Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Елорданың шежіресін жазады...

Елорданың шежіресін жазады

23.10.2025

3719

Елорданың шежіресін жазады - adebiportal.kz

Кеше қазақ журналистикасы үшін ерекше күн болды. Бұл күнді қазақ баспасөзінің, елордалық журналистердің ортақ мерекесі деуге болады. Себебі «Elorda aqparat» медиахолдингінің құрамындағы «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ақпарат әлемінде өз даусын танытқанына 35 жыл толды. Отыз бес жыл – бір буынның ғұмыры. Осы уақыт ішінде газет ондаған мың материал жариялады, жүздеген журналистің қолтаңбасын қалдырды, мыңдаған оқырманның өміріне әсер етті. 

1990 жылдың 13 қазанында «Ақмола ақиқаты» атауымен алғашқы саны жарық көрген қазақ тіліндегі тұңғыш аймақтық басылым елмен бірге есейіп, елордамен бірге жаңарып отырды. 1998 жылы «Ақмола ақшамы» болып өзгеріп, кейін республикалық қоғамдық-саяси мәртебеге ие «Астана ақшамы» атауымен қалыптасты. Осы жылдар ішінде басылым қоғам тынысын жеткізіп қана қойған жоқ, қаланың, елдің жүрегін тыңдап, оның соғысын сезінетін рухани арнаға айналды.

 «Астана ақшамының» тарихына көз жүгіртсең, оның әр парағы –  қаланың, елдің тарихымен астасып жатқанын аңғарасың. Бұл газет Тәуелсіздік кезеңінің алғашқы күндерінен бастап елдегі ең үлкен өзгерістерді түгел жеткізіп отырды. Қала көшірілген кезден бастап, алғашқы ғимараттардың бой көтеру сәтінен бастап, әр оқиғаның ортасында болды. «Бәйтеректің» іргетасы қаланған күннен бастап, елорда аспанында алғашқы отшашу атылған түнге дейінгі сәттердің бәрінде осы газеттің журналистері жүрді. Журналистика – еңбек. Бірақ бұл еңбек тек ақпарат жеткізу емес, ол адам жанына әсер ету өнері. «Астана ақшамының» әр нөмірінде осы сезім бар. Мұндағы әріптестердің әрбірі өз саласында еңбек етіп қана қоймай, елдің болмысын, қазақтың қалалық рухын қалыптастыруға үлес қосып келеді.

 

Газеттің еңбегі де, еленген сәті де аз емес. 2002 жылы «Астана ақшамы» Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленсе, 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Нұр-Сұңқар» сыйлығымен марапатталды. Бұл марапаттар газет тарихындағы белестердің бір парасы ғана.

«Елорда шежіресі»

Мерейтойға арналған «Елорда шежіресі» атты салтанатты концерт Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Кештің әр сәтінен үлкен еңбектің, ыждағатты ізденістің, ұжымдық бірліктің лебі сезілді. Ән мен жарық, сән мен сахна көрінісі үйлесім тауып, концерт басынан аяғына дейін бір тыныспен өтті. Шараға газет тарихымен біте қайнасқан ардагерлер, бұрынғы басшылар мен редакторлар, қаламгерлер, тұрақты авторлар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

«Астана айшықтары» фотокөрмесі

Кештің алдында өткен «Объективте – Астана айшықтары» фотокөрмесі ерекше әсер қалдырды. Фото тілшілер Сұлтан Сейіт, Василий Крась және Оңалхан Өнерханның объективінен көрінген қала бейнесі – жай ғана сурет емес, бұл уақыттың, еңбектің, елорданың жүрек соғысының көрінісі. Көрмеде жас Астананың жылдар бойғы ажарлануын, спортшылардың жеңіске ұмтылған сәтін, қаламгерлердің бейбіт болмысын, ел өмірінің ең жарқын мезеттерін көруге болады.

 

 

Фотограф Сұлтан Сейіт былай деді: «2007 жылы сол жағалауда «Бәйтерек» монументі мен бірнеше ғимарат қана бар еді. 2010 жылдан бастап қала қарқынмен өсіп, көз алдымызда түрленді. Бірінші қабаты ғана салынып тұрған Тәуелсіздік сарайы екі айда толық аяқталды. Сол сәттерді көріп, түсірген суреттерімнің бәрі бүгінде тарихқа айналды». Оның сөзінде журналистік қызметтің ең үлкен құндылығы – уақытты ұстап қалу, сол сәтті халық жадында қалдыру екенін ұғындырған терең мән бар. 

Кеш барысында сахна «Елорда шежіресі – 35» деген логотиппен жарқырап тұрды. Бұл логотип – талғам мен ықыластың, кәсіби шеберліктің символы секілді.

Марапаттау сәті де әсерлі болды

 «Astana Aqshamy» бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков пен фотокорреспондент Василий Крась «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Айгүл Уайсова мен Юлия Мендецкая Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасын алды. Максим Удод пен Шынар Жақыпова «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен марапатталды. Бұл тек еңбекке берілген баға емес, журналистикаға деген адалдыққа көрсетілген құрмет еді. Журналист деген – сырт көзге жай қалам ұстаған адам сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол қоғамның жүйкесін ұстап тұрған мықты арқан секілді тұлға. Оның жұмысы таңмен басталып, түнмен бітпейді. Ол күн сайын жаңа тақырыпқа бойлайды, жаңа тағдырмен кездеседі, кейде қуанышты жеткізеді, кейде ауыр шындықты айтуға тура келеді. Бірақ оның бәрінің түбінде елге болсын деген пейіл мен жауапкершілік жатады.

 

Салтанатты жиын құттықтаусыз болмайды

 Президент әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин:   «Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өткен 35жыл – Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуінің айнасына айналған кезең. Осы жылдар ішінде газеттердің әр санында елорданың тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызды оқиғалар мен елдік істер кеңінен қамтылып келеді. «Астана ақшамы» газетінде жарияланған ел тарихындағы тағдырлы шешімдердің жаңғырығы Тәуелсіздік жылнамасындағы айшықты оқиғалар ойлы оқырманның жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленді. Ал «Вечерняя Астана» газеті өз оқырманын сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, қала өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп, мазмұнды да беделді басылымға айналды. Екі басылым да бірнеше мәрте ұлттық және халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болып, өздерінің кәсіби деңгейін биіктетіп, жаңа медиа кеңістігінде лайықты орын алды. Қазіргі таңда «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамына кіретін редакциялар елорданың басты ақпарат көзіне айналып, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Сіздердің қаланың дамуы мен елдің өркендеуі жолындағы шығармашылық еңбектеріңізге табыс тілеймін. Елордамен бірге өркендеп, халқымыздың сенімді ақпарат көзі болып қала берулеріңізге тілектеспін. Қаламдарыңыздан қуат кетпесін», - деп жазылған ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқыды.

Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатын ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес оқыды. Онда: «Құрметті «Elorda aqparat» ұжымы! Сіздерді «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығымен құттықтаймын. Басылымдар елордамыздың тыныс-тіршілігін, қаланың өсіп-өркендеу кезеңдерін газет беттерінде кеңінен дәріптеп келеді. Қос газетте жарық көрген көптеген мақала Астана тұрғындарының мұң-мұқтажына назар аударып, түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етті. Басылымдардың оқырманы әрдайым көп болуына тілектеспін», - делінген.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да құттықтаған екен. «Құрметті әріптестер! Сіздерді отандық ақпарат кеңістігіндегі беделді басылым «Астана ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сонау 1990 жылы «Ақмола ақиқаты» атауымен алғашқы санын жариялаған басылым Тәуелсіз еліміздің тағдырлы кезеңдерінің куәсі әрі шежірешісі болды. Елорда атауының қайта жаңғыруы, Астананы көшіру туралы тарихи шешім, қаланың қалыптасуы мен дамуындағы барлық маңызды уақиғалар газеттің әрбір нөмірінен айқын көрініс тауып, ұлт жадында сақталды. Осы жылдар ішінде «Астана ақшамы» қоғамдық пікір мінбері ретінде елорда тынысын айқын жеткізетін өзекті материалдары, бай мазмұны және кәсіби ұстанымы арқылы оқырманның зор сеніміне ие болды. Басылым қаланың рухани, мәдени және әлеуметтік өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, елордалық журналистиканың көшбасшысына айналды. Алдағы уақытта да қаламдарыңыз мұқалмай, ел мен елорданың игілік жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын», деген құттықтау хатты  ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова оқып, той иелерін 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, марапатты табыстады.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеноқып, құттықтау сөз сөйледі. Бұл хатта да «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері ұжымына елордалық журналистиканың айнасына айналған осы жылдар ішінде бас қаламыздың қалыптасуы мен өркендеуінің бар белесін қалт жібермей, елорда шежіресін қағаз бетіне қаттап келе жатқан, қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің айнасы ғана емес, елордалық руханияттың, қоғам дамуына да қосқан үлестеріне алғыс білдірілген.

 Ия, рас, журналистердің еңбегі көзге көп көріне бермейді. Бірақ қоғамда болып жатқан жақсы істердің жаршысы, ел мүддесінің қорғаушысы, халықтың үнін жеткізуші солар. Олар ел үшін жазып, елмен бірге қуанып, елмен бірге толғанады. Олардың еңбегі сахна жарығындай жарқ етпейді, бірақ оның жылуы ұзаққа жетеді.

Кеш барысында «Тәрбие» сән үйі шапандар шеруі этно сән көрсетілімі болды. Сахнаға шыққан бозбала-бойжеткендердің үстіндегі заманауи әдемі шапандар шынымен де көз тартатын әдемі екен. Концертте Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова сынды өнер майталмандары, сонымен қатар «Қорқыт» этно фольклорлық ансамблі, «Жастар театрының» артистері, «Айналайын» балалар хоры өнер көрсетті.

 

Суреттерді түсірген Өнерхан Оңалхан.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan