Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Еркін форматтағы сарапшылық кездесу өтті...

Еркін форматтағы сарапшылық кездесу өтті

50

Еркін форматтағы сарапшылық кездесу өтті - adebiportal.kz

Қазақстандық қоғамдық даму институтында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын талқылауға арналған еркін форматтағы сарапшылық кездесу өтті. 

Кездесу барысында жиналған көпшілікке мына негізгі мәселелер талқылауға ұсынылды:

- Цифрландыру мен жасанды интеллекттің кең таралуы жағдайында 30 жастан асқан азаматтардың кітап оқуға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға қандай шаралар мен тетіктер ықпал ете алады?

- Оқуды насихаттауға ықпал ететін кітап клубтары, оқырман қауымдастықтары, баспалар, кітап дүкендері және тағы да басқа қоғамдық әрі коммерциялық бастамалардың дамуы  үшін қандай жағдайлар қажет?

Оқу мәдениетінің дамуына қандай кедергілер әсер етуде? Оларды қалай еңсеруге болады? 

Осы сынды көпті ойландыратын сауалдар ортаға тасталып, сала сарапшылары арасында қызу талқыға түсті. 

Кездесудің мақсаты – Президент Жарлығын негізге ала отырып, халықтың оқу мәдениеті мен оқырмандық белсенділігін арттыру және бұл бағытта сараптамалық ұсыныстар әзірлеу. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен түрлі кітап клубтары, кітап оқуды насихаттаушы өзге де ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту. Қалыптасқан оқырмандық ортаны дамытудың перспективалы бағыттарын айқындау.

Қазақстан қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Ерсайынұлы Байғалиев кездесу модераторы ретінде сөз бастап, Президент Жарлығында айтылған ұлттық бірыңғай кітапхана қоры жайлы тың ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Азамат Ерсайынұлы отандық авторларды қолдау, балалар әдебиетін дамыту, ақын-жазушыларды ынталандыру, «Халық жазушысы» атағын қайта жандандыру туралы тұшымды пікірін де айтып өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталмыш Жарлықты іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Бүгінде 9 бағытқа негізделген 50 іс-шараны қамтитын кешенді жоспарды бекіттік. Бұл 9 бағыт ішінде заңнамалық, инфоқұрылымдық, цифрлық-ақпараттық бағытта нақты шаралар қамтылып отыр. Жарлықты іске асырудағы біздегі негізгі бағыттардың бірі – кітап ісі саласын құқықтық тұрғыдан жүйелеу. Яғни, біз кітапхана және кітап басып шығаруға қатысты заңнамалық жүйені жасауды бастап кеттік. Арнайы жұмыс тобы құрылып, консультациялық жобасы мен заңдық тұрғыда жұмыс нұсқасы жасалынды», - деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Мырзахмет Алмаз Әмірбекұлы. «Бұдан бөлек Жарлықта айтылған бірыңғай электронды платформаларға қатысты да жұмыс басталды. Болашақта Академиялық кітапхана жанындағы ұлттық электронды кітапхананы жетілдіріп, бірыңғай платформа алаңына айналдырамыз», - деді басқарма басшысы.

Сарапшылардың бірі, заманауи қазақстандық жазушы Илья Одегов жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін қазіргі күнгі «әдебиет жұлдыздары» керек десе, «Astana book club» жасөспірімдер кітап клубының негізін қалаушы Айжан Киманова кітапханаларды заманға сай модернизациялау мен балалармен тайминг арқылы кітап оқу әдісін мектеп бағдарламасына енгізу мәселелерін де айтып өтті.

Кітап оқу – ой-өрісті кеңейтіп, сөздік қорды байытып, сыни ойлауды дамытатынын жақсы білсек те, бүгінгі күні еліміз Халықаралық зерттеулер рейтингі бойынша кітап оқудан 95-орында екені қынжылтады. Бұл CEOWORLD ұсынған 102 ел арасындағы көрсеткіш. Ойлап қарасаңыз, орта есеппен әр қазақстандық жылына небәрі 2-3 кітап қана оқитын болып тұр. Осы тұста кітап оқуды мәдени әдетке айналдыруға септігін тигізер «Кітап оқитын ұлт» жобасы қайта жанданғаны қуантады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan