Асқарұлы Бауыржан – 2000 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қаратас ауылында дүниеге келген. Өлеңдері, аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген.
Қара нүкте
Шырақ алып, шау тартқан шала үмітке,
Дара үміт пе, білмеймін, бала үміт пе?
Менің құнсыз жырыма қойылатын,
Дидарында бар оның қара нүкте.
Қара нүкте жеткізер мұратқа анық,
Сенің сұлбаң сәуегей, сыр ақтарып.
Періштелер кетсе де жұмаққа алып,
Жымимашы, жүрерсің ұнап қалып.
Миығында мұң балқып, күміс күліп,
Иығында жібек боп жыр ышқынып.
Тізбектеліп тырналар оны көрсе,
Көбелектер кетеді нұр ысқырып.
Ауылды аңсау
Тентек болсаң — таяқ бар, жасқану көп,
Әкем жүрді мерейі асқан ұл деп.
Ауылдың қарасирақ ұлы едім ғой,
Қала көріп, кеттім бе тасбауыр боп?!
Шеке құрғап, маңдайдан тайған ба бақ,
Тайым қайда кешегі, маңдай жағы ақ?
Қайың талдың шыбығын ат қып мініп,
Садақ тартып, құрт ұрлап, қаймақ жалап.
Самайымнан сырғанап, сағым аунап,
Табанымда таттанған табы қалмақ.
Шие талдан ау керіп, ағайынмен,
Қамыс біткен каналдан балық аулап.
Жоталардан жылмыңдап жылдар ғана,
Қош тілескем далаға, құмдарға да.
Ізіңе ермей, ізетсіз інің кетсе,
Қабағыңды қарс жауып, бұлданба, аға!
Торы айғырдың тараған сауырын-ай,
Мұң матаған күндердің ауырын-ай.
Таңдайға тәтті мейір тамызатын,
Маңдайға сыймай кеткен, бауырым-ай...
Дәуірімен қартайған дала қиыр,
Аузына Алла, тіліне тобасы үйір.
Әжемді тынысынан танығандай,
Ауық-ауық мөңіреп ала сиыр.
Алаң көңіл ауылды аңсатады,
Атам қайтқан, тоқтаған құм сағаты.
Әжім басқан қолымен әжем барып,
Ала сиыр астынан мұң сауады!
Кешкілік
Тым дегбірсіз құстардың
Ғұмырындай,
Тым дөрекі саудагер
Қылығындай.
Тым ұялшақ арудың
Бұрымындай.
Байқаймысыз?
Біз жүрген кешегі жол...
Өсегі мол өмірден шаршадың ғой,
Білем,
Құстың да қанаты әлсіз.
Бетіңізді аяусыз шымшылайтын —
Сол сұсты саусағым ғой,
Мүмкін...
Ерініңізді тістелеп, қанатарсыз...
Жоқ!
Сіз өлеңге, сосын өмірге парапарсыз!
Менің мұңым —
Әжемнің әжімінде.
Менің мұңым —
Әбжілдің әзілінде.
Ал сізді кеп билейтін мұңдар көші —
Көктемгі нәурізектің нәзігіндей.
Бақтың ішін сарғыштау сәуле шалу,
Көбелектің керемет күй кешпеуі.
Тарлау жолда тайғанап кетуіңіз —
Ауыр ойдан,
Немесе
Қара етік пен көк мұздың үйлеспеуі!
Шағыну
Жанға сүйеу таба алмай тас қаладан,
Сен — мұңымсың, тасаға тастамаған.
Есерсоқ елесің кеп есік қақса,
Кім айқара құшағын ашқан оған?!
Шала шабыт, шала өлең, шала сауат —
Қиялымды қартайтты қараша бақ.
Тамұқтың тұманына сіңіп барам,
Өзің келіп алмасаң арашалап!
Өзекті өлең, кеудемді өрт еттің-ау,
Мені қойшы, есі жоқ еркекпін-ау!
Сен телміртіп үйреткен терезеге
Таңға таяу тоқылды тентек қырау.
Бұзып-жарып кеудені, тасқын үміт,
Боран ойлар ішінде қасқыр ұлып.
Мұң астында мен неге аласұрам?!
Жын астында жатқандай бастырылып!
Жел жұлмалап жығылған жапырақтай…
Жел жұлмалап жығылған жапырақтай,
Ой ішінде атқанда саңлақ таң.
Көздің нұрын сімірген сол моншақтың
Көз жасынан қорқамын, сосын аққан.
Сосын аққан, сорғалап сора суы...
О, Құдірет, о, бәлкім, жар асылы.
Зауза жұлдыз зәруі зарықтырған,
Қоңыр түнді құшақтап қарашығы.
Қарашығы қанталап, мұң ақтарып,
Санасында сенделген сұрақ қалып.
Дегбірсіздеу мендегі дөрекі ойлар
Жүрегіңді жұбатар, жылап барып.
Қарыс қадам, көлеңке кескіндері —
Есіркесіп естірмес ешкім де оны.
Сен көп күткен қаздар да ерте қайтып,
Мен ойлаған алма ағаш кеш гүлдеді.
Кешір, Күнім,
Өмір ғой!
Жарыма
Тұру үшін теңселмей тұғырда аман,
Бірлесіп кешу керек ғұмырды адам.
Ақының боп, аяулы сөз айтпап ем,
Ақылым жетті менің бүгін соған.
Қызысың, айбарлы әке, ізгі ананың,
Тұрмыстың тәтті күйін, бұзба жаным.
Жүрегімнің жартысы, деп мен сені,
Тіршілік атаулыдан қызғанамын!
Салт жортқанда санамай әр адымды,
Шаң жұққанда, сен қақтың балағымды.
Ши шығармай шаруадан, бала бағып,
Одан қалса бағасың қабағымды!
Ықыласпен айта алмай баяу бір ән,
Жаныңа салдым талай, қаяу, күмән.
Сен қыңқ демей, бәрінде көтердің ғой,
Асыл жар, ақылды ана, аяулы жан!
Сен ұқпасаң, жанымды кім ұғады,
Сен болмасаң, көңілім құбылады.
Өктем күндер қақса да қос өкпені,
Көктем күндер қарсы алар, шұғылалы.
Сен өзгеріп кеткен күн, құлайды аспан,
Есің бар ғой, қашырма шырай достан.
Жау алдында қасқайып тұру үшін,
Сен аман бол, Бәйбішем, Құдай қосқан!
