Албан, Суан, Дулаттың анасы
.05.2017 3401 Мөлдір ДарханбаеваДомалақ ана қазақ даласына VII ғасырда жеткен ислам дінін уағыздаушыларының бірі болған араб дегдарының қызы. Өзі де жастайынан даналығымен, әулиелігімен танылған. Кей аңыздарға сүйенсек, Домалақ ананың туылуы атасының көрген түсімен тікелей байланысты. Шын есімі – Мизамбекқызы Нүрила. Нүрила алғашқы білегін ұстаған ер адам өмірлік жарым болады деген екен. Бірде құдыққа түсіп кеткен оны Бәйдібек білегінен ұстап алып шығады. Міне, Домалақ ана осылай Бәйдібек батырдың үшінші әйелі болады. Ол Албан, Суан, Дулаттың анасы атанған.
Дихнат мама. «Домалақ ана» атауы неден шыққан?
«Диһнат мама» деген атауы түркменнің Қара Қайдар деген кісісімен тығыз байланысты. «Диһнат мама» – парсыдан қазақшаға аударғанда «Әулие ана» деген мағына береді. Бұл сөз келе-келе дыбыстық өзгеріске ұшырап «Домалақ ана» аталып кеткен делінеді. Бұл сөздің шығу тарихы жөнінде мынандай аңыз бар.
Бірде Сайрамда жатқан Бәйдібек байдың жылқысына көз тігіп Қара Қайдар деген қарақшы келеді. Бұл уақытта Бәйдібек елде болмай шығады. Қарақшымен ере келген оншақты жігіт бұлақ басында отырған жалғыз үйге ат басын бұрады. Ішіндегі біреуі бұл үйдің кімдікі екенін, Бәйдібектің жайы екенін білген соң оның қайда кеткенін сұрай жөнеледі. Шөлдеп келгендерін айтып, сусын сұрайды.
Нүрила оларға ешкінің айранын ұсынады... Қара мұртты қарақшы сусынды қанағат тұтпай, күлше дәметеді. Ал Нүрила болса дәмді күлшені өз емшегінің сүтіне илеп пісірген екен.
Мұны естіген қара мұртты «Сіз бізге ана, біз сізге перзент боп қалдық қой! Сізді ұмытпаймыз», – дейді. Осы кезде жанындағылар бірден Бәйдібек байдың жылқысының жөнін сұрастырады. Бір қауіпті сезіктенген Нүрила оларға жылқыға шауып, әуреленбеулерін ескертеді.
Қарақшылар өзенге барса, Боралдай суы кенересінен асып, бұрқырап жатады. Олар өзен жағалап өткел іздеп, ары өтетін жол таппайды. Суға түсіп кетіп, аттарынан айырылады. «Әлгі кемпір тегін адам емес екен. Барып кешірім сұрайық», – деп қарақшылар Нүрилаға қайта соғады. «О, қасиетті Ана, кешіріңіз! Айтқаныңызды тыңдамай осынша пәлеге ұшырадық! Оң батаңызды беріңіз, елімізге қайтайық!» – деп жалбарынып, жалпаяды.
Әлгі қарақшылардың қолбасшысы: – Диһнат мама! – деп оған тағзым етіпті. – Сіз маған шын ана болдыңыз. Нағыз әулие екенсіз – деп, өле-өлгенше Нүриланы «Диһнат мама» деп атап өтеді. Міне, осы оқиғадан кейін, Бәйдібек бидің кіші әйелі Нүрила «Домалақ ана» атанып кетіпті.
Домалақ ана ақылына құлақ аспаған Бәйдібек
Ел аузында Домалақ ана жайында аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: "Бәйдібек өз заманында асқан бай адам болған. Бірде қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын айдап кетеді. Бұл уақытта Бәйдібек ауылда болмаған екен. Содан жау шапты деген хабардан соң, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нүрила: «Бай-еке, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей-ақ өзі ауылға келеді. Жауды қумаңыз, осы тілегімді беріңіз!» – деп өз отауының белдеуінде байлаулы тұрған, асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр алған бетінен қайтпай, жолға шығып кетіпті. Дегенмен, Бәйдібек жасағы қалың жаудан ойсыра жеңіліп, алты баласынан айырылады. Арада алты күн өткенде шығыстан Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Жаудан өзім айдап келе қоям деген тілегі болмаған Бәйдйібектің жылқысын Домалақ ана үйде отырып-ақ, түгел қайтарып алса керек".
Бауыржан Момышұлы Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы қалам тербеген екен. «Бәйдібек балаларына енші бөлгенде, өзінің қатты жақсы көрген сұлуынан туған ұрпағына үлесті мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақты қалдырады екен. Бұл аздай, Домалақ енені балаларымен жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жылдай уақыт өткенде, баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік көбейіп кетеді. Ал, шалғай жайылымға кеткен Бәйдібек болса үлкен жұтқа тап келіп, жоқшылықта қайтыс болаған екен. Мұны естіген Домалақ ене Бәйдібек бабаны арулап жерлеткізеді» – деп жазады Б.Момышұлы.
«Домалақ ана» туралы драма, ән, опера
«Домалақ ана» әнінің авторы Нышан Төлегенов.
Кенде емес қой бұл қазағым ақыл берген данаға,
Кенде емес қой бұл қазағым ақ сүт берген анаға.
Теңізімнің тамшысындай арналады бұл әнім –
Елін сүйген қасиетті Домалақтай анаға
Елін сүйген қасиетті Домалақ ана
Қиратқан соң тас-талқан ғып қасиетті мазарын,
Ата-баба әруағы салмай қойды назарын.
Бәлкім әлде содан болып жүр ме екен өмірде
Ұрпағыңның бұл күндері тартып жүрген азабы.
Толғанайын, айналайын, Домалақ ана
Көп адасқан ұрпағыңды кешіре гөр ардағым,
Әруағыңмен желеп-жебеп жүре берші әрдайым!
Қадіріңді, қасиетіңді кеш білсем де әз Ана,
Есіміңді әнге қосып мәңгілікке жалғайын!
Толғанайын, айналайын, Домалақ ана
Риза болшы қолда барға, Домалақ ана!!!
2007 жылы Түркістан қалалық сазды драма театры Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» атты драмасын сахналады.
1999-2005 жылдар аралығында композитор Д.Ботбаев өз шығармашылық жолының шыңында 2 акт, 8 көріністен тұратын «Домалақ Ана» операсын жазды (опера алғашқыда «Домалақ-Ене туралы аңыз» деп аталды). Опера либреттосын жазған М.Исақбай, Н.Оразалин.
Намаз үстінде көз жұмған
Бір күні Домалақ ана түс көреді, түсінде Бәйдібек баба қасына шақырып жатыр екен. Бұл түстен соң, Домалақ ананы Ташкенттен Боралдайға көшірмек болады. Осылай жолға шыққан олар үш күн дегенде Бала бөгенге жетеді. Осы жерде Домалақ ана балаларынан «о дүниелік болып кетсем, Бәйдібекеңнің қасына қойыңдар. Егер жолда өлсем, ары-бері сүйремеңдер, сол жерге қойып, басыма белгі қоярсыңдар» деген тілегін айтады. Домалақ ана өзеннен беті-қолын жуып, дәрет алып, кіші бесін намазын оқып, дұға етеді. Бетін сыйпап енді ұмтыла бергенде, орнынан тұра алмай, о дүниеге аттанып кете барады. Сөйтіп, 1456 жылдың 28 мамыр айында 78-ге қараған жасында қасиетті әулие ана Нүрила (Домалақ ана) дүниеден өтеді. Ал кесене болса, XI-XV ғасырлары бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған.
Кесенеде жүрген қандай елестер?
Кесенеге келушілер елестер туралы жиі айтады. Кейбіріне бала көрініп, енді біріне төрт түлік мал елесі көз алдарына келеді кекен. Тіпті кейбірі суретке түскенде ақ жамылған баланың бейнесіне куә болса, тіпті біреулерінде өздері емес, орындарында ақ әжінің сұлбасын көріпті. Сол секілді бұл мазараттан шыққан дауысты естігендер бар. Бәрінен бұрын кесенеден топырақ алып кетуге болмайды екен. Алған адам ауыр дертке шалдығады делінеді. Бұл бейнелер келім-кетімнің барлығына делік көрініп жүрмегенін айта кету керек. Тек адал, ақ жолда жүріп, харам істен аулақ болсаңыздар болғаны.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.