Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымының премьерасы ұсы...

«Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымының премьерасы ұсынылды

15.12.2025

3421

«Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымының премьерасы ұсынылды - adebiportal.kz

Астана қаласының Жастар театры өз көрермендерін тың репертуарымен қуантып келеді. 

Халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан театр ұжымы 13 желтоқсанда әйгілі австриялық жазушы, драматург, Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымының премьерасын ұсынды.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Сахналық қойылымды әзірлеген – Айнұр Рахипова, хореограф – Гүлсая Тәуірханова.

Қойылымға арқау болған – үнсіздік пен құрбандыққа құрылған әйелдің тағдыры. Сүйгенінен еш жауап күтпейтін әрі шын сүйген сезімін ардақтаған жан бәріне төзуге бар. Әйел жүрегі қаншалықты нәзік болғанымен, соншалықты кең. Мәңгілік махаббатын жүрегінде аялаған әйел жанының жұмбақ қатпарларына жетелейтін туындының басты идеясы – адамгершілік, мейірім мен рухани биіктік. Спектакльді тамашалаған көрермен әр түрлі жан толқыныстарына бөленіп, мынау сан бояулы қым-қуыт тіршілікте рухани бір сергіп қалары сөзсіз. Актерлердің рөлге ену шеберлігі, композициялық тұтастық, музыкалық, декорациялық шешімдер – барлығы көрермен талғамынан шыққаны анық. 

«Режиссер ретінде ауыр болды. Өйткені бұл – әйелдің тағдыры. Еркектің бе, өзінің кінәсінен бе, ол – жұмбақ. Стефан Цвейгтің бұл шығармасы – әлем әдебиетімен таныс адамдардың барлығы қызығушылық танытатын классикалық дүние. Қазақстанда көп қойыла бермеген туынды.

 Сондықтан да қойылым болады дегенде, Цвейг шығармашылығымен таныс адамдар қуана хабарласып жатты. Өйткені бұл – қазақтың менталитетіне көп келе бермейтін нәрсе. Бұл – ер адам жазғанымен, әйелдің тағдыры. Жазушылардың өмірі мен шығармашылығы екі басқа. Бір әйелдің хаты оның өмір бойғы жазған шығармасының қасында биік болып есептелген. Сондықтан да осы новелла аударылып, сахналық қойылымы жасалып көрерменге жол тартты. 

Көрермен өзінің керегін алады деген ойдамыз. Әрине қиындық та бар. Ол өмірде болып жатқан, қазіргі заманда бар нәрселер. Сол бар дүниені, сахнадан өзін көрген көрермен бұдан сабақ алып, қателіктерді қайталамауға тырысады деп сенеміз. Махаббат өлімнен де күшті екенін дәлелдеп кетті. Махаббат – мәңгі өлмейді. Туындының тақырыбы сол. Мұнда бір әйелдің тағдырын жеті актриса ойнады. Бұл – режиссерлік интерпретация. Бір әйелдің тағдырын бірнеше актрисаға бөлдік. Бұл актрисаларымыздың өсуіне де мүмкіндік. Бір адамды ойнатып қойып шарықтау шегіне жеткізгеннен гөрі, барлығын бірге қамтып, бірге сахнаға шығарып, олардың бойындағы актерлік шеберліктерін өсіру арқылы көрермен жүрегіне жол табуға бағытталған дүние», - деп өз ойын бөлісті қойылым режиссері Нұрфат Вахитов.

Премьера 14 желтоқсанда да жалғасын тапты. Шығармашыл, ізденімпаз ұжымның жұмысына сәттілік тілейміз! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan