Ыстамбұл қаласында түркітілдес елдер суретшілеріне «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымына қарасты «Түркі әлемі суретшілер академиясының академигі» деген арнайы төсбелгілер табысталды.
Төсбелгілерді табыстау шарасы «Ұлы даланың рухы» атты түркітілдес елдер суретшілерінің сурет көрмесі аясында өтті. Аталған көрмеге 16 қылқалам шеберінің 130-ға жуық туындысы қойылған.

Олардың қатарында біздің елден барған Ерболат Төлепбай, Сейсенхан Маханбет және Батухан Бәйменнің еңбектері бар. Жыл сайын дәстүрлі түрде әр елде өткізілетін көрменің биылғы тақырыбы «Шыңғыс Айтматовтың шығармалары». Ыстамбұлдағы көрме өнер сүйер қауым үшін үш күн бойы ашық болады.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың айтуынша түркі әлемі сурет академиясының ең ардақты мүшелерінің көрмесін ұйымдастырдық.

Сурет арқылы түркі мәдениетінің философиясын таныстырғымыз келді. Сондай-ақ түркі мемлекеттерінен келген азаматтарға тұңғыш рет академик атағын тапсырдық. Бұл түркітілдес суретшілердің халықаралық аренадағы беделін көтеру үшін жасалып отыр.
Ал, қазақстандық суретші Сейсенхан Маханбет түркі әлемі суретшілерінің көркем академиясын құру жөнінде идея үш жыл бұрын туындаған еді дейді.
- Бүгін ең алғаш рет түркі әлеміндегі алты елдің белгілі суретшілерін мүшелікке қабылдады. Түркі дүниесінде көркем өнердің жалғастығы әрі қарай жалғаса береді деп ойлаймыз. Мұндай дүние түркі әлеміндегі барлық мәдени интеграциясында үлкен өріс алады,- деп атап өтті Сейсенхан Маханбет.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал қылқалам шебері Ерболат Төлепбай: «Сурет салу – дара өнер. Осы бағытта түркі әлемі халықтары өнермен де біте қайнасып жатыр. Себебі біздің түпкі тамырымыз бір. Салт-дәстүр, санамыз ұқсас. Бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет қазақ бейнелеу өнеріне деген ағайынның ілтипаты. Қазақ суретшілеріне көрсетілген құрмет деп есептеймін», - деп атап өтті.
Фотосурет: turksoy.org сайтынан алынды.
