Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Елімізде «100 кітап» сауалнамасы басталды...

23.04.2025 986

Елімізде «100 кітап» сауалнамасы басталды

Елімізде «100 кітап» сауалнамасы басталды - adebiportal.kz

Еліміз бойынша кітап оқу мәдениетін ілгерілетуді көздеген жаңа ұлттық жоба – Ұлттық кітап күні тұңғыш рет атап өтілуде.

Осыған орай бүгін Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Қазақстанда алғаш рет аталып өтіп жатқан «Ұлттық кітап күні» аясында «100 кітап» сауалнамасының таныстырылымы өтті.

Игі бастаманың таныстырылымын ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин былай деп өтті: «Қадірлі кітапсүйер қауым, өткен жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында Мемлекет басшысы елімізде, кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында арнайы бір күнді «Ұлттық кітап күні» деп бекіту туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастама қолдауға ие болып, міне, бүгін алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтудеміз. Бүгін бүкіл республика бойынша түрлі шаралар, жиындар өтіп жатыр. Бұның барлығы елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттау, ілгерілетуіне бағытталған. 

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – таңдаулы деген жүз туындының тізімін ғана жасақтау емес, сауалнама барысында азаматтар осы авторлардың туындыларын талқылауға шақыру. Сауалнама eGov порталы арқылы жүргізілетін болады. Еліміздің кез-келген азаматы арнайы анкета дайындалған eGov Mobile қосымшасына тіркеле отырып, өзінің он үздік таңдаулы кітаптарын ұсына алады. Бұл кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін. Тарихи шығармалар, көркем әдеби, балалар әдебиеті, фантастика, детектив тағысын тағы басқа жанрдағы кітаптар.

Сауалнама үш ай бойы жүргізілетін болады. Жүргізілген сауалнама нәтижесін біз тамыз айында, Абай күнінің қарсаңында жариялайтын боламыз. Әрбір отбасы өзінің кітап сөресінде тұратын кітаптарының тізімін анықтай білсе, екіншіден сол авторлардың туындыларын әдеби талқыға түсіруге, қосымша баспа жұмысына да жаңа бір серпіліс берсе, сауалнаманың оң нәтижесі осы болады деп ойлаймыз», - деп сөзін қорытындылады. 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Айдос Сарым:

«Көптен бері айтып, көтеріп жүрген игі іс мемлекеттік шараға айналып отыр. Біз ұлы жолдың басында тұрмыз. Ұлттық кітап күні мейрам болып, аталып өтіп жатыр. Осындай талғамды қалыптастыратын, оқырманды ізденуге бағыттайтын іс-шаралардың көп болғаны талғамды, оқу рейтингін көтерері анық. 

Әр елде әртүрлі дәрежедегі университеттердің өз-өздерінің жүз томдығы бар. Жалпы азаматтарды осындай қадамға итермелейтін, талғамын қалыптастыратын дүниелердің болғаны, оған біздің жастардың, жас оқырмандардың атсалысып: «Мен осы кітаптардың жүзін оқыдым, сексенін оқыдым, мынадай қызық кітап тауып оқығым келеді»,- дейтіндей деңгейге жетсек. Біздің баспагерлердің де сол тенденцияға, трендке қарай отырып, қай кітапты қанша шығару жағын қолға алуы жеңіл болар еді.

Дамыған елдерде жүздеген әдеби-шығармашылық конкурстар болып жатады. Оның ішінде әртүрлі оқырмандар үшін, жастар, үлкен кісілер деп бөлініп жатады. Детектив жанры өзімен-өзі, фантастика жанры өзімен-өзі дегендей. Соның нәтижесінде баспагерлерге азық болатын, жаңа автор іздейтін, жаңа талғам қалыптастыратын дүниелер көбейе береді деп сенеміз», - деп сөзін аяқтады.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы, Ұлттық құрылтай мүшесі Ләззат Танысбай: «Құрметті әріптестер, құрметті кітап сүйер қауым! Елімізде бірінші рет аталып отырған «Ұлттық кітап күні» құтты болсын! Осы мерекеге орайластырып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан мырза керемет бастама көтеріп отыр. Бұл бастаманың маңыздылығын біз болашақта дамыған мемлекет құрамыз, санасы ашық, көкірегі ояу өркениетті қоғам қалыптастырамыз десек – балалардың, жастардың қазір кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Бұл жобаны қолдау барлығымыздың ортақ мүддеміз, ортақ миссиямыз.  Еліміздегі ең ірі медиақұрылымы, барлық телевизиялық эфирде, радиоэфирде, әлеуметтік желілерде бұл жобаны кеңінен насихаттап, қолдаймыз. Бұл бағытта негізі «Қазақстан» телерадиокорпорациясы біраз шаралар атқарып жатыр. Өткен жылдары Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» романын, Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасын телехикаяға айналдырған едік. Биыл сегізінші-тоғызыншы мамыр күні Жеңістің сексен жылдығына орайластырылып, Ұлттық арнаның эфирінен Сайн Мұратбековтің «Жабайы Алма» шығармасы негізінде түсірілген телехикаяны ұсынамыз. Міне, осы бағытты жалғастыру үшін, осындай сайыс, конкурс, рейтингтер арқылы кітапты, авторды таңдап беру біз үшін өте пайдалы», - деп сөзін түйіндеді.

Жобаға еліміздің кітап дүкендер жүйесінің ірі сатушыларының бірі – «Меломан» кітап дүкендер желісі қолдау көрсетіп отыр. Олар белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар тағайындамақ. Жеңімпаздар арасында ең жас оқырманнан бастап, бүтін отбасымен дауыс бергендер де сарапталып марапатталады.

«100 кітап» – бұл жай ғана рейтинг емес. Бұл – әрбір қазақ оқырманының таңдауы арқылы ұлттық әдеби канонды қалыптастыру, отандық авторлардың мәртебесін көтеру, ұрпақты оқуға, ойлауға баулу жолындағы нақты қадам болмақ.

Сіз де дауыс беріп, ұлт руханиятына үлес қосыңыз, оқырман!

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар