Мені шайырдан жазушыға айналдырған Эрнест Хемингуэй, содан кейін – Альбер Камюдің Жерорта теңізін аштым. Камю дегеніміз – жалған махаббатқа жаза кесу, ажалдың ауытқымай тура келе жатқандығын ешқашан естен шығармау, ғұмыр қағидасын жаңадан қалыптастыру. Тың мазмұн – толығымен сезімге берілу, тіршіліктің мүмкіндіктерін түбіне жеткенше сарқу. Хемингуэй – адамның өмір сүру тәртібі, Камю – ойлау жүйесі.
Кітап құрып барады. Бірақ, кітап құрып кететіндігімен бағаланбауы қажет. Оның қасиеті өртеп жіберсең де еш жанбайтын қолжазбалар екендігі мен кездейсоқ жолықтырып қалған пенденің жан дүниесін кері аударып тастауында шығар.
Жақсылық қалқып су бетіне шығады, зұлымдықты құрдым дөңгелетіп тереңіне алып кетеді. Мәңгілік сапарына аттансын, ғаламға әдемілік пен әуезділік үстемдік жүргізсін, бар әлем қара сөздің құлақ күйіне келтірілсін.
Хемингуэйді киноға қанша түсірсек те кинорежиссер қиялы оның бір сөйлеміне тұра ма екен. Нағыз прозада жойылмайтын қуат бар, ғасырлар арнасынан тасқындап құйылған санскрит жазбалар секілді ғажап сөйлемдер де төл дәуірінде ұмытылып кетіп, замандар өте келе, өзінің асқар биігіне қайта оралады. Шекспир поэмасын жазсын, Толстой даналық туралы жарлық шашсын, Бейімбет халықтың мұңын шақсын. Әдебиетті кебініне орап, табытына салу – асығыстық. Кітап үңгіріне қайтады.
Ғасыр дәстүрдің бұзылуымен басталды. Үйреншікті даңғыл жолайрыққа келді, арбаның доңғалағы қира-ды, жүректі өрт шалды. Дүниежүзілік соғыс өлімнің бет-бейнесін көрсетті, қанның иісі, түрі қандай болатынын білдік, қасқырдың азуы жамбасымызға батты. Адамгершілік сенімнен айырылды. Қайырымдылық мұң-шер, қайғы-қасірет, азап-бейнетке көмектеспеді. Елдің пейілі тарылып, арман-ниеті асыл мұратынан адасты.
Ұрпақтар толқыны үзілді. Аталар салған соқпақ немерелер үшін керексіз болып қалды. Жас солдат кеудесіне қастасқан дұшпанға деген кек қатты. Адамзат – дұшпан бейнесі, соғыста жауды аяған – жаралы. Майданнан жаралы қайтқан қападар жауынгер бейбіт қаланың жайлы кафесінде жақсы көретін шарабын ғана ішті, құшағында омырауы ашық, жеңіл мінезді жезөкше отырды, ойында – қалайда бүгін майдан даласынан шығандап қашып шығу. Қашып шығуына шарап жәрдемдесті. Адасқан ұрпақтар Парижде де, Миланда да, Берлинде де, Байонна мен Венада да қаптап жүрді. Ғаламды қайыра түсіндіру қажет болды: қысқа және анық. Ажалдың кескін-келбеті бұлдыр емес, өлген адамды көрген шеріктің жанары тұманданған жоқ, көзін жұмған досына серігі немқұрайды қарап тұрды. Қасіреттің бетіне тік қараған жөн. Сыртқы дүние бұзылды, сондықтан ішкі космостың быт-шыты шықты, сана – екі әлемнің жиынтығы – қазаға ұшырады. Дүние не болып кетті, адам неге азғындады, оларды кім құтқарады.
Жаңа тәсіл жаңа сананы қалыптастырды: адамзатты арашалау қажет еді. Қандай қиындық болса да рухтың тұғыры – аспанда. Жүрексіздік, аярлық, рухани құлдырау орны – әрдайым аяқ астында.
Кісіліктің абзал қасиеттері мен пендешіліктің аяр сипаты мылтықтың аузы саған көзделгенде ашылады: не сатыласың, не жер құшасың. Адам ешқашан беріл-мейді, оны тек қана өлтіріп тастауға болады.
Оңай жеңіс, жеңіл табыс, жалаң сезім, жалған намыс, арзан күлкі шептен оралған шеріктердің ашу-ызасын тудырды: махаббат жоқ, бірақ қайткенмен табу, жақсылық жоқ, бірақ ұдайы іздеу, мағына жоқ, бірақ әйтеуір беру.
Сөздің тігісі сөгілді, өйткені – әлем қопарылды, себебі – дүние бүлінді, жүк тасыған дара-дара автомобильдер сияқты әр сөйлем жеке-жеке оқшау мәнге ие болды.
Әдебиетке Хемингуэй келді. Ол революция жасады. Проза тарихы мұндай аласапыранды тұңғыш рет басынан өткерді. Әсіре сөздерге өлім үкімі жарияланды. Күшейтпелі шырай сызылып тасталды. Артық сөйлемнің басы кесілді. Уақиғаны кейіпкердің өзі айтпайды, оны бастан-аяқ оқырман өзі кешіп отырады. Баяндау – майданға қатыспаған желөкпенің ертегісі, “қасіреттің түсі ақ”, аптықпай суретін салып беруге болады. Детальды өзі анық көрмеген қаламгер боямалап әңгімелеуге ұрынады, әйтпесе несін жазады.
Әр сөз – пайдалануға берілген кірпіш, қалаудың әдісі балшық жағып, бірінің үстіне бірін қабаттап жатқыза беру емес, кейбір тұсына кірпішті тік қойып, терезе жасаймыз. Қабырғаның міндетті түрде ұзын болуы шарт емес, кейде қапталын шағындап, келте қайырған абзал, ғимарат тек қана атшаптырым дәлізден тұрмайды.
Сөйлемде – етістіктің рөлі зор, одан ырғақ туады, айтарыңды дөп басса – ойды бекітеді, үнемі мән-мағынаны ықшамдап бере алатын сөзді шарқ ұрып іздеу қажет. Зады, қысқа жазу қарабайырлықтан бо-йын аулақ салсын, арқасы жауыр сөзге жоламасын, ешкім ұқпайтын сөйлемді үйір қылмасын.
Білмейтін тақырыпқа қолыңды сұқпа. Білетін нәрсені түгел сипаттап, түгендеп айтып талпынудың қажеті шамалы, бүге-шігесіне дейін мәлім жайтты түсіріп, қалдырып кеткен көп ұтады: диалог адасып жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ түсіріп, қалдырып кеткен жайт сөздің астарында жатады. Хемингуэй қаһарманымен таныстырмайды, ешқайсысына мінездеме бермейді, оны қарекетін көріп, мінез-құлқының қыр-сырына қанығып, кейін өзің танып аласың. Ештеңе қайталанбауы тиіс: шыққан асуды екі мәрте бағындырып қажеті жоқ.
Мәтін ырғақпен түзетіледі. Диалогтағы жауап кейде шорт қиылады. Қолға ұстатпай қойған ой шың-дала түседі, әңгіме жонылады, романның повеске ауыс-уы мүмкін, новелладан бір ауыз оқиға қалады. Әр сөзіңе жауап беруге дайындал, уақыт алдап-арбауға көнбейді. Кейде, ауық-ауық соңырқалап жаңа әдіс жолы кездеседі: бір сөз әлденеше мәрте жалғыз па-йымды түптеп кетеді. Лирикалық көңіл күйін созу үшін немесе қалам сүйіп жазған әсерді нақыштау үшін. Түзетуден қорықпаған жөн. Ырғақ тербетпеген сөз архитектураны бұзады. Шағын дүние – талант пен ізденістің жемісі. Новелла соңын алдын ала көре білу – дарындылық. Шарықтатып әкеліп, ақырында әдемі үзіп жіберу – шеберліктің белгісі.
Дәлдікте Хемингуэйден озған ешкім жоқ. Оны мойындамаған жазушының қабілетіне өз басым күмән-мен қараймын. Әр сөйлемді музыкаға айналдырған эстетикасының дөптігі тұла бойыңды шымырлатады. Сондай ғажап шағын туындылар, көркемдігі көз сүйсінтеді, әсемдік әсерін сезіну қайыра оқуға себепші болады. Шоқтығы биік шығармасы – “Түнгі жарық”.
Ол көріп жазды. Әуелі басынан кешірді, артынан қаламы оқырманына жеткізді. Бұқа майдан, боксшы ережесі, соғыста сынған қол, тәуекелшіл махаббат, балықшы күркесі, жолбарысты атып өлтіру – өмірінде болды.
Болмаған, бастан кешпеген нәрсені жаза алмады, сонысымен ұлы. Шығармашылығы мен ғұмыр-намасындағы қос желі бір-бірін қайталап, жұптасып қатар жүрді, жазу үшін сапар шегіп, ел көрді, жер бетін кезу үшін жазу керек еді. Ол естіген сөзін ұмытпады. Көргенін қағазға түсіре алды. Жазғысы келмесе, қаламы жүрмеді. Кей уақ азапты күйзелістер айларға, жылдарға созылды. Ол ештеңе жазбай тірлік кешті: Хемингуэй үшін қасірет. Уақыт көші жылжи келе жазып кетеріне сенді.
Бір жолғы дағдарыс он жылға созылды. Қатты қапаланды, тез қартайып қалды, жастық шағын жиі ойлады. Оны “Шал мен теңіз” құтқарды. Бірақ, оны енді ештеңе құтқара алмайтын еді. Сырқаты көбейді, шабыты шау тартты, тіршілігі мәнінен айырылды.
Хемингуэй туралы жазылған естеліктер көп. Әр қаламгердің жеке айтары бар, үйренген тұстары мол. Ғұмыры жайлы Б.А.Гиленсон кітап шығарды: “Эрнест Хемингуэй”. Жақсы сарапталған туынды.
Пәлсапашы Э.Ю.Соловьев “Қасіреттің түсі ақ” атты очерк жазды, Евгений Евтушенко “Қош бол, Хемингуэй” эссесін дүниеге әкелді, Ю.Я.Лидский “Э.Хемингуэй шығармашылығы” деп аталатын сүбелі еңбегін жариялады. Оны орысшаға аударған адамдар ше, олар өз түсініктерімен бөлісті. Америкалықтар төл азаматын жат жұртқа беріп қойған жоқ, қаншама кітаптар сомдалды, естеліктердің көлемі ұшан-теңіз, жаңа толқын, зады, басқаша көзқараспен туады.
Солай болса да, ешқандай сыни әдебиетке еліктемей, өзімнің Хемингуэйімді жазғым келді. Қаламгерді осылай қабылдадым. Кейінгі жылдары Хемингуэй ауруға шалдықты, ұзақ жаза алмады, бұрын оңай есіне түсіретін жайттарды ұмытып қала берді. Ол құлдырауға ұшырады. Ержүрек солдат, ашық теңізге еркін шығып кете беретін батыл балықшы, мықты аңшы, ғажап бокс-шы, карнавалды сүйген қыдырымпаз және... ұдайы мойымаған жігерлі тұлға, дарыны сұмдық жазушы бейшара халге түсті. Ешқашан жеңілмеген ол шешімін күні бұрын дайындап қойған еді.
1961 жылдың екінші шілдесінде, жексенбі күні, Хемингуэй ерте оянып кетті. Ертеден келе жатқан әдеті, күннің алғашқы сәулесімен қатар тұратын. Үй іші ұйықтап жатты. Қызыл халатын жамылып, ол төменгі қабаттың астындағы шошалаға түскен. Мылтық жатқан бөлмені кілтпен ашып, қосауызға екі патронды салды да, жоғары көтерілді. Содан кейін мылтықтың ұңғысын ауызына тіреп, шүріппені бас-ты.
Алматы, 28.06.1996
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.