(әңгіме)
— Алты қызыл, бір тал ақ роза ораңызшы.
— Үйден ұзап шықпағаныңызға жеті жыл болды ма?
— Жақындай алмай жүргеніме…
— Әәә.
— Қағазбен орасаңыз…
— Сізден 3500.
Пиджагінің сол жақ ішкі қалтасын қолапайсыздау қарманып, мыртық саусақтарымен ақшасын санай бастады. Артығын қайтармайтындай етіп беруге бес жүздік іздеп еді, қай қалтасының қуысына түсіп кеткенін, таба алмады. Дүниеде қайтарым ақшасын күткеннен артық жек көрері жоқ. «Қалдыра салса қайтеді екен?» — деп табалап тұрғандай. Қалдыратын жерінде қолын созып көрген емен, тек бүгін қалтасы жұқа. Гүл сатушы ізденіп біткенше ертерек шығуға ыңғайланып гүлін қолына ұстап алғанын қайтейін, ақшаны алу үшін сол қолының да бос емес екені есіне түскенде іштегі от бетке шапшыды. Букетті ұстаған қолының саусақтарын шошайтып, ақшаны қыстырып алды да шығып кетті. Дүңгіршек ішнен қарқылдаған қыздың күлкісі естілген. Арқасын тұзды суға салынған жас шыбықпен осып жіберген мына күлкі не деген жиіркенішті еді. Дүние біткеннің барлығы бүгінде тапал бойлы, бұты қысқа өзінің түптің-түбі таз болатынын біліп қойып, мазақ етіп тұрғандай. Кеңсірігі қаңбақ ұшқан даладай кеуіп тұрса да шылым тартқысы келді. Тек, мына дүңгіршектен алыс, көрінбес жерде.
Сол қолындағы қорап пен оң қолындағы орамын орындыққа қойып, темекісін тұтатқанда күн де шылымның шоғындай қызарып, көкжиекке бауырын сипатып, иіген желіндей балбырап бара жатты. Картон қораптың ішінде шкатула мен сурет альбомы бар. Сырты қара, ешбір суреті де, жазуы да жоқ альбом оған ұнауы керек. Қызылды-жасылды ойнақшыған түстер оның көңіліне қуаныш сыйлаған емес. Альбом үш негізгі бөліктен тұратын екеуінің жеті жылдық өмірі. Ауыл. Алматы. Астана.
Алғашқы бетінен бастап суреттер сөйлей жөнеледі.
Бір топ оқушы топырлап сыныпқа кіріп келгенде көзінің қарауылына іліккені сол еді. Мойылдай қара кекілі қасын жасырып, көздерінің үстінен төніп тұр. Тіпті, кірпіктері қағылған сайын кекілдің майда ұштарымен жең жалғастырып қайтатын секілді. Дөңгелек жүзді қараторы қыздың беті өртке оранғандай қып-қызыл. Қобалжып тұрғаны болар. Әйтсе де, қарторының қызыл шырай алғаны қызық екен. Мүсіні шокаладтан құйылған қыздың үстінде ақ көйлек. Тізеге жетпей тоқтаған қара юбканың жиегі балтыр сұлулығының астын сызып тұрғандай. Қара түстің жарық жұту қабілеті өтірік-ау. Аяқкиімінің басы бірігіп, аралары әнтек ашылған қос балтыр терезеден түскен жарықпен шағылысып тұрған секілді. Иегі оң жақ иығына құлай салуға икемделіп тұратын томпақ қара қыз дәл мұның отырған партасының артындағы партаға жайғасты. Кейін байқаған. Оң жақ мойнында ақтаңдағы бар екен.
Бұл топырлаған қыз-жігіт көрші ауылдың 9 сыныптық мектебінен келген оқушылар болатын. Алматыға дейін екі жыл бар.
Қаладағы суреттерде Қара қыздың маңдайы ашылған, алғашқы суреттерден-ақ бойжеткен қыз қадалып қарайды. Бірақ, көзінде бәрі-бір еркелік басым. Жұқалтаң бояу байқалады. Әрбір курс сайынғы шаш үлгісі әртүрлі. Қысқарған, ұзарған, буылған, түйілген. Тек, бұл суреттерде Қара қыздың саусақтары жасырынып қала береді. Ақтаңдақ күйзеліске көп түскен сайын көбейе түседі екен. Студенттік жылдардағы жігіттің жындылығының табы да.
Көз алдына Қара қыздың келін болып, ата-ана, туған-туыстарына шәй құйып отырғаны елестеді. Сыпсың ауыз, сумаңдаған абысындар оның саусақтарына сұқтанбай қоймайды…
Басын шайқап, көз алдында келе беретін осы бір елесті қууға тырысты. Шылымы өз өзін шегіп болған екен. Қайта біреуін тұтатты.
Осы бір қорқынышты елестерден арылу үшін кейде ұзақ түн Қара қыздың ақтаңдақтарын түгендеумен болады. Барынша жанарына сіңдіріп, әрбірін әртүрлі нәрселерге ұқсастырады. Әрбір рет ренжісіп, қайта табысқан сайын жаңа біреуі пайда болып қалмады ма деп ұрланып қарайды. Бірақ, араларында қанша кикілжің, ренжісу болса да: «Қара қыз күйзеледі-ау» деп қараған емес. Ол: «Жаның ауырмайды!» — дейді. Бұл бар ойын айтуға қауқарсыз.
Бүгін көшеден 1 қыркүйек күнінің ауаны сезілген жоқ. Қатардағы күнтізбеден жұлып тастай салатын күндердің бірі дерсің. Бірақ, бұл үшін, түптеп келгенде Қара қыз үшін жәй күн емес. Өмірлеріндегі, әсіресе, жақсы көретін адамымен өткен әрбір күндеріне ескерткіш қоюға даяр тұратын қыздардың қашаннан әдеті емес пе? Қолына сыйлығы мен оралған гүлін ұстап орынан көтеріле бере, кілт тоқтады. Қараңғылықпен астасып қарақошқыл тартқан роза гүлдерінің арасындағы жалғыз ақ гүл қар басқан даладай жанарын қарып өткен-ді.
«Ауыстыру керек. Бәрін қып-қызыл етіп сыйлау керек». Ойына келгені осы болды. Тек әлгіндегі дүңгіршектен емес. Алтаудың ортасындағы жалғызды суырып алып, ағаштың түбіне еппен қадады да, басқа дүңгіршектен қызыл розаның бір талын сатып алып, қайта оратты.
Қолында жеті тал гүл болғанымен, үш жылдан кейінгі сыйлап тұрған гүлі осы екен. Жаңа ғашық болғандай қобалжып келеді. Таныс иіс шыққан сияқты. Жақындап қалған қыз қасынан өтіп кеткенше қайта-қайта қомағайлана демалумен болды да: «Аффекшн!» — деді. Қара қыздың сыныпқа алып келген ең алғашқы иісі осы болатын. Ол тұра қалып сыртына байқатпай өзін иіскеледі. «Жұрттың иісін біз сеземіз. Олар біздікін сезсе…» Біреу аңдып тұрғандай қуыстанып, қайта аяңдады.
Осы бір ауданға көшіп келгеніне көп болған жоқ. Бір біріне қарама-қарсы орналасқан үйдің батыс жағындағысында тұрады. Екеуі де ескі үй. Бір кездері әппақ болған. Қазір біраз жерінің ағы түсіп, жалаңаш бетон қабырғалары жылтылдайды. Қара қыз екеуі асханаларында шәй ішіп отырғанда:
— Мына үй маған ұқсайды екен, — деп еді.
— Неге?
— Сыртқы келбетін айтам.
— Әә.
Бірақ, ұқсастық ұзаққа созылған жоқ. Енді бұл үй де онымен ұқсаудан іргесін аулақ салғандай, сыртын боятып жатыр. Ақ түске бояса мейлі ғой. Қызылды-жасылды бірдеңе. Осы көшіп келген аз уақыт ішінде жанының жақын бөлшегіне айналып келе жатыр еді. Балконға шығып шылым тартқан сайын ағы түсіп, бетон жылтылдаған жерлерінің таптарын Қара қыздың ақтаңдақтарына ұқсататын. Енді ол да жоқ! Аулаға кіре бере байқады, қарсыдағы үй боялып бітіпті. Ақ түсті бояуын аққала салуға сақтаған баладай үйдің сыртын күлгін түспен баттастыра салыпты. Кеудесі қобыздың көнегіндей ісініп кеткенде, қобыз көрмеген біреу ысып-ысып жібергендей көмейінен көріксіз дыбыс шықты. Ішегінен дөп басам деп қызыл кеңірдегінен тас қып ұстап, қылқындырып барады. Қобыз еңсесіне мініп ап, осы бір қарғыс атқыр күйді ойнағысы келген пәленің саусағы қайнаған қорғасынға матырылсын.
Өзі тапал жігіттің кеңірдегінен алған ойлары иығын бұлақ басынан қайтқан қыздың иін ағашындай иілтті. Иін ағаштың екі басында су емес, қорғасын дерсің. Батысты тырнап қанға бояған жалғыз саусақты жезтырнақ іңірдің тырнағының табы көрінді аспанда. Бұл кербездің он төртке толуына он күн бар. Қара қыздың оң мойнындағы ақтаңдақ түңгі судың бетіне түскен сол айдың он төрті секілді. Ал, он төрт айдың дер шағы. Оның ең сезімтал тұсы да сол. Неге осы жігіт пен қыз бір-біріне қарсы келгенде еріндер бір-бірімен мойынның оң иыққа құлауы арқылы қауышады екен? Осылай көп қыздың оң жақ мойыны өлең жазылмаған ақынның қойын дәптерінің ақ парағындай болып қала береді.
Гүл ұстаған жігіт үйге кіргенде үстел үстінде шырағдан тұрған. Ал, үстел жанында жігіттің осы сәтке дейінгі ауыр ойларын көзіндегі күлкісімен тас-талқан етіп Қара қыз бұған қарай қозғалды. Алғашында ол өзінің осы уақытқа дейінгі ойлаған ойларының көшінен қалып, ескі жұртта жер бауырлап жатқандай абдырап қалды. Бірақ, шаршағанына қарамай бойы жеңілдеп сала берген.
— Ал, мейрам құтты болсын!
— Құтты болсын! Құтты болсын!
— Жеті жыл шыдаған мен де – ер.
— Сонда мына гүл маған ба, өзіңе ме? – деді гүлді салатын вазаға су толтырып жатып.
— Сенімен өткен әрбір жылымның қазасына.
— Онда маған он төрт гүл керек екен де!
Гүлді суға салып келіп, әдетінше жігіттің мойнына орала кетті.
— Әдемі болып кетіппін бе?
— Қап-қарасың ғой.
— Сері ағымен жүріп, қарасына тоқтамас па?
— Байланбас па деңіз.
— Сірә, сені байлап ұстарсың. Тар тұсауыңды кеңіткен сайын жақын жайылып жүрген өзің емес пе?
— Еее, өзгенің өрісінде түн қатып оттаған жылқының жаясы қалың болады.
— Әңгімені сауырыңа жиған жаяға тартпай, жусансыз жайлауды жерсіне алмаймын десеңші одан да.
— Жат жерге жалымды төсетпес қайыс болса бір сәрі, қыл арқан құрықты қайтем мойындағы?
— Ол не құрық?
— Мына құрықты айтам да, — деп жігіт мойынындағы қыздың білегімен өзін барынша қылқындыра түсті.
— Ал, тамағыңды әкел.
Екеуі де ас ішіп қарық қылмады. Қыз әр сыйлықты аударып-төңкеріп сұраумен, жігіт түсіндірумен болды. Екеуі диванға қатар отырып альбомды ашып ескі суреттерін ақтарғанда жігіттің көзі альбомның әр бетін ашып отырған қыздың саусақтарында еді. Қазір Қара қыз қолдарын жасырмайды.
Әулеттің жеңгелерін ойлады. Бірақ бұрынғыдай қорқыныш болған жоқ. Жарыққа ұзақ қарап, көзіңді жұмғанда көз алдыңда ескі кадрдағы суреттердей қалып кететін бейне секілді ақтаңдақтар теңбіл атқан жоқ.
— Қарсыдағы үйді көрдің ба?
— Иә. Талғамсыз қыздың шашының түсіндей қылыпты ғой.
— Ол енді саған ұқсамайды.
— Аспанда ай бар емес пе.
— Оның да бетін адам таптады…
— Бірақ жүзіндегі қара теңбілдер сол қалпы. Сұлулығы сонда.
— Жезөкшеге арналған жыр да әлемдік поэзияның жауһары болып қалғаны секілді.
— Әдебиетте жезөкшелер болмайды-ау.
— Неге?
— Пушкин Аннаны жезөкше ретінде сүйген жоқ қой немесе біз неге Томпышты қорғағымыз келеді?
— Мүмкін.
Балконға шығарылған көрпе-төсек мұздап қапты. Екеуі екі көрпеге оранып, жылытып алғанша біраз жатты. Көрпеден мойындары ғана қылтияды.
— Сен мен туралы жазасың ба?
— Жазам!
— Қалай?
— Қоштасу мен сағыну жайлы сөздерден шаршаған шығармыз…
— Өмірлеріңде болған, тіпті болмаса болатын оқиғаларға өнер турасынан қарайтын қатігездіктеріңді қашан қоясыңдар?
— Мысалы?
— Мысалы, мен өлсем сен қайғырасың ба?
— Сен де сұрадың…
— Жарайды. Бірақ, қанша қан жұтып тұрсаң да, сенің жазушы деген екінші жартың миыңның бір қыртысында сол қиналғаныңды бейсаналы түрде қағазға түсіріп жатады ғой.
— Әбден мүмкін.
— Сүйген қызбен қоштасып тұрып та онымен қоштасуды емес, сол қоштасудан кейінгі жазылар дүниені ойлап тұрады.
— Мүмкін, қалам ұстағандардың көбі бақытсыз келетіні сондықтан шығар.
— Шын беріліп қуанып, шын беріліп қоштаса алмайды олар. Эгоизмнің шыңы – осы нүкте.
— Бұл аурудан сен ада секілдісің? Суретшілік көшедегі көрінгеннің портретін салу емес шығар?
— Мүмкін. Менің бұл қауіпті аурумен жалғыз ауырғым келмегеннен болар саған жамап жатқаным.
Ашық тұрған балконның есігінен жеңіл самал еседі. Бөлмеде дымқыл тыныштық бар. Жігіт қыздың қобыраған қалың шашын тарап қайырып, маңдайынан иіскеді. Төмен жылжыған ерінінің сызықтары қыз ерінінің сызықтарымен перпендикуляр қиылыса жеңіл сүйді де, орнынан тұрып кетті. Сіріңкенің шағылған дыбысынан соң, балконнан түтін көтерілген. Қарсы беттегі үйге қарағысы келмей, балкон жиегіне арқасын тіреп тұрып:
— Әйгерім? – деді.
— Ау?
— Екеуміздің бүгінгі әңгімеміз театрдағы диалогқа ұқсап кетті, байқайсың ба?
— Тым пәлсапашыл боп кеттік-ау. Ұйықтайық.
— Иә. Жақсы ұйықта!
— Сен де!
Жігіттің балконнан кірген соң да біразға дейін көзі жылтырап жатты. Қай жағымен жатса да тастың үстінде жатқандай дөңбекши берді. Жазсам ба деп бір оқталған. Бірақ, бүгін түнде қатырмасын білді. Негізінен, еріншектігі осы мәмілеге сендірген еді. Кірпіктері ілініп бара жатты.
Ауылда жүр екен. Тойдан кейін сырттағы үстелдерді жиыстырып жатыр. Бір үстелде туыстары жиналып алған. Әйгерім шәй құйып отыр. «Ее, тәтті шәй екен», — дейді. Бәрі көңілді. Тек Әйгерім мүлдем басқа. Анықтап қанша қарайды. Өзі. Бірақ, бір нәрсе жетіспейтін секілді. Апай-топай, түс қойыртпақтанып Қара қызды құшақтап тұр екен. Оң жақ мойнынан иіскеп тұрып, оның бойынан жеңіл тоқ соққандай болып өтер дірілді сезе алмады. Көзін ашып еді, оң мойнындағы он төртінші айдың судағы бейнесіндей ақтаңдақты таба алмады. Қолдарына жармасып еді, онда да жым жылас. Өзінің құшақтап тұрғаны басқа қыз секілденіп, сілкініп барып, оянып кетті. Жалма-жан Айгерімнің көрпесін жұлып ап, көзіне таныстың бәрін түгендей бастаған. Орнында екен. Бауырына тарта құшақтап, ұзақ иіскеді.
— Не болды?
— Сенен топырақтың иісі шығады.
— Қандай топырақ?
— Өзіміздің ауылдың топырағы да.
— Әйгерім?
— Ау?
— Көшейікші.
— Неге?
— Қарсы үйдің кеспірі қашты!
— Біз бағанан бері не айттық?
— …
— Айтпақшы, терезеден әрқашан қарсы үйге қараймыз, біздің үйді боямап па?
— Білмеймін.
Қара қыз ұйқыдан ояна салып сөйлегеніне ұялып, аузын көлегейлеп теріс айналды. Бірақ, бәрі-бір оның аузынан шыққан жұпар ауаға тарап кеткен болатын. Сол жұпардың сынықтарын мұрнымен іздеп жүріп қомағайлана тыныстап жігіт жатты.
Сурет ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.