Бір кітап – мың ой: әдебиет арқылы тұлғалық даму
2026 жылғы 28 қазанда Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мен «Әдістемелік орталығының» қолдауымен, «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында *«Әдеби сын: заманауи көзқарас. Өміріме әсер еткен бір кітап»* тақырыбында әдеби мінбер өтті.
Іс-шараны жобалық кеңсе басшысы Жақсыбай Ералыұлы Боранбаев ашты. Педагогтер мен оқушылар өз өміріне әсер еткен кітаптар туралы ой бөлісіп, көркем әдебиеттің тұлғалық және кәсіби дамудағы маңызын талқылады.
Әдеби мінберге белгілі ғалымдар мен әдебиет, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлсім Еңсепова, жазушы, композитор, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, сценарист, продюсер, журналист әрі жазушы Перизат Мырзахмет, Астана қаласындағы «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының жетекшісі Бекдайыр Күзембай, ақын, журналист, редактор Серік Сейітман болды.

Спикерлер қатарында 400 кітап оқыған педагог Айгерім Исаева және студенттік кезінен бастап аудиокітаптар жазып келе жатқан педагог Мұханбедуали Оразмұхамеджанкерей Жаңабайұлы да болды. Әр спикер өзі оқыған шығармаға деген шынайы ықыласын білдіріп, кітаптан алған әсері мен өмірлік түйіндерін жүрекпен жеткізді.
«Ашық микрофон» кезеңінде кітаптың адам дүниетанымына, рухани дамуына және өмірлік таңдауына ықпалы талқыланып, мазмұнды пікір алмасу өтті.
Кездесудің негізгі идеясы – кітаптан алған ойды өмірде нақты әрекетке айналдыру.
«Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық офисінің
баспасөз қызметі, Астана қ.
