Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Азапқа толы абақты...

23.11.2018 10082

Азапқа толы абақты

Азапқа толы абақты - adebiportal.kz

Түрмеде екенмін деп түңілмей, қайта жан-жағындағы серіктеріне көмек қолын созу – Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы үшін жазылмаған заңдылық болды. Ол бостандықта жүріп жиған-терген білімін, бүкіл тәжірибесін, қолынан келген бар көмегін түрмеге топырлап түсіп жатқан түркітектес бауырларынан еш аянып қалған жоқ, тіпті өз денсаулығының мүшкілдігіне қарамай, ақырғы демі шыққанша Алаш жұрты үшін аянбастан қызмет атқарды.

«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Демеймін жемісі мол тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

Пайдалы шаруаңа жараса, Алаш», - деп жырлаған Алаш арысы Міржақыптың осы шумақтың үшінші тармағындағы сертіне өле-өлгенше адал болып кеткендігін көреміз. Азапты лагерде жүргеніне қарамай, жігері жасымай, соңғы күші сарқылғанша жақсылықтан үмітін бір үзбеді.

Міржақып Соловкидің ызғарлы ұзақ түндерінде ғибадатхананың тар құжырасында сарылып отырып, 1932 жылы түрік-орыс сөздігін жазып шықты. Бас-аяғы 80 беттен тұратын сөздік, өкінішке қарай, аяқталмай қалған. Қолжазба дәптер Міржақып түрмеде қайтыс болғаннан кейін, түрме әкімшілігі отбасына қайтарған заттардың ішінде келген. Бұл сөздіктің фотокөшірмесі кейін Міржақыптың алты томдық шығармалар жинағында жарияланды.

Сөздікке үңілсек, жалпы адамға қатысы бар сөздерді түгел қамтып шығу Міржақып Дулатұлының аталмыш сөздіктегі басты борышы емес екенін аңғарамыз. Оған лагерде мүмкіндік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Міржақып мұнда өз ортасы – түрме болмысына қатысты ұғым атауларын қамтуды көздеген. Мысалы: «арестант, беспорядок, высылка, гарнизон, допрос, заговор, защитник, изменник» деген сияқты сөздер. Бұларды сөзтізбеге кіргізудің бір себебі – дәл сол кезде лагерьде орыс тілін білмейтіндерге зорлық-зомбылық қатты көрсетілген. Міржақып дәл осындай ауыр кезеңде сансыз соққыдан жер бауырлап құлап жатқан бауырларына барынша көмектесті.

Орыс тіліне өте жетік Міржақып 1934 жылы түрме бастықтарының ұйғарымымен Медвежья гора қаласындағы фельдшерлердің орталық курсында оқиды. 1934 жылдан бастап, 1935 жылдың 5 қазанына яғни өмірінің соңына дейін Сосновецте Тунгуд бөлімшесінің 5-орталық лазаретінде фельдшер болып жұмыс істеп, түрмедегі сырқаттарға дәрігерлік көмек көрсеткен.

Иә, Міржақып пессимизмге салынбай, керісінше, осылайша пассионар тұлға екенін танытып кеткен кемеңгер. Бұл сөзімізге «Міржақыптың түрмеде айтқан соңғы сөздері» деген атпен белгілі мына бір жыр шумағы да дәлел бола алады:

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, мал менен бақ құралмаған.

Күніне мың бір пәле келсе дағы,

Сабыр қыл, үміт үзбе бір Алладан».

Бұл шумақты Міржақыптың көзін көрген заты татар Ғұмар Ғабділқайым деген кісіге Бұқара жақта жүргенінде ғайыптан кездескен бір қазақ: «Міржақыптың түрмеде айтқан соңғы сөздері», - деп жоғарыда келтірілген шумақты айтқан екен.

Әңгіме – Міржақыптың қайтпас қайсарлығында, түрмеде жүріп өзі де күніне мың бір пәле көрсе де, мойымағанында, өмірге құштарлығында.

«Айнымай тұтқан жолың болсын мынау:

Азаттық, ағайындық, теңдік сұрау.

Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң,

Борышы адамдықтың сонда тұр-ау...» - деп жырлаған Міржақыптар азаттықтың ақ таңын көзбен көреміз деп, өзімізі көрмесек те, келешек ұрпақ көреді деген сеніммен күресті. Жүректе жанған үміт сәулесі еш сөнген жоқ. Қайта, көктегі Күнге көтерілді.

***

Патшалық Ресей заманында 1909 жылы небәрі 25 жастағы Міржақыптың бүкіл қазақ даласын оятқан «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы шығады, аталмыш жинақ 1911 жылы екінші мәрте басылып, қазақ жұртын жұлқып оятпаққа талпынғаны үшін Патша үкіметі 1911 жылдың 7 маусымында Міржақыпты қуғындап, шығармасына тыйым салып, өзін тұтқындап, түрмеге тықса, империалистік һәм отарлау саясатының жалғастырушысы, мұрагері – Кеңес үкіметі де Міржақыпқа оң көзбен қарай қойған жоқ.

М.Дулатов қазақ даласын дүр сілкіндірген – Алаш қозғалысына қатысқаны үшін деп 1922 жылы қамауға алынып, Орынборға айдалады. Көп ұзамай одан босап шығады. Бірақ 1928 жылы 29 желтоқсан күні қайта талауға түседі де, өмірінің соңына дейін түрмеде тұтқында болады. Азаттық аңсаған азамат азапты хәлде жан тапсырады.

***

Міржақыптың тұтқындар лагеріндегі өмірі қандай болды? Осы жайында ой толғатайық.

Оқырман қауым Міржақыптың отбасы онымен 1928 жылдан бастап неге байланыса, кездесе алмады деп те ойлауы мүмкін, мұның түйінін тарқатқанда былай болады. Міржақып 1930 жылы ату жазасына кесіліп, кейін жаза он жыл түрмеге ауыстырылады. Беломор-Балтық каналы құрылысы бойында Сосновец стансасындағы түрмеде жазасын өтейді. Арада 2-3 жыл өткесін барып әрең дегенде тоң жібігендей болып, 1934 жылы Міржақыптың жары Ғайнижамал мен ұлы Әлібек екеуі Сосновец түрмесіне барып, қасында бір ай болады. Есіл ердің көңілін аулап, жанына жұбаныш болады.

Әрине, жұбайы Ғайнижамалдың мұндай мүмкіндікке қолы бірден жеткен жоқ. Ол турасында Міржақыптың ағасының қызы Ботагөз Асқарқызы: «Міржақып тәтемді он жылға соттап, Соловкиге жіберді, семьясын қасына жолатпады», - деп еске алады. Қиын жіптің күрмеуін орыс зиялыларымен етене таныс Міржақып өзі шешіп береді. Үйіне хат жазады. Бұл туралы Ботагөз:

«Мен жуырда Бүкілодақтық Қызыл Крестке (Международный Красный Крест), Екатерина Павловна Пешковаға арыз жолдадым, онда семьяммен жолығуды (свидание) өтіндім. Гая, өзің де сол кісінің атына хат жазып сұран» деген. Жеңешем де қарап қалмай, Е.П.Пешкованың атына өтініш жазды. Енді алаңдап, жауап күтуде еді. Бұл 1934 жылдың басы. Аралығында екі ай өтпей, тәтемнен (Міржақыптан – ред.) телеграмма алдық: «Свидание разрешено, срочно выезжай с Алибеком. Мирякуб» делінген», - дейді. Одан әрі Ботагөз Міржақыптың жұбайынан естіген әңгімелерін былай деп жеткізеді:

«Жеңешем (Ғайнижамал – ред.) қалай кездескенін айтып берді. «Жақаң Әлтай екеумізді вокзалдан күтіп алды, алғашқы минутта құшақтасып көрістік, жыламауға қанша тырыссам да болмады. Жақаң да (Жақаң дегені Міржақып – ред.) көрмегені жоқ, көңілі босап, қажығанының белгісі болар – көзіне келген жасын тыя алмады, баласын құшақтап қайта-қайта сүйді. Тұрған үйі алыс емес, жүгімізді өзіміз қолдасып, көтеріп жеттік. Сырттан іздеп келген туыстарын әр ұлттан қосылған жолдастары үлкен ілтипатпен қарсы алады екен, бізге келіп сәлемдесті. Алып барған тамақты пісіріп тұрдым. Жақаң үй дәмін сағынған, қасындағы жолдастарымен бөлісіп жедік. Жақаң Солвкиде тұрғанында астма ауруына шалдығыпты, тұрмыс жағдайы қиын, Ақтеңіздің ортасындағы арал Соловкидің ауасы дымқыл, өне бойы тұман, күннің көзін көре бермейді. Ауыр жұмысқа денсаулық көтермейді, жеңіл жұмысқа қоя ма? Үйден алатын посылкамен жан саялап тұрады. Сол жерде бухгалтер даярлайтын курсқа түсіп, мамандық алып, тұрмысы жақсарыпты. Ауруы ұстай бергендіктен, дәрігерлер комиссиясы Медвежья Гораға ауыстырыпты, ол жерде де тәуір болмаған. Өзіне қолайлысы – Лазаретте жұмыс істегенін жөн көреді, ауырсаң сол жерде емделесің деген оймен Лепком курсын бітіріп, Лазаретке орналасады (Лепком – лекарский помощник-фельдшер). Арада көріспеген талай жылдарды артқа салып сағынысқан Жақаң екеуіміздің әңгімеміз таусылмады. Хат арқылы бәрін жеткізе алмайсың, ел ішінде өткен жаңалықтарды естіп-білді».

Абақтыда айдан, күннен жаңылып, шаңырағын сағынып, елін ойлап зарығып жүрген Міржақып осылайша бала-шағасымен қауышып, қуанышқа бөленеді.

Сол қауышу барысында Міржақып өз басынан кешкендері жайында жұбайына былай деп әңгімелеп берген екен:

«Мәскеудегі Бутырка түрмесінде екі жылдай жалғыз өзім (одиночка) отырдым, істейтін ермек жоқ, кітап бергізбеді, тек хат жазуыма қағаз әкеліп беретін, басқа еш нәрсе жазғызбайтын. Күнұзаққа камераның ішінде шаршағанымша жүретін едім, одан кейін наннан шахмат фигураларын жасап, кептіріп, екі кісі болып ойнап жүрдім. Тесіктен бақылайтындар көріп таңғалатын. Оның үстіне, күні-түні дамыл бермей тексеруге алып, қорлық көрдім. Үкім шығып, «он жылға Соловкиге барасың» дегеннен кейін, жұрттың арасына, жалпы ортақ камераға кіргізді».

Екі жыл қапаста жалғыз отыру үшін де адамға темірдей төзім керек шығар?! Ондай асыл қасиет Міржақыптың бойынан табылды, түрме оның жігерін жасыта алмады.

Ол кезде кездесуге барған үй ішінің адамдары бір ай тұруларына рұқсат етіледі екен, ал егер қалатын ойлары болса, онда бес жыл сол жерден жіберілмейтін шарты бар екен. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Міржақып жұбайына: «Менің қалған жылдарым әлі-ақ өте шығады, амандық болса, елге келемін ғой», - деп жұбатыпты. Келер күннен үміті үзілмеген қайран ер-ай десеңізші! Түрмеден тірі шықса, сұм Сталиннің сүңгісі күтіп тұратынын сезген де жоқ шығар...

***

Қазақтың сөзі бар емес пе – «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген. Бұл мәтел Міржақыпты да айналып өтпепті... Он жасар ұлымен, ұрпақ жалғар ізімен қауышқан Міржақыптың тағдырының тас-талқаны шығатынын кім білген... Әлібегі (1925-1935) мезгілсіз дүниеден қайтты. Сұм тағдыр бір қорламай, мың қорлады. Қара аспанды бұлт торлады. Қазаны еріне айта алмай жарының жанарынан жас парлады. Дүние-ай десеңізші! Қазақта бала қазасынан ауыр нәрсе бар ма, сірә? Міржақып мұның бірінен де хабарсыз еді...

Сол кезде қазаға келген Ахмет Байтұрсынұлы Ғайнижамалдың алдына жүгініп, бір тізерлей отырып, құшақтай, ішіндегі зарын сыртқа шығарып, қатты солқылдап жылапты. Жыламай ше, бауыры, інісі, замандасы, серігі Міржақыптың соңғы тұяғы қырқылып түссе. Десе де, өзі де ұрпақ сүю бақытына ие бола алмай шер мүжіген Ахмет хәкім Абайдың «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген сөзін іс жүзінде көрсетіп, мынадай жұбату сөз айтқан екен:

«Гая шырағым, қайғыңа ортақпын. Мезгілсіз солған гүл үзіліп түсті, Әлібек енді ортамыздан мәңгі кетті. Бәріміздің жанымызға қатты батып отыр, тағдырдың жазуына қарсы түсе алмайсың, арты тек қайырлы болсын. Қалғандарың, Міржақыптың амандығын тілейік, ақырын сұра, ақырын сұра, сабыр ет. Баласының дүние салғанын Міржақыпқа естіртіп жазбаңдар, өзі ауырып жүргенінде қиналар. Үміті үзілмесін, артымнан ерген ұл-қызым, сүйенішім бар деп жүрсін».

Осы аралықта Міржақыптан көпке дейін хат келмей кетеді. Міржақып соңғы бір хатында өзінің ауруы жайлы былай деген екен: «Сырқатым үдей түскен соң, лазаретке жатуыма тура келді. Үйреншікті ауру ғой, тәуір болғандаймын». Осыдан соң мүлдем хат келмей жүрген... Ел азаматы аман болсыншы деп іштей тілегеннен басқа жұбайының қолынан не келеді енді.

«Тас түскен жеріне ауыр» деген осы шығар, сірә. Ұлынан айырылып есеңіреп қалған Ғайнижамалға күтпеген жерден тастай суық хабар келіп түседі. Ол – 1935 жылғы ноябрьдің 11-12-күні Ғаинижамалдың атына жіберілген заказной хат екен. Конверттің төменгі сызығының астында «2389/Ш. Санчасть 4-отделение, ББК. НКВД», ал жоғары сол жақ бұрышында «20. Сосновец» деп жазылған. Бұл хатта 1935 жылдың қазан айының бесі күні Міржақып Дулатұлының қайтыс болғанда жасалған Сосновец лазаретінің №533 актісі мен мен пошта арқылы салынған киім-кешегінің тізімін көрсеткен құжат жіберілгенін мәлімдеген.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Гая қарағым, сен үлкен қазаның үстінде отырсың, Әлібек қайтқанда, «ақырын сұра» деген едім, енді Міржақып інім өлгенде не айтарымды білмей отырмын», - деп ашынып жылапты.

Осылайша саналы ғұмырын Алаш үшін сарп еткен Міржақып Дулатұлы елу жасқа бір ай толмай абақты ауруханасында дүниеден озды.

***

Міржақыпты Патшалық Ресей мен Кеңес үкіметі кезек-кезек не үшін соттады? Үкіметке жақпайтындай не істеп қойды ол? Біреуді азаптап өлтірді ме? Әлде біреудің малын ұрлады ма? Мұның бірі де емес! Міржақып Ресей үкіметінің қарақшылық қылмысын әшкере етті. Қазақтың жерін талауға түсіргенін қаймықпай айтты. Ол заман жанцым-күнім деп отыратын романтикалық заман ба еді? Жоқ. Сондықтан да алаштықтар азаматтық поэзияда белсенді болды. Ұлтының мұңын, жұртының жоғын жыр тілімен жоқтады. Өйткені, қазаққа жәй сөзден гөрі, өлең өтімді еді. Басқаға құлақ салмас да, өлең-сөзге ден қояды емес пе?!

Мысалы, Міржақып «Қазақ жерлері» деген өлеңінде:

Мың жеті жүз отыз бір сәнасында:

Біз кірдік Руссияның фанасына.

Һүнерсіз бостығымыз көрінген соң,

Қызықпас кім қазақтың баласына?

Жылында мың сегіз жүз алпыс сегіз:

«Қазыналық» деді жердің һәммасын да.

Тарылып жылдан-жылға жер-суымыз,

Мұжықтың кетті бәрі қаласына, - деп қазақтың басына қара бұлттың үйіріліп келе жатқанын аңғартады. Осы бетпен кете берсең һәм:

Айырылсаң қалған жерден осы күнгі

Топыраққа малды, қазақ, бағасың да, - деп ескертеді. Осыдан соң қалғығанды жақсы көретін қазағын оятуға тырысқан азамат ақынды Патшалық Ресей түрмеге тығуға тырыспағанда не қылады?!

Адасып қараңғыда сорлы қазақ,

Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай.

Сөндірмей жанған өртті көрген адам,

Қалайша тұру мүмкін жанға батпай, - деп қамығады шерлі шайыр.

Пата үкіметіне бәрінен бұрын батқаны мына шумақтағы ойлар болса керек:

Бола алмай тілек қабыл хафалықта,

Көруде жәбіршілік жүрміз һаман.

Қазағым, көрмегенің әлі алдыңда,

Боларсың көне берсең мұнан жаман!

Зеңгір тау, аққан бұлақ, шалқар көлдер,

Кетті ғой бетегелі биік белдер.

Қысқарып жер кеткен соң соң өрісіміз,

Қалды ғой жатақ болып қайран ерлер», - деген шумақта ащы шындық жатыр. Ресей империясының отаршылдық саясатын поэзия арқылы әшкере еткен – Шортанбай, Дулаттар болса, одан кейін – алаштықтар.

Жау жүрек, қыран көзді арыстан, жан қиып халық үшін қарысқан, қатардан қазақ сорлы қалмасын деп, бәйгеде барын салып жарысқан да, жұдырықтай жұмылып, бірлік танытып, барын салысқан да – алаштықтар.

Міржақып жыр тілінде:

Аз емеспіз, алты миллион халықпыз,

Әлһәмдулиллаһ надандыққа ғарықпыз.

Жайымыз жоқ онан басқа мақтанар,

Сахарада дикарь болып қалыппыз, - деді де, бұғаудан құтылудың ең бірінші жолы – халықтың көзін ашу, білім шашу, санасын ояту деп түсінді. «Қазақтың өз тілінде жоқ матбұғат» (баспасөз) деп айтып қана қарап отырмады, осы алаштықтар қазақ тілінде өздерінің тұңғыш баспасөз ісін көркейтті. Әрине, мұның бәрі Патша үкіметі үшін ұнамсыз жәйттер еді. Оларға қазақтың оянбай, етін жеп, қымызын ішіп, маужырап жата бергені керек-ті.

Міржақыптың: «Мұбада ешбір пайда ете алмасақ, айтпай ма сол уақытта бізге лағынет. Олай болса, әфәндім, ұйықтамалық, енді оянбай жатуымыз болар ұят», - деп айтуының астарында осындай ақиқаттар бар еді.

Ал М.Дулатұлының:

Орысша білмек қазаққа бек лазым,

Руссияда болған соң біздің тұрақ.

Сусыныңды бар дағы қандырып қал,

Мысалы, ғылым – жатқан ағып бұлақ, - деуінде нендей мән жатыр? Орысша үйрен деді деп жазғыра аламыз ба Міржақыпты? Жоқ!

Өйткені Міржақыптың мына сөздерін оқысақ бәрі де түсінікті болады, ол: «Дүниеде қатынасып жүрген, оқыған заттарымыз болмаса, біздің ғүмуми қазақ халқы файдалы мәселелерден бихабар еді. Себебі: дария қасында тамшы секілді, оқығандарымыз аздықтан, халқымыз шәһәр ретінше емес, көшпелі һәр жерде бытырап жүргендіктен, заман ахуалынан хабар білерлік оқуға өз тілімізде газет жоқтықтан, татар туғандарымыздың әдеби тілімен жазылған газеттерді оқу оқымаған халыққа түсініксіздігінен, дүниеде болып жатқан ғәжәйіп уә ғәрәйіп файдалана алмай, біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түкпірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр, чүнки: заманымыз күн сайын түрленіп келеді, мұнан бұрын өткен он бес жылменен бүгінгі халімізді салыстырсаңыз да аз уақытта көп таршылыққа қалған секілдіміз. Әлі де болса бұрынғыдай қозғалмай, ғафилдықта жата берсек, енді аз заманда нешік болашақпыз?!

Қой бүйтпелік, һәр халықтың күші һүнер болса, һүнерге Алла тағала қасында һүмматсыз саясында біз қазақтар да ортақ болсақ керек, соның үшін мұсылманша ғылымдар оқып, дінімізді танып, надандардың көзін қойып, көңілін ашып, мұнымен ахиреттік файдамызды табалық. Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды алып, жерімізді, малымызды сақтау үшін, басқалардан хорлық көрмес үшін, орысша оқып һүнерлі болалық. Орысша білмегендіктің зарарын білу фарыз дәрежесінде қажет екендігін, міне, мұнан байқаңыз: Руссия мемлекетінде жүз қырық миллионнан артығырақ халық бар, һәммәсі жүз тоғыз тілмен сөйлейді, соның ішінде үстін тіл – орыс тілі, күллі хүкімет мекемелеріндегі жұмыстар орыс тілінде болады, закондар һәм солайша», - деп бүге-шігесіне шейін тәптіштеп тұрып айтып береді.

Қазақ оқығандарының ішінде, әсіресе, алаштықтар, Патшалық Ресей үшін де, Кеңес үкіметі үшін де «қауіпті» болды. Сондықтан да, басқаларды былай қойып, қазақтарды, қазақтың бас көтерер көсемдерін, шешендерін қыр соңынан қалмай қыра берді.

«Сол күніңді көрсем менің арманым,

Жоқтамас ем өзге тілек қалғанын», - деп жырлаған Міржақыптардың бүгінгі таңда орындалған асқақ арманына шаң тигізіп алмайық, ағайын.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар