Ернар Жақсыбаев – Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Қызылоба ауылында дүниеге келген. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері.
ҚАЛАДА
Таңменен таласып ояну,
Көңілді әр неге бұздыру.
Арулар бірінші бояну,
Еркектер көлігін қыздыру.
Адамдар жан-жаққа асығу,
Арпалыс, таласу, кептеліс.
Біреуден айлаңды асыру,
Жасыру,
Елеусіз кеткен іс.
Шамалы кешіксең күтпейтін,
Уақыттар, қашықтық, көлемдер.
Әйтеуір ешқашан бітпейтін,
Несие, төлемдер.
Халықты алдайтын, арбайтын,
Сыйлықтар, ұтысты ойындар.
Ақшасы жоқ адам бармайтын,
Мәні жоқ тойың бар.
Көкесіз нәтиже бермейтін,
Кәсіптер, нәсіптер, жоспарлар.
Үйіңе есепсіз келмейтін,
Ағайын, достар бар.
Қалдырып ұйқыны, күлкіні,
Телефон, хаттар мен қоңырау,
Осылай тынымсыз бір күні,
Өтерсің өмір –ау...
ПІЛТЕЛІ ШАМ
Жап-жарық күнде жарқырап тұрған,
Зар жылап көзді сүртесің неге?
Мұқтаждық еткен кездерде өтті,
Пілтелі шамның пілтесіне де.
Сөнгенде жарық бағалайтынбыз,
Электрикті жамандай, сынап.
Кей кезде таппай жағалайтынбыз,
Көршінің үйін жағармай сұрап.
Сонда да көңіл құлазымайтын,
Ағалар шыңға ертеді шыңдап.
Махаббат үйден ұғамыз айқын,
Интернет емес, ертегі тыңдап.
Сол кездер қайта оралмас әттең,
Балалық кездің жалыны дер ем.
Анкета жазып отырған сәттер,
Пілтелі шамның жарығыменен.
Шулайтын едік жиналып кеште,
Балапандардай ұяласының.
Жарымай кетті сол бір шам еште,
Бір шеті сынық пиаласының.
КӨБЕЛЕК
Ұстағаннан сүртіледі бояуы,
Сұлулығын жояды.
Үлбіреген қанатында дақ болып,
Саусағыңның ізі қалып қояды.
Сұлулықты сезгің келсе ұзақтау,
Оған құрма тұзақ бау.
Өз аулаңа гүл отырғыз жайнатып,
Керек болса басқа баққа ұзатпау.
Байқамасаң жалындаған тұсыңда,
Ұшып кетер бақыт деген құсың да.
Көбелектей көп нәзіктің тағдыры,
Саусағыңның ұшында.
Әр ісіңнің сұрауы бар пейіште,
Бақшаңдағы өз гүліңді иіске.
Бір-ақ күндік ғұмыры бар бейкүнә,
Көбелекке тиіспе.
ИТТЕР -АЙ
Бір күшік балаққа жабысты,
Басында түсінбей үркідім.
Бұл күнде иттермен алыстым,
Көрген соң түр-түрін.
Бір ит бар, ойнақтап кеп тұрып,
Артыңнан иттігін істейтін.
Сен берген асыңды жеп тұрып,
Өзіңді тістейтін.
Бір ит бар, келгеннен иіскеп,
Айналып қасыңда жүретін.
Кеткен соң, кетуі тиіс деп,
Артыңнан үретін.
Бір ит бар, үйіне тез еніп,
Басқаны шулатып ұлиды.
Арандап, мылтыққа кезеніп,
Арландар құриды.
Бір ит бар, арсылдап шығатын,
Әлсізді көргенде құтыра.
Қасқырға кезіксе тығатын,
Құйрығын бұтына.
Бір ит бар тойымсыз, ашынған,
Барыңды байыптап сақтағын.
Бір сәтін күтіп жүр ашылған,
Қазанның қақпағын.
Ит деген адамның досы ғой,
Кей кезде болады пайдасы.
Сәйкестік дегенің осы ғой,
Секілді айнасы.
***
Көзімде мұң, маңдайымда қасық тер,
Біреу мені дүниеге ғашық дер.
Ақын деген зарлау үшін туған жоқ,
Ақындар да болу керек Кәсіпкер.
Қиялданып көрінгендей қарт елес,
Арақ ішіп өлең жазу шарт емес.
Ұлылардың ұлылығын алайық,
Заман түзу, көңіліміз жарты емес.
Қараңғылық күйін кешіп қашанғы,
Жырға қосып отырамыз бос әнді?
Бар жарықты өз қолыңмен өшіріп,
Майшам жағып отырғаның жасанды.
Жаһандану әлеміне жат едік,
Берді Құдай алдымызға әкеліп.
Асан қайғы аңсап кеткен кешегі,
Жерұйықта ұйықтауың қателік.
Сілкіндірер бір сөз керек халықты,
Сынағаннан түк шықпады нарықты.
Мақтаған мен даттағаннан жаттанды,
Оқырман да жалықты…
ШАХМАТ - ӨМІР
Басыңыздан тайып жатса бақ та сынай,
Керегі жоқ алтынның да ат басындай.
Ақ пен қара араласып отыратын,
Өмір деген шахматтың тақтасындай.
Құртамын деп қарсыласты қағынатын,
Шенділері жоғарыға жағынатын.
Шахмат пен біздің өмір егіз екен,
Бір Корольдің бұйрығына бағынатын.
Бұл ойынның теңізінде жүзген еркін,
Көңілі жай, елемейтін өзге дертін.
Ферза деген - тұлға біздің көкелер ғой,
Өзіне сай заңды бұрып, өзгертетін.
Офицердің заңға қызмет ететіні,
Белгілі ғой кімдерге әлі жететіні.
Бір заңдылық қай ойынды алсаңыз да,
Пешкалардың құрбан болып кететіні.
Ойын тұрар қуу менен қашулардан,
Бірін шауып, бірі орнын басулардан.
Ат секілді тұлғалар да кезігеді,
Аттап-аттап өтетұғын асулардан.
Тығырыққа тірелгенде қиналамыз,
Сәті түсіп кейде өмірден сый да аламыз.
Ақиқаты ойынымыз біткеннен соң,
Бәріміз де бір қорапқа жиналамыз.
