Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Биылғы үздік әдістемелік анықталды...

26.05.2023 1232

Биылғы үздік әдістемелік анықталды 14+

Биылғы үздік әдістемелік анықталды - adebiportal.kz

2023 жылғы 25 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тілдерді оқыту орталығы оқытушылары арасындағы республикалық байқау қасиетті Атырау жерінде өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер анықталды.

Ұлт ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы атындағы дәстүрлі байқау – қатысушылар үшін де, қатары қалың орман тіл жанашырлары үшін де орны бөлек рухани оқиға, жаңашылдыққа жол ашатын шоқтығы биік шара.

Бұған қоса тіл меңгерту бойынша ұтымды әдіс-тәсілдерді игеруге ынталандырып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Көпшілік асыға күткен сайыстың биылғы үміткерлерін Атырау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әбіл Жоламан құттықтады.

«Қойнауы ырысқа толы қазыналы өлке, еліміздің мұнайлы астанасы, қасиетті Атырау жеріне қош келдіңіздер! Батырлар атойлатып ат ойнатқан, аспанында күй шалқыған киелі топырақта ана тіліміздің аламан бәйгесі өтсе, оған таң қалуға болмас. Тіл – ұлттың әрі жаны, әрі ары. Кез келген адамның басындағы ойдың бәрі тіл арқылы шығады. Тіл кез келген ұлтты басқа ұлттардан ерекшелеп тұратын белгісі. Осы орайдағы істеріңізге береке тілейміз», – деді ол.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы бөлігінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Бірден айту керек, бекітілген ережеге сәйкес, бұл жолы тек қана Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары ғана қатысты. Бұл – қазақ тілін үйретудегі әдістемелік дайындауда, бірінші кезекте, нақты тәжірибеге сүйенген кәсібилікке мән берудің белгісі болса, осы салада маңдай терін төгіп жүрген тіл майталмандарының еңбегін бағалау. Солай болған соң, бәйге шарты әр қатысушыдан тақырып, тақырыпша, коммуникативтік дағды, интенция, грамматика және қосымша материал болуын талап етті. Бұдан басқа әрбір тақырып бойынша коммуникативтік дағдыны таратып жазып, оның интенциясы мен грамматикасын беруге міндетті болды.

Екінші кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің сөйлеудің 4 дағдысын үйретуге ұсынған тиімді әдіс-тәсілдері мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар берілді. Қатысушы ұяшықтардан таңдалған қос сұраққа толық жауап беруге тиіс болды.

Соңғы айналымға В1 деңгейіне сәйкес келетін өзге этнос өкілдерінен тұратын 5-10 тыңдаушы сынама топ ретінде қатысты. Үміткер оларға сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) жағдаяттық тапсырма беріп, 20 минут көлемінде сабақ жүргізді.

Байқау аса тартысты өтті. Қызу талқыдан кейін, білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы топ жарған жеңімпаздарды анықтады.

Қазылар алқасына А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры, ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлан Еркінбай төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында Астана ІТ университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бекзат Динаева, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұргүл Шадиева, Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің доценті,филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Елеуова болды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлде мен 500 мың теңге Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Дүзенова Гүлжанат Өмірқызының қанжығасына байланды.

Бірінші орынды Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Елесбаева Жанар Әлмұхаметқызы жеңіп алып, 350 мың теңге сыйлыққа ие болды.

Екінші орын мен 250 мың теңге сыйлықты Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығыныңәдіскері Нұржанова Ақмарал Серікқызы менҚарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ағымбаева Мүнира Шайхсламқызы бөлісті.

Үшінші орынға Жамбыл облысы, Қордай аудандық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Әшімхан Алтынай Бақытқызы, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Крікпенова Гүлмира Талғатқызы, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жақанова Айман Сейілбекқызы ие болып, әрқайсысы 200 мың теңгеден сыйлыққа ие болды.

Павлодар қаласының «Ана тілі» орталығыныңұстазы Артықпаева Ақмарал Елдібайқызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ақмарал Саркенқызы, Астана қаласы «Руханият» КММ-сі мемлекеттік тіл оқытушысы Сейдахметова АйманҚалдыбекқызы, Алматы облысының «Тіл» оқу әдістемелік орталығының оқытушысы Дусанбаева Гүлмира Әбілқасымқызына ынталандыру сыйлығы мен 70 мың теңге табысталды.

Бұдан басқа белсене қатысқаны үшін Алматы қаласы Мемлекеттік тілді дамыту институтының оқытушысы Боранбаева Бубайша Абдрахманқызы, Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Әбдіғаппарова Гүлшахар Өтебайқызы, Түркістан қаласы Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Оразов Мадияр Лесұлы, Атырау облыстық Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Тәуекелова Раушан Сағынғалиқызы 30 000 теңге және арнаулы алғысхатпен марапатталды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар