Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Бахтияр Тұрсын. Бонапарт рөлі Бейбарыстың актерлік...

Бахтияр Тұрсын. Бонапарт рөлі Бейбарыстың актерлік қырын ашты

06.03.2026

87

Бахтияр Тұрсын. Бонапарт рөлі Бейбарыстың актерлік қырын ашты - adebiportal.kz

Актердің шынайы ойнауы – көрерменді сендіре алатын, кейіпкердің жан дүниесін табиғи әрі нанымды жеткізе білуі. Бұл тек мәтінді жатқа айту емес, рөлді «сезіну» және сол кейіпкер болып өмір сүру болып табылады. Міне, шын дарынды актерге керегі де осы қасиет. 

Аталмыш болмыс Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма  театрының актері Сәрсен Бейбарыстың бойынан байқалады. Бұрындары Бейбарыс туралы сыртынан көп жақсы пікірлерді естуші едім. Студент күнінен бастап өнердегі ұлағатты ұстаздары ҚР халық артисі, профессор Тілектес Мейрамов пен ҚР еңбек сіңірген артисі, профессор Жұмагүл Мейрамованың үздік шәкіртінің бірі атанып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Ақан сері, Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасындағы-Данияр және т.б. кесекті кейіпкерлерді кескіндеді.  Бұл студенттік кезеңіннің жарқын естеліктері болса, театр сахнасының жолы бөлек. Б.Брехттің «Шеңбер» шығармасындағы Әскерін көріп, бойынан «кейіпкерсындылық» деңгейін байқадым.  Ал Бейбарыстың жақында ғана тұсауы кесілген Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» комедиясындағы Бонапарт рөлі Бейбарыстың актерлік қырын ашты. 

Бонапарт-Бейбарыс-қалада өскен, балалық шағы шетелде өткен ақсаусақ қазақ баласы. Оның ана тілін білмесе де, қазақша үйренуге тырысып жүргеніне іштей сүйсінесің. Актер нұсқауындағы Бонапарт-бойында ешкімге зияны жоқ, ақкөңілдігі басым жан. Сөзімізге Бонапарттың ауылдан туыстары келгендегі қуаныш сезімінен байқай аламыз.  Бейбарыстың бейнелеуіндегі Бонапарт-ауызын ашса жүрегі көрінетін кейіпкер. Бейбарыс-Бонапарттың тек ғана бір жағын яғни, ақкөңілдігін ғана емес, сондай-ақ,  өзге де, қырларын байқату арқылы қаһарманның мінез-құлқынның кілтін тапты. 

Аристотельдің: «Әрекетсіз-мінез болмайды»-дейтін қанатты сөзі бар. Актердің  ата-анасына ынжықтықпен еркелеуін Бонапарттың ерке, әке-анасына дегенін орындататын адам ретінде көреміз. Бірақ, көрші Нұржамалдың айласы мен Дөржан ақсақалдың бәкісінің арқасында Бонапарттың өмірімен бірге көңіл-күйінің 180 градусқа  өзгергені көрерменге айқындалды. Бонапарт арқылы Сәрсен Бейбарыстың сахна алаңында табиғилығы  (органикасы) басым актер екенін көрдік. Қазіргі таңда, табиғилық актер ойыны үшін басты қажеттіліктің бірі. 

Константин Станиславский: «Сахнада өтірік айтуға болмайды. Өнердің шындығы – өмірдің шындығы»-дейді. Бонапарт-Бейбарыс өнер арқылы бүгінгі ақсаусақ ұрпақтың шынайылығын актерлік ойынымен айқындады. 

Болашағынан үміт күттіретін Сәрсен Бейбарыстың шығармашылық жолына тек сәттілік тілейміз! 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan