Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Бекзат Елеусін. Аппақ құс ойлар сен жайлы......

Бекзат Елеусін. Аппақ құс ойлар сен жайлы...

27.04.2026

261

Бекзат Елеусін. Аппақ құс ойлар сен жайлы... - adebiportal.kz

Алматыдағы «ÓzgeEpic» өнер кеңістігінде Бекзат Елеусіннің «Альбедо» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесер кеші өтті. Жас ақынның бұл кітабы «Балалықтан туған бәйіттер», «Студент сыры» және «Шашылған шумақтар» деген үш бөлімнен тұрады. Бекзат Елеусін қарапайым сәттерге терең мағына үстеп, оқырманын өз ішкі әлеміне үңілуге жетелейді.

Кеш барысында «Шұғара» әдеби бірлестігінің мүшелері жас ақынның өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды; автор оқырмандармен сыр-сұхбат құрып, бүгінгі әдеби үдеріске қатысты ойларын ортаға салды. 

Жас ақынға сәт сапар тілеп, назарларыңызға бір топ өлеңін ұсынуды жөн көрдік.

***

Қолайлы маған өлгендер жағы,

Кемімес одан дәнеңем.

Бақытты болды пенденің бәрі,

Бақытсыз болдым және мен.

 

Жолымды жалған сөзбен кестім-ау,

Жан тапсыруға да асықтым.

Өлең де жазып қателестім-ау,

Ақын да болып ашықтым.

 

Байқамай қалдым сөз тереңдігін,

Байқадым қырсыз көңілдер.

Дұшпандық етем мен сенен бұрын,

«Досым» деп келіп көріңдер.

 

Періште-сұлу, жолында алтын,

Жаны да оның торыққан.

Ғашық та шығар басқаға, бәлкім,

Жек көріп кетті сондықтан.

 

Байқатпай бірер сауық та құрды,

Шағымда сәл-пәл көңілдеу.

Өмірдің барлық ауыртпалығы,

Махаббатымнан жеңілдеу.

 

Ғайыпқа бірден кететін жыры,

Ағынмен уақыт құйса да.

Сөздің қадірі кететін күні,

Ақынның бәрі бейшара.

 

Дәрменсіз жүрек баяу соғасың ба,

Ғашық боп қалсам гүлге егер.

Өмірдің соңғы аялдамасында

Махаббат…өлең бірге өлер

 

Балықшы әкем

Солғын тартып көрмеген өмір реңі,

Теңіз жақтан бір шуақ төгіледі. 

Ащы тері әкемнің тамып кеткен – 

Балық біткен ащы боп көрінеді.

 

Майдан құрған тағдырдың арнасына, 

Әкем сынды ардагер бар ма, сірә?! 

Шаршап келіп біздерге айтушы еді,

– Жолама! – деп – теңіздің шаруасына.

 

– Тек шәйіңді ішуге шамам бар, – деп, 

Анама да, бізге де алаңдар көп.

– Теңіз кешіп жүргенім жүріс осы, 

Оқымаған міне мен, қараңдар, – деп.

 

Талай-талай ғибрат мұның бәрі, 

Әке! 

Кенжең жаманға ұрынбады. 

Сенің тәрбиең бойыма дарып біткен, 

Баяулатқан тіршілік ұлыңдағы.

 

Оқуыма керегім, жарағым да, 

Кәстөмім де, қалпағым, тарағым да, 

Көк теңізден қапқан сол балығыңнан 

Менің тұтқан қарындаш, қаламым да.

 

Сендік ұзақ ғұмырды жалғай жүрмін. 

Сен секілді көңілге салмай кірбің, 

Қайық мініп атқарған еңбегіңмен, 

Кеме мініп білімді шарлай жүрмін.

 

***

«...Тағатсыз күткен ыстық үн

Жаралы хәл ғой, ғашық хәл...»

Т.Айбергенов

 

Сен жайлы әуен жаңғырып,

Ғашықтық таңым атады.

Соңы жоқ соқпақ мәңгілік –

Сен жайлы ойлар сапары.

 

Қолымнан ұста, қымбаттым,

Сен жайлы ойлап тұрмын мен.

Сен маған үнсіз тіл қаттың,

Бақытты болып тұрдым мен,

 

Қалмаған кезде күш мүлде,

Көзіңнен таптым бір үміт.

Мен келем рояль үстінде

Қара пернеге шалынып.

 

Қолымнан ұста, қымбаттым,

Қалайық сезім ән жырлап.

Біздерге бақыт тілейтін

Аппақ құстарға қол бұлғап.

 

Сезім сағымын бар қылып,

Қымбаттым, ұста қолымнан.

Жүрегім жатыр даурығып

Сен жайлы ойға шомылған.

 

Лаулаған мәңгі тілекпен,

Құдіретіңе таң қалам.

Мендегі ақын жүрек пен

Өлеңшіл ойды жаулаған.

...

Аппақ құс ойлар сен жайлы...

 

***

«...Мынау – 

Менің Аспаным!

Аспанымда хақысы не басқаның?..»

С.Ақсұңқарұлы

 

Жиырма төрт пен жиырма жеті,

Жиырма және бір ғасыр.

Мұңаяды Айдың беті,

Мен болған соң сырласы.

 

Қарап тұрмай жыр оқыдым,

Көп оқыдым... әттең-ай,

Жауыр болған бір оқылым,

Жылдар зая кеткені-ай.

 

Деймін «сенің жанарыңды

Сөздерім бе жылатқан?!».

Теріс кетсем, қалауымды

Таба алмаймын жұмақтан,

 

Шашымнан көп сайтан ойға,

Шарасыз боп шаршадым.

Құлап кетсем деп ем Айға,

Қабыл болды аңсарым.

 

Қорықпайтын шын қаһардан,

Кінәмшілдер тұратын,

Алшақ кетті бұл шаһардан 

Ай және де бір ақын...

 

***

Бүртік-бүртік көздің жасы...

Жыртық-жыртық жүректер...

Жастық шағым – жол ортасы...

Түк дәмі жоқ тілектер...

 

Қара түндей – көз жанары,

Жалғыз қалды бір басы.

Мүлгімейді түн самалы...

Боркемік ұлдың сұлбасы...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan