Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтой...

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойы басталды

09.10.2025

6187

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойы басталды - adebiportal.kz

Атырау өңірінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына арналған рухани апталық басталды.

Бұл мерейтой – ел руханиятының, поэзия мен парасаттың үлкен тойы. «Менің Қазақстаным!» атты мәдени-көпшілік іс-шаралар легі 8-11 қазан аралығында өтіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі әдеби, өнер, ғылыми бағыттағы кездесулер мен концерттерді қамтиды.

Кеше апталық шымылдығы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен «Ұрпағым, саған айтам…» атты республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауымен ашылды. Бұл байқауға еліміздің әр түкпірінен келген жас өнерпаздар қатысып, Жұмекен поэзиясының отансүйгіш рухын, терең философиясын жүрекпен жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша: Бас жүлде - Көркем Дүйсенбаеваға бұйырды (Маңғыстау облысы); І орын - Елдос Құлшарап еншілесі (Атырау облысы); ІІ орын - Ләззат Мүсілім мен (Шымкент қаласы), Айжан Бөлекбаеваға (Атырау қаласы) берілді. ІІІ орынды - Владислав Горизанов (Қарағанды ​​облысы), Ақберен Жолдасбек (Түркістан облысы), Айнұр Нұрбек (Жамбыл облысы) алды.

Бүгін ақынның ізі қалған туған топырағы – Құрманғазы ауданында жалғасты. Таңсәріден бастап Ашақ төбесіндегі ескерткіш басына тағзым етіліп, туған жерге құрмет көрсетілді.

Ал түстен кейін С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен «Ұлт өлеңнің ұстағаны» атты жыр кешінде ақын рухына арналып жырлар оқылып, оның поэзиясы жайлы толғаныстар айтылды.

Ертең ақын есімін ұлықтауға арналған негізгі шаралар өтеді. Таңертең «Салтанат Сарайы» алаңында Жұмекен Нәжімеденов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалады.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты әдеби-танымдық конференция өтіп, зерттеушілер мен ақындар Жұмекен шығармашылығының көркемдік қырын талқылайды.

Түстен кейін Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада «Жыр – Жұмекен» поэзия фестивалі жалғасып, жас ақындар мен танымал тұлғалар сөз сайысына түседі.

Кешкісін «Мұнайшы» стадионында өтетін «Менің Қазақстаным!» атты үлкен мәдени кеш ақын есімін мәңгілік жаңғыртып, елдік рух пен бірлікті дәріптемек.

11 қазан – М.Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театрында өтетін «Менің Қазақстаным!» республикалық ақындар айтысы мерейтой апталығын қорытындылайды. Бұл айтыста елдің түкпір-түкпірінен келген суырыпсалма жүйріктер сөз қағыстырып, Жұмекен жырының рухын арқау етеді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan