Егер «поэзия – адам жанының бостандыққа ұмтылуы» болса, бүгін біз аз-кем сөз шығарғалы отырған жас ақын Еламан Төлеутай да сол жолда. Ұлы сөздер елін іздеп тоқымқағар сапарға шыққан ұлға сəт-сапар тілеген Тыныштықбек көкесінің «Арманымыз ғана біздің өмірдегі еркіндік» деген сөзі ойға орала берді. Еламанның өлеңдерін оқыған сайын, əртүрлі ізденістер табын көріп, еңбек пен табандылықтың аңқыған иісімен кезекпе-кезек қауыштық та отырдық. Оны өлеңдері арқылы «бостандыққа» ұмтылған, «еркіндік» аңсаған күміс айдарлы жасыл қанат құс бейнесінде елестеттік. Шыдаммен шыңдалудың, тынымсыз еңбектің, қажырлы ізденістің қажет екенін ерте ұққан сынды. Себебі ол «маңдайын ұлылардың қасиетті күрсінісіне сүйгізіп» үлгерген жас. Әдебиет порталы талғамы биік оқырмандарына әр сенбі сайын бір жас ақынның өлеңдерін аға буынның пікірімен қоса назарларыңызға ұсынуды дәстүрге айналдырып келеді. Ендеше, патша көңілдеріңізді поэзия көтерсін!
«Дәуірлерден оза жаңғыруым керек...»
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын: Ешқандай асыра айтқандық емес, біздің Жоғарғы Билігіміз мемлекеттік Тілмен санасуды мүлде қойғандай, яғни, Қазақтың Ата Тіліне қазір кәдімгідей қауіп төніп тұр. Ал, қауіпті сезінген парасатты адам сақтана қалып, қорғанысын ғана ойламай, қандайда бір жасампаз қаре- кетке де көшеді. Кейінгі кездері талапты қазақ жастарының арасынан «ақырып теңдік сұрарлық» жас ақындардың көптеп шыға бастағаны да сондай қауіптің аса жойқындылығын көрсетсе керек. Самдағайлап шыққан солардың бірі – Еламан Төлеутай деген азамат. Болашағынан үлкен үміт күттіретін нағыз Талант. Қош. Көнедегі культтік термин ретіндегі «АДАМ» атауымен бір туысатын аса қасиетті сансыз сөздеріміздің бірегейі – «ДЕМ» сөзі. Ол сөз жай ғана тынысты ғана білдірмейді, «Рух-Жан» яки «ИІС» (жұпар; Жұпар Рух; Жұпар Тек) дегенді де айтады. Ертедегі Исі Қазақ (Рухы-Тегі жұпар Қазақ) Еламан оны жақсы білген. Еламанның «Алар демім» атты жырынан да біз генеа- логиялық Жадта жұпар сақталып қалған сондай ұлы ұғымдардың өнегелі бір өткір кескінін анық байқаймыз: Демім, саған симай келем, Аласартпай тұлғамды... ...Ұмытуға қимай келем, Сенен де қымбат бір жанды. Осы бір-ақ шумақ Өлеңге Өмірді сүю де, Рухты қастерлеу де, адамдық үшін құрбандыққа бара Еламан Төлеутай Талғатұлы алатын Ақыл мен Жүрек те, бәрі де сыйып кеткен! Сезімдерді асқақ ән қылуым керек. Жанды ұғуым керек, Сырымды... Дәуірлерден оза жаңғыруым керек, Қалдыруым керек жырымды! Еламанның ақындық азаматтық серті, міне, осындай! Ендеше, Тәңірім жолын оңғарсын! Қызыр болсын жолдасы!
Шығар шыңы биік болғай!
Арман ҚАНИ
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріндегі жас таланттардың бірі Еламан Төлеутайдың өлеңдерінде ой мен сезім өзара үндесіп өріліп жатыр. Университет аудиториясында жүріп поэзия әлемінің табалдырығынан аттаған студент ақын өмір мен өлім, махаббат пен зұлымдық тәрізді аса күрделі мәңгілік тақырыптарды Шығыс шайырларынша сызылта жырлайды. Пәлсапалық ойларын бейнелі сөздермен бедерлеп беруге құштар, әсірелеп кесек сөйлеуге де бейім.
«Маңдайымды Ұлылардың қасиетті күрсінісіне сүйгізіп,
Таңдайымды көз жастарының қасіретті дәміне күйдіріп,
Мен сол Өлім тауының қатпар-қатпар көкірегін қарс айырып,
Алып ұйқыдағы Жүрегіне жыр жазып, жұлқуға аттандым,
Алдыма Әлемді уәзірше бас идіріп»,- дейді «Сертбастау» өлеңінде.
Тармақтардың бунақтары мен буындарының әркелкілігі, ішкі ұйқастардың жиі кездесуі - Еламанның формалық ізденістер үстінде жүргендігінің белгісі сияқты.
«Кешірсе мені ғалам кешірер,
Анам кешірер үндемей.
Өсірсе мені Далам өсірер,
өсексіз,
сөкпей,
күндемей.
Қорғаса мені алып қорғайды,
Олалыпты мен Тау дедім.
Қорласаменідаңққорлайды,
Одаңқты мен Жаудедім»- деп жырлайды.
Дұрыс-ақ! Осындай ойлы шумақтар зерделі оқырманды бей-жай қалдырмас. Тек бір «әттегене-айы» кейде ішкі ұйқастарға тым әуестенуі салдарынан туындаған «Түсінсе мені Қалам түсінер, адам түсінер демеймін. Түсірсе мені адам түсірер, Қалам түсірер демеймін...» тәрізді ой қисыны жағынан үйлесімсіз жолдар ұшырасады. Өйткені «Адам» мен «Қалам» сөздері ұйқасқанымен, мән-мағынасы бір-біріне кереғар емес, сондықтан екеуін қарама-қарсы мағынада пайдалануға болмайды ғой. Сәрі, «Жаратылыс» өлеңіндегі сол шумақ:
«Түсінсе мені Адам түсінер,
Пенде түсінер демеймін.
Түсірсе көрге пенде түсірер,
Адам түсірер демеймін...» - деп жазылса,
адамгершілік пен пендешілік ұғымдарының киесі мен кесапаты айқын көрініс тауып, айтылар ой нақтыланатын шығар.
Әрине, сөз патшасына деген ақадал көңілін әспеттейтін әрі мехнаттышығармашылық жолында сағы сынбай сағым арасындағы алыс армандарына өршелене ұмтылатын рухты жастар күні ертең-ақ ақындық шеберлікке де қол жеткізетіні анық. Еламан да солай. Өз басым көп уақыт өтпей-ақ Еламан Төлеутайдыңкөкірегіндегі мөлдір ойлар мен жүрегіндегі ақ бұрқақ сезімдердің тумысы өзгеше бекзат өлеңдерге айналатынына бек сенімдімін.
Жас таланттың шығар шыңы биік болғай!
Маңдайымды Ұлылардың қасиетті күрсінісіне сүйгізіп...
Еламан Төлеутай Талғатұлы - 1998 жылы 20 шілдеде Қарағанды облысы, Ақжал кентінде дүниеге келген. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.
СЕРТБАСТАУ
Түйсіктегі жан демінің лебіменен сезіп тылсым рух барын,
О, кешегі сапарымнан ұққаным:
Ғұмыр – ғасырлық күрсініс пен дәуірлік көз жастың
Ұлы қосындысы екен,
Онда,
Өлім тауынан да биік менің шықпағым.
Маңдайымды Ұлылардың қасиетті күрсінісіне сүйгізіп,
Таңдайымды көз жастарының қасіретті дәміне күйдіріп,
Мен сол Өлім тауының қатпар-қатпар көкірегін қарс айырып,
Алып ұйқыдағы Жүрегіне жыр жазып, жұлқуға аттандым,
Алдыма Әлемді уәзірше бас идіріп.
Қиясында Өлімтаудың ақ таң атар арай шашып, ағарып,
О, мен сонда жүрегімді шайып арай шуаққа періштеше тазарып,
Пейішке аттанам жаңарып,
Өлімтаудың төбесінде Күн Садақтың ең соңғы Нұр Жебесі қадалып.
Түйсіктегі жан демінің лебіменен сезіп тылсым рух барын,
Өмір деген Ұлы шешім қабылдай ала білу екен менің ұққаным.
ЖАРАТЫЛЫС
Жылатса мені жел жылатады,
Жел уатады уатса.
Құлатса мені ел құлатады,
Ел ұнатады ұнатса.
Құшағына алса Аспан алады,
Əкемдей ұғар ол ұқса.
Көзінен таза жас тама алады,
Ұлы бір баққа жолықса.
Кешірсе мені ғалам кешірер,
Анам кешірер үндемей.
Өсірсе мені Далам өсірер,
өсексіз,
сөкпей,
күндемей.
Қорғаса мені алып қорғайды,
Ол алыпты мен Тау дедім.
Қорласа мені даңқ қорлайды,
О, даңқты мен Жау дедім.
Сүйіктім болса, Ай дер ме ем оны?...
Тəкаппарлығын тəрк еткен.
Сүйенішім болса, Жай дер ме ем оны?...
Қаһарын шашып жарқ еткен.
Түсінсе мені Қалам түсінер,
адам түсінер демеймін.
Түсірсе мені адам түсірер
Қалам түсірер демеймін...
Тексерсе Уақыт тексерер мені,
Тексерулерге сол шебер.
...Тарих сөгеді сөксе егер мені,
Тарих көреді көрсе егер.
***
Жүрегімнің қағыстары арасында сен барсың,
Қағыстардан сәлемхаттар жолдармын.
Жанарымның қарасында сен барсың,
Кірпігіммен қорғармын...
Менің алар демім де сен,
өмірімнің бастауы,
Соңғы демім де өзің боласың аяулы...
Өз ішімнен сендей нұрлы, сұлу әлем ашқалы,
Өзім де ыстық нұрға айналуға таяумын.
Күнім,
Менің кеудем – сенің мекенің,
Сәулеленген іңкәрлікпен ізгі, пәк.
Кеудемді ашсам ғазиз ғалам арайланып кетеді,
Күллі дүние бір-біріне іңкәр болып біз құсап.
Бізге Тәңір жазды ма екен өлмеуді?
Жүрегімнің көп сыздауы мәңгі еместігімнің белгісі?..
Демім бітіп,
ақ құс жаным тастай ұшса кеудемді,
Кетермісің қанатына байланып ап сен де ұшып...
АЛАР ДЕМІМ...
Алар демім, болар ма едің,
Осыншалық аяулы?!
Сен оята алар да едің,
Ұйықтата да ояуды...
О, ең ұлы Құдіреттім,
Бибі Иесі жанымның!
Қадыр Қожасы бұ жүректің,
Табынсам саған табындым!
Бибі Иесі, о, жанымның,
Өзіңе мұң шағайын:
Бұ жағым – зар,
О жағым – мұң,
Қай жағыма барайын?
Бар – енуге,
Жоқ – шығуға,
Екеуі де тығырық.
Мұңды Жырға топшыдым да,
Еніп кеттім жүгіріп.
...Алар демім, қимас демім,
Үзілесің сен қашан?
Өмір саған сыймас еді
Құдіретті болмасаң.
Адамзаттың сүйіктісі,
Тәтті ең қандай, тәтті едің?!
О, өмірдің ұйытқысы,
Нұрлы, шерлі сәттерім.
Ей, Әкемнің ең қиналып,
Алған демі-ай, ең соңғы!..
О, өлгенге сенбей, налып,
Алған демім ең сорлы...
Демім, саған симай келем,
Аласартпай тұлғамды...
...Ұмытуға қимай келем,
Сенен де қымбат бір жанды.
ШЫҒЫС ҚЫЗЫНА
(Төлеген мелодикасымен)
Кеш, күнім, мені!..
Жүрегімдегі жібек Аспанның ысиды саған жұлдызы...
Иісіңді аңсаймын, қар астындағы иіскеп уыз - гүлді үзіп.
Жүрегім неге дір ете қалғыш үніңді естісе күй сыңды,
Үр-Өмір ме деп ілкі Дүниені Үркерден келген Үр Қызы?!
Тәкаппарлығынды көріп алған-ау,
о, сонда таулар қарап паң,
Шығыста ұяң, жылы жүзіңді өбіп алған-ау Таң атқан.
Сұлулықтар мен тұңғиықтарын ғарышқа құйып жатқанда,
Жартысын сенің жанарына әкеп төгіп алған - ау Жаратқан!
Кірпіктерің –ай, төменге қарап жымисаң - ілер һош гүлін,
Көңілге жағар сыр күткенім –ай, жыр түрткенім-ай кешқұрым.
Өрекпіп тұрған асау мінездің кесірінен сенің балғын, пәк
Үмітің менен Ерке сезіміңді үркіткенім-ай...
Кеш, күнім!
Кеш, күнім, мені!..
Жүрегімдегі жібек Аспанның ысиды саған жұлдызы...
Иісіңді аңсаймын, қар астындағы иіскеп уыз - гүлді үзіп.
Жүрегім неге дір ете қалғыш үніңді естісе күй сыңды,
Iлкі Дүниені Үр-Өмір ме деп Үркерден келген Үр Қызы?!
ҚАРЛЫҒАШЫМ
Сәуір.
Бал сәт.
Өмірді аңсап жарылған шақ қауыз таң...
Қарлығашым, көңілді ән сап көкте қанат қағысқан.
Мен өзіңмен көктем-елін іздеп келіп алыстан,
Қош аңқыған көктеменің ақ таңында қауышқам.
Содан бері көңіл отын бір өшіріп, бір жақтың,
Бірақ, жаным, бұйырары анық бізге бір бақтың.
Батыл сеніп тұрақтадым жүрегіңе дастан боп -
Жүрегіңде жатыр сенің жаратқанға бастар жол...
Иіскеші бір көкірегіме сіңіп қалған бақ иісін,
Қош көктемнің ұмыт болған жұпар иісін танисың.
Жұмақ-Тамұқ – қос бөктердің арасында адассам,
Аппақ арым сияқтанып алаулайтын Ақ үйсің.
Әр кірпігің ақжалын нұр, шыдай алмас Мен Шері.
Жан-жарым, бұл жан шіркінің – құдіреттің ең шегі.
Жанымызды айырбастап алайықшы, аяулым,
Түсінші енді, Тәңірден де қызғанамын мен сені...
СОҒЫСУ
Соғыс аштым мен бір Ұлы!
Қаруы – ар,
Ақыл,
Сана.
Тоқтатпаймын енді мұны,
Қандай дұға оқылса да...
Бұл – ғасырдың соғысы Ұлы,
Тəкаппарлық күйреу үшін
«Мен» мен «Меннің» соғысуы
өр кеудемді билеу үшін.
Ұлы дəуір өзегінде,
Ащы шер боп жатпау үшін
Соғыс аштым өз - өзіме,
Өз «Өзімді» сақтау үшін...
Арым менің – арыстаным,
Əждаһаға тырнақ басқан.
Арманымды алыстағы
Тұр ол қорғап , ұрлатпастан.
Соғыс аштым мен бір Ұлы!
Қаруы – ар,
Ақыл,
Сана.
Тоқтатпаймын енді мұны,
Қандай дұға оқылса да...
ШЫҒЫС ШАЙЫРЛАРЫНША
Үп еткен самал, о, бірде,
болса да дауыл,
Сүюден асқан бақыт жоқ ақынды, күнім!
Ертең-ақ аңыз ғып айтар тамсана дәуір,
Гәнжауилерше жыр қылар атыңды бүгін.
Ақынды сүю – ләззат!
Сүй жүрегіңмен!
О, мұндай отты ғажап күш жоқ ақын үшін.
...Жүрегімді өртеп, алауға күйдіре білген,
Сүйемін хақтың дәл осы жаратылысын!..
Сүй, қалқатайым, мейлі, түн айыптасыншы!
Шәһзаб - жыр үшін жүректі сүй таңға дейін...
...Жалт етіп сосын от жанар, ғайыпқа сіңші,
Сейфүлмәлік боп сенделіп жиһан кезейін...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.