Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Балалар әдебиеті шығармалары талданады...

Балалар әдебиеті шығармалары талданады

10.11.2025

3199

Балалар әдебиеті шығармалары талданады - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің жанынан қыркүйек айынан бастап «Кітап талқы» деген оқырмандар клубы құрылып, жұмысын бастады. 

Айына бір рет Алматы қаласының түрлі саладағы жастары одақ кітапханасында бас қосып, қазақ балалар әдебиетінің үздік туындыларын оқып, талдап, шығарма авторымен кездеседі. Оқырмандар Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев, Молдахмет Қаназ, Сәуле Досжан т.б. белгілі жазушылардың шығармашылығын талдады. Кеңес төрағасы жазушы Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, осындай әдеби клубтар Астана, Шымкент қалаларында да өз жұмысын жалғастырып, балалар әдебиеті туындыларын жан-жақты талдап, қоғамға кеңінен насихаттауға ықпал ететін болады. 

Айдана Сағымбек, Абай атындағы ҚазҰПУ 4-курс студенті:  Бүгінгі күннің жазушысы, журналист Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты шығармасындағы кейіпкерлер Жібек пен оның күйеу баласы Ақылбек өмірлік серіктерінен айырылса да, отбасының шамшырағын сөндірмей, перзенттерін бір өздері адам қылып шығарды. Ал, қазір, бала тәрбиесімен қаншама әкімшілік жұмыс жасап жатқанымен, ата-аналары бар болса да, сол отбасынан, ошақ қасынар сіңірер отбасылық  құндылықтары ақсаңдап тұр. Балаларын сол әкімшілікке тапсырып қойып, жауапкершіліктерін бастарын ала қашып, өздері құрған БІР БҮТІНДІ қайтадан ЕКІ ЖАРТЫҒА айналдырып жүргендер көңіл қынжылтады. "Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды" демекші, баланың тәрбиесінде, оның тұлға болып қалыптасуында әкенің де, ананың да рөлі зор екендігін бүгінгі қоғам сезінбейді-ау шамасы. «Отан – отбасынан басталды», ал сол Отанды құраймын, абыройлы бір бөлшегі боламын деген әр отбасы үшін жоғарыда аталған «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын оқыса артық болмас деп ойлаймын.

Қамажай БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, мектеп мұғалімі: «Ауылдан шыққан миллионер» шығармасы мен үшін ерекше мәнге ие. Бұл туынды жас оқырманды батырлыққа, білімге құштарлыққа, әр істі оймен жоспарлауға, жомарттық пен еңбекқорлыққа баулиды. Ең бастысы – тәртіп пен өзін-өзі басқару дағдыларының маңызын ұғындырады. Автор шығармасы арқылы байлық пен білімнің ара-жігін дұрыс ажырата білудің, еңбектің қадірін түсінудің өмірлік мәнін көрсетеді. Осы қасиеттердің барлығы ең алдымен ананың тәрбиесінен бастау алатынын да айқын аңғаруға болады. Қазақта «Баланы аясаң, аяма» деген дана сөз бар. Бұл мақалдың мәні Жібек пен ұлы Жомарттың арасындағы қарым-қатынаста айқын көрінеді. Жібектің ұлына деген мейірімі мен талапшылдығы сол мақалдың шынайы көрінісіндей әсер қалдырады.  Шығарма желісінде ана мен бала арасындағы сыйластық, түсіністік және тәрбиелік байланыс нәзік түрде суреттеледі. Оқырман дүкенші Розамен Жомарттың анасы арасында болған диалогтар арқылы ананың ұлына деген қамқорлығын, оның тұлғалық қалыптасуына тигізген әсерін сезіне алады. «Ауылдан шыққан миллионер» шығармасын оқыған әр адам бала тәрбиесі, табысқа жету жолындағы табандылық пен мақсаттылық туралы терең ой түйеді. Бұл туынды – еңбекқорлық пен сенімнің, аналық мейірім мен тәрбиенің адам өміріндегі шешуші рөлін ұғындыратын тағылымды шығарма.

Жансұлу Қамбарқызы, ата-ана: Сәуле Досжанның "Ауылдан шыққан миллионер" атты кітабын оқу арқылы мен не түсіндім? Кішкентай Жомарттың өмірден өз жолын тапқан Жомартқа айналуындағы әсер еткен факторларды 3-ке бөліп қарастырып түсіндім. Баланың дауына, тұлға болып қалыптасуына психология мен педагогикада 3 деңгей бар.

Бірінші өзінің отбасы. Жомарт әкесі мен анасының сенімінен өмірге келіп, Жомарт есімін алған бала. Әкесі болашағын болжай, анасына аманаттап қалдырса, анасының мысының басым болуы баланың ішкі әлемімен байланыс ұстауына әсері зор болған.Тарихта қалған қанша ірі тұлғалардың ата-анасын танысақ мысы басып тұрған. Мысалы Абайдың әкесі Құнанбай, Шоқанның әжесі Зере деген секілді. Анасының аз сөйлеп, тура айтатын тік мінезі Жомарттың бойына шыншылдық, адалдық, мейірім, батылдық берді. 

Екінші баланың ортасы, достары, тумаластары. Жомарт баламен бала болып ойнаған жоқ, ересек шағында қызық қуған жоқ. Ол әкесінің сенімі мен анасының көңілін, тауып, қабағын бақты, өзін-өзі асыраудың жолын тапты. Бірақ Жомарттың орны толмас балалық ойындары мен бозбалалық қызықтарын жездесі Ақылбектің тура жолды көрсетуі, әке орнында ақылшы болуы бос кеңістігін толтырды. Нәтижесінде бір бағытпен ғана шектелмей білімніңде өмір жолында маңызды екенін ұқты. 

Үшінші баланың дамуына, толық қалыптасуына маңызды кезең Қоғам. Жомарт отбасынан жырақта болмаған, анасын тастап алыс сапарға шықпаған еді. Жаңалықтан оқысақ, көп жастар ауылдан қалаға, қаладан басқа қалаға келсе "Еркіндік" деп білгенін істеп, соңы өкінішпен аяқталып жататын жағдайлар баршылық. Жомарт үлкен шахарға келіп, жан жағын зерттеді, өмірлік ұстаз тапты. Алматының қызықты кешіне алданбай, Алматының миллионеріне айналды.  Біз баланың бетін қақпай, тыймай, сенбей өсірсек ол әрине үлкен өмірге аяқ басқанда тез майысып сынады.Ал Жомарттың бойындағы талпыныс, тәуекелшіл, жолы ашықтың оңай келген жоқ. Ол еңбектің, адалдық пен батылдықтың арқасында келді.Бала тәрбиесінде осы кітаптан үйренеріміз өте көп. Ұлдарымыз еліне қызмет ететін қазақтың перзенті болсын.

Дана Тілеужан, музей саласының маманы: «Ауылдан шыққан миллионер» адамды алға жетелейтін мотивациялық туынды.  Шығарма қарапайымдылығымен,  құпиялығымен,  шытырманға толы оқиға желісімен оқыған жанды алғашқы жолдан-ақ баурап алады. Сананы тұрмыс билеген заманда, қанша қиындық көрсе де,  ұлын ер мінезді,  батыл етіп өсірген анаға бас иесің.  Бүгінде, біздің қоғамда ері қайтса да батыл ұл тәрбиелейтін ана жетіспейді. Көпке топырақ шашпаймын,  әрине... Ауылдан шыққан қарапайым баланы алға қарай жүруге не шабыттандырды,  десек, ауыр тұрмыс,  ата-анасының үкілеген ақ үміті...  Үй тірлігінен,  жұмыстан, бала қараудан қолы босамаған жігітте балалық шақ болды ма, өзі?!  Кез келген істің жақсы және жаман жағы болатын секілді Жомарттың өміріндегі қиындықтар оны  ізденімпаз, табанды,  тапқыр, нағыз мықты ер болып өсуіне әсер етті.  Бұл туынды – қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік пен адам құндылығы туралы ой салатын шығарма. 

Автор ауыл өмірін шынайы суреттейді: табиғат, адамдардың мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілік – бәрі көз алдыңа келеді. Миллионер кейіпкердің байлыққа жеткеннен кейінгі адамдық сынақтары, яғни рухани құндылықтар мен материалдық табыс арасындағы тартыс, шығарманың негізгі өзегі дер едім. Меніңше, бұл кітаптың басты артықшылығы – оқырманды ойландыруында. Шығарманы оқыған соң,  “Нағыз байлық не?” деген сұрақты әркім өзіне қояды. Ал әлсіз тұсы – кейбір сәттерде оқиға желісі тез дамып, кейіпкерлердің ішкі әлемі терең ашылмай қалады. Бірақ жалпы алғанда, шығарма мотивациялық, тәрбиелік маңызы бар заманауи қазақ прозасының жақсы үлгісі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan