Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ғажайып аудармашы, публицист алпыс бес жасқа қараған шағында дүниеден озды..
Мақсот Ізімұлы 1960 жылы 27 маусымда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жасқайрат (қазіргі Х.Досмұхамбетов) ауылында туған.
1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тамамдаған. Облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында қызмет атқарған.
«Зерде» журналының редакциясында фантастика және публицистика бөлімінде, «Ана тілі», «Заң», «Түркістан», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» журналында, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясында қызмет атқарған. Сондай-ақ «Арыс» баспасының бас редакторы және «Астана ақшамы» газетінің әдеби редакторы болған.
1998 жылы «Аяқталмайтын әңгіме», 2003 жылы «Бедеріндей кестенің» атты прозалық жинақтары жарық көрген. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша шыққан «Нарық нақыштары» деген анталогияға әңгімесі енген. Әсіресе Мақсот Ізімұлының ХХ ғасырдағы көрнекті ойшылдардың бірі, философ, Нобель сыйлығының иегері, жазушы Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» атты кітабы мен Ю.Н. Хараридің әлемнің 45 тілінде тәржімаланып 7 миллион данамен тараған «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» (Sapiens: A Brief History of Humankind) кітаптарын ана тілімізде сөйлеткенін айырықша айтуымызға болады. Қазақ руханиятына өшпес, өзіндік қолтаңба қалдырған қаламгердің ағайын-туыстары мен дос- жарандарына порталымыздың атынан қайғыра көңіл айтамыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.