Бірінші маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Балдырған шақ» атты балалар жазушыларымен кездесу кеші өтті
Кеш екі сағатқа ұласып, екі бөлікке бөлініп ұйымдастырылды. Түрлі жанрда қалам тербеген бірнеше автордың еңбектері қатар таныстырылғандықтан бірінші кезекте 2024 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының комикс жанры бойынша «Үздік комикс» номинациясын жеңіп алған «Жошы хан» комиксінің авторларымен кездесу өтсе, екінші бөлімде «Хиуаз Доспанова кім?» деген балалардың түсінуіне жеңіл етіп жазылған кітаптың авторларымен кездесу ұйымдастырылды.
Балаларға арналған мерекенің шымылдығын белгілі ақын, жазушы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов ортаны толтырған балдырғандарға арнаған жүрекжарды ақ тілек, ақ батасымен бастады.

Мерекелік шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы да балаларды мереке күнімен құттықтай отырып, кітап оқудың маңызын атап өтті.

«Бала күнімізде батырлар жырын жаттап өстік. Қазір балаларды кітапқа қызықтыру үшін жаңа тәсілдер ойлап табылуда. Кітап оқитын ұлтқа айналу үшін кітапхана ұжымы мен зиялы қауым өкілдері түрлі жанрда қалам тербеп, оқырман қауымға, соның ішінде балаларға заманауи дүниелер ұсынуға бірлесе ат салысып келеді. Комикс жанры – солардың бірі. Бүгінгі шарада тұсауы кесілетін «Жошы хан» комиксі – осы бағыттағы ізгі қадамның бір белесі деп есептесек болады», - деп сөзін түйіндеді.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Нұрланұлы:
«Бүгін балаларға арналған шуақты да мейрейлі күн – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы мереке орайында болашағымыздың жарқын иелері болған балаларды, кітапхана ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз ежелден: «Баланың күлкісі – үйдің береке-шуағы», - деп балаға ерекше мән берген. Расында да, бала – шексіз мейірім мен таза ниеттің иесі. Олар әрқашан білім мен мейірімге сусап тұрады. Осындай сәттерде кітап пен кітапхананың алар орны ерекше. Кітап – білім бұлағы, ал кітапхана – білім мен мәдениеттің ордасы десек. Бүгінгі балалардың бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіруге осындай орданың қадірі мен тәрбиелік маңызы зор болмақ», - деп сөзін түйіндеді.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған кештің әсерлі сәттердің бірі – тарихи тақырыптағы, комикс жанрында жарық көрген «Жошы хан» кітабының таныстырылымы болды. Жобаның ғылыми кеңесшісі, тарихшы Жақсылық Сәбитов пен сценарий авторы Зәуре Төрехан оқырманмен кітаптың идеясы мен мазмұнымен бөлісті.

«Бұл тақырыпты біз ұзақ уақыттан бері зерттеп келеміз, қазіргі таңда біздің қолдағы материалдар мектеп оқулықтарында, тіпті Қазақстанның академиялық тарихында да жоқ. Кеңестік кезеңде Қазақфильм түсірген "Ақсақ құлан" туралы мультфильмін еске алар болсақ, сол мультфильм арқылы режиссерлер Алтын Орданың терең тарихы мен Жошы ханның жұмбақ тағдырын «Ақсақ құлан» күйін картиналау арқылы көрерменге жеткізуге тырысқан еді.
Бұл ретте біз бұл жобаға комикс жанрын таңдау арқылы баланың ғылыми танымына сай, қарапайым әрі түсінікті тілмен жазылған кітапты ұсынып отырмыз. Ең бастысы – бұл комикс алдағы уақытта Қазақстанның жаңа академиялық тарихымен бірге оқытылатын болады. Мектеп оқушыларына арналған 5–6-сыныптардың оқу бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр.

Осылайша, біз тарихи мәліметтерді қызықты формада ұсынып, балалардың тарихқа деген қызығушылығын оятуды көздедік». – деді тарихшы Ж. Сәбитов.
Комикстің бас суретшісі Елнар Беймиш:
«Қазіргі балалардың қолынан түспейтін бір дүние бар – ол телефон, гаджет. Сол телефонды қолдарынан түсіруге көмектессе, осы комикс жанрында жазылған кітаптар көмектеседі дер едім. Егер бізде комикс жанры дамып, сапалы контент қалыптасса, әр баланың қолында жақсы деңгейдегі комикс жүрсе, біздің ойлаған ойымыз іске асты деп айта алар едім. Біз «Жошы хан» комиксінен кейін, дайындық үстіндегі қазір жоспарланып жатқан «Берке хан» комиксі, одан кейін «Бату хан» атты тарихи тақырыпты арқау еткен үшінші комикс жанрындағы кітабын жасау жоспарымызда бар», - деп сөзін аяқтады суретші.

Бірінші кітап таныстырылымы соңында балалар ортаға шығып, өздерінің қандай комикстер оқып жүргендерімен бөлісті.
Осылайша «Жошы хан» комиксінің авторлармен кездесу өз мәресіне жетіп, сахна төрін екінші кезең «Мазмұндама» баспасынан жарық көрген «Хиуаз Доспанова кім?» атты кітаптың авторлары – белгілі журналист, зерттеуші Тұрсын Жұмабекқызы мен балалар ақыны, «Мұнара» газетінің директор-редакторы Серікбол Хасан төрге озды.

Кешке қонақ болып Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Ирак Елекеев, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова, Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы және Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қатысты.
Журналист-зерттеуші Хиуаз Доспанованың әскери күнделігін жинақтаушы, құрастырушы, Хиуаз атты кітаптың авторы Тұрсын Жұмабекқызы өз кезегінде былай деді:

«Бүгін қазақтан шыққан, жалпы Орталық Азиядан шыққан тұңғыш, штурман-ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі мен ерлігін ұлықтап, рухани жүздесуге келіп отырмыз. Биыл Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында ғана Хиуаз апамызға Халық қаһарманы атағы берілді. Бірақ оның ерлігі теледидарда, баспасөзде аз айтылғандықтан, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін көптеп тер төгіп, еңбек етуге тура келді. Мәншүк пен Әлия – қазақ қыздарының ерлігін паш ететін қаһарман арулары болса. Солардың қатарында Хиуаз Доспанованың да есімі ұлықталып, ерлігі дәріптелді. Қазір қазақтың осы үш батыр қызының есімдері, еліміздің әр өңіріндегі халықаралық әуежайларыға берілді. Бұл – қазақ халқының қаһарман қыздарына деген шексіз құрметі еді.

Бүгінгі таныстырып отырған «Хиуаз Доспанова кім?» атты кітаптың басты мақсаты – балаларға Хиуаз Доспанованың өмірін қызықты әрі мағыналы етіп жеткізу болды. Бұл кітап – ұлт тарихында жасындай жарқыраған қаһармандардың ерлігін паш ету арқылы жас ұрпақтың санасына патриоттық сезімін ұялататын рухани таған болмақ. Батыр ұшқыш Хиуаз Доспанованың арманы – туған жерімен қауышу еді. 2024 жылы Жаңаталап ауылындағы Хиуаз саябағында батырдың ескерткіші орнатылды. Енді міне, бүгін осы жерде кітап болып оқырмандарымен қауышып отыр», - деп автор сөзін аяқтды.

Балалар ақыны, «Мұнара» газетінің директор-редакторы Серікбол Хасан кітаптың ерекшелігіне былай деп тоқталды:
«Хиуаз Доспанова туралы деректер әр жерде: интернетте, кейбір кітаптарда болғанымен, балалық шағынан бастап, өмірінің соңғы кезеңіне дейін қамтыған кітап жоқ екен. Сондықтан осы бағытта қолға ала отырып, деректерді жинақтадық. Жалпы, Хиуаз Доспанова зерттеу барысында бұған дейін белгісіз болып келген біраз мәліметтерді осы кітапқа қосуға тырыстық. Атап айтқанда, әріптесім Тұрсын Жұмабекқызы архивте істегені бір жағынан жақсы болды. Бізде архивте Хиуаз Доспанованың ата-анасына, олардың жасаған қызметіне байланысты, олар кім деген деректер осы кітапқа қосылып, әсіресе Хиуаз Доспанованың бүкіл Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде: Қызылорда, Алматы Орал, Атырау секілді бірнеше қаласында заң саласы, құқық мекемелерінде еңбек еткенін айтуға болады»,- деп сөзін түйіндеді автор.
Журналист, қоғам қайраткері, ҚР Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп былай деп пікір білдірді:
«Бүгін бірінші маусым Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы балалардың өмірін жарқын етеміз деп қаншама аталарымыз, апаларымыз өмірден өтті. Бүгін міне солардың рухына бас иіп, ерлігін еске алып жатырмыз. Бірақ, мына бүгінгі бейбіт елді, тәуелсіз елді сақтайтын да, осы жас бүлдіршін балалар. Осы балалар күніне орай «Хиуаз Доспанова кім?» атты кітаптың тұсауы кесіліп жатыр екен. Кітап авторлары Тұрсын Жұмабекқызы мен Серікбол Хасан кезінде «Айқын» газетінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Тұрсын Атырау облысындағы қаламы қуатты, меншікті тілші болды. Атырау қаласындағы аэропортқа Хиуаз апамыздың есімін алып беруге, ескерткіш қоюға ерекше еңбек сіңірді. Тұрсын Жұмабекқызына сол үшін ел атынан көп рақмет айтамыз. Атырау қаласында, сол өңірде болғандар біледі. 1931-32 жылғы ашаршылық кезінде, құмның ішінде өсетін құмаршық деген өсімдік қаншама қазақтың өмірін аман алып қалды. Әр түйір дәні тарыдай ғана нәрсе болса да, қазақ үшін қандай қастерлі өсімдік екендігін әйгілеп сол өсімдікке ескерткіш қойып берген қыз осы - Тұрсын Жұмабекқызы», - деп авторларға алғысын айта кетті.
Атырау облысы, Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бас директоры Анар Нұриқызы Мусина былай деді:
«Бүгін – қазақтың қаһарман қызы, екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен аңызға айналған Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға тағзым ету күні болды. Батыр апамыздың ерлігін балаларға арнап жазылған кітап түрінде насихаттап, осындай игі шараның куәсі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Хиуаз апамыз Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Аядай ғана ауылдан шыққан Хиуаз есімі бүгінде күллі қазақ халқына, тіпті әлемге үлгі болып отыр.
Батырдың есімі мен ерлігінің ел жадында жаңғыруына елеулі үлес қосып келе жатқан Тұрсын Жұмабекқызына айрықша ризашылығымызды білдіреміз. Хиуаз Доспанованың есімі Атырау әуежайына берілді, мүсіні орнатылды, білім ордаларына аты беріліп, туған ауылына саябақ салынды. Әсіресе, апамыздың туған күні – 15 мамырда Жаңаталап ауылындағы Хиуаз саябағында оқушылар мен жастар гүл шоқтарын қойып, тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Бұл – өскелең ұрпаққа патриоттық рух дарытатын жарқын үрдіс».

Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова қаһарманның ерлігін былай бағалады:
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Түнгі мыстандар» атты әйелдерден құралған орыс әскері болған. Сол орыс әскерінің ішінде орыс әйелдермен бірге соғысқан жалғыз қазақ қызы – осы Хиуаз Доспанова апамыз еді. Ол оқиға совет кезінде белгілі болды. Сол кездің талабы бойынша Совет одағының Батыры болу үшін екі жүз рет ұшу керек екен. Бұл кісі соғысты үш жүз рет ұшып бітірген. Бірақ ұлты орыс болмағандықтан, бұл кісінің ерлігі еленбей, аты еш жерде айтылмай қалған. Тірі қалған батыр апамыз Совет үкіметі кезінде партияда, мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Ал тәуелсіздік кезінде: «Біздің осындай батыр қызымыз болды, аты аталмай, еленбей қалған қаһарман қызымыз бар», - деп көтеріп, барша елге таныту үшін мықты журналистер керек болды. Сол журналисіміз осы жерде отырған, бүгінгі кітаптың авторларының бірі Тұрсын Жұмабекқызы еді. Батырдың есімін көтеріп, ерлігін жалпақ жұртқа жариялаған Тұрсынды да бүгін батыр десек болады», - деп ойын түйіндеді.
Астанадағы «Хиуаз Доспанова кім?» кітабының таныстырылымы – Халық қаһарманының ерлігін ұрпаққа жеткізудің кезекті маңызды қадамы болды. Кітаптың авторлары Тұрсын Жұмабекқызы мен Серікбол Хасан, Атыраудан келген қонақтар және зиялы қауым өкілдері Хиуаз Доспанованың рухына бас иіп, есімін ұлықтады. Балаларды қорғау күні өткен бұл шара балалардың отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі ретінде аталып өтті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.