Балалар әдебиетінің ақсақалы өмірден өтті

Белгілі балалар жазушысы Тілеуғазы Бейсембеков өмірден өтті. 

Балалар әдебиетінің ақсақалы өмірден өтті - adebiportal.kz

Тілеуғазы ақсақал – саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, әдебиет пен музыкаға арнаған, бірнеше өнердің тізгінін қатар ұстаған сирек шығармашылық тұлғалардың бірегейі еді.

Ол Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда оқып, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев сынды қазақ музыкасы алыптарынан тәлім алған өнер иесі болатын. Ақындық пен сазгерлікті, ұстаздық пен драматургияны өз шығармашылығында табиғи тоғыстыра білді.

Қаламгердің «Алғашқы кітап», «Адалдық», «Қыңыр лақ» секілді жыр жинақтары оқырман жылы қабылдаған еңбектер. Ақын балалар поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасын танытты. Оның балаларға арналған өлеңдеріндегі тапқырлық, юмор, қарапайым да бейнелі тіл талай буынның рухани серігіне айналды.

Тілеуғазы Бейсенбековтің шығармашылық мұрасы тек кітаптарымен шектелген жоқ. Оның «Самұрық келген таң» драмасы «Тәуелсіздік толғауы» байқауында мектеп сахнасына арналған үздік драма атанып, бірінші жүлдеге ие болды. Кейін осы туындының негізінде музыкалық ертегі дүниеге келіп, балалар операсы ретінде «Астана Опера» сахнасының үздік репертуарына енді.

Ал «Ерке лақ» шығармасы қуыршақ театрына арналған драматургия саласында жүлдеге ие болып, автор оның либреттосы мен музыкасын да өзі жазды. Туынды Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің репертуарына еніп, оркестрлік ертегі үлгісіндегі қызықты шығармашылық ізденіске айналды.

Бір кездері балалар поэзиясының белсенді жас қаламгерлерінің қатарында аталған Тілеуғазы Бейсенбеков кейін сол әдебиеттің қазыналы ақсақалына айналды. Сексен жасына дейін шығармашылықтан қол үзбей, «Зерек бала» кітабын ұсынып, бала тәрбиесі мен ұлттық әдебиетке қызметін жалғастырды.

Бүгін сол балажан жүрек тоқтады.Сан қырлы қаламгердің ғұмыры адамның жасымен ғана өлшенбейді. Оның екінші ғұмыры – кітаптары мен әндері, сахнаға шыққан шығармалары арқылы ұзақ жасайды.

Ардақты ақсақалдың отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттеріне және барша әдебиет пен өнер қауымына қайғырып көңіл айтамын.

Қош болыңыз, Тілеуғазы аға!

Қазақ баласына қалдырған сөзіңіз бен сазыңыз өлмейді.

Рухыңыз пейіште шалқысын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan