«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдық мерейтойына құттықтау жолдады», - деп хабарлайды, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысының Тобықты жерінде Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан ауқымды мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден 10 мыңнан астам қонақ жиналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға құттықтау жеделхатын жолдап, Бекет атаның ел руханиятындағы орнына тоқталды. Президенттің құттықтауын аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай оқып берді.
– Бекет Мырзағұлұлы – еліне тұтқа, жұртына пана болған тұғырлы тұлғаларымыздың бірі. Ол бүкіл ғұмырын халқының дүниетанымын байытуға арнап, ағартушылықпен айналысты. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге айрықша мән беріп, мейірімділік, жанашырлық, татулық, бірлік, әділдік сияқты барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеді. Бекет ата күллі қазаққа және бауырлас елдерге ғұлама ойшыл, аты аңызға айналған әулие ретінде танылды. Бүгінде Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері құлшылық орны, білім ордасы әрі ерекше сәулет өнерінің туындысы ретінде танымал. Менің тапсырмаммен, Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы басқа да тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу үшін нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жұртын ізгілікке үндеген абыздың болмысын биіктете түсетін мәдени-рухани құндылықтар ұлтымыздың баға жетпес байлығы саналады. Оны сақтап, ұрпаққа мирас ету – парыз. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – делінген жеделхатта.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, жастар, сондай-ақ өзге де қонақтар қатысты.

Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешітіне зиярат жасалды. Тай жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі, гір тасын көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жүзден астам киіз үй тігіліп, ас берілді.

Сонымен қатар, шара мазмұны терең рухани-мәдени бағдарламалармен жалғасты. «Ойталқы» алаңында белгілі тұлғалар елдік пен бірлік, рухани сабақтастық жайлы пайымдарымен бөліссе, «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерттік бағдарлама мен «Әулиелер әуезі» дәстүрлі өнер кеші көпшілікке рухани әсер сыйлады.

Барлық мерейтойлық іс-шаралар демеушілердің қаржысы есебінен ұйымдастырылды.
Пір Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдық мерейтойына орай Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешіті мен Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облысындағы өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған «Бекет ата мұрасы: тарих, тағылым, руханият» атты республикалық шығармашылық байқау өз мәресіне жетті. Байқау нәтижесі бүгін Тобықтыдағы Шопан ата мен Бекет атаға арналған ас кезінде жария етілді. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жиырмадан астам шығарма келіп түсті. Шығармаларды өлкетанушы Алқажан Еділхан, Есенов университетінің профессорлары Әділет Қабылов пен Нағбду Қамарова, ақындар – Рахат Қосбармақ пен Анар Шамшадинова, дінтанушылар – Әнуар Елжанов пен Марат Себасов саралады.
Қорытындыда қазылар алқасы олардың арасынан бірінші орынға лайықтысы жоқ деп шешті. Екінші орын алматылық Бауыржан Мырзақұлға бұйырды. Оған 300 000 теңге ақшалай сыйлық қарастырылған. Үшінші орынды маңғыстаулық қаламгер Қабыл Шілдебай иеленді.

Қаламгерге 200 000 теңге сыйақы берілді. Анар Абдуллина, Әселханым Ғайнеден, Жеткізген Тұраров ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Пір Бекеттің 275 жылдығы өзінің бар сән-салтанатымен тамаша өтті.
Фотосуреттер Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.
