Елордада тұңғыш рет «Кітапханаға жол» атты ауқымды акция өтуде
Республика күні қарсаңында елордамызда алғаш рет «Кітапханаға жол» атты ауқымды акция өтуде. Акция аясында, алтыншы сынып оқушылары мектеп ұстаздарымен бірге қалалық кітапханаларға барып, тоқсандық демалыс кезінде өздеріне қызық, оқығысы келетін кітаптарын таңдап, оқырман ретінде үйге алып оқитын болады. Кітапханамен мұндай еркін форматта танысу – баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратыны анық. Бұл – оқушы мен кітапхана арасындағы байланысты да жаңа деңгейге көтеретін тың дүние.
2026 жылғы 23, 27 және 28 қазан күндері Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітапханаға барар жол» акциясы ұйымдастырылып отыр. Бұл бастаманың мақсаты – мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау. Сондай-ақ кітапханаға баруды қала тұрғындарының күнделікті мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталынған.

Жоғарыда аталған күндері алтыншы сынып оқушылары мұғалімдерімен бірге елорда кітапханаларына қарай жол тартпақ. «Кітап оқитын ұлт» жобасының аясында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шарада балалар аталмыш жоба әнұранын шырқап, кітап туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айтып, ұлттық нақыштағы атрибуттарды да қолданбақ. Осылайша, балалардың әдебиет әлеміне деген саяхаты кітапханадан басталып, сыныппен бірге қала көшелеріндегі серуенге ұласады.

Акцияның басты ерекшелігі – оқушыларға каникул кезінде өз қалауымен қызыға оқитын кітаптарын таңдауға мүмкіндік беруі. Балалар кітапхананың кітап қорымен танысып, қажет болған жағдайда кітапханашылардан кеңес те ала алады. Бұл игі бастама жас оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларға кітапты дұрыс таңдауды, туындыны оқуға деген талғам қалыптастыруларына да ықпал етері сөзсіз.
Акцияға қатысатын оқушыларға қазақ және шетел авторларының шығармалары мен шытырман оқиғалы, фантастикалық, тарихи және ғылыми бағыттағы әдебиеттер де ұсынылуда. Түрлі жанр арасынан әр оқушы қызығушылығы мен табиғатына сай өз кітабын кез келген тілде еркін таңдай алады.

Айта кету керек, акция алдағы уақытта өзге де өңірлерге таралады деп күтілуде. Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ мәліметіне сүйенсек, «Кітап оқитын ұлт» марафоны жарияланғаннан кейін кітапханаларға 12 576-дан астам оқырман тіркелгені анықталған. Ал жалпы марафонға қатысушыларға шамамен 31 440 дана кітап берілген. Бұл көрсеткіштер арқылы елорда тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғаруға болады.
«Кітапханаға жол» акциясы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын қолдап, кітапты тек мектеп бағдарламасы аясында ғана емес, өз қалауы, жеке ықыласымен де оқуға дағдыландыруды көздейтіні қуантады. Балалар каникулдан кейін сыныптастарымен оқыған шығармаларын бірге талқылап, алған әсерлерімен бөлісіп, тіпті өздеріне ұнаған кітаптарды бір-біріне оқуға ұсына алады.

Ұйымдастырылып отырған аталмыш акцияның алғашқы кезеңіне алтыншы сынып оқушылары қатысуда. Алдағы уақытта мұндай бастаманы жазғы каникул қарсаңында немесе тоқсандық демалыс уақытында 1 және 10 сынып оқушылары арасында өткізуді де ұсынып отыр.

Баланы өз бетімен кітап оқуға баулитын осындай игі бастаманы болашақта дәстүрге айналдыру көзделініп отыр. Өйткені кітап оқып, сол оқыған шығарманы талдау деген түсінік тек мектеп қабырғасында болмаса әдебиет сабағында ғана қалыптаспау керек. Кітап оқу мәдениетін оқушы кезден бойға сіңдіру – осындай қадамдардан бастау алатыны белгілі.

