Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асылбек Жаңбырбай: Бунин және Ислам...

20.06.2017 5880

Асылбек Жаңбырбай: Бунин және Ислам

Асылбек Жаңбырбай: Бунин және Ислам - adebiportal.kz

Барлығы үшін рақмет саған, Құдайым!

И.А.Бунин

Орыс халқының әлемге әйгілі жазушысы һәм көрнекті ақыны Иван Алексеевич Бунин (1870-1953) туралы көп айтылды, әлі де айтыла берері хақ. Әсіресе Бунин поэзиясындағы ислам тақырыбы жайлы сөз талай қозғалды. Оның ішінде, өкінішке орай, қазақша жазылған немесе аударылған мақалалар мен зерттеулер жоқтың қасы. Әзірге Әмірбек Тұрышевтің Бунин өлеңдерін талдауы (Мәшһүр Жүсіп және Бунин шығармаларының үндестігі), Есенғали Раушановтың Бунин туралы мақаласы (Өкінеді ақындар өтерінде) және Жәркен Бөдешұлының азғантай өлеңдерін аударғаны (Жезбұйда портал ы) белгілі. Бір естелігінде өзі жайлы: «Мен негізі Шығыс пен шығыстық дінді жақсы көремін» – дегені бар. Иә, Бунин Алланың дінін мойындап, Шығыстың тарихына, тіліне, мәдениетіне, тұрмысына, пәлсафасына, тіпті көне аңыздарына шейін қатты қызықты. Сондықтан да оны сезім мен ойды астарлап жеткізе отырып, ақиқатты жырлайтын шығыс шайырларынан кем көрмейміз. Өйткені ол да – біртуар тұлға, жанкешті қаламгер. Нобель сыйлығын алғандығы үшін ғана жақын тартып, бағалап отырғанымыз жоқ. Бұл ретте біз өмірбаянына толықтай тоқталып, ұзақ әңгімеге арқау болмаймыз. Сонымен, қысқа қайыруға тырыстық.

Қанша ғасыр өтсе де Батыс үшін Шығыс құпия жұмбақ пен тылсым сырға толы әлем болып қала бермек. А.С.Грибоедов, П.А.Вяземский, Г.Р.Державин, В.А. Жуковский, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, Н.В.Гоголь, К.Д.Бальмонт, В.Л.Брюсов, Л.Н.Толстой, Н.С.Гумилев, т.б. бірнеше орыс ақын-жазушылары Құранға және ислам іліміне мән беріп, ой толғады. Буниннің бұлардан басты ерекшелігі сол – қарым-қатынас барысында ол ислам әлемінде өз тәжірибесін жинақтады және ислам өркениетіндегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрімен танысты, олармен көзбе-көз сұқбат құрды. Жер таныды, ел көрді. Бұған басты себеп – саяхаттары. 1903 жылы Түркияда, 1906 жылы Египет, Сирия, Палестинада, 1910 жылы Алжир, Тунис, Сахара шөлінде болды. Үнді мұқиты арқылы Цейлонға да сапар шекті. «Мен барлық ел мен барлық уақыттың қайғысын ұғу үшін туған жанмын» деп өзі айтқандай, ол бұл саяхаттарға ғалым ретінде емес, зерттеуші ретінде аттанған болатын. Және бәрі нәтижесіз емес, өміріне үлкен өзгеріс әкелгені анық. Кезбелігі жағынан Николай Гумилевке ұқсады.

Дәруіш секілді ғұмыр кешкен Буниннің «шығыстық жырлары» Пушкиннің «Құранға еліктеуінің» жалғасы іспетті. Орыс ақындары ішінде Құран сырларын жетік меңгеріп, ислам жайында ең көп өлең тудырғаны да Бунин еді. Әр өлеңіне жеке тоқталып, талдауды қажет етеді. Ағылшын, француз, неміс, көне грек тілдерімен қоса араб тілін үйренді. Ол Құранның 1901 жылы шыққан орыс тіліндегі аудармасын жанынан тастамаған. Әрі бұл кітап ең маңызды және үнемі оқудан жалықпайтын қымбат дүниесі болған. Әрбір сүренің, әрбір аяттың мағынасын терең түсіне білгендіктен «Қадыр түні», «Кәусар», «Құс», «Ибраһим», «Қуғындағы Мұхаммед» т.б. көптеген керемет өлеңдерді жазды. Біз солардың аз ғана бөлігін қазақша сөйлетуге тырыстық. Бунин бұрын тәржімаланған прозасы арқылы қазаққа таныс боп келген еді. Алдағы уақытта басқа да өлеңдерін («Құпия», «Жасыл жалау», «Зейнеп», «Жол сілтеуші белгілер», т.б.) аудару ойда бар.

Асылбек Жаңбырбай,

ақын

ҚАДЫР ТҮНІ


Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының
рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі.
(Қадр сүресі, 4 аят.)



Қадыр түні. Аспан жаққа ұзарып,
Сәлде киген шыңдар басы қосылды.
Шақырды азан. Ал мұздақтар қызарып,
Қырат-қырдан қара суық жосылды.

Қадыр түні. Бұлттар ұқсап қарғынға,
Қараңғы тау бөктерінен құлады.
Шақырды азан. Ұлы Тақтың алдында
Түтей ағып Алмас Өзен сұлады.

Жебрейіл көрінбестен адамға,
Аралап жүр бар әлемді қалғыған.
Тыныштық бер, махаббат бер ғаламға,
Қолда, Раббым, әулиеңді қаңғыған!


КӘУСАР


(Мұхаммед Ғ.С.) Шын мәнінде саған кәусарды бердік.
(Кәусар сүресі, 1 аят.)



Ұйқылардың патшалығы – бұл мекен,
Сор қаптаған тұл жағалау – бар маңда.
Бірақ суы көкшіл-жасыл түрлі екен,
Жібек құмы аппақ екен қардан да.

Жібек құмда тек сұр жусан өнеді,
Өсірді Алла – отар үшін көшпелі.
Зәу аспаны теңдесі жоқ көк еді,
Күн тозақтық Сақар-От боп өшпеді.

Аңызақ бар сағым-айна бетінде,
Бүткіл әлем түс көруде бір ұлы.
Ол жарқырар мұңлы жердің шетінде,
Жәннат-Баққа жанды әкетер дірілі.

Мөлдір Кәусар – өзендердің өзені,
Ар жағында ағып жатыр тұманның.
Барлық елдің шөлін басып – кезеді,
Шыда, сиын, сөзіне сен – Құранның!


ТӘМЖИД


Ол (Алла) қалғымайды да ұйықтамайды.
(Бақара сүресі, 255 аят.)



Бағзы шаһар – Скутари* қаласы,
Ғадетінен жаңылмайды талайғы.
Орнағанда қап-қара түн баласы,
Мұңлы, ойлы Тәмжид үні тарайды.

Ала таң мен қоңыр кештің арасын
Қасиетті Тәмжид үні жалғайды.
Дәруіштерді мұнарадан табасың,
Дауыстары ескі ән құсап самғайды.

Скутари құшағында ұйқының,
Бақшалар мен мазарлардың бәрі үнсіз.
Әннен ұғар жұлдызды түн сиқырын
Аспан асты қыдырғандар дамылсыз.

Қасірет пен үрей толы көздер бар,
Азаптаумен қараңғыға батырған.
Бейпіл ауыз айта салған сөздер бар,
Тәтті түсті құмарлана шақырған.

Күңгірт, ауыр жердегі жол қаңғыбас,
Әрбір демің есептеулі дәл көкте.
Кірпігіңді іл, Ол мүлгімес, қалғымас,
Мейірімді Хақ сені ұмытпас әлбетте.

*Скутари –ескі қала, Стамбұлдың бір бөлігі.(А.Ж.)

АҚ ҚАНАТ

Пайғамбар да көрді алыс жол азабын,
Шөл даланың қызыл құмы тұрды ысып.
Жәбірейіл көктен салып назарын,
Ақ қанатын қалқан қылып жүрді ұшып.

Мен де, міне, сапардамын елсізде,
Жетіп бір-ақ демалармын деп келем.
Түп мақсаттан таймау керек ер түзде,
Мұхаммедтей Мединеге беттеген.

Аптап ыстық күйдірмейді әурелеп,
Сәлеміңнің арқасында қуарман.
Жан-жағымда жарқын күміс сәуле көп,
Барша әлемнің кенезесін суарған.

ШЕЙІТ

Көзге мүлдем көрінбестен тарап-ақ,
Жəбірейіл жүрген жолдан шаң келер.
Жарым түнде молаларды ол аралап,
Емдеп жазып, өліктерге жан берер.

Мəйіт жатыр қызыл қаны сорғалап,
Азаттықтың тар жолында күйреткен.
Қастерлеу мен сүю жайлы толғап ап,
Парасатты жұртты соған үйреткен.

Алғыс айтып, құшақтарың айқасып,
Пайымдасаң – шейіттің жоқ өлгені.
Махаббат пен кегің үшін шайқасып,
Ұйытқи соқшы құйындайын шөлдегі.

ІБІЛІСТІҢ АЛЛАҒА АЙТҚАНЫ

(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде қылған еді.

(Кəһф сүресі, 50 аят.)

Мен – оттанмын, Адам – өлі топырағың,
Сəжде қыл деп бұйырдың-ау сен маған.
Ал отқа жақ құрғақ зəйтүн жапырағын,
Құмарлығын жеңіп көрсін енді Адам.

Олай болмас, қара да тұр, түш, Құдай,
Мен туымды биік ұстап жүрген ем.
Бұл балшықты құямын да қышшыдай,
Өзім өртейм, өзім оған тіл берем!

ҚИЯМЕТ КҮНІ

Таққа ілінген неткен алтын қалқан деп,
Ысырафыл* кеп найзасымен ұрғанда –
Жойқын күштен тас молалар талқан боп,
Біз шығамыз көрден – күңгірт бұл маңда.

Құдай, сонда көрінерсің жарқырап,
Көлеңкең де жерге түсер соңғы сəт.
Тері илеуші тұздап қойған талқылап –
Төңкерілер аспан қызыл тон құсап.

*Ысырафыл (Исрафил) – қиямет болатын кезде Сүр (сырнай) үрлеуші періште. Бұл жерде Құранның «Нәбә» сүресі сөз болып отыр. (А.Ж.)

ҚАҒБАНЫҢ ҚАРА ТАСЫ

Ол бір кезде асыл тас ед бағалы,
Аппақ болған мезгілі де өткен-ді.
Үр бағындай нұр шашатын жамалы,
Кіршіксіз-тін тау қарындай көктемгі.

Жəбірейіл-Рух Ибраһимге жолдады,
Оны тапты шың мен құмды кешіп тең.
Данышпандар сақтап келді, қорғады,
Дүрдей жайнап орын алды мешіттен.

Айтылды оған көбі дұға-тілектің,
Небір ғасыр келерде һəм кетерде.
Қайғы-мұңы барлық дертті жүректің
Ақты өзендей қасиетті мекенге.
Раббым Алла, түсіндей боп түнектің,
Күнəлардан ол қарайған екен де!

ҚУҒЫНДАҒЫ МҰХАММЕД


Намазшамда періштелер жүр ұшып,
Қанат қағып жапан дала, тау үсті.
Бұлақтар да ақпай қалды-ау күлісіп,
Естілгеннен оның зары дауысты.

Жалаң аяқ, ашып қойып кеудесін,
Отыр құмда, мың орайды сөзін мұң:
«Бірілгенмін иен түз бен шөлге шын,
Өзім сүйген барлық жаннан безіндім».

Періштелер айтты сонда: «Түңілген
Жараспайды пайғамбарға айбынды».
Жауап берді ол күйінішті күбірмен:
«Мен жартасқа шағып едім қайғымды».

МҰХАММЕД ПЕН СƏФИЙЯ

Таңмен тұрған Сəфийя* ұзын шашын өреді,
Түндей қара бұрымдар шебер қолға көнеді:
«Бəрі мені, Мұхаммед, жөйітсің деп сөгеді», –
Мұңын шағып, көз жасын бір сүртпестен төгеді.

Күлімсіреп Мұхаммед мейіріммен қарайды,
Оның жарқын жүзінен мүбəрак нұр тарайды:
«Менің əкем – Ибраһим, ағам – Мұса талайғы,
Ал Мұхаммед – ерім, – деп айта білсең жарайды».

*Сəфийя (р.а.) – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың жары, Хайбәр яһудилерінің басшысы болған Хуей ибн Ахтабтың қызы.(А.Ж.)

МҰХАММЕДТІҢ ҮМБЕТІ

Бұл əлемде патшалық көп, ел де көп,
Бірақ бізге қамыс кілем ұнайтын.
Шəйхана емес, мешіттерге келген ек,
Ауласына жап-жарық нұр құлайтын.

Базардағы саудагер де емеспіз,
Шам шəріне керуен кірсе шаң басқан,
Бау-бағына қуанамыз демеспіз,
Ағылшыннан садақа да алмастан.

Тек шыдаймыз, шыдауымыз бекер ме,
Көргіміз жоқ аппақ киім кигенін.
Рас айтылған: «Қастық қылма бөтенге,
Һəм алдында басыңды да имегін.

Сəлем – түзу, ашық болсын қабағың,
Келсін, мейлі, ешқайда да бұрылма.
Əшекей мен кипариске* қарағын,
Құбылғыдай* олай-бұлай құбылма».

*Шам – Дамаск қаласы.

*Кипарис – сауырағаш.
*Құбылғы – хамелеон.
(А.Ж.)

ИБРАҺИМ (Ғ.С)

(Əнғам сүресі)

Шөл далада қаптады түн түнегі,
Көрді Ибраһим бір жұлдызды қырмызы.
«Міне менің Раббым!» – деп тұр еді,
Түн ауғанда ғайып болды жұлдызы.

Шөл далада сейілді түн түнегі,
Көрді Ибраһим туған Айды көктегі.
«Міне менің Раббым!» – деп тұр еді,
Жұлдыз құсап Ай да батып кеткені.

Шөл далада жоғалды түн түнегі,
Көрді Ибраһим шыққан Күнді қанатты.
«Міне менің Раббым!» – деп тұр еді,
Кеш түскенде Күн де батып баратты.

Құдай оған тура жолды жаратты.

МАҚАМ

Мақам – шаттық, қасиетті сүйініш,
Ұмтылысы ұғынудың, танудың.
Мақам – қайғы, қасіретті күйініш,
Шығармасы үнсіз ұран салудың.

Есалаң да арман қуар, о, жалған,
Жаратқанды көргісі бар өңінде.
«Көрген өлер» дейді өсиет озалдан,
Хаққа апарар жол еді ғой өлім де.

Тəңір сыйы – тəтті азабы еңбектің,
Өмір бойғы жазғанымды беремін.
Арзу болып арасында жер-көктің,
Сол мақамға жету үшін келемін.

ҚАЙЫРШЫ

Түннің бір бөлімінде және жұлдыздар батар кезде де дәріпте.

(Тұр сүресі, 49 аят.)

Былдырлайды құс тəтті ұйқылы-ояу пішінде –
Шыққа оранған бақтағы жып-жылы ұя ішінде.
Раббыңды дəріпте – жұлдыз батып барады,
Алқызылданып қабағы, Гермон шыңы қарады.

Жалаң аяқ, бірақ та бақыттының түрінде –
Отыр қойып кесеңді тал шарбақтың түбінде.
Шаңды жолда жүргеннің амандығын сұраймын,
Мадақтаңдар, бауырлар, құтты күні Құдайдың!

ОПАСЫЗДЫҚ ҮШІН

Өздері сан мың көп болса да, (өлімнен қашып құтылатындай) өлімнен қорқып, амамекенін тастап кеткендерге қарашы. Алла оларға: «Өліңдер» деп өлтіріп, кейін қайтадан өмір сыйлады.

(Бақара сүресі, 243 аят.)

Сатқандықтан Отанын жойды Құдай оларды,

Жайрап жатты далада сүйектері шашылып.

Ара түсіп пайғамбар, сосын қайта жаралды,

Кешірілмес сұмдықты Жер тұра алмас жасырып.

Мен оқыған бұл жайлы екі аңыз бар Шығыста,

Жағымдысы: мерт болған тірілгендер соғыста-ақ.

Жағымсызы: өлгенше араласпай ұрысқа,

Олар ғұмыр кешіпті шөл аймақты қоныстап.

Қайта өмірге келген күн киімдері қап-қара ед,

Бұл дегенің – қабірде шірігеннің белгісі.

Көрге тағы кіргенше бұрған емес Хаққа бет,

Мұңды, суық жүздерін ешкімнің жоқ көргісі.

ҚҰС

Біз əр адамның мойнына құс (жақсы, жаман істерін) байлап қойдық.

(Исра сүресі, 13 аят.)

Сіздерде де – киінген сәнді киім не түрлі,

Алба-жұлба, қожалақ құл болса да, мысалы,

Бойтұмар бар бәріңде – сәуегей құс секілді,

Бір құпия белгі бар, ол – Тағдырдың нышаны .

Оның жолын сұрасаң, әлмисақтан басталған,

Әлмисақтан басталып, көрге келіп тірелді.

Жүрген ізін кіл аппақ бас сүйекке тастаған,

Бұл жалғанда ол солай қаһарлана түнерді.

Қаңқаларды құрғақ жел шаңға көміп кетеді,

Құм борайды содан соң сүйектерді жасыра.

Мола деген – қашаннан жапалақтың мекені,

Қарағанмен жатырқап, түнеп шығар басына.

Аударған: Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар