Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына арналған «Еліне қорған болған Ер Медетбек» атты республикалық мүшәйраның марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты жиынға жүлдегер ақындар мен қаламгерлер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, батырдың ұрпақтары және қалың жұртшылық қатысты.
Марапаттау рәсімін мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт әдебиеті мен өнерінің жанашыры, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов құттықтау сөзімен ашты.

Жүлделі орындарды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері, академик Бауыржан Жақып, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медетбектанушы Доқтырхан Тұрлыбек, филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ жанындағы «Жамбылтану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Алмасбек Мауленов, сондай-ақ «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың жетекшісі, ақын Әлия Іңкәрбек табыстады.
Кеш барысында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші-термеші Шаттық Уатқан Сүйінбай мен Жамбыл бабаларымыздың толғауларын орындады. Салтанатты кешті ақын Серік Әкірамұлы жүргізді.

Мүшәйра қорытындысы бойынша:
Бас жүлдені Наурызбек Сарша (Анарыс) иеленді. Оған 500 000 теңге (бес жүз мың) ақшалай сыйлық берілді.
І орынды Ғапу Еркін (Едіге) иеленді. Оған 400 000 теңге (төрт жүз мың) ақшалай сыйлық берілді.
ІІ орынды Әбдіғани Бәзілханұлы (Қынан) иеленді. Оған 300 000 теңге (үш жүз мың) ақшалай сыйлық берілді.
ІІІ орынды Ерлан Аманқожаұлы (Байтұма) мен Көксубай Амантай (Үшқоңыр) иеленді. Әрқайсысына 200 000 теңге (екі жүз мың) ақшалай сыйлық берілді.

Арнайы жүлде Үмітбек Бағдат (Жебе), Бақберген Дариғаұлы (Тайкентай), Көкбөрі Мүбәрак (Қарқара), Нарқұлан Райхан (Бесбоға, Балбалтегі), Жомарт Игіман (Асыл Мұрат), Нүсіпбай Әбдірахым (Ботасаз) сынды ақындарға табысталып, әрқайсысына 100 000 теңге ақшалай сыйлық берілді.
Жүлде қоры Медетбек батыр қоғамдық қоры және Медетбек батыр Есебайұлының ұрпағы, ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің демеушілігімен тағайындалды. Барлық жүлдегерлер дипломмен және Медетбек батырдың 200 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.
Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана
