Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

31.10.2023 1432

Бітуажа 12+

Бітуажа - adebiportal.kz

 Осы төңіректен өткен бір бай адам көрсе, кекіре береді екен. Ауылдастары: «Пәленше-еке, неге кекіре бересіз, денсаулық сыр беріп жүр ме?» - десе: «Кіл қаракөктің үйірі ішіме сыймай, ішімді жарып барады ғой, содан кекіремін», - дейтін көрінеді.

Қарын – кеңдіктің жатағы ғой. Аң-құс тілінде жазылған «Қауыснәме-ақыл» кітабында: «Бойдың ұзындығы, өңнің қызыл шырайлылығы мен жуан қарынға кеңдік тұрақтайды», - делінген. Дұрыс болса, дұрыс шығар. Бұрынғы ел тізгінін ұстағандарды Ер Махамбет «қарыны жуан билер» деп суреттейді ғой. «Қауыснәмедегі» критерийлердің бірі тапшы болғасын шығар, адамның дәулетті көтере алмай жүретіні. Шәкәрімше айтқанда – дүмсіздігі. Кісілігін дүниеге алдырмағанға байлық базары ғой. «Қыдыр дарыған пәленшекең» деп жомарттарды әспеттеп жатамыз. Әдебиеттің маңындағылардан да кейде жұрт: «Мұқағали мықты ма? Қадыр мықты ма? Әлде Төлеген бе?», - деп сұрап жатады ғой. Сол сияқты, көп барды да бұзады. «Пәленше бай ма?» «Жоқ!» «Түгенше бай ма?» «Жоқ!» Осы бақ таластыратын сұрақ қанға сіңеді де өңін айналдырып «Осы менен қалай екен?» - деп өзіне сұрақ қояды. Дәулет сөйлетеді ғой. Тіпті біреулер: «Доллар жағып бір қазан етті пісіремін!» - деп бөртеді дейді. Өз басым долларлы байларды танымаймын. Бірақ 1000 қойы мен 200 түйесін байлық таразысының бір басына қойып өлшескен ағайынды танимын. Ол ағайынның азан шақырып қойған аты бұл күнде ұмытылған. Жұрттың бәрі «Әзекем» дейді. Паспорттағы аты – Әзберген.

Айдалаға сыймай байлық айтысатын, бір-бірін барымталайтын, басынан сөз асырмай талтүсте ауылын шауып алатын, шатынай шалқалақтай кететін шатақ шалдардың сарқытындай болып, осы күні де адамды «қолының кіріне» қарай таразылайтынның бірі – осы Әзекем. Әзекем байдың баласы емес, батырдың тұқымы. Оның арғы атасы туралы: «Майын мінуге берген мініс атын тұсауымен жібергені үшін жазған біреудің қарнын жарып тастаған «ашуы жаман» батыр еді», - деп дәріптелетін әңгіме барысында. Арғы аталары елге құрсау болған батырлардың бірі болса керек. Әзбергеннің қазаны беріде қаспақтанған.

Әзберген деген ағайын жасында біртоға болып жүреді екен. Сол Әзекеме дәулетпен қоса Құдай шарт кетер шамшыл мінез дарытыпты. Мінез деген де бір құндылық. Қаракөк жылқының түс ауыстыратынындай, адамның да мінез ауыстыратыны болады екен. Иінінен бір күпәйкесі түспейтін, өзі жаман тырылдақ «ИЖ-Планетасынан» түспей, қысы-жазы жүн-тері жинайтын шіркет еді. «Шіркет – асай білсе шіркет, асай білмесе бір кеп» деген. Бірер жылдан қара-құраның басы құралғасын түрікмен колхозының малын бағатын шопан болды. 

Әзберген еті тірілігінің арасында айналасы бес-он жылда малды байға айналып, қоңданып шыға келді. Енді Әзберген емес, «Әзекең» атанды. Ойдың елінде бір жаман қасиет бар. Ол малдыны хан көтереді де, былайғы сыбай-салтаңды жел айдаған қаңбақ көреді. Ондайларды: «Күлі бір қапшық болмайды», - деп, әжуалап отырады. 

Әзекем қоңданған соң өзгерді. Өзгерістің басы – әйел жібергіш болды. Ана лықсып келіп тұрған табыс бір жерден шығуы керек те. Әйелге деген махаббаты тез суитын болды. Қалтада пұл көп. Қалада түлкі көз, ақ тамақ, жеңіл көшетін сыланған ажырасқан бойдақ келіншек көп. Әзекем мақалдап сөйлейтін болды. «Қатын кімнің қатыны, ала қаптың қатыны, ала қабың болмаса әлдекімнің қатыны», - деп қалтасында пұлы жоқ, көжесі қатықсыз кейбіреулерге: «Жігіттің жігітіне неке дегенің шіріген жіп қой!» - деп дөңайбаттана айтатын болды. Бұл мінез бен жүрісті ақ некелі әйелі көтере алмай ажырасып кетті. Түлкі көз, ақ тамақтардың бірнешеуін ізді-ізінен алды. Қалада болғанда күшіктей қыңситын ақтамақтар, келуін келіп алса да, малшының қара қосынан безе қашты. Қосыла сала, неке суын ішер-ішпестен кетіп қалғаны да болды. Оларға салса: ақша өздігінен келе берсе ғой. Әзекем малшы емес пе? Малшы өмірінің мехнаты бар емес пе? Әзекем қашанғы: «Айым, күнім», - десін ол да еркек, реті келгенде боқтамай ма? Әйелін сабамай ма, осыдан кейін-ақ ақша үшін жүрген арам ойлылар қайқайып бермей қайтсін! Еркектің қандай боларын білген шығар. Дала қыраны ақтамақтардың өлі жүнін бұрқыратып бығырлатып бүрген де шығар. 

Солардан бір ақтамақ тұрақтап қалды. Әзекемді шын сүйді, әлде шешесінің ақылын алды. Ел «Қара қатын» атайтын шешесі: «Есік көрдің. Бұрынғыңды тағдыр дейік. Ол да жаман емес еді, суға кетіп жастай өлді. «Қайта қайта қайтып келген» атану ұят болады. Адамыңа тұсау болма. Оңдап қара. Осының етегінен мықтап ұста, ұрысса үндеме. Ұрса бажылдама. Еркекті әйелдің буы көтереді. Қоқырайып еркек болып ұратыны – ол да сенің буың. Жылылығыңды аяма. Үйге келуші болма!» - деп ақылын айтқан. Дұрыс адам қашанда дұрыс айтады. Жапырағы жайылып ел болды. 

Одақ ыдырағасын түрікмендер: «Әй қазақ Бейнеуіңе кет!» - дейтінді шығарды. «Күш көпте» дейміз ғой. Күш елде шығар, ал елдің райы жалғыз патшадан екен. Патшасына қараған елден рай кете бастағасы,н о күнде әлі шекара бекімеген кез, сүйретпелі тракторы мен мың қой, бір-екі жүз түйесін Қазақ жеріне өткізіп жіберді. Қай ауылсовет қой мен түйені паспорттап тіркеуге алған дейсің. Кеңдік қой. Өзі түрікмендермен есеп-қисап айырысып, «өкіметке бір тиын берешегі жоқ» деген қағаз алып елге келіп, жекеменшік малымен отыра кетті. Контрабанда деген бері де шықты ғой. Малға мал қосып Әзекем жүре берсін.

***

Қыз бой жетті. Ұл өсті. Қызы университеттің соңғы курсында оқып жүргенде қашаннан сыралғы, ауылдасы Азбан қыз сұрай келді. Түгі тікірейіп кеткен Әзберген бай көңілді қалдыра сөйледі. Бұндайда өзге жұрт: «Балалар біледі ғой, сөйлес қылсын. «Түйе жүкке, жүк түйеге барса қайда барамыздап» сөйлейді ғой. Әзекем: «Әй Азбан, әкең Өришанның дәулетінің арқасында Азбан-Азбан болдың. Әкең өлгесін дәулет қашты. Бүгін жүрген бір мәрдікәр-күндікшісің (мердігер – тас қалаушы күндікші) менімен қалай құда болмақшысың? Келе-келе түйең бар ма? Жылда төлдетіп отырған мыңғырған ақтылы қойың бар ма? Тас қалайтын жалғыз қалағыңнан басқа дымың жоқ. Әкең Өришанның атағымен құда боламын ба? Өришан деген атты басыма көтеретін түрікмен емеспін ғой!» - дейді (Түрікмендер неге Өришанды басына көтерген дегенге түсінік: «Өришан – Бекет атаның курстасы болған пірленген адам. Пақыржан қажы ұстаз аса тұяқты лақтырғанда есікке барып, қайта орнына отырған шәкірт – осы Өришан. Арып-ашып барған қазақтар тойынғасын кісілік ойлап, ырым етіп балаға ұлық болсын деп жақсылардың атын қояды ғой. Сондайда бір ағайын баласының атын Өришан қояды. Сол Өришан жігіттікпен ащы суды сілтегенде көп сілтейді екен. Мас болып далада ұйықтап жатқан жерінен түрікменнің мелисалары: «Жатысыңнан айналдық, Өришан атыңнан айналдық», - деп үйіне әкеліп тастайды екен. Түрікмендерде қожа-молданы хан көтеретін әдет бар. Сол екен, пір болған Өришанның атын иемденген жігітті құрметтейтіні. Бастық, ОБХС біткен алдынан құрақ ұшады. Өришан саудагер болады. Шіріген бай болады. Соның баласы Азбан еді).

Көңілі пәсейіп Азбан ауылға қайтады.

- Жұрт дегенде интересно! -деп Әзекем қалады.

Содан көп ұзамай Азбан Әзекеме тағы келеді. Желке жүнін күжірейтіп абай-саясат жасап Әзекем отыр.

- Әй, диуана, алақан жайып тағы келдің бе? Келме деп ем ғой!

- Келсек те келмесек те бала бізің ауылда. Мынау «тілхаты», - дей бергені. «Тап анаңды ұрайын, не дейді!» - деп Әзекем орнынан ырғып тұрды. 

-Бөрібай, Қайдауыл қайдасыңдар! Жау шапты. Қызды әкетті. Тез жиналыңдар! - деп телефоннан сөйлесе жүріп, қаңтарулы тұрған бауырынан жараған су жаңа Уазикке беттеді.

***

- Шық бері, мыналарды да ел деп келдің бе, шық бері деймін деп айқайға басып Әзекең тұр. Машинадан түспеген қалпы есігін ашып айқайлай сөйлеп тұр. Қолын ала жүгірген бір шалдың қолын қағып жіберді. Қаңғалақтап ол кетті.

Басында қызыл орамалы бар қызы шықты. Рулы елді ықтырып, рульде отырып сөйлеген Әзберген қызына қарата: «Өзің келдің бе қарағым, анауың қасқыр тартқан біреу емес пе?» - деді.

- Иә, - деді қызы, жанарымен жер шұқып. Екінші сұрағына ибамен басын шайқады.

- Келіңіз. Жоғары шығыңыз! - деп бәйек болып жатқандарды елемеген күйі есігін жапты да келген жолымен қайта кетті.

Артқы салондағы інісі Бөрібай: «Неде болса ұят болды. Әйелдерді жіберу керек еді!» - деді.

Қайдауыл інісі: «Ауылдың адамдары ғой, неге бүйттің? Салтта жоқ жүріс болды», - деп Әзбергенге ақыл айтып келе жатыр.

- Ауылдікі болса не болыпты? Тап әкесінің. Бұлардың үйінің жығуын білгеніммен тігуін білмеймін. Азбан дегенді танығаныммен балаларын жыға танымаймын. Бахабист салтта бар ма? Діни ұстанымы қалай? Қасқыр тартқан біреу ме? Өз көзіммен көрейін дедім. Мен әйелдердің психологімін. Бәрі ақшаға сатылады. Алтын берсең күйеуінің көзіне де шөп салып жүре беруге дайындар да болады. Ана мақал не еді әлгі... «алтын көрсе деген» әйелдерге арналған. Есі кемістердің періште деп жүргені осы әйел. Түс әйел ілуде біреу. Жақсы аналардың бәрі жақсы әйел емес. Көзіммен көрейін дедім. Өткенде айттым: «Дипломыңды ал, кішкене бой түзеп жүр», - деп. Барған жері шыр бітпеген ел. Тоя тамақ іше алмайды. Көр де тұр бәтуәжасы да дұрыс болмайды. Интересно, ел дейсіңдер-ау...

***

Үшеуі түйіліп отыр. Азбан жақтан төртеу келді.

- Құда тойға рұқсат бер.

- Тойыңды бере бер. Біз тараптан ешкім бармайды.

- Алыс-беріс жағы қалай болар екен?

- Он миллион.

- Алды екі миллион ғой.

- Екі мың болса да маған бәрібір. «Маңымнан жүрме!» - деп едім ғой.

Ел ағасыз болмайды ғой. Келгендердің ішінен ер көңіл жігіт ағасы: «Жарайды нан сындырысайық», - деді.

- Тойға қамданамыз. Баратын адамдарыңа көлік жіберерміз, - деді. Інілері Бөрібай мен Қайдауыл басын шайқады да қойды.

***

- Он миллион! Оны қайдан табамыз?

- Жерден қазамыз, қарызданамыз табамыз.

- Оны Азбан өлгенше төлеп құтыла алмас.

- Келісілді. Бір жағы кредит, бір жағы қарыз табармыз, - деді Азбанның бір күйлі ағайыны.

Азбанның үні шықпай қалды. Жарқыл-жұрқыл той өтті. Абыр-сабыр басылды.

Тойдан үш күн өткесін Әзбергендікіне жаңа құдасы екі-үш адам болып келді. Қарызға белшесінен батып, өңі қашып кеткен Азбан жадау тартып шөгіп қалғандай. Бұл рет Әзберген иіліп жастық, жайылып төсек болып отыр.

Ақ орамалға түйілген түйіншек жылап ортаға келді. Азбанның дауысы қарттан ұтылған кісіше дірілдеп шығады.

Жарқын-жарқын сөйлеген Әзекем інісі Бөрібайға: «Аш ананы!» - деп орамалды көзімен нұсқады.

Орамалды ашты, он түйін екен. Әзекем саққа жүгініп отырып құдасы Азбанға қарата:

- Ал, құдайласып құда болдық. Осының тоғызын өзіңе қайтып беремін. Қалған біреуіне жанымнан үшеу-төртеуін қосып баламның жасауын дайындаймын. Құдаларыңа (өзін айтқаны) жүре келе дәулетпен бірге шарт кететін мінез жұқты. Сол мінез, сол ашу ғой. Апшып едім. Ашуым тарады. Балалар бақытты болсын! - деді.

- Құдай бар екен, Әзекем-ай! - деді Азбан құда.

Құда жағынан қу тілді біреуі: «Ақша қайтты. Процент қайтпады-ау!» - деді.

- Бала-келініңнің екеуін де жұмысқа жүргіземін, Азеке! Процентің сол болсын. Балалардың бақытты тұрмыс кешуіне бітуажа болатын осы екеуіміз! - деді Әзберген.

- Әзекеңді танымай қалармыз-ау! - деді қу тілді ағайыны. Мүмкін қызғаныштан айтқан да болар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар