Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Дулат Исабековтің «Тіршілік» (DİRLİK) кітабы түрік...

Дулат Исабековтің «Тіршілік» (DİRLİK) кітабы түрік тілінде жарық көрді

16.12.2025

3897

Дулат Исабековтің «Тіршілік» (DİRLİK) кітабы түрік тілінде жарық көрді - adebiportal.kz

Ыстамбұл қаласындағы Рами кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 34 жыл, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. 

Аталған шара аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабековтің «Тіршілік» (DİRLİK) атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапқа жазушының «Тіршілік», «Бекет», «Өкпек жолаушы» повестері енген. Түрік тіліне аударылып жарық көрген бұл жинақ – қазақ-түрік әдеби байланысын нығайтуға бағытталған маңызды басылымдардың бірі. Кітапты түрік тіліне аударған белгілі аудармашы, қазақ-түрік мәдениетіне үлес қосып жүрген Ашур Өздемир.

Әдеби кешке Қазақстан Республикасының Түркиядағы алғашқы бас консулы Ержан Уәйіс, Рами кітапханасының басшысы Әли Челик, ғалым Ораз Сапашев, ақсақал Арыстан қажы Шәдетұлы, қоғам қайраткері Бешир Жаналтай, «Қазақ елі» журналының бас редакторы Ертолқын Гайретуллах, сондай-ақ түрік зиялы қауымының өкілдері қатысты.

Төрт бөлімнен тұрған іс-шара сағат 13:30-да ресми ашылу салтанатымен басталды. Кешті ұйымдастырушы – «KAM-US» баспа үйінің басшысы Айдемир Гүлтекин ашып, жобаның мән-маңызына тоқталды. Қазақстанның Түркиядағы алғашқы бас консулы Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйлеп, тележурналистика саласында Дулат Исабековпен әріптес болған жылдарын еске алды.

Одан кейін сөз алған Рами кітапханасының басшысы Әли Челик қазақ-түрік әдеби байланысына, соның ішінде Дулат Исабековтің түрік тіліне аударылған повестері мен пьесаларына кеңінен тоқталды. Келесі кезекте Қожабаева Динара сөз алып, кештің мазмұндық маңызына назар аударды.

Құттықтау хаттар алғыс хаттарға ұласып, Алматы қалалық кітапханалар жүйесінің басшысы М.Е. Бектембаевтың атынан М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жетекшісі Әлия Іңкәрбек Рами кітапханасы ұжымына және кітапты дайындаған Айдемир Гүлтекинге ыстық ықыласын жеткізді.

Шараның әсерлі сәттерінің бірі – түрік жастарының Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқуы болды. Екі күн бұрын өткен «Қара сөз» оқу байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

«Тіршілік» кітабының тұсаукесерінен кейін «Қазақ әдебиеті: кеше, бүгін және ертең» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan