Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі...

07.09.2023 6999

Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі 12+

Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі - adebiportal.kz

Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі жарық көрген сәтте-ақ оқырмандарға ерекше әсер еткені белгілі. Әсіресе, студенттер қауымы әңгімедегі протогонистің шешімін талқылауға бейім. Өйткені әңгіме оқиғасына ұқсас жағдайлар өмірде жиі кездеседі, әрі сюжеті де студенттерге таныс жағдаяттардан алынған. Автордың көркемдік концепциясы шығарманы оқудан бөлек, интеллектуалдық тұрғыда адресатты ізденуге, оқуға итермелейді. Әңгімені оқып бастамастан бұрын оқырман квантқа байланысты басқа кітаптарды, ең аз дегенде интернеттегі ақпараттарды шолып шығуы мүмкін. Шығарманың түпкі концепция, идеясын бағамдау да, квант теориясын ұғынуға тікелей байланысты. Діннен бөлек, ғылым саласы дүниенің жаратылуы, дамуы жайында қандай тұжырымдарға келді деген мәселелер жайында ойлануға итермелейді. Автор оқырманмен еркін диалогқа түсе отырып, қабылдаушы ортаны да өзі жүріп өткен жолға бағыттайды.

Әңгіме композициясындағы айнала, орта, тақырып, сюжет желісі, протогонистік, қосымша кейіпкерлер авторлық интенцияны түсіндіруге септеседі. Автордың басты артықшылығы – еркін қалам сілтей алатындығында. Сөйлемдер сауатты құрылған. Жазу тәсілі қалыптаса қоймағанда автор квант теориясын көркем шығармашылық аясында түсіндіруге бекінбес пе еді, бәлкім…

Квант теориясынан ұғынғанымыз, жарық, сәуле құбылысы бір-бірімен қиыспайтын, сандаған түзу кванттардан тұрады. Автордың өзі айтқандай, адамның таңдауы да квант секілді. Мысалы, пендеге тап кемпірқосақ жолағы немесе күн сәулесі секілді бірнеше сандаған таңдау жолы беріледі. Кейіпкер-автордың ойынша бір нәрсеге таңдау жасағанда (мысалы, үйлену) қателесіп-қателеспеу емес, таңдау жасау маңызды. Яғни, адам болжаммен ғана өмір сүреді. Адамның өмірі тек таңдау мен шешімнен ғана тұрады. Кәмиләға немесе Арайға үйленбесе – Бекболдың жеке таңдауы болар еді. Сондай-ақ, кванттық физикадағы атақты «Шредингер мысығы» тәжірибесіне сәйкес, бірнеше шындықтың бірін ғана таңдауымыз қажет немесе таңдауға мәжбүрміз. Жазушының түсіндіруге ұмтылған басты концепциясын «адам», «тағдыр», «уақыт», «Құдай» сынды бір-бірімен желілес концептуалдық кешен арқылы интерпретациялауға да негіз бар.

Әңгіменің шиеленіскен тұсы соңында шешімін тапқан. Кейіпкер таңдау жасады. «Бар істеген күнәсін мойнымен көтеруге бар (Бекбол/Бек – А.Ахметова). Бірақ қайсысын көтерген жеңіл? Үш жылдан кейін көріп, жалғыз рет жанына түнеп, жатырына жан бітірген арғы жағы бұлыңғыр Арайдың ба? Жоқ әлде, жеті жыл жүріп, кеше ғана сеніміне селкеу түсірген Кәмиләның ба?». Кейіпкер өз әрекетінің мотиві мен шындықтың – Араймен қарым-қатынасының нәтижесіндегі шындықтың түбіне жетеді. «Қонақпен» көріскеннен кейін Бекбол мен Арайдың арасындағы мәселе шешіледі. Кейіпкер жағдаятты жан-жақты сараптап барып, мәселенің ақ-қарасына көз жеткізіп, таңдау жасайды. Қалай әрекет етсек те бүтін ғалам Ұлы Рухқа – Жаратылысқа бағынатыны анық. Ғылым да әлемді мінсіз үйлесімдікте ұстап тұрған Сананың бар екендігін уақыт өткен сайын мойындап келеді.

Әңгімедегі оқиғалар желісі мұқият, назар сала оқымаған реципиентті шатастыруы мүмкін. Туынды сюжеттерін сараптап қорыту үшін оқырманнан жоғары интеллектілік коэффициентті (IQ) қажет ететіндей. Мысалы, әрбір детальға фокус жасап оқымасаңыз, кейіпкер-жігітті жасық, жігерсіз деп тануыңыз әбден мүмкін. Өйткені сүйіктісі Кәмиләнің екі-үш рет Land Cruiser-ден түскенін байқаса да ол туралы сұрауға батылы бармайды. Шын мәнінде, Land Cruiser иесі мен қыздың арасында қандай қарым-қатынас болғаны кейіпкерге де, оқырманға да белгісіз. Бір тұста ғана нарратор аталған көлік Бекболға «таныс, университет автотұрағынан көрген болса керек», келесі бір тұста «таныс секілді» дейді. Бірақ нақты, көз жеткізілген әрекет емес. «Есіктен кіре сыртында жирафтардың суреті бейнеленген «Саванна» пакетіне толтырылған бөтелкелерге сүрініп құлай жаздады. Іші толған сыра. Ешбірі ашылмаған. Бөлмедегі үстел үстінде түгесілген вино мен орталап қана ішілген бір бөтелке сыра тұр. Терезенің алдында бұл шекпейтін Winston. Екеуі бірге жататын кездегідей етіп қос төсек салынған. Оның бір бұрышында Кәмилә». Бұл үзінді де шешімге келуге нақты дәлел емес. Көріністің Бекболға арналуы да ғажап емес.

Қалай болғанда да оқиғаға баға беру, шешім шығару үдерісі оқырманға жүктелгендей. Осы міндет үдесінен шығуға тырыса отырып, жігіттің сүйіктісі Кәмиләға қатысты қадамы (шешімі) ақылға қонымсыздау көрінеді. Land Сruiser иесімен кездескен сәттегі сүйіктісінің әрекеттеріне (машинадан түсуі, түнделетіп жүруі, т.б.) куә бола тұрып, бірауыз сөз қатпауы сенімсіздеу шыққан. Машинадан шыққан сәтте бірден дәріханаға барған себебін Кәмилә кейінірек түсіндіреді. Бірақ онда да жігіттің сұрауынсыз, Кәмилә өзі айтады. Одан кейінгі қос төсек, ішімдік толы бөтелкелер, қымбат темекі жатқан бөлме интерьері ше?.. Яғни, адам пендеге тән қызғанышқа беріліп, сұрақ қоюы заңдылық. Әңгімеде бұның себебін түсіндіретін ешқандай көркемдік деталь кездеспейді.

«Құрметті жас жұбайлар, мына жерге қол қойыңыздар! Сонымен, Бекбол Рысқұлбек және Кәмилә Нұртай. Сіздерді заңды некелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты болыңыздар!». Кейіпкерлер арасында қалыпты өмір қайта орнайды. Кейіпкер-адам тағдырға бағынып, тек таңдауын жасады. Ең бастысы, кейіпкер өз әрекетінің оң, теріс жағын сараптап, жауапкершіліктен қашпайды.

 

Автор азаматтық әрі шығармашылық тұрғыда еркін. Жүйесіз һәм жалғандығы, шарттылығы басым қоғам адамдарды-кейіпкерлерді сансыратып, мәнділігінен айырғандай. Досханның әңгімелерінде қазіргі қазақ қоғамының күнкөріс тауқыметі, ақша табу, банктерге несие төлеу проблемасы өте дәлдікпен, шынайылықпен бедерленеді. Әсіресе, «Матрица» әңгімесінде өте шебер берілген. Оқып отырып, сол кейіпкер өзің екеніңе шүбәң қалмайды. Қарызға белшесінен батқан қоғамның ішкі жан-күйін, уайымын асқан сезініспен жеткізуге тырысады. Біз талдап отырған әңгімеде студенттің білім алу үшін емес, шәкіртақыдан құлап қалмаудың қамымен бармақ басты, көз қысты әрекеттерге дайын болуы адам жанын сыздатады. Бұл қоғамдық жүйенің бір көрінісі ғана.

Оқырманға автордың өмірлік тәжірибеден түйген мынадай сөйлемдері әсерлі ұғынылуы мүмкін: «Өтірігі өзіне ғана аян адамға сенім арта қараған көздерден артық қандай ауыр жаза болсын», «Сен үшін (бәлкім еркек атаулыға – А.Ахметова) нәтиже маңызды, мен үшін (жалпы әйелзатына – А.Ахметова) процесс, – деді де...» Оқырман да үнсіз бас изеп, келісуі мүмкін.

Қысқаша айтқанда, соңғы жылдары әдебиетке келіп жатқан буыннан, әсіресе, жастардан қазақ көркемсөз өнерін жаңа сапаға, деңгейге көтеретініне сеніммен қараймыз. Олардың әдебиетке қояр өзіндік қағида, өлшемдері бар. Оның ішінде «Квантпен» қоса, басқа туындылары да оқырманның сана-сезіміне, көңіл-күй ауанына, жалпы жан-дүниесіне терең қозғау салған Досхан Жылқыбайдың орны ерекше тұрады деп үміттенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар