуім әйел тани біледі ғой...» – деп қосып қойды. Көзін әдейі шарасынан шығарып, бажырая қараған Кристина Софияны шынтағымен бүйірінен нұқып қалды. Сенбі еді, бәрі үйде болатын. Дәлізде жүгірген аяқ дыбысы естіліп балалардың бірі сықылықтай күліп, бірі шыңғырып опыр-топыр болып жатқаны білінді. Дәулет кабинетінен шықты. Джуля зыр-зыр қашып жүр. Ауызында шымшық. Иманжан бастаған балалар тырқыратып кеп қуады. Мысық стөл астына тығылды. Настя стөлдің жабынын көтеріп «Мында, міне мында!..» деп шыр-шыр етеді. Иманжан стөл астынан Джуляны сүйреп шығарып ауызындағы шымшықты тартып алды. Бұрқ етіп құс жүні шашылды. Иманжан мысықты Әселдің қолына ұстата салып шымшықты ашық терезедан сыртқа лақтырады. Жемтігінен айырылып тыпырлаған мысықтың тырнағы қолына батып кеткен Әсел шыңғырып жіберді. Арқасы мен құйрық жүні тікірейген Джуля баж-бұж дауыс шығарып терезеден секіріп кетті де шымшықты тістеп қайта кірді. Ақыры, Иманжан мысықты ас үйге жапты, Әсел мен Настя тап аюды қамағандай есікті сыртынан итеріп тұрды. Дәулет балалардың шымшықты құтқаруға белсене кіріскендеріне күле қарап тұрды. Иманжан үйге танаурай кіріп келді де шымшықтың ұшып барып ағашқа қонғанын қуана хабарлады. Иманжан бастаған балалар мысықты соттауға кірісті – Әсел Джуляның мойынына өзінің моншағын тағып, атжалманнан қалған темір торға отырғызды. Түрлі түсті тастардан тізілген моншақ қылмыскердің шынжырынан гөрі қымбат алқаға ұқсап тұрды да Джуля айыпкерден гөрі мысықтардың құрметті Короліне ұқсаңқырап кетті. Мысық қамалған темір тор стөлдің үстіне, сотқа қатысушылардың бәріне қылмыскердің сұмырай түрі анық көріну үшін биікке қойылды. Айыптаушы Иманжан сөз алды: – Шымшықты неге ұстайсың, а?! Не, үйде тамақ жоқ па?! Аш жүр ме едің?! Не? Немене?! Тырнағымды да тигізген жоқпын деймісің? Оллахи-биллахи?! О, ұятсыз. Ана бұрқыраған мамық, шашылған қауырсын кімдікі?!. Мына үй толы куәгерлерді қайда қоясың? Тар торға қамалған Джуля аянышты дауыс шығарып мияулай бастады. Тырналап мойынындағы моншақты алып тастады. Өзіне ұрысып жатқанын сезіп төмен қарады. Мүләйімсіді. Отыра қалып, қызыл тілін жалаңдатып үстін жалап, шымшықтың жабысқан жүнінен жайбырақат тазалана бастады. – Ұят, намыс деген жоқ қой сенде, жоқ қой! Бір шайнам еті жоқ шымшық тамағыңа жұқ бола ма?.. Ол мүмкін мама шымшық шығар, оның балапандары бар шығар! Олар жетім қалса не болады!? Үйге Кристина кірді. Есік алдында сәл тұрды да жағдайды бірден түсініп, мысық соттап жатқандардың көңілін бөлмейін деп аяғын ұшынан басып Дәулеттің жанына келіп, сыбырлай сөйледі: – Менің Андрейім де біздің Феникспен осылай сөйлесетін. Көршілер ит, мысықпен адамша сөйлеседі деп күйеуіме күлетін.

Таңғы ас үстінде Настя түсін айтты. Әкесі, ағасы Олег, бөпесі Алёналар көк аспанда ұшып жүр екен. «Адамға ұқсамайды, мұхиттағы медузалар сияқты жарқырап жүр, бірақ мен оларды танып қойдым...» дейді Настя көзі жарқырап қуанып. – Құйрық, қанаттары бар, жан-жағына жарық шашып жарқырап әлде ұшады, әлде жүзеді. Мен оларды айғайлап шақырып едім, дауысым шықпады. Мама, екеуіміз папамдарға барайықшы...» деген сәби шешесіне жаутаңдай қарады. Үлкендер шәйларын үнсіз ішті. Марғауларынан айырылған Британ мысығының арада үш айдан аса уақыт өте қайтадан буаз екені белгілі болды. Бұл жолы Софи мен Кристина, балалар да мұқият дайындалды. Сүт шықпай, емізе алмайтын жағдай туа қалса деп алдын ала қамданып, дәріханадан көзге сұйық дәрі тамызатын резеңкелі түтікше алынды – марғаулар еміздікке үйренгенше ауызына сүт тамызуға керек; пакеттелгені бар, темір қалбырдағысы бар неше түрлі тамақ сатып алынды. Кіржуғыштан босаған картон жәшіктің бір бүйірі ойылып есік салынды. Жәшіктің табанына қой терісінен тігілген жеңсіз ескі кеудеше төселді. Балалар Феникстің неше марғау туатыны туралы жорамал жасап, қызу айтыса бастады. Жеті-сегіз ат ойлап қойылды. Бір күні Феникс үйге келмеді. Бір апта өтті. Мысық жоқ. Үйдегілер бұралқы иттер талап тастаған жоқ па екен, әншейінде баспақтай Бөрібасардың өзіне алдырмайтын мысық салбыраған қарынымен қалай төбелеседі, өлтіріп тастаған шығар деп уайымдады. Көшеге шығып кетіп көлік басып кеткен жоқ па екен деп Кристина балаларды ертіп жол бойлап қарап та жүрді. Өткен-кеткен біреулер алып кеткен жоқ па екен деу де ақылға симайды – Феникс ондай жуас мысықтар қатарынан емес – жабайы мәліннен бетер ызақор, алмас тырнақтары кімнің болса да дал-дұлын шығарады. Не болса да мысық енді жоқ, осы кеткені кеткен деп күдер үзіле бастағанда Феникс келді. Үйге кіріп келіп, босағадан аттай бере жаман дауыспен бажылдады. Тұра жүгірген балаларға арқасы күжірейіп тұра қалып, жүні тікірейіп айбат шегіп, ысылдады. Іші босап қалған, емшектері шемен боп қатып, бауыры салбырап тұр. Өзі арса-арса арықтапты. Алдарында мүлде жат мысық тұрғанын көрген, Феникстің мүлдем өзгеріп кеткеніне қайғырған балалар томсырайып-томсырайып тұрып қалды. Үлкендер аяныштарын білдірмей тарасты. Британ мысығы адамның сай сүйегін сырқырата зарлап аула кезіп жүретін болды. Ең жаманы кенеттен түн ортасында дауыс салады. Өшін солардан ала ма, егеуқұйрықтардың басын жұлып алып қора түбіне қатар-қатар тізіп қоятын әдет тапты. Үлкен болсын, бала болсын жанына адам жуытпайтын болды. Әйтеуір, құйған сүтті ішеді, берген тамақты жейді. Онда да, тамақ әкелген адамға тесірейе қарап, көзімен жеп жібере жаздайды. Үй мысығынан гөрі жабайы мысыққа көбірек ұқсап кетті. Кристина ауылдың тірлігіне әбден үйреніп алды. Настя болса, ауыл балаларымен ойын соғады, ауладағы бассейнге шомылып, күнге әбден тотығып қоңыр қызға айналды. Сап-сары шашы мен көкпеңбек көзі болмаса осы ауылдың көп баласының бірі дерсің. Сәрсенбінің сәтінде көршілер үш ұлдың қолдағы кішісінің баласын бесікке салды. Әйелдер ғана қатысатын рәсімге Софи мен Кристина барды, той-томалақты жақсы көретін балалар қалсын ба, олар да ере барды. Ауылдағы сәбиді қырқынан шығару, қарын шашын алу рәсімдерін көріп жүрген Настяға бесіктің астындағы тесіктен кәмпит түсетін «Тыштырма» керемет ұнады. Ал енді, ақ жаулықты әженің бала бөленген бесікке мініп алып, атша шапқанын бұрын көрмеген болатын. Көзі бақырайып, ауызы ашылып отырды да қалды. Шәй үстінде жердің бәрі жекеге өтіп кеткенінен жайылым жоқтығы, малдың қорада қолдан жем-шөп жеп тұрғаны, аяқ басқаныңнан танып мөңіреп тұратын сиырларды не союға, не сатуға қимайтындары, бұндай жағдайда мал ұстау тиімсіз екені әңгіме болды. Жазира келін әңгіме арасында, пішеннің арасынан мысықтың өлі марғаулары шыққанын айтты. Қожабай ата сыйырларға шөп салып жүріп төртбұрыштап буылған жоңышқаларды айырмен алып жатқанда арасынан марғаулардың өлігі шығыпты. Алабажақ алты марғау. Көршілер үйде мысық асырамайды. Ақсақ кәрі кәндендері ғана бар. Феликстің бұл жолғы марғаулары тағдырының сыры осылайша белгілі болды. Оншақты күн емізіп келіп, желіні қатып, марғаулар көзін енді аша бастағанда суалып кеткен шамасы. Кристина келгелі қалаға қатынап, аптасына үш мәрте ағылшын тілі курсына барып жүрді. IELTS-тің төртінші деңгейіне жетіпті. Енді бір-екі ай ішінде бесінші деңгейді меңгерсе шет елде жұмыс табу оңайырақ болады екен. София Жәмиләні ұйықтатып, кіржуғыштағы кірлерді сыртқа жаймаққа дайындалып шылапшынға салып отыр еді Кристина үйге жүгіре кірді де: – Софи, Софи бол, тез, жүрші...  – деп Софиды қоярда-қоймай қолынан ұстап дедектетіп сыртқа ала жөнелді. Софи атып тұрып, тәпішкесін теріс іле сала, түкке де түсініп үлгерместен сүріне-қабына жүгіре шықты. Кристина жазғы үйдің есігін ақырын ғана ашты. Иманжан бесік тербетіп отыр. Настя бесікте жатыр. Тізесі мен кеуде тұсынан тас қылып таңып тастапты. Бесікке бөлейтін жастан асып кеткен бала ғой – екі аяғы серейіп шығып жатыр. Бесік Дәулеттің бесігі еді. Балалар жатты. Дәулеттің бес ағасы, қарындасы жатқан құтты бесік. Әсел стөл жанында тұр – ұннан бірдеңе жасап жатыр. Стөл үсті, үсті-басы ұн. Ойын шартына көніп, ұйықтаған болып амалсыз жатқан болуы керек, шешесінің келгенін сезген Настя көзін ашып, аяқ-қолын босатқысы келіп қыңқылдай бастады. Әсел стөл үстіндегі оқтауды ала салып шешесіне қарап «Үніңді шығарма!..» сес көрсетті де, балаң үйрек, ортан терек саусағын қайшылап көйлегінің сыртынан сол жақ төсін қысып алып «Қазір жаным, қазір...» – деп мейірлене дауыстап бесікке қарай тұра жүгірді. «Ту-у, сен де бір, балаға қарамайсың ба, неге жылатасың...» деп Иманжанды итеріп тастап, бесікке төніп отыра қалды. Тура шешесінен көргенін істеді – төсін Настяның ауызына тосты. Қолын босатып алған Настя Әселдің мойынынан құшып «еме» бастады. «Бала емізіп отырған» Әсел ән салды: «Әлди, әлди ақ бөпем-ау, Ақ бесікке жат бөпем-ау. Жылама, бөпем жылама, Көзің жасын бұлама...». Мына көрніске қарап, ауызы ашылып кеткен Кристина «Ой, Боже мой, ой, Боже мой! Какие сладкие дети...» – деп Софиды құшақтап алып басын шайқай берді. Жылап тұр ма, күліп тұр ма белгісіз – екі иығы селк-селк етеді. Келесі жылға жоспарланған жобалармен жұмыста отырып қалған Дәулет үйге түнжарымда қайтты. Үйдің тұсына келіп, қарсы беттегі көлік өтіп кетсін деп бұрылар жақ шамын жыпылықтатып кідіріп тұр еді жолды кесіп бір мысық жүгіріп өтті. Дөңгелектің астына түсуге шақ қалды. Ауызына егеуқұйрық па, салаңдатып бірдеңе тістеп алыпты. Қарсы келе жатқан көлік тежегішін басып үлгерді. Қыйқылдап, шыйқылдап бірін-бірі қапқан темір дауысы жүйкеге тиіп, түнгі ауаны тілгілеп өтті. Жүргізуші ашық терезеден мысықтың артынан ашулана айғайлады да жүріп кетті. Қақпа бір бүйірге сырғып, жайлап ашыла бастады да, қыбыр еткен жан иесі байқалса жарқ ете қалатын аула шамдары автоматты түрде қосылды. Самаладай жарықта Дәулет жаңағы мысықтың Феникс екенін көрді. Мысық ауызындағысын тістеген бойы үйді айналып жоқ болды. Таңертең шылапшынын көтеріп моншаға кірген Софи жуылатын кір тастайтын жәшікте Феникстің жатқанын көрді. Бауырында бес марғау. Төніп тұрған Софиға алтынсары көзі шақырайып, кірпік қақпай қарайды. Марғаулар мырс-пырс етісіп мысықтың бауырын түрткілейді. Мәселе былай болған екен – жолдың арғы бетінде тұратын көршінің келіні жаңа балалаған мысықтарын көлік басып кетіп марғаулары жетім қалғанын кеше сүтке келгенде айтқан болатын. Аналары өліп, марғаулардың жетім қалғанын Британ мысығы қайдан білді, қалай сезді, ол жұмбақ күйінде қалды. Бірін қалдырмай бір түнде тасып алыпты. Қалай болғанда да, ана жолы дайындап қойған көзге дәрі тамызатын шынашақтай әйнек түтікшемен сүт сорып алып, марғаулардың ауызына тамызылды. Бұл іс енді, Иманжан бастаған балалардың қасиетті міндетіне айналды. Үлкендердің іздеген затын тауып берсе немесе жұмсаған жерге барып келсе өзінің іске жарап қалғанына іштей қуанып, мерейі өсіп дардай боп қалатын бала біткеннің әдеті ғой. Өздері асырамаса өліп қалатын марғаулардың көзін ашып, түртіне иіскеленіп, кібіртіктеп басып жүре бастағандарына балалар мәз, үлкен іс бітіргендей маңғазданып, марғаулар туралы әңгімені баптап айтатын болды. Оларды қанаттандыруда әсіресе, Кристина белсенділік көрсетті. Мынау сендерге Феникстің атынан деп балаларға күнде балмұздақ, шоколад әкеп береді. Бір күні... Иә... Бір күні... Нағыз ғажап оқиға болды. Феникстің тас емшегі жібіпті... Жетім марғауларды өзі емізе бастапты... Жабайы мысықша бажылдайтын жаман мінезінен арылып, мырылдап еркелейтінді шығарған Феникс аулада бір-бірімен алысып-жұлысып ойнаған марғауларына қарап, аналық мейірімін төгіп, күн көзінде жататын болды. Әрине, оның бұл мейірімі тышқан, егеуқұйрықтарға жүрмейтін еді. Ауланың қожасына айналған Фениксті, емін-еркін асыр салатын марғауларды көріп өзінің байлаудағы қаліне ызаланған Бөрібасарының көңілін аулайын деп Дәулет ауыл әлі ұйықтап жатқан шақта тұрып, аулаға шықты. Қалқа астында ілулі тұратын ұзын арқанды алды. Иесінің қолындағы арқанды көрген төбет қыстыға қыңсылап жіберді. Зор денесін ұршықтай үйіріп шыр айналып, аспанға шапшыды. Шынжырын босатқаннан кейін арқанның ілмешегін қарғыбауыма іл деп мойынын тосып тұра қалды. Иесіне сондай бір көзбен қарайды. Ол көзқараста құрметтеу де, сыйлау да, табыну да, қуаныш та бар. Дәулет төбетінің басынан сипайды. Қатпар, қатпар қалталанып терісі бос тұратын мойынынан бүреді, желке жүнін уысына толтыра шеңгелдеп ойынға шақырып жұлқылайды. Бөрібасар секіріп иесінің кеудесіне добалдай, ап-ауыр аяғын қояды. Дәулет итінің көзіне қарап тұрып:  – Бөрібасарым, бүгін қандай түс көрдің? Сайын далада, аңшы иесіне еріп, қасқырлармен шайқасқан аталарың, бір ішек арланды астыңа бүктеген, иттің сырттаны атанған заман түсіңе кірді ме?.. – деп сұрайды. Төбеті тырп етпей, не айтып тұр дегендей қып-қызыл көзінің асты қалталанып иесінің көзіне қарайды. Қолын алса «Тағы да сипа, тағы...» деп томардай тұмсығымен түртіп, түртіп жібереді. Еркелеп гәу басымен ұрып қалады. Иесінің махаббатын өзіне төге түскенін қалайды. Қайта шапшып, зілдей аяқтарын иесінің кеудесіне тірейді. Дәулет зілдей басқан салмақтан шатқаяқтап барып түзеледі. Аз ғой, көбірек сипа дейді. Аяқ бастырмайды, жолын бөгеп көлденең тұрып алады. Төрт аяғы жерге жабысып қалғандай, қозғай алмайсың. Оған да мейірім керек, ол да мені біреу жанындай жақсы көрсе екен дейді. Бұ дүниені ұстап тұрған мейірім шамасы... Екі достың ауыл сыртына шығып қыдырған кездегі алыс-жұлысы, бір-біріне айтатын әңгімелері ол енді... Дәулет жұмысынан бір апта демалыс алды да достарымен жолсызға бейімделген көліктерін баптап, жылдағы әдеттері бойынша, қоңыр күздің мизам шуағы кезінде тауға аттанды. Бұл жолы көрші Қырғыз бауырлардың Ала Тооына бет түзеді. Ол жақта күтіп отырған қырғыз достар қосылып Теріскей Ала Тооның сілемдерін аралады. Тау өзендерінен балық аулады. Төбеден өтер мұздай суға шомылды. Хан балықтың сорпасын ішті. Тау қойнауындағы киіз үйлерде отырған қырғыздардың тобылғымен ыстаған күбіде баптаған қымызына тойды. Шатыр құрып тауда түнеп, жақсы демалды. Таң қылаң бере жолға шыққан Дәулеттер Алматыға тез жетті. Аспан сұрғылттанып, маңай күңгірттеніп тұр. Қала кіреберісіне жетіп, жол жиегіне тоқтаған бес жігіт көліктен түсіп, құшақтасып қоштаса бергенде жаңбыр басталды. Баданадай жаңбыр тамшылары асфальт үстінде ақ шабақтай шоршып, жол жиегіндегі топырақты шаңдата көтеріп, әрлі-берлі өткен көліктердің темірін сатырлата ұрғылап өршілене құйды. Бұқпаңдаған жігіттер сақ-сақ күліп қол бұлғасты да жүгіре басып көліктеріне отырды. Дәулет ауылға апаратын жолға түскенде жауын үдей түсіп, жолдың жолағы бұлдырап, қарсы бетті айыру қиындай бастаған соң жылдамдықты баяулатып, штормға түскен кеме капитаны сияқты алдына тесіліп үңілумен болды. Орай соққан желмен күшейе түсіп, киіздей ұйыса ұрған жаңбыр жанталаса қозғалған әйнек тазалағышқа әл берер емес. Дәулет шелектеген жауынның беті тез қайтушы еді деп ойлағанша аспанның күншығыс жағы сәулелене бастады. Сәлден соң жаңбыр тиылды. Дәулет есіктің терезесін түсіріп жаңбырдан кейінгі ауаны кеуде кере жұтты. Көлік аулаға кіргеннен-ақ үйде ешкім жоқ екенін байқады. Үй ішін аяқ астынан қуантайын деп келе жатқанын айтпап еді. Әкелеп жүгіретін балалары алдынан шықпады, үйдің кіреберіс қалқасының бағанына сүйеніп жымиып тұратын Софи да жоқ. Жексенбі болғасын, балаларды алып қаланың арғы бетіндегі ауылда тұратын әке-шешесінің үйіне кеткен болуы керек – аула тып-тыныш. Екі үй де тым-тырыс. Аула көлкіген су. Шатырлардан жаңбырдың сарқындысы тамшылайды. Иесін көрген Тайбурыл шарбақты сындырардай омыраулап кісінеп қоя берді. Құдайы беріп бос жүрген Бөрібасар арсалаңдап, әй-шәй жоқ үстіне секіріп, балшық жұққан аяқтарын кеудесіне қойды. Дәулет жазғы үйдің есігін тартты. Кілттеулі тұр екен. Есіктің маңдайшасын сипалап кілт алып ашты да ішке кірді. Екі бөлме де мұндаздай. Әр зат өз орынында. Дәулет стөл үстінен ішіндегі бақша гүлдері қурап қалған қанқызыл әйнек құмырамен бастырған бір бет қағаз көрді. Настяның сурет салатын түрлі-түсті фломастерімен жазыпты – жіңішке жасыл түсті ірі әріптер маржандай тізіліпті. Әр сөйлемнен жүрек дірілі, көңіл толқуы білінеді. Жарты жылдай бірге тұрып, үйренісіп кеткеніне, Настяның кеткісі келмей қатты жылағанын, өзінің де бауыр басып қалғанын, туысқандай болып кеткенін, алайда, тірі адам тірлігін жасау керектігін, Польшаны паналаған таныстары шақырып жатқанын, одан әрі Англияға өтіп, саяси баспана алып, Украинада жағдай түзелгенше сол елде қалу ойы бар екенін, Настяның болашағын ойлауы керектігін айтыпты. Жұмыс бұл жақта да табылады, апалы-сіңілідей болып кетіп едік деп жібергісі келмей жалынған Софиға, сүйкімді балаларға, бір көргеннен жағдайын түсініп, сөзге келместен үйіне алып келген Дәулетке ризашылығын ерекше білдіріпті. Англияға тұрақтап жатса міндетті түрде хабарласатынын айтыпты. Сендер енді менің туысқандарымсыңдар ғой депті. Неге екені белгісіз, көлге батып кете жаздаған оқиға үшін Дәулеттен кешірім сұрапты... Хаттың соңында Феникстің тағы да жоғалып кеткенін, қайтып келсе бағып-қағып, күтулерін өтініпті. Әрине, бұл сөзі артық екендігін, ол үшін кешірім сұрайтынын, Олегінің мысығы ғой, онысыз ұлы ұйықтамайтынын, қасына алып жататынын, (осы жерде, жас тамған болуы керек – езілген жасыл бояудың сәл жайылып барып сорғығаны, кебірсіген қағаздың апшығаны байқалады) мархұм ұлының көзіндей көретінін, мүмкіндік болып жатса мысығын алып кететінін де жазыпты. Дәулет үйдің ішіне тағы бір мәрте көз салды. Бөлменің бір бұрышында Феникстің тор көз қорапшасы қалыпты. Газдан аяғын алмаған Дәулет шатқалға тез жетті. Жол бойы Қапшағай көліндегі оқиғаны ойлаумен болды. Жаздың жылуы қайтпай тұрып шомылып алайық деп көлге келген. Дүйсенбі болғандікі ме жағада адам қарасы аз екен. Иманжан әкесіне көмектесіп, бір жағын көлікке бекітіп кенеп матаны керіп, екеуі қалқа жасады. Әсел мен Настя бірден жағаға отыра қалып ойыншық күректерімен суын сорғалатып құм қазып, сарай салуға кірісті. Жол бойы ұйықтап келген Жәмиланы көлеңкеге жатқызып, көліктің ішінде киім ауыстырып алған Софи мен Кристина суға беттеді. Дәулет жағадағы тастарды қалап ошақ құрып, Иманжан қураған бұтақтарды әкеліп әкелі-балалы екеуі кәуап пісіруге кірісті. Иманжан дәу қарбызды торға салып, бос бөтелкеден қалтқы байлап, тереңге тастап келді. Иманжан бас болып Әсел екеуі селдір дәкемен шабақ сүзді. Ұстаған шабақтарын құм сарайларының жанынан қазған құдыққа жіберіп, «балық шаруашылығын» ашты. Түні бойы лимон қышқылына жұмсартылған бағыланның істікке шаншылған былқыған еті тез дайын болды. Су сорып, әрі таза ауа, тәбеттері ашылған үлкен де, кіші де иісі мұрын жарған кәуапқа бас қойды. Софи мен Кристина әншейінде ет көрсе мұрын шүйіріп, майын шұқылап алып тастайтын балалардың ауызын томпайтып кәуап асағандарын көріп риза болысты. Қуырылған еттің иісі, бұрқыраған дәмді түтін мұрынын қытықтаған кішкентайлар тас ошақты айналшықтап шықпай қойып еді, енді шыжғырылған етті тұздыққа малып алып қайзаңдап жатыр. Қарбыз таңдаған Әселді бәрі мақтады – қып-қызыл, ауызда еріп, шекер татып тұр екен. Тоғайған үлкендер біраз демалды да тағы бір шомылып алып, биылғы «шомылу маусымының шымылдығын жаппақшы» болып бәрі көлге беттеді. Балалар Дәулеттің иығына шығып алып суға секіріп, сүңгіп кетіп анадайдан шығып, мәз болысты. Кенеттен «Дәулет, Дәулет!..» деп ышқына айғай салған Софи қолын сілтеген жаққа жалт қараған Дәулет суға батып-шығып жүрген Кристинаны көрді. Дәулет кеудесін кере дем жұтып алып, суды жара құлаштап, толқынға қарсы жүзе жөнелді. Кристина жағадан біраз алыстап кетіпті. Болдырып қалды ма, әлде суға шашалды ма қолдарын сермеп жанталасады. Бір кезде су бетіне жайылған шашын толқын көмді де әйел көрінбей кетті. Дәулет шын сасайын деді. Жанталаса құлаштап келе жатып толқынды жарып катер келіп қалардай жан-жағына жалтақтап қарап та қояды, дүйсенбі құтқарушылар демалады – қайық мінген жан баласы көрінбейді. Кристинаның батып кеткені, сүңгуірлердің былқ-сылқ еткен жансыз денені жағаға шығарғаны, Настяның жетім қалатыны... Бәрі, бәрі зырылдап көз алдынан өтіп жатты. Неткен бақытсыз әйел еді... Денесін белуарға дейін көтере ышқына құлаштады. Келіншек батқан тұсқа жетіп сүңгіп кетті. Тереңдеген сайын су асты салқын екен. Ортасынан өзен аққанның әсері ме бұл көлдің суы ешқашан тұнық болмайтын. Бозғылт әлемде түк көрінбейді. Демі таусылған Дәулет су бетіне атып шықты. Ышқына ауа жұтып кері сүңгіді, бұл сүңгуі соңғы екенін, одан кейін үміт өшетінін түсінгенде шарасыздықтан жарылып кете жаздайды. Аяқ-қолын сермеп келе жатып кенет башпайы бірдеңеге тиіп кеткендей болды. Су астында шыр айналып, қос қолдап есіп алға ұмтылды. Қолы былқ етіп адам денесіне тиді. Тереңге батпай тұрғанда тапқаным қандай жақсы болды деген ой зу етті. Көл табаны бұл тұста отыз-қырық метр болып қалады. Бір қолымен қапсыра ұстады да аяғын тепкілеп, бос қолымен есіп су бетіне ұмтылды. Су бетіне шыққан бойда бетін жоғары қаратып, бір қолымен Кристинаның желкесінен демеді де жағаға қарай бар қуат-күшін сала жүзе жөнелді. Келіншектің былқ-сылқ еткеніне қарап, көңіліне қорқыныш кірді, тірі болса екен деп тіледі. Осындайда қас қағым сәттің өзі бітпей, әбден діңкелетеді емес пе... Құдайға шүкір шаршаған жоқ, тың, аяқ-қолын еркін сермеп шапшаң қозғалып келеді. Жағалау да алыстап кеткендей, жеткізбей қойды. Алқымынан суға тұрған Софи да шап берді, екеулеп сүйрелеп Кристинаны жағаға алып шықты. Дәулет келіншекті шалқасынан жатқыза салып, кеудесін қос қолдап басып, жұтқан суды шығарып, өкпесін тазалауға тырысты. Софи Кристинаның ауызына ауызын жапсырып ауа үргілейді. Дәрігер шақырам деу құр әуре, тез келді дегеннің өзінде жарты сағат уақыт керек. Ерлі-зайыпты екеуі құр босқа үргелектеніп үрейге берілмей, аттандамай, сабырмен қимылдап, әрекеттене берді. Ең жанға батқаны Настя болды – сәби қос қолдап бетін басып алып, қаққан қазықтай отырды да қойды. Жылап шешесіне жабысып, оралғы бола ма деп еді жоқ, қыңқ етпеді. Үміт үзіліп, бәрі де бітті-ау деп түңіле бастағанда келіншек қақалып, шашалып, ауызынан су шашырай бастады. Дәулет әйелді шапшаң бір бүйіріне аудара қойды. Келіншектің ауызынан лақ етіп су төгілді. Есін жиған Кристина айналаны мағанасыз жанарымен сүзіп, бұ дүниеден баз кешкен жанша меңірейіп біраз отырды. Шешесінің бас көтергенін көрген Настя шыңғырып жіберді. Мамалап жабысқан қызын құшақтай алған әйел еңіреп жылай бастады. Дәулет София мен балаларды көлікке қарай әкетті. Өз-өзіне келді-ау дегенде ауылға қайталық деп айтпақшы болып жанына келіп еді Кристина орнынан атып тұрып Дәулеттің мойынынан қылғындыра құшақтап алды. Жаңа бір әзірде ғана мұздай тереңнен шыққан келіншектің денесі от-жалын боп күйіп тұр екен. «Настяны жетім қалдыра жаздадым ғой... Настенькамды жетім қалдыра жаздадым ғой... Настядан басқа кімім бар енді...» деп өксіп-өксіп жылады. Дәулеттің күдігі расқа айналды – Кристина   жағадан әдейі алыстап, суға батып өлгісі келген болды... Келіншектің төс тартқышын керген омырауы жігіттің кеудесіне тірелді. Бір жағынан жаны ашып, бір жағынан ыңғайсызданған Дәулет келіншектің жібектей иығынан ақырын ғана сипай берді...   Нөсер тауда да құйған екен – ағаштар қанық түспен жарқырайды. Ойыстау жерлерге қақ мол тұрыпты. Көлік қоятын жерге көлігін қаңтара салып, аңғар табанымен жүгіре басып сарқырамаға қарай беттеді. Тас та бұның келе жатқанын сезетін сияқты – алдынан қоңырсалқын самал есіп, бойына қуат құйылып, аяқ басқан сайын тынысы ашылып, өрге қарай жеп-жеңіл жүгіріп келеді. Маңайдан күздің қоңыр әуені еседі. Дәулет бір кезде... тастың алдында тұрды. Ақыл-есі орынында, бірақта қалай жеткенін өзі де білмейді. Ойынша әлі он-он бес минуттық жер бар еді... Тастың бетінде бесік бар екен. Қарағайдан шабылған бесік тасқа басылған. Жан-жағына жарқырап сәуле шашып тұр!.. Бөленген сәби жаңа ғана тұрып кеткендей қол бау, тізе баулары бос жатыр. Арқалығына ілген күміс сылдырмағын самал тербеп, сыңғыр-сыңғыр етеді. Жастығынан нәрестенің жұпары аңқиды. Бесік ақырын тербетіле бастады. Еріген тоң майдай қаймақтанған тастың беті түндіктей сыпырылып Дәулетке таныс әлем жарқ етті. Дәулет өзін уайым, қайғыдан ада, күйкі тірліктің арман-мұраты базардың өтпей қалған бөзіндей оңған мына әлемнің; күннен де жарық, күннен де ыстық алайда жалыны көз қарықтырмайтын; жандырмайтын, күйдірмейтін, жаныңды анаңның махаббатындай әлдилейтін мына жарық әлемнің бір бөлшегі сезінді. Үнді тыңдай бергісі келеді. Құлағынан үн кіргенде өзі де жарыққа айнала бастады. Мына ғажап әлемнің үйлесімі үнде екен. Ол үн бесіктен шығып жатыр. Маңайына нұр шашқан мың сан жарқырауықтың арасынан бір шоғыры бөлініп шығып, бесіктің күміс сылдырмағының үніне елтіген бойда Дәулетке жақын келді. Дәулет санамаса да жарқырауықтардың он төрт екенін, бастаушыларының өзінің шешесінің әжесі екенін түйсінді. Дәулет әжесінің күміс алқасындағы, күміс сақинасындағы, күміс білезігіндегі таңба-белгілерді көрді. Ол белгілер – мәңгілік мөрі екенін түйсінді... Арғы нағашы әжелерінің он төрт құрсақ көтергенін, өзінің жұбаныш болып аман қалған сол жалғыз қыздан өрбіген ұрпақ екенін шешесі айтып отыратын. Соғысқа дейін жұртты шешек қынадай қырыпты. Шешектен дінаман қалған он үш ұлды соғыс жалмапты. Дәулет соңынан жарқыраған он үш ұлын шұбыртқан әжесінің ән салып жүргенін, ол ән тоқтамауы керек екенін, ән тоқтаса жарық өшетінін, жарық өшсе... Үйдегі құлыншақтарын ойлаған Дәулеттің тұлабойы түршігіп кетті. Тас әлемінің күннен де жарық шексіз кеңістігінде үзілмей шырқалып тұратын үн – әлем аналары салған бесік жыры екенін түйсінді. Дүние жаратылғалы үзілмей айтылып келе жатқан ән… Арада бір айдай уақыт өтті. Жоғалған Британ мысығы – Феникс қарашаның басында қайтып келді. Тоңазытқыштың есігі ашылған сайын жетіп келіп, бажылдап тұрып алатын әдетінен жаңылмапты. Өзі шермең-шермең етеді. 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар