Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Бостандық берген ер үшін!...

Бостандық берген ер үшін!

07.05.2026

43

Бостандық берген ер үшін! - adebiportal.kz

7 мамыр – мемлекетіміздің басты әрі маңызды мерекесі. Бұл – мемлекеттің тірегі болып тұрған, қауіпсіз де бейбіт өмірімізге кепіл болар Қарулы күштердің құрылған күні. Елдің еңсесін тіктеп, тәуелсіздігін нақты мазмұнмен толықтырған тарихи белес. 1992 жылы Қазақстан ұлттық әскерін құрып, қауіпсіздігін өз қолына алды. Осы сәттен бастап «тәуелсіздік» ұғымы тек декларациялық құжат қана емес, қорғалатын, сақталатын, жауапкершілік жүктейтін құндылыққа айналды.

Әскер – мемлекеттің көрінбейтін қаңқасы. Ол болмаса, шекара – шартты сызық, заң – қағаз жүзіндегі қағида, ал тәуелсіздік – әлсіз ұғым ғана болар еді. Әскер бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде тұрақтылық бар. Тұрақтылық бар жерде даму бар. Сондықтан Қарулы күштер – тек соғыс майданына арналған құрылым емес, ол – бейбіт күннің кепілі, елдің мызғымас қорғаны. 

Бүгінгі қоғамда «әскердің қажеті қанша?» деген жеңіл сұрақтар да естіліп жатады. Бұл – тарихты ұмыту, геосаясатты түсінбеу. Әлемде күн сайын саяси ахуал нашарлап, күш балансы өзгеріп жатқанда, әр мемлекет өзінің қорғаныс қабілетін нығайтуды бірінші орынға қояды. Қазақстан да осы жолда қамданып жатыр. Өйткені тәуелсіздік – мәңгі берілетін сыйлық емес, күн сайын қорғалатын аманат. Бабалар арманы, болашақ мұраты. 

Әскер мәртебесі – сол елдің өз-өзіне деген құрметінің өлшемі. Егер қоғам сарбазды сыйламаса, ерлікті бағаламаса, онда ол қоғамның рухани иммунитеті әлсірейді. Бізде кейде әскерге баруды міндет емес, «уақыт жоғалту» деп қабылдайтын түсінік бар. Бұл – қауіпті көзқарас. Әскер – ер азаматтың мінезін шыңдайтын мектеп. Ол жерде тек қару ұстауды емес, жауапкершілік алуды, бұйрық пен тәртіпті, Отан үшін жан аямауды үйренеді.

Осындайда Ер Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалардың өмірі ерекше мағынаға ие. Ол соғыста тек батырлығымен емес, рухымен, ойымен, тәртібімен дараланды. Оның «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі – бүгінгі күнге де тікелей айтылған ақиқат. Бауыржан үшін Отан – абстракт ұғым ғана емес, әр әскердің жүрегіндегі нақты жауапкершілік еді. Ол қорқынышты жеңудің жолын үйретті. Ол намыстың не екенін көрсетті. Ол «ерлік – тәрбиеден» екенін дәлелдеді. Яғни батыр тумайды, батыр тәрбиеленеді. Бүгінгі қазақ жастарына жетіспей тұрғаны – дәл осы жүйелі тәрбие, ішкі тәртіп, мақсатқа адалдық.

Ер азамат үшін өмір тек жеке басының қамы емес. Оның иығында – отбасының, қоғамның, мемлекеттің жүгі бар. Бұл жүк ауыр, бірақ қасиетті. Әскер – сол жүкті көтеруге дайындайтын алаң. Әскер көрген жігіт – өмірдің қиындығынан қашпайды, жауапкершіліктен жалтармайды.

Патриотизм –  жалаң ұран емес. Ол – әрекет. Ол – таңертең тұрып, өз ісіңді адал істеу. Ол – елге пайдаңды тигізу. Ол – қажет болса, Отан үшін өзіңді құрбан етуге дайын болу. Бірақ бұл құрбандық тек соғыста ғана емес, бейбіт күнде де көрінеді: адал еңбек, таза ниет, әділдікке ұмтылу – осының бәрі патриотизмнің көрінісі.

Бұрын да жазғанмын. Қайталап та айтайын: 7 мамыр – жігіттердің өз-өзіне  сұрақ қоятын күні, ойландыратын күні болуы керек.  «Мен Отан үшін не істеп жүрмін?»Егер әр азамат осы сұраққа шынайы жауап берсе, онда әскер де мықты, мемлекет те берік болады.

Отанды қорғау – тек әскери міндет емес. Ол – сана, ол – намыс, ол – ұлттың тірі қалу инстинкті. Ал сол инстинкті жоғалтқан халық тарих сахнасынан жоғалады. Сондықтан, ер азамат, өзіңді шыңда. Рухыңды қатайт. Тәртіпке үйрен. Жауапкершіліктен қашпа. Себебі сен – жай ғана адам емес, сен – осы елдің тірегісің

«Бостандық берген ер үшін, жасасын, Алаш, жасасын!» деп өр ақын Сұлтанмахмұт текке жырламаған. Бейбіт өмір салтанатын сақтап тұрған әскеріміздің үш-қуаты жігерлі, намысы табанды болсын! «Азамат сені сақтадым!» дегендей, қазақ сардары, сені көзімнің қарашығы деп білемін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan