I тарау
Ауғанстаннан келген жұмбақ адам. Тосын кездесу
Оқырман әрдайым шытырман оқиғаларға толы кітаптарды жақсы көретіні айдай шындық. Басқаны қайдам, өзім сондаймын. Мектепте үлке-ен кітапханамыз бар. Сондағы жиһан кезуші немесе қазына іздеушілер, саяхатшылар туралы кітаптың бәрін тауыстым десем оллаһи, өтірікші болмаспын. Күнделікті өмірде де сондай таңғажайыптарды іздеп жүремін. Әзірге ішек тартатын ондай оқиғалар кездеспей тұрғаны. Ал мына оқиға немесе Ауғанстаннан келген жұмбақ екі адамның біздің үйге келуінен басталған оқиға мен түгілі сіздің де назарыңызды аударатынына кәміл сенімдімін. Олар аяқ астынан пайда болды. Тіптен олардың сыртқы пішіндерінің өзі ерекше. Тура бар ғой Алладин ертегісіндегі кейіпкерлерден бір аумайды-ау, бір аумайды. Сізді көп ынтықтыра бермей олар туралы әлім келгенше баяндап берейін.
Олардың біреуі — Ауғанстаннан келген көкемнің інісі Аян деген кісі. Қаба сақал. Жасы жетпістің үстінде. Басы соп-сопақ. Үстінде әдемі костюм-шалбар. Неге екенін кім білсін, дипломатын қолынан тастамайды. Қаншама ашамын деп әурелендім, бірақ кодын таба алмадым. Бірақ ішінде не бар екенін шамалап білемін. Көкемнің айтуынша отызыншы жылдарғы аумалы-төкпелі заманда Аян аға Ауғанстан асыпты да, менің көкелерім Өзбекстанда қалып қойыпты. Екінші адам осыдан он шақты күн бұрын пайда болды. Түрік пе, шешен бе, өзбек пе адам білмейді. Аян ағаның айтуынша қазақ. Бірақ мен оған титтей де сенбедім. Мұрны қып-қызыл. Қалың мұртты. Кәдімгі жезмұрт. Ұзын ала шапанын тастамайды. Басында сәлде. Жасы елудің о жақ, бұ жағында. Білгір молда көрінеді. Қоржынында бірнеше Құран кітап бар. Айтпақшы, оның оң жақ бетінде тыртығы көзге бадырайып көрініп тұр. Аздап сылтыңқырап жүреді. Аян ағаның айтуынша әлгінің аты Насырадин. Біз Насыр аға деп кеттік. Үлкендер Молдеке дейді. Ол Аян ағаның майдандас досы көрінеді. Ауғанстанда көп соғыстарда бірге болыпты. Тіптен бір рет Аян ағаны төніп келіп қалған ажалдан құтқарыпты. Сөйтіп аяғына оқ тиген. Сылтып жүретіні сол. Оқырман менен: «Олар туралы несіне айтып отырсың? Жалпы сен өзің кімсің?» — деп заңды сауал қоятыны рас. О-о, қызықтың көкесі осында жатыр. Менің атым — Тәуекел. Биыл сегізінші сыныпқа көштім. Жасым он үште. Бойымның ұзындығы орта бойлы десе де болады. Яғни ұзын да, қортық та емеспін. Сыныбым және өзім жөнінде кейінірек айтармын. Әзірге жаңағы сұрақтарыңызға жауап берейін. Әлбетте толық жауап беруге әлі ертерек. Өзімнің де білмейтін құпия сырларым көп. Бұл таныстыруым сол құпиялардың кілтін табу. Оны сіздермен ақылдаса отырып, біртіндеп ашамын деген сенімдемін. Әрине, мен жалғыз емеспін. Бақы,-жан, Мәдина деген сыныптас достарым және Сәду деген інім бар. Аян ағаның біздің ауылға келгені қызық. Барлық жұмбақ та, құпия да содан басталады. Көкем інісінің Ауғанстанда екенін біледі. Бірақ ұзынқұлақтан «өлді» деген хабар алған. Бауырына дұға да бағыштап қоятын. Тәуелсіздік алғанымыздың пайдасы шетелдерден қазақтар көп келе бастады. Түркиядан, Қытайдан, Ираннан... Бір күні белсебетпен Сәду інім (менен бір жас кіші) екеуміз көрші Таң ауылына барып келе жаттық. Шаршадық. Жолай үлкен канал бар. Соған суға түсуге бөгелдік. Астымыздағы тұлпарларымызды тастай салып, киімімізді шеше-меше суға күмп бердік. Ой, рахат-ай! Мәзбіз. Сәду екеуміз жалақ ойнай бастадық. Ойынның қызығымен байқамаппыз бір кезде қарасақ, канал жағасында қаба сақалды, ерекше бір адам пайда болыпты.
— Әнең қара! Бір адам тұр, — деді Сәду айқайлап сөйлеп. Мен де жалт қарадым.
— Белсебетімізді алып кетпесін. Кеттік! — дедім мен. Каналды бойлап, біраз төмен кетіп қалыппыз. Жағаға жақындағанда әлгі кісі:
— Ассалаумағалейкүм! — деп дауыстай сәлем берді. Біз аң-таңбыз. Сәлем берерімізді, бермесімізді білмей аңтарылып қалған бізге ол қолын берді. Жүзі жылы. Біз қорқып тұрсақ та қолымызды беріп, амандастық. Қолында дипломаты. Үлкеен сөмкесі бар. Оны біздің киімдеріміздің жанына қойыпты.
— Қорықпаңдар! Мен де қазақпын. Және осы өңірдің қазағымын. Келіңдер, отырып сөйлеселік, — деді ол мейірімді дауыспен. Көгалға отырдық. Ол сөмкінің аузын ашып, әдемі гүлді дастархан алды. Асықпай бипаздап жайды. Нан және небір тәттілерді самсатып қойды. Қарнымыз ашып келе жатқан біз сілекейіміз шұбырды.
— Жеңдер, батырлар! Қысылмаңдар! — деп ол бізді дастарханға шақырды. Алдында сәл-пәл қысылыңқырап кіріссек те, содан соң батыл қол соза бастадық. Әп-сәтте опай-топайын шығардық.
— Бәлі-і! Қарындарың ашып қалыпты ғой, — деп бейтаныс аға күлді.
— Аздап ішімізге ел қонды ғой деймін. Танысалық. Менің атым — Аян. Бұрын осы Сарыкөл маңайында туып өскенмін. Біз де атымызды айттық. Ол кісі әңгімесін жалғастырды.
— Мен сона-ау Ауғанстаннан келе жатырмын.
— Ауғанста-ан! — Екеуміз қосарлана айтып, таңданғанымызды жасырмадық.
— Е-е, немене соншама айқайлап. Ауғанстанға кезінде ауып кеткенбіз. Енді атамекенімізге оралдық. Елу жылдан аса уақыт сыртта болдық. Сағындық, сарғайдық. Ақыры жеттік.
— Әп-әйдік адам жылап отыр кемсеңдеп. Сәду екеуміз ыңғайсызданып қалдық. Ол кісі қалтасынан орамал алып, көз жасын сүртті.
— Көңіл жиі босайтын болды. Қартаяйын дедік пе, кім білсін?! Мен мұнда кімге келе жатырмын білесіңдер ме? Ол кісі бар ма, жоқ па, оны және білмеймін.
— Біз де «білмейтінімізді» сездіріп, иығымызды қиқаңдаттық.
— Мүмкін ол кісілер, менің бауырларым тірі шығар. Менің ағамның аты Нұрғали еді.
— Нұрғали! — Мен айқайлап жібердім. — Ол менің көкем ғой. Көке-ем!
— Ол кісі ұшып тұрды. Мен де қарғып тұрып, атаға көздерім ұясынан шығып кете жаздап, аңтарылып қарадым.
— Міне, тамаша-а! — Қорбаң-қорбаң етіп келіп, ол мені құшақтай алды. Енді бір көзімді ашсам аспанда қалықтап жүр екенмін...
II тарау
Дипломаттың ішінде не құпия бар? Тығыз шаруа
— Көк-ее! Көке-е-е!
— Сәду екеуміз белсебеттерімізбен құйындата біздің үйге қарай жақындап келеміз. Иттер үріп, азан-қазан. Сол құйындатқан қалпымызбен аулаға зулап кірдік. Көкем мен апам және көршілер тапшанда шай ішіп отыр. Бізге бәрі таңдана қарап қалыпты.
— Көке! Сүйінші, сүйінші! Ауғанстандағы бауырыңыз табылды. Сүйінші! — Сәду екеуміз тапшанға маңдайымызды сүзе тоқтадық. Ентігімізді баса алар емеспіз.
— Қайдағы бауырым! Ол... ол... — Көкем тұтығып қалды.
— Шын! Шын! Мына Сәду екеуміз бірге көрдік, ол кісімен бірге тамақ іштік. Қазір ол жолда келе жатыр, — дедім мен аптыға сөйлеп.
— Менің атымды атады ма? Оның аты Аян ба? Е-е, Жаратқан Ием, тілегімді қабыл еттің бе?!
— Жетпіс алтыдағы көкем жас жігіттей ұшып тұрды.
— Өліп қалды деп еді ғой, — деп апам уәж айтып еді, көкем ашуланып қалды.
— Тәйт! «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» демей ме? Кешегі соғыста да «өлді» дегендер тірі келіп еді ғой. Ал Ауғанстан деген не, тәйірі. Қой, қой, қарсы алайық. Әй, Берік, ат арбаны жек. Бәйбіше киімімді әкел! — Көкем қайраттанып кетті. Әп-сәтте біздің үй алыстан келген қонақты қарсы алуға сақадай сай тұрды. Ат арба жегілді. Көкем жаңа костюм-шалбарын, ақ көйлек киді. Апам әдемі шәлісін тартты.
— Бол-болыңдар! — Ат арбаға көкем мен Берік жайғасты. Сәду мен және көршінің балалары арба алдында белсебеттерімізбен сапқа тұрдық. Ең алдында мен. Сәду қасымда. Арбаның дөңгелегі шиқылдап, иттер абалап, көшеде келеміз. Адамдар үйді-үйлерінен шығып қарап, аң-таң.
— Ә-әй, Нүреке, не болды, қайда кетіп барасыздар?
— Тіптен тойға жиналғандай ма өздері...
— Көкем маңғаздана оларға қолын көтеріп, ештеңе айтар емес. Біздің қасымыздағы балалардың саны да көбейді. Әне, Аян аға да көрінді. Ыржиып күліп келеді. Балалар «аттарынан» түсе-түсе қалып салтанатты түрде сәлемдесіп жатыр. Көкем мінген арба да жақындады. Ол кісі де көкеме қарай қозғалды... Бәріміз аңтарылып тұрмыз. Не болар екен? Көкем бауырын тани ма? Тым-тырыс. Көкемді Берік ағам арбадан түсірді. Көкем ескерткіш тәрізді. Қарап тұр, кірпік қақпайды.
— Аға-а! Мен ғой Аян! — деп жанұшыра айқайлап жіберді ана кісі.
— Ой, бауырым-ай, аман екенсің ғой... — Көкем кемсеңдеп жылап жіберді. Аян аға да жылады. Құшақтасып жатыр. Қаншама жылдардан кейін кездесу оңай дейсің бе? Менің де көзімнен жас ыршып кетті.
Сарыкөл ауылындағы үлкен жаңалық осы болды. Ағайын-туған, ауылдастар бәрі келіп «көзайымын» айтып жатыр. Біздің ауыл деген осындай. Телефонның біздің ауылға керегі жоқ. Елеңдетер жаңалық әп-сәтте гу-у етіп тез тарап кетеді. Әсіресе, қазір. Себебі, біздің ауылда не көп, жұмыссыз көп. Қолдары алдына сыймай отырған ағайын бір серпіліп қалады. Алдымен сәлем бергеннен кейін жақын ағайындар оны кезек-кезегімен қонаққа шақырып, өз үй-ішін таныстырады. Аян ағаны да сөйтті. Бірақ бір қызық нәрсе ол кісі дипломатын жанынан тастамайтын. Сұрасаң «Сәндік үшін» дейді. «Жетпістегі адамға не сән керек екен?» деп біз күлдік.
Жұрт не ойласа оны ойласын, мен басқаша бір күдікті ойға берілдім. Қандай дейсіз ғой?! Дипломаттың ішінде бір құпия нәрсе бар. Бір рет тіптен Аян ағаның дипломатын ашып, бір нәрсені қарап отырғанының үстінен түсіп қалдым. Мені көрді де ол жалма-жан әлгі нәрсесін дипломатына тез сала қойды. Маған күдіктеніп қарағандай бейне. Бірде көкем мен анамның Аян аға туралы әңгімелескенін құлағым шалып қалды.
— Өзі бір түрлі сияқты. Сол қайнымның өзі ме екен? — деді апам сыбырлап.
— Ұқсайды. Бәрі келіп тұр. Бірақ бойы ұзындау ма қалай? Бірақ ол кезде Аян жиырмаға жетер-жетпес жаста еді ғой. Өскен шығар. Тағы бір белгісі сол жақ жауырынының тұсында үлкен қал бар еді. Соны көру керек, — деді көкем күбірлеп.
— Сандықшасын неменеге қолынан тастамайды. Ішінде алтыны бар ма екен, жүдә? Сұрамадың ба? — Бұл апам.
— Е-ей, неміз бар? Бір рет сұрап едім жақтырмағандай болды. Өзі білсін. Тіптен көп өзгерген. Бұрын ашық-жарқын болатын. — Бұл көкем...
— Міне көрдіңіз бе? Көкемнің өзі де күдіктенеді. Бірақ білдірмейді. Мұны бұлай қоюға болмайды. Бір рет Аян аға әжетханаға кеткенде дипломатты ашайын деп едім аша алмадым. Коды бар. Құпияның кілтін аздап болса да ашқан бір оқиға болды. Бірде үйдің алдында тапшанда шәй ішіп отырғанбыз. Мен досым Бақытжанға барайын деп едім, көкем жібермеді. Үйдің алдындағы жоңышқаны шабуым керек екен. Көкем айтса бітті — орындауың қажет. Қиқаңдасаң — шаруаң бітті дей бер... Енді тұра беріп едім, Аян аға көкеме:
— Аға бір ақылдасатын шаруа бар еді. Ауылдың сыртына шығып келсек, — деді. «Ол не ақылдасатын шаруа?» деген күдік-ой миымда жылт ете қалды. Қол орақты іздеп жүріп те ойымнан осы «шаруа» кетпей қойды...
III тарау
Аждаһа суреті бар тайтерінің құпиясы. Карта
Жоңышқа биыл бітік шыққан. Су көп жылдары жоңышқаны бір жазда төрт рет орамыз. Қазір екінші орымы. Көкем жоңышқаны шалғымен шапқызбайды. Себебі, шалғымен шапқанда жоңышқа бір келкі шабылмай, рәсуә болады. Ал қол орақтың тағы бір пайдасы дестелеп тастайсың. Кейін жинауға оңай. Бәрі құрсын, Аян аға көкеме не айтқысы келді екен?
Кейде мен өзіме түсінбей қаламын. Ойша қиялданып талай жерлерге сапар шегіп келемін. Кейде толқынды асау мұхиттарды кемемен шарлап та кететінмін. Небір ғаламат оқиғалардың ішінде жүремін. Содан кейінгі бір әдетім әр нәрсеге күдіктеніп, өзімше бір құпия сырларды, оқиғаларды іздеймін. Мінеки, көрдіңіз бе, іздегенге сұраған бір құпия сырдың шеті көрініп келе жатқан тәрізді. Мұрным әлденені сезгендей ме, қалай? Жоңышқаны орып жетістірмедім. Көкем мен Аян аға жаңа әзірде үйден шығып кетті. Енді ауылдың шетіндегі төбешікке де жетіп қалған шығар. Ақылдасатын шаруасын сол төбешікте отырып айтатынын жүрегім сезді. Қол орақты тастадым да, әлгі төбешікке басқа бір жол арқылы бет алдым. Жүгіріп келемін. Және көкемдердің көздеріне түспей жетуім тиіс. Алға қойған мақсатым орындалды. Олар әлі көрінбейді. Қалың шөптің арасындамын. Әне, екі шал жалғыз аяқ жолмен көтеріліп келе жатыр. Дауыстары анық естіле бастады. Бәрін шөптің арасынан көрудемін. Көкем самбырлап сөйлеп, әңгіменің қызығына берілген.
— Інжу апамыз ерте кетті ғой. Сен кенжеміз едің. Ерке болатынсың. Ол кезде Жүсіп құдықта жайлаушы едік. Жалпы сен, байқауымша, көп нәрсені ұмытып қалыпсың. Көп адамдарды білмейсің, — дейді көкем. Сәл үнсіздік орнады.
— Мен қатты ауырдым ғой. Осы ауру менің басыма қатты әсер етті. Содан ба қазір айтқанды ертең ұмытып қаламын. Бұл ұмытшақтық деген ауру ғой, — деп Аян аға ақталды.
— Төбенің тура биігінде кішкентай алаңқай бар. Сол алаңқайда көкем ағаштан іскәмейке істеген. Мына жерден маған сол жер анық көрінеді, іскәмейкеге отырғанда мен олардың ту сыртында қаламын. Тура өзім ойлағандай болды. Әне, көріп тұрмын. Көкем таяғын іскәмейкеге сүйеп қойды. Аян аға әдетінше дипломатын жанына сүйеді. Жаздың күні маужырап тұр. Әлі күн қызбаған. Екеуі қатарласа отырды.
— Не әңгіме айтайын деп едің? — Бұл көкем. Міне, қызық! Аян аға дипломатты қолына алды. Әлденелерді тере бастады. Сірә кодын теріп жатыр-ау. Әне, сырт еткізіп ашты. Ішінен төрт бұрышты бір затты суырды да, дипломатын жапты. Қалың қара кленка қапшықтан оралған бір затты суырды. Маған шала көрінеді. Сәл басымды көтеріп, анық көруге тырыстым. Асықпай әлгі заттың орауын жазып жатқанын байқап тұрмын. Міне ғажап! Сырты жүн-жүн теріге ұқсай ма өзі? Кәдімгідей көлемді. Бір метрдей болар. Шынында да тері екен. Аян аға жерге газет төседі. Газеттің үстіне әлгі теріні жайды. Биіктеу жерде тұрған маған енді анық көрінді.
Алдымен түрлі-түсті сурет екен деп қалдым. Жо-жоқ! Карта. Көлдің жарым-жартылай суреті. Көлдің ортасында арал да бар. Ол да жарты. Аралды жағамен жіңішке жол немесе көпір жалғастырып жатқан сияқты. Тері карта тура сол жерден қақ бөлінген. Андыздаған арабша жазу. Терінің бос жерлерінің бәрінде жазу. Аралдан аждаһа қарап тұр. Ол да жартыға бөлінгенін бірден білесің. Себебі тырнақты бір қолы және бір басы ғана бізге қаһарлана қарайды. Тістері ақсиған ауызынан жалын шығады. Аждаһа екі не үш басты болар. Терінің жартысы қайда? Осы суретті қайдан көрдім-а? Қайдан? Көкем ұшып тұрды. Екі көзі теріде.
— Ойбай-ау, Аянжан-ау! Мынау қасиетті теріні елу жылдан бері жоғалтпағансың ба?! Бұл біздің бабаларымыздан бабаларымызға мұра болып келген зат қой...
— Аян аға бір қолын қалтасына салып, ойланып тұр. Жан-жағына сезіктене қарайды. Мен жаққа да көз салған сияқты көрінді. Қорқып кеттім де, қалың шөпке тығыла түстім.
— Білемін, білемін. Бәрі есімде. Мына тері картаның жартысы сізде қалғанын да жақсы білемін. Бірақ бір ғажабы сіздермен қай жерде ажырасқаным есімде жоқ. Ол кезде осы ауыл бар ма, жоқ па, оның бәрі бір түс тәрізді. Қалай көшіп шықтық, бізбен кімдер болды, бәрі жұмбақ маған. Мына басқа тиген соққыдан кейін менің көкірегімде есте қалған оқиғалар жамау-жамау, тесік-тесік құрым киіз немесе үзік-үзік ескі ленталар тәрізді. Бәрі еміс-еміс, күңгірт. Жалпы біз кімбіз, мен кіммін? Мына құпия тері картаны бізге кім, неге берді? Мұның сырын ашсаң әлемдегі ғаламат бір қазынаны табатының анық. Ал оған дейінгі бабаларымыз мынау қол созым жердегі ол қазынаға неге иелік етпей жүр? — деп Аян аға толғана сөйледі. Көкем тері картаға ойлана қарап тұрды да:
— Бұл қасиетті тері. Біздің бабаларымыздың қолына тигенге дейін осы «тері карта» үшін қанша адамның қаны төгілді екен? Шынында да мұнда бір үлкен елдің қазынасы жатыр деседі. Осы көл мен арал туралы аңыз да есіңде жоқ па? — деп көкем Аян ағаға қарады. Ол иығын көтеріп кібіжіктеп қалды. Кенет:
— Жоқ! Жоқ! Ештеңе есімде жоқ! — деп ол жынданғандай айқайлап жіберді де, басын күректей қолдарымен қыса ұстап, жүрелеп отыра кетті. Көкемді қайдам, мен селк ете қалдым. Көкем де таңданып қалды білем:
— О несі-ай! Айқайлама, ел естісе: «Мыналар ұрсып жатыр» деп жетіп келер, — деді кейісті үнмен. Аян аға іскәмейкеге сылқ етіп отыра кетті. Көкем де отырды. Қалтасынан шақшасын алып, алақанына салып жатыр. Аян аға да бірдеңесін ұмытқандай жалма-жан қалтасын қармалады. Темекісін іздеп жатыр. Әне, тапты. Қолдары әлденеге қалтырап бір сигарет алды. Оттығы әзер тұтанды. Бұрқ-бұрқ еткізіп түтінді аузы-мұрнынан шығарып еді, шашалды да қалды байғұс.
— Темекіні қойып насыбайға көшсейші, — деп көкем жаны ашығанын білдіріп.
— Насыбайды да атқанмын. Мына темекі іштегі қайғыңды жақсы басады. Біз енді аға былай істейік. Осы карта туралы не білесіз, айтыңыз. Жасырмаңыз. Екеумізден басқа бұл құпияны ешкім білмесін. Бауыр-бауыр дегенмен, бұл құпияны ешкімге тіс жармауға ант берейік. Менде Құран бар, — деді Аян аға даусы бір түрлі жарықтанып.
— Ой, антың не? Құраны несі? Маған сенбей отырсың ба, немене? — деді көкем таңданысын жасыра алмай. Аян аға ештеңеге көңіл аудармастан дипломатынан әдемі матаға оралған бір затты алды. Орауын жазып еді, жазуы алтынданған кішкентай Құран шықты.
— Әңгіменің, аға, қысқасы жақсы. Бұл оңай шаруа емес. Бұл қазынаны тапсаң ертең миллиардер боламыз. Қазынаны тапқанға дейін құпияны қатал сақтауымыз тиіс. Ол үшін тек анттасу керек. Білдіңіз бе, болашақ миллиардер! — деп Аян аға қарқылдап күліп жіберді. Күлкісі сондай қорқынышты. — Өй, сен мұнымен ойнама! Бара салып ала салатын қазына жоқ ол жерде. Жас кезімде мен де барғанмын. Жынданып кетіп, әзер дегенде емделгенмін. Жынданып, өзін-өзі жұлмалап, тырнап, бірін-бірі буындырып өлген талайларды білем. Ол жерде ғаламат бір құдіретті күш жатыр. Мына терідегі аждаһаның суреті рас. Ол аралда екі басты аждаһа бар. Ойпырмай, әлі есімде, үш жігіт бардық. Үшеуміз де тепсе темір үзетін жігітпіз. Ештеңеден қорықпаймыз. Қаншама қиындықпен барғанымыз құрысын, ақырған дауыс шықты. Тура аждаһаның дауысы. Бүкіл көл жаңғырықты. Жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Ыстық су ма, от па әлде бірдеңе шашылды. Одан кейінгі оқиға есімде жоқ. Көзімді ашсам Жарылқасын деген бақсы-емшінің алдында шалқамнан жатырмын. Қараңғы киіз үйдің іші. Жарылқасын бақсы әлденені бақылдап оқыды, сарнатып қобыз тартады. Таяғы сыңғыр-сыңғыр етеді. Бір кезде саған өтірік, маған шын құсқым келгендей болды. Аузымның керіле арандай ашылғанын білемін. Алдымен бу сияқты ақшыл, қарақошқыл бірдеңе ұша бастады. Жаңа ғана мына дүниеге сыймай отырған мен бір түрлі рахаттанып қалдым. Зірк-зірк етіп бірде қобызын тартып, бірде оны қоя сала бақылдап бірдеңені оқып жүрген Жарылқасын бақсы да гүрс құлады. Біз одан қорқатынбыз. Жыландарды мойнына орап, қайнап тұрған қазанға қолын салатын, қып-қызыл шоқты аузына толтырып шыжылдатып түкіріп тастайтын бақсыдан қорықпай көр, — деді көкем бір қолын тізесіне сала. Аян аға Құранды алдына қойған қалпы көкеме аңырайып қарап қалыпты...
IV тарау
Шаңыраққа атылған оқ. Қош бол, атамекен!
— Ана екеуі қайда кетті? — деді Аян аға бір сәткі үнсіздіктен кейін менің ойымды дөп басып.
— Ол екеуінің тағдырын кейін естідім. Мен көлдің жағасында әлдебір нәрсені айтып, өзімнен-өзім жырқ-жырқ күліп: «Қазына, қазына!» деп айқайлап айтып, сенделіп жүрген көрінемін. Ана екеуінің өліктерін кейін тауып алыпты. Біреуінің өлігі Аждаһа көлдің мына жағынан, екіншісі ана жағынан табылған. Тыржалаңаш, киімі жоқ. Үсті-басын сойғылап, білеу-білеу етіп тырнап тастаған. Ал мен көп ұзамай жазылып кеттім. Теріні көкем кейін Өзбекстанға барғанда берді. Ал оған дейін осы тері үшін көрмегенді көрдік қой, — деп көкем күрсініп қойды.
— Терінің бар екенін білетін басқа да адамдар бар екен ғой.
— Иә, білді. Қанша жасырғанмен біздің жақын аталас ағайынымыз бар еді. Атам Жүсіп: «Содан абайлаңдар. Ниеті жаман. Ол байлық үшін сендерді өлтіруден де тайынбайды», — дейтін. Өлер кезінде атам көкем Ешмұратты, ағаларым Жақсымұратты, Мәтмұратты шақырып алып, осы теріні берді. Ол кезде біз сегіз-он жасар баламыз. Жабықтан қарап отырдық. Әй, сен қасымда тұрдың ғой. Түк есіңде жоқ па? — деп көкем әңгімесін кілт үзіп Аянға күдіктене қарағандай болды. Мен таңданып қалдым. Көкем де мен тәрізді құпияны жасырынып біліпті-ау.
— Өлләһи-біллаһи, ештеңе есімде жоқ, — деп Аян аға қарғанды.
— Әрі қарай не болды? Айта беріңіз.
— Біздің тұқым — момын тұқым. Екі мыңдай қой, жүзге жуық түйе, бір-екі үйір жылқымызды өзіміз бағатынбыз. Отызыншы жылдары Сәбет өкіметі байлардың соңынан шам алып түсті. Ірі байларды тәркілеп итжеккенге айдап жатты. Азын-аулақ біздің малымызды да сыпырып алды. Бір-екі түйе, жылқы қалды. Енді бізді де «бай деп қамайтын болыпты» деген суық хабарды естіп қатты үрейлендік. Әсіресе, қыз алыспайтын Қаңтарбай деген бауырымыздан пәлеге қалдық. Бұтында гәлипе шалбар, кабурасында тапаншасы, басында қызыл жұлдызды шәпкі және қылышы да бар-тұғын. Түсі суық. Көзі тұздай, қалың мұрты бар еді. Бірде біздің әулеттің бас көтерері Мәтмұрат көкемізді үйге жалғыз қамап алып тергегенін білемін. Ол кезде мен жиырмадамын. Сен он сегіздесің. Қаңтарбайдың даусы естіліп жатты. «Сендей шірік құлақтарды тұқымыңмен тұздай құртып жіберемін», — деп Қаңтарбайдың зіркілдегені әлі құлағымда. «Ау, сен өзің кімнің тұқымысың? Біз құрысаң сен де құрисың ғой, қарағым-ау. Біз бай болсақ — сенде байсың», — деп жауап берді Ешмұрат көкем. «Өшір үніңді! Қайдағы бай деп шатастырып отырсың сен мені. Менің тышқақ лағым да жоқ. Мен сендерді құртамын. Онан да сен суретті, теріні әкел!» — деп Қаңтарбай әңгіменің тақырыбын өзгертті. «Бізде ондай тері жоқ. Кім айтты саған ондай өтірікті?» — деп көкем жалтарды. Қаңтарбай қорқытты. Момын болғанмен көкем қайсар екен. Мойындамады. Ағалы-інілі төбелесейін дегенде Ешмұрат, Жақсымұрат, Ергешбай үйге баса-көктеп кірді. «Немене, мені қорқытпақшысыңдар ма? Сәбет өкіметімен ойнамаңдар. Мына тапаншаммен қырып тастаймын», — деп Қаңтарбай екі рет шақыраққа қарай гүрс-гүрс атып жіберді. «Қорқасыңдар ғой-ә? Қорқасыңдар, байдың құйыршықтары, өңшең. Әй, шал! Үш күннен кейін келемін. Теріні дайындап қой. Білдің бе, дайындап қой. Ал сендердің бәріңді итжеккенге айдатамын». Қылышының қыны санын соққылап, тарс-тұрс басып Қаңтарбай атына мінді де, шауып қыр асып кетті. Үрейленіп біз қалдық. Сол кездері «Қаңтарбай келе жатыр!» десе жылаған бала жылауын қоятын.
Ол кеткен соң Мәтмұрат көкемнің жанына жиналдық. «Не істейміз?» Бәріміз жер шұқылап отырмыз. Сәлден соң әркім өз ойын айтты. Соңғы кесімді сөзді Ешмұрат көкем айтуы керек. Ол кісі сәл үнсіз отырды да жөткірініп алып, сөйлеп кетті: «Біздің басымызға қиын күн туды. Екі жол жатыр, бірі итжеккенге айдалу, екіншісі өз еркімізбен Өзбекстан ба, Ауғанстан ба, Қытай ма, әйтеуір, бір жаққа жер аууымыз қажет. Біз екінші жолды таңдаймыз. Тамды арқылы Өзбек еліне кіреміз. Сонсоң көрерміз ар жағын. Ешмұрат, Жақсымұрат сендер үйдегі жылтырақтарды, содан соң теріні алтын сандықшаға салып ертең ерте көш жерге апарып көміңдер. Тыққан жерлеріңді шатастырып алмаңдар. Кейін іздеп келеміз. Ана оңбаған біреу-міреуден естіп келіп қалса, тартып алар. Қалғанымыз ертең кешке салқынмен көшеміз», — деді Мәтмұрат көкем. Бәріміз көңілсізбіз. Туған жер, атамекенді қиып тастау оңай емес. Әйелдер жағы жылап та алды. Еркектер томсарыңқы. Он қанат екі ақбоз үйіміз, бірнеше қараша үйлер... бәрі, бәрі қалады. Малдың біразын кедей-кепшіктерге таратамыз. Жолға бір-екі түйе мен жылқы ғана көшке қосамыз. Жеңіл-желпі көрпе-төсек, шағын бір қараша үйді аламыз.
Ертеңіне қараңғылатып жолға шықтық. Жылап-сықтау. Менің де жан дүнием алай-түлей. Қош! Қош, аяулы атамекен! Енді көреміз бе, көрмейміз бе? Бәріміз қатарласа тізерлеп отырып, маңдайымызды жер-анаға тигіздік. «Я, Алла, өзің қолда!» — деп Ешмұрат көкем гүрр етті...
V тарау
Жат жерде қалған мола. Жынданған адамдар
Ертеңіне күн шыға бір үлкен сайға келіп түйелерді шөгердік. Киіз үй тігілді. Қазан асылды. Самауырға шоқ салынды. Енді тамақ жеп бола бергенде, қарауылда тұрған балалар Байғали, Құттымұрат, Қантай жүгіріп келді: «Үш салт атты келеді!» Бәріміз үрпиіп-үрпиіп қалыстық. «Сақ болыңдар, жігіттер! Неде болса күтеміз», — деді Мәтмұрат көкем сабырлы қалпын бұзбай. Көп ұзамай-ақ мылтықтың гүрс-гүрс атылғаны естілді. Балалар жылады. Жылқылар осқырды. Әне өздері де көрінді. Қаңтарбай! Мылтықтары шошайған тағы екеу. Шоқырақтай келіп, аттан түспеген қалпы біздің жанымызға бір-ақ келді. Жүздері суық. Әсіресе, Қаңтарбай: «Байдың құйыршықтары! Сатқындар! Қашқындар! Уәде қайда, әй, Ешмұрат! Үш күннен кейін келемін деп едім ғой саған!» — деп бүкіл Қызылқұмды жаңғырта шәңкілдеді Қаңтарбай. «Саған ешкім олай уәде берген жоқ. Сені кім шақырды? Біз қайда кетсек те өзіміз білеміз», — деді Ешмұрат көкем нық-нық жауап беріп. «Оңбаған! Иттер өңшең! Біз бұлай келіселік. Ана теріні тастап кет, Ешмұрат. Сонсоң қайда кетсеңдер онда кетіңдер», — деп Қаңтарбай аяқ астынан жұмсарды.
«Ант бұзылмайды. Ата-баба салтынан аттай алмаймын. Босқа әуре болма, Қаңтарбай. Саған ештеңе берілмейді. Сен өз әулетіңді өзің сатып отырсың. Әулетін сатқан адам ешқашан оңбайды. Кері қайт! Бізге істеген жақсылығың осы болсын!» Ешмұрат көкемнің айбынды сөйлегені соншама Қаңтарбайдың өзі бір түрлі жасып қалған сияқты көрінді. Бірақ ол бірден ес жиып, өзгеріп сала берді. Тапаншасын суырып аспанға тарсылдатып атып-атып жіберді. Әйелдер шыңғырды. Еркектер демін ішіне тартты. «Мына қақпас шалды байлаңдар! Алып кетеміз бәрін айдап. Түп-тұқиянымен құртамын, жоямын. Бәрін тінтіңдер. Теріні табыңдар. Ол Сәбет өкіметіне тиесілі. Тез! Тез!» — деп Қаңтарбай шала бұлінді де қалды.
Әп-сәтте біздің шалды байлады да тастады. «Әй, Қаңтарбай! Сені ант ұрсын. Екі дүниеде оңба! Сенің әкең менің туған бауырым емес пе еді? Мен сенің әкең емеспін бе? Әкеңнің аруағы ұрсын!» Бұл — Ешмұрат көкемнің ызалы үні. Әйелдер, балалар жылай бастады. Ана екеуі көрпе-жастықты лақтырып, сандық-әбдірені, қоржын-теңдерді ақтара бастады. Ештеңе табылмады. «Әй, Ешмұрат! Қайда тері? Тап! Тап! Әйтпесе, осы жерде атып кетемін. Менің қайтпайтын қайсар мінезімді білесің!» Бұл Қаңтарбай. «Білгеніңді істе! Саған Сәбет өкіметінің де, біздің де керегіміз жоқ. Саған қазына, байлық керек. Қазына байлық керек болса сонау Аждаһа көлге бар да ал. Ондағы байлық адамдікі емес, халықтікі. Оны дауғып ал, ақымақ! Сәбет өкіметі қазақтың өкіметі емес, ол — орыстікі. Ертең-ақ қаныңды сорып алады. Қаныңды сорғаны — жаныңды сорғаны. Сүйегіңді мүжіп, ертең-ақ күл-қоқысқа тастайды. Ол сары орысқа елің қажет емес, жерің қажет. Оның байлығы қажет. Алдындағы көлеңкесінен басқаны көрмейтін сендей қүұлқынның құлдары қайдан білсін мұны!» — деп көкем ұзақ сөйледі. Бәрі бүгінгідей есімде. «Жап, жап аузыңды, малғұн шал! Сенің тіліңді кесемін, тіліңді! Аш арқасын, жүз дүре соқ! Бәлкім, сонда ақылына келер. Соқ! Соқ!» — деп Қаңтарбай екіленіп кетті. «Маған бер қамшыны, иттің баласы! Мә! Мә!» Дойыр қамшымен Қаңтарбай осып-осып жібергенде, көкемнің арқасы қан жоса болды. Сол кезде қос салт атты ылдиға қарай түсіп келеді екен. Мәтмұрат, Жақсымұрат ағалар екен. Екеуі мына жағдайды көрді де, аңтарылып тұрып қалды. Ендігі бір сәтте көзді ашып жұмғанша ғаламат бір оқиға болды. Қаңтарбай Жақсымұрат ағаның астында жатты. Ана екеуін қалған жігіттер реттеді. Балалар шақырылмаған қонақтарды тепкіледі. Апаларымыз Қаңтарбайдың бетіне түкіріп жатыр. Дәмегүл әжем және басқалары Мәтмұрат ағаны тұрғызды. «Өй, тимеңдер! Неғыласыңдар қолдарыңды былғап. Қаруларын алыңдар. Қолдарын арттарына қайырып байлаңдар. Аттарына теріс мінгізіп жіберелік. Әй, Қаңтарбай! Енді бізді қуып әуре болма! Аман қалдырдым. Соған тәубе де! Құдай жазаңды берер күндердің күнінде», — деді Ешмұрат көкем ауырсынғандай қабағын тыржитып. «Аға! Үшеуінде осында байлап кетейік.
Ертең бұлар бізге пәле болады», — деді Жақсымұрат ызаланып. «Жоқ! Қажеті жоқ. Онан да тезірек жиналыңдар!» Қолы байлаулы Қаңтарбай ызалана айқайлап жатыр: «Сәбет өкіметінің құрығы ұзын. Бәрібір сендерді тауып алып құртамын...» — дейді. Біз кеткенше аузы бір тынбады. Көш қозғалды. Қолы байлаулы үшеу тепеңдеп кері кетті.
Аянжан! Жолда талай қорлықты пен аштықты көрдік жат елде. Шыдадық. Қаңтарбайлардың өзбекке дейін бізді қуып келгенін естідік. Әңгіменің қысқасы сол. Өзбекстанның қалыңына кіріп, тауларды сағалап, өзенді жағалап, Ауғанстанның шекарасына жақындадық. Ешмұрат көкеміз сол шақта қатты ауырды. Сен, Ергешбай екеуіңді көкем: «Қоныс көріңдер!» деп жіберді. Неге екенін білмедім көкем тайтеріні қақ бөлді де, бір бөлігін саған берді. Ешмұрат көкем сені жақсы көретін. Жүрегі бірдеңені сезген болар. «Кездесуге жазсын. Бұл қасиетті тері. Сендерді бір Аллам сақтап жүрсін», — деді сенімен айрыларда. Бетіңнен сүйді. Кемсеңдеп жылады. Мен де сені жақсы көретінмін. Жігітпін ғой. Тамағымда бір түйін тұрды. Еңіреп жылап жіберем бе деп қорықтым. Аянжан, сенің шын атың — Аяған. Сен оны да ұмыттың ба?
— Жә, атымды да, затымды да ұмыттым, аға. Сол таудағы шайқасты да еміс-еміс білемін. Басыма бір соққы тиді. Есімнен танып қалыппын. Тұрсам бір үңгірде жатырмын. Насыр молда дұға оқып отыр екен. Алдында тайтері жатыр. Ажалдан құтқарған сол болған соң тайтерінің құпиясын аштым, — деді Аян аға ақталғандай.
— Бәрін ұмытқанда тайтерінің құпиясы қалай есіңде қалып қойды? — деп көкем тосыннан сауал берді. Сыртынан көріп тұрмын. Аян аға селк ете қалды. Бірақ білдірмеді.
— Білмедім оны. Көкем қасиетті тері депті ғой. Бәлкім, содан болар. Немене маған сенбей отырсың ба? — «Қуын қара» деп ойладым мен шөп арасынан қарап отырып.
— Неге сенбейін? Сенем ғой. Таң қалып сұрап жатырмын. Шынында да сені аман-есен сақтаған әуелі Алла, содан соң осы тайтері.
— Әңгіменің аяғы не болды? — деп Аян аға көкемнің сөзін бөліп жіберді.
— Біз алға жылжи алмай қалдық. Ешмұрат көкем ұзақ ауырды. Кеудесі сырылдап, нашарлап жатыр екен. Күшін жинап, Мәтмұрат ағама басын көтерткізді. «Бауырларым! Балаларым! — деп бастады ол кісі әңгімесін. — Ажалым жақындап келіп қалған тәрізді. Бұл өмір заңы. Бір Алланың жазғанынан ешкім құтыла алмайды. Момын тұқым едік Қызылқұмды, Қарақұмды, Сыр өңірін әрі-бері жайлаған. Одан қызыл бәлшебек деген пәле шықты. Жат жерде жүрміз. Бізге де күн туар. Жақсылық келер. Оны мен көре алмаспын. Бірақ жүрегім сезеді, ол жақсы күндерді сендер көресіңдер. Иншалла, соған жеткізсін. Ең басты, айтар тілегім, ұйымшыл болыңдар. Бірлік бар жерде тірлік бар. Мәтмұратжан, мына қаракөздерді бір Аллаға және саған тапсырдым. Күндердің күнінде елге оралсаңдар менің туған жерге деген сағынышымды жеткізіңдер. Бір өкінішім, туған жерден топырақ бұйырмады», — деп көкем сұлқ отырып қалды. Бетіне көзім түсіп кетті — үнсіз, тұншыға жылап отыр екен. Дәмегүл әжем сорғалап ағып жатқан жасты орамалымен сүртті.
«Жә-ә, көңілім сәл босап кетті, айналайындар. Тағы бір айтатыным мына тайтерінің жартысы Аянжанда. Ол да оралар. Біздің бабаларымызға бір Алланың сенімі бұл. Ол туралы аңызды айтып бергенмін. Аңыздағы патша біздің батыр бабамызға осы тайтеріні сеніп бергенде айтқан сөзді және білесіңдер. Қаншама уақыт өтті. Аждаһалы көлдің сырын ешкім ашқан жоқ. Онда тілмен жеткізе алмайтын қазына жатыр. Ол қазына жеке адамға емес, Қазақ деген халыққа бұйыруы қажет. Тағы айтатын нәрсе Аждаһалы көлдің құпиясын біздің тұқымнан бір бала ашады екен. Ол кім, белгісіз?! Себебі, көлдегі аралға кім барғысы келмеді дейсің! Ақ патшаның өзі де қызыққан. Оның өзі ала алмады. Аралға барған орыстар жынданып өлді. Сондықтан бұған абай болыңдар, Қазақ елім аман болсын. Елден хабар үзбеңдер. Ел іші тынышталады. Орыс кетеді. Сол кезде ораларсыңдар», — деп Ешмұрат көкем әңгімесін сәл үзді. Күшін қайта жинап батасын берді. Данышпан кісі ғой. Таң алдында үзілді. Жылап-сықтадық. Көкеміз тірілер ме? Жат жерде томпайып қала берді. Ол кісінің сүйегі Жекебақта қалды. Бірнеше жылдан кейін Мәтмұрат көкемді өзбектер түрмеге жапқан. Кейін өлді деген хабар естідік. Сүйегі қайда екенін білмейміз. Нұрғали, Төремұрат ағаларымыз соғысқа кеткен. Олар оралмады. Өзбекке сіңістік. Тіптен балаларымыз өзбекке айнала бастағанда қайта оралдық елге. Айтпақшы, Қаңтарбай Шырақшыда отырғанымызда келген. Кешірім сұрап жылады. Кешірдік. Ешмұрат көкем айтпақшы тәубесіне келіпті. Тері жөнінде сұраған. Жоғалтып алдық дедік. Халықтың қарғысынан жаман нәрсе жоқ қой. Қаңтарбайдан тұқым қалған жоқ. Оны елге оралғанда біз көмдік. Бауыр ғой, қайтесің?! — деп көкем үндемей қалды.
— Тайтері қайда сонда? Қызылқұмға көмілген жерден алған жоқсыңдар ма? Әлгі аңыз туралы айтпадыңыз ғой, — деп Аян аға шыдамсыздана сұрақты жаудырып жіберді...
VI тарау
Алтын сандықша. Тайтерідегі сурет. Аңыз
— Отыра-отыра сегізкөзім ауырып кетті ғой, — деп көкем алаңқайда әрі-бәрі жүрді. Шақшасын алып насыбайын атты. Аян аға күміс темекі салғышын сырт еткізіп ашты. Енді көк түтінді бұрқыратып отыр. Мен көріп қоймасын деп қалың шөпке тығыла түстім. Көп ұзамай екеуі қайта отырды. Күн бүгін бұлтты. Әйтпесе, мұндай кезде күн қызып кететін.
— Алтын сандықшаның жатқан жерін маған Жақсымұрат ағам көрсеткен. Сандықшаны аштық. Құдайдың құдіреті де сол, тері түк бүлінбеген. Біз таң қалдық. Маталар шіріп кетіпті. Өзбекстанда жүргенде қысылған бір кездері алтын, күмісті жігіттер жасырын келіп алған.
— Тері қайда? Тері! — деп Аян аға дыбыстаңқырап жіберді. Көкем сасқан жоқ.
— Айқайлама! О, несі-ай, соншама еліргені. Оны әкеліп Аждаһа көлдің жағасына сандығымен бірге көмдік. Талайлар тіміскілеп іздеп жүр. Менен де сұрап қояды. «Өзбекстанға тастап кеткенбіз», — дедім. Әйтпесе, кейбір ақкөздері өлтіріп кетуден тайынбайды. Тіптен біреулері ұрлыққа да түскен. Ескі әбдірені ақтарыпты. Ештеңеге тимеген.
— Аңыз, аңыз жөнінде айтшы, — деді Аян аға дегбірсізденіп.
— Пәлі-ай, әбден асықтың ғой. Ал тыңда ендеше. Бұл оқиға тым ертеде өткен болса керек. Осы өңірлерде, дәлірек айтсақ, дарияның, орай қоршаған иінінде үлкен қала болған деседі. Қала дөңгелей орналасқаннан болар, ел оған Шарқала деген атау беріпті. Ол қаланың бір ғажабы жан-жағын дария қоршаған да, батыс жағында Аждаһа көл жатыр екен. Әрине, ол кезде көлдің аты да басқа болған. Алтынкөл. Сонда қаланың жан-жағының бәрі сумен және алып қамалдармен қоршалған. Сондықтан қандай жасанған жау болса да қаланы ала алмайтын. Сыртқа шыққанда қақпаның бірін ашып, аспалы көпірді түсіре қояды. Негізінен сыртқа көл арқылы шығады. Ол кезде халық Сырдарияны Сейхундария деп атапты. Шарқаланың атағы алысқа кетіпті. Саудагерлер әлемнің әр түкпірінен тынбай келіп жататын. Өте бай қала болыпты. Қаланың жанындағы Алтынкөл де атына сай алтын мол екен. Алтынның көптігі соншама балалар оның түйіршіктерін ойыншық етіп ойнапты, үлкендер түймелерін алтыннан жасапты. Алтынкөлді Шарқаланың самсаған әскері күндіз-түні күзетіп тұрыпты. Қаланың сыртында жүздеген шақырымға егін алқабы созылып жатқан көрінеді. Бұл алқап қалаға береке, ырыздық әкеліпті. Қала тұрғындарының ұстаған діні — Ислам діні. Сондықтан бұл елде имандылық, адамгершілік, ауызбіршілік қасиеттері әрдәйім салтанат құрыпты. Қаланың патшасы да әділдігімен еліне жаққан. Содан болар қалада кедейшілік деген атымен болмапты. Қаланың бас батыры Қазанғап біздің бабамыз көрінеді. Оны жұрт Қазан батыр деп атап кеткен. Байлыққа, алтынға қандай пенде қызықпасын. Сырт елдер қалаға талай шабуыл жасаса да ала алмаған. Әсіресе, батыстан көпірлер қалаға дүркін-дүркін шабуыл жасаса, шығыстан қысық көзді алып Аждаһа мемлекет үнемі қауіп төндірген. Патшаның Мәлика деген қызы сұлулығымен талай жігітті тәнті етіпті. Ол туралы ақындар өлең шығарыпты, суретшілер оның суретін салып әлемге таратыпты. Мәлика бір жағынан ақылдылығымен өзіне көз салған жігіттерді сөзбен сүріндіріп, бетін қайтарып отырған. Қыз біздің бабамыз Қазанғапты ұнатыпты. Қысқасы, екеуі де бір-бірін сүйген. Бос уақыттарында кешке Алтынкөлдің жағасында серуендепті. Көлдің ортасындағы аралға аспалы жол салынған. Осы жолмен әрі-бері қыдырады. Қазанғап батыр домбырамен күй тартады. Мәлика қыз сызылтып ән салады. Патша жалғыз қызының бұл бақытты, шат жүзіне қарап, рахаттанады екен. Қазанғапты да өзінің баласындай көреді. Келер жылы үлкен той жасап, екеуін қосуға патша пейіл танытады.
Күндердің күнінде шығыстағы қысық көзділердің патшасының ұлы қыздың суретін көріп, ғашық болыпты деседі. Аждаһа мемлекетінің патшасы баласының ғашықтығын көріп Шарқалаға құда түсуге адамдар жібереді. Бір жағынан ол патша бұрыннан Шарқаланың теңдессіз байлығына қызығып жүретін. Бұрын да бірнеше рет әскер жіберіп ала алмаған қаланы енді көнбесе, қайткенде де жаулап алуға бекінеді.
Шарқаланың патшасы: «Қызымның басы бос емес» деп келген қонақтарды сый-сияпатпен кері аттандырады. Аждаһа елінің патшасы ашуланып: «Көнсең, көндің, көнбесең қалаңды шабамын», — дейді. Шарқала қаласы жауды қарсы алуға әзірленеді. Көп уақыт өтпей шығыстан қалың әскер де қаланың жанына келіп жетеді. Жау әскерінің көптігі сондай оның қалың шаңынан күн тұтылады. Ұлы жіңгір алапат соғыс басталады. Жаудың әскері шыбындай қырылады. Сонда да қамалды атқылап, шабуылын тоқтатпайды. Сейхундария жауға көп кедергі келтіреді. Қаладан жаңбырдай жауған жебелерден жаудың талай әскері қырылып, Сейхундарияға батып жоқ болады, дария қанға боялады. Аждаһа елінің патшасы дағдарады. Қайтып кетейін десе ұлының ғашықтығы, әсіресе, қаладағы қисапсыз көп алтын жатса да, тұрса да оның ойынан кетпейді. Содан қулығына құрық бойламайтын Аждаһа мемлекетінің патшасы біраз уақыт әскерін кері алып кетіп, қалаға білдірмей саудагер тыңшылар жібереді. Ақыры олар Шарқала патшасының бір уәзірін табады. Уәзір өзі дүниеқоңыз әрі жемқор болып шығады. Ол қаланың патшасы болып, мол алтынын иемденгісі келеді. Алайда арам ойын жүзеге асыра алмай мысы құрып жүреді. Саудагер тыңшылар мұны өз патшасына жеткізеді. Аждаһа елінің патшасы: «Сені сол қаланың патшасы етемін. Ол үшін сен біздің әскерімізге қаланың бір қақпасын ашып бересің», — деп хат жазып жібереді. Сатқын уәзір бұған келіседі.
Көп ұзамай шығыстан Шарқалаға тағы да қисапсыз көп әскер жөңкіледі. Қаланы қоршап алып, тағы да дүркін-дүркін шабуыл жасайды. Жауынгер қала қақпаларын тарс бекітіп алып, ерлікпен қорғанады. Тағы да қысық көзділер әскері шыбындай қырылып, Сейхундарияны қызыл қанға бояйды. Бір күні түн ортасында әлгі сатқын уәзір қаланың бір қақпасын жауға ашып, аспалы көпірді түсіреді. Мұны алдын ала біліп отырған жау қалаға лап береді. Шарқала патшасы қапы қалып, бармағын шайнайды. Қазан батыр бастаған сарбаздар әрбір үй үшін шайқасады. Қазан батырға жауынгер қыз Мәлика да көмектеседі. Бірақ жаудың әскері өте кеп еді. Ақыры Шарқала әскерінің негізгі күші патшаның сарайына жиналады. Патша бір күні бас батыры Қазанғап пен қызын шақырып алады. «Балаларым! Сатқын уәзір біздің түбімізге жетті. Соңғы сәтке дейін ерлікпен шайқастыңдар. Халқыма да, сендерге де ризамын. Біздің қала өмірінің соңғы күндері, соңғы түндері қалды. Бәріміз өлеміз. Бірақ біздің артымызда өлмейтін аңыз, өлмейтін қазына, өлмейтін ұрпақ қалуы тиіс. Біздің ісіміз әділ. Сендер осы жолда қолдан келгенінің бәрін істедіңдер. Енді әрі қарай шайқаса берудің сендерге пайдасы жоқ», — деп патша сәл кідіріп әңгімесін сабақтайын дегенде, Қазан батыр айбарланып: «Даты» бар екенін жеткізеді:
— Дат, тақсыр! Сонда біз қорқақтап қашуымыз керек пе? Жоқ! Біз қашпаймыз. Бізге осында қалуға рұқсат етіңіз. Біздің қашқын атанғымыз келмейді. Туған қаламыз, туған жеріміз үшін жанымызды беруге әзірміз! — деп ол Мәликаның қолынан ұстайды. Қыз да басын изеп, әкелерінің алдында бас иеді. Патша сәл босап кеткендей көрінді де қайтадан есін жинап, былай дейді:
− Жо-жоқ! Олай болмайды! Сендер қашпайсыңдар. Менің өтінішімді орындайсыңдар. Менің ғана емес болашақ ұрпақтың өтінішін орындайсыңдар! — Осылай дейді де патша кішігірім алтын сандықшаны алып, оны ашады. Ішінен тайтеріні алады. Оны балаларының алдына жаяды. Олар тайтеріге салған суретке таң-тамаша қалады. Екі басты аждаһа қарап тұр. Алтынкөлдің сыртқы кескіні. Ондағы арал. Арабша жазулар. Оның аржағында Мәликаның суреті салынған. — Мына жазулар қасиетті дұғалар. Үлкен молда көлге ешқандай жан кірмейтіндей бұл қасиетті дұғаларды оқып әрі жазып қалдырып отыр. Ол молда — Алланың сүйген құлы, еліміздің, Шарқаланың бір адал перзенті. Бүкіл дұғалардың қасиетін терең білетін білгір-ғұлама. Осы қасиетті дұғаларды оқып, жаза отырып, ол өзін шаһит қылды. Енді ол көлге ондағы аралға ешкім кіре алмайды. Аралдың ішінде үңгір бар. Үңгір төрт сатыдан тұрады. Мына жазылған дұғаларды білген, оқыған адам ғана аралдың жағасына жете алады. Аралға барғысы келген адам әрбір биік сатыға өрмелеп шығар алдында осында жазылған дұғаларды оқуы тиіс. Төртінші сатыға шыққан кезде алдыңнан тас қақпа шығады. Ол қақпа да бір Алланың қасиетті дұғасы арқылы ашылады. Қақпаның ар жағында кең тас сарай бар. Ол сарайдың ішіне қаладағы, Алтынкөлдегі барлық алтынды жинап жеткіздім. Мына қысық көз қытайдың патшасы менің қызым үшін емес, осы алтын үшін қаншама адамынан айрылды. Оған енді тас та жоқ. Тағы бір шарт. Тайтерідегі жазылған дұғаларды білгенімен, егер ол адамның ниеті бұзық болса, онда аралға кіре алмайды. Ондағы қазына жеке адам үшін емес, біздің халқымызға арналған. Егер осы шарттар орындалмаса көлдегі аралға барған адам жынданып өледі. Ал балаларым, соңғы рет құшақтасайық. Біз тек енді о дүниеде кездесеміз. Қош болыңдар, айналайын қозыларым! — деді патша жылап. — Бақытты болыңдар. Ұрпақ өрбітіңдер. Тағы бір айтатын нәрсе аралдың құпиясы көріпкел молда-ғұламаның айтуынша сан ғасырлардан кейін ашылады. Оны ашатын адам Қазан батырдың ұрпағындағы бір баланың маңдайына жазылған дейді. Мейлі кім ашса, ол ашсын, біз адал, таза болдық. Мына сандықшаны алыңдар. Ал аттаныңдар! Жер асты жолымен кетіңдер. Сендер кеткеннен кейін мен жер асты жолын мәңгіге бұздырамын. Қайтып оралам деп әуре болмаңдар!
Патша балаларының маңдайларынан соңғы рет сүйді. Міне, Аянжан, аңыз-әңгіме осылай дейді. Яғни, бұл аралдың құпиясын ашу бізге де, сізге де бұйырмаған-ау, — деп көкем орнынан тұрды.
«Бәлкім, ол құпияны ашу менің маңдайыма жазылған шығар» деп ойланып қалдым. Бұл кезде себелеп жаңбыр жауа бастады. Сәлден соң құпияны ешкімге айтпауға екі қарт Құран алдында серт берді. Ал ол құпияны басынан аяғына дейін Алланың жазуымен менің, яки бір қара баланың тыңдап жатқанын екеуі, әрине, білген жоқ ...
VII тарау
Таңғажайып түс. Тас сарай. Мәлика ханшайым
...Қатты ұйықтап кетіппін. Бір кезде жан-жағым жап-жарық болып кетті. Басында әдемі тәжі бар бір сұлу қыз менің бөлмеме кіріп келеді. Тәжісінің үстіңгі жағындағы бармақтай тас жан-жағына көкшіл сәуле шашады. Қыз да нұр келбетті. Күлімдеп маған қарайды. Мен таң қалып жатырмын. Бұл сұлу қызды қай жерден көрдім? Есіме түсіре алмай қиналдым. Біреуге ұқсайды. Көгілдір көзі, сап-сары алтын шашы. Сол кезде ол жымиып жаныма келді де, тізерлеп отырды. Шашымнан сипады. Қолы жып-жылы, жұп-жұмсақ.
— Сенің атың Тәуекел ғой? О-ой, шашың қайратты екен. Ал менің кім екенімді білмей қиналып жатырсың-ә? — деді ол сыңғырлай үн қатып. Мен басымды изедім.
— Менің атым Мәлика.
— Мен басымды жастықтан жұлып алдым.
— Мәлика! — Ханшайым сыңғырлап күліп жіберді.
— Шошып кеттің ғой. Мен соншама зұлым адаммын ба?
— Жо-жоқ! Сіз шынында да тайтерідегі қызға ұқсайсыз. Менің бабам... менің бабам... — Бір сөзді қайталай бердім.
— Бабаңның қолы тимей қалды. О дүниеде де айналысатын шаруа көп. Жүр далаға. Мен саған біраз нәрсе көрсетейін. Менің әкем айтқан бала сенсің. Бүгінгі әңгіменің бәрін естідің ғой. Ол қолын беріп мені тұрғызды. Өзі нәзік болса да, қандай күшті! Менің денем жеп-жеңіл болып кетті. Далаға шықтық.
— Ал ұштық, — деді Мәлика ханшайым. Мен ұша алмайтынымды білдірдім.
— Қолдарыңды қанат сияқты қақ.
— Мен қолдарымды жоғары көтеріп түсіргенім сол жеп-жеңіл аспанға қалықтай жөнелдім. Қолдарымды тағы да жоғары-төменді қағып-қағып жібердім. Биікке бір-ақ көтерілдім.
— Енді қолыңды баяу қақ.
— Айтқанын істедім. Жұлдыздары жыпырлаған алқара аспанда құс тәрізді қатарласа ұшып келеміз.
— Бағана біз де келіп көкеңнің әңгімесін естідік. Көкең жақсы адам. Ал ағаң Аян жөнінде пікірім басқаша. Ол туралы кейін біле жатарсың. Бізге ол туралы айтуға рұқсат бермейді.
— Кім? — дедім мен ханшайымның сөзін бөліп.
— Оны да айтуға болмайды. Оны сен өзің ашуға тиіссің. Оһо, келдік! Төменге қарашы. Мәссаған, төменде Аждаһа көл жатыр. Арал да көрініп тұр. Мен қорқа бастадым.
— Қорықпа! Мен дұға оқимын. Аждаһалар саған тиіспейді. Көзіңді жұм!
— Мен көзімді жұмдым. Аяғым жерге тиді. Көзімді ашсам, үлкен тас сарайда тұрмын. Айналаның бәрі алтын сандықтар.
— Міне, менің әкемнің жеткізген алтындарының бәрі осы сандықтарда. Осы алтын қазынаны сен тауып, халқыңа жеткізуің тиіс. Көп қиындық көресің. Ажалмен де бетпе-бет келерсің. Бірақ сен бәрін жеңуің тиіс. Ал көзіңді қайта жұм! — деді Мәлика ханшайым. Мен тағы да көзімді жұмдым. Көзімді ашсам төсегімде жатырмын. Не деген ғажайып сәт. Өңім бе, түсім бе?
— Таң қалдым. Екеуіне де ұқсайды. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Киініп далаға шықтым.
— Түн. Құрбақалар құр-құр, шегірткелер шыр-шыр етеді. Масалар ұйқыға кеткен. Ешкім жоқ. Аспандағы жұлдыздар: «Өтірік алдадым. Өтірік алдадым» деп жымың-жымың етеді. Мен аспаннан Мәлика ханшайымды іздедім. Жоқ! Жоқ!
VIII тарау
Отрядқа кімдерді алсам екен? Жоспар
Әрине, бұл түс. Бірақ ғажайып түс. Маған бабаларым үлкен міндет жүктеп отыр. Мен соны орындауым тиіс. Қалай орындаймын? Кім маған көмектеседі? Әлде апама айтсам ба екен бар сырымды. Апам бәрін түсінер еді. Жо-оқ, апама айтуға болмайды. «Сен түгілі Аждаһа көлден үлкендердің өзі қорқады. Сен кімсің? Қой, жынданып өлейін деп жүрсің бе?» — деп апам өзіме дүрсе қоя беруі әбден мүмкін. Көкеме ше? Ол кісі Аян аға екеуі Құран алдында ант қабылдады. Егер менің тығылып барып, бар құпияны білгенімді білсе, жонымнан таспа алар. Аян ағаға ештеңе айтуға болмайды. Мәлика ханшайымның өзі оған күдік білдіріп отыр. Көкемнің інісі, меніңше, ол жақсы адам емес. Сөйлесейін, сыр тартайын десең, бір түрлі жаман көзбен қарайды. Көп сөйлемейді. Алғашқы келген кезде ақжарқын адам сияқты көрінген. Кейін томаға тұйық жүретін болды. Ойлайтыны Аждаһа көлдегі алтын қазына екенін мен білмейді дейсің бе? Өзінше дипломатын тыққыштайды. Онда не жатқанын мен жақсы білем ғой.
Айтпақшы, мен бүгін көкемнен сөгіс алдым. Себебі, кеше жоңышқа түк шабылған жоқ қой. Тіптен ұят болды.
— Қайда қаңғырып кеттің? Неге жоңышқаны шаппадың? — деді көкем мені тергеп. Мен басымды сипап, кінәлі екенімді білдірдім.
— Айт, кәне. Мен сені тіл алғыш, тындырымды деп өзгелерге үлгі етіп мақтап жүрсем. Мұның қалай?
— Көкемнің даусы зілді.
— Көке, басым ауырып... — деп міңгірледім.
— Басым ауырып... басым ауырып. Бірден солай айтпайсың ба? Қаппарға тапсыратын едім. Жоңышқаны уақытында шаппасаң, сөлі кетіп қалатынын сен жақсы білесің ғой. Бүгін Қаппарды, Саттарды қасыңа алып, бітіріп тастаңдар, — деді көкем бұйырып. Оңай құтылғаныма қуансам да өтірік айтқаныма қатты ұялдым.
Қаппар, Саттар деген дәулер менен кейінгі тете інілерім. Менің алдымда Құмар, Самат, Жаппар деген ағаларым бар. Үлкен әпкем Ұлжан көрші ауылға тұрмысқа шығып кеткен. Ең үлкен ағам Құмар үйленген. Сәбит деген жеңешем жақсы адам. Менің түрім қараторылау. Кейбіреулері қап-қарасың дейді. Неге екенін білмеймін, бұзық інім Қаппармен жиі шекісіп қаламын. Өзі қайсар. Мен ертедегі, қиссадағы батырлар жайлы сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы денесін кескілеп жатса да сырын, құпиясын айтпаған батыр қыздар, жігіттер туралы оған жиі айтып беретінмін. Содан ба, егер алда-жалда тиісіп, ұра қалсам қайсарың міз бақпайды. Әнеукүні тіптен мұрнын жақсылап бұзып жібердім. Мұрнынан қан дірдектеп ағып тұр, бірақ, ол мұз болып қатып жыламайды-ау, жыламайды. «Неге жыламайсың?» — деп сұрасам: «Мен Олег Кошевоймын», — дейді. Олег Кошевой — орыстың батыры.
— Енді оған еліктеме. Ол орыстікі ғой, — деймін мен өзгергенімді байқатып. Көрдіңіз бе, сол сапсары інім маған: «Қап-қарасың. Негрсің» дейді. Мұндайда қалай ашуланбассың. Періп-періп жібересің. Ал ол міз бақпайды. Тіптен көзіне жас та алмайды. Батырсымақ. Өзім тәрбиелеп оны осындай дәрежеге жеткіздім. Енді қарашы!
Ал Сәбит жеңешем: «Қоңырым», — дейді мені еркелетіп. Қаппар жүгірмек жеңешемнен артық біледі дейсің бе? Яғни, мен қап-қара емеспін. Өзімді-өзім мен осылай жұбаттым. Жә, мен өзім туралы айтып сіздерді жалықтырып жібердім ғой деймін. Кейде күйіп кетесің ғой, күйіп! Тіптен бар ғой, сыныптағы тазалықшымыз Әсем деген қыз: «Сен неге қолыңды жумайсың? Саған екі қоямын», — деді бірде. «Жуғам. Сабындап жуғам», — деймін мен намыстанып. «Жуған жоқсың. Жусаң осындай қап-қара болып тұра ма?» — дейді Әсем де тықақтап. «Өллаһи-бил-лаһи, жуғам. Неменеге сенбейсің?» — деймін мен. «Сенбеймін, сенбеймін. Сен жалқаусың! Сен өтірікшісің!» — деді Әсем тақпақтап. «Мә, саған, секпіл бет!» — деп мен оның шашын қатты тартып қалдым да, иығынан бір нұқыдым. Әсем қып-қызыл болып кетті де, еңіреп жыласын. Бүкіл сынып у-шу. Сынып жетекші Роза апай келді.
— Нұрғалиев! Сен неге ұрасың? Өзің озат оқушысың. Ұят қайда-ә, ұят? Қыз балаға тиісе ме екен? Ол гүл емес пе? Гүл ғой, гүл ол! — деп Роза апай маған ұрыса бастады.
— Ол неге маған сенбейді? Мені өтірікші, жалқау деуге оған кім құқық берді? Мен қолымды күнде сабындап жуамын, апай, — деп мен ақталып едім, оны тыңдайтын апай болмады.
— Немене, сонда ұруың керек пе? Маған айт. Біз әділдігін айтамыз ғой. Кәне, көрсетші қолыңды. Е-е, шынында да қап-қара! Жусаң да дұрыс жумағансың. Жүрдім-бардым жуа салғансың, — деп келе жатыр еді, Бақытжан деген досым:
— Апай! Тәуекел ешқашан да өтірік алдамайды. Ол менің досым. Кеше екеуміз оның моншасына түскенбіз, — деді ол. Басқа сыныптастарым жырқ-жырқ күледі. Мен бір олар үшін масқарампаз тәріздімін. Мәдина ғана мені қорғады.
— Тәуекелдің қолының түсі сондай ғой. Білеміз оны. Басқа ұлдарға қарағанда таза жүреді, — деді ол саусағымен басқа балаларды көрсетіп.
— Немене, Мәдина, біз сонда кір жүреміз бе? Апай, бұлар өздерінше доссымақ. Әйтпесе, нағыз дос шындықты айтпай ма? Тәуекелдің қолы қап-қара. Әсем дұрыс айтады, — деп мына жақтан маған ылғи қарсы келетін, менің сабақты жақсы оқитынымды көре алмайтын Дастан.
— Жә-ә, араласпаңдар сендер. Нұрғалиев, шық сыныптан! Апаңды немесе әкеңді ертіп кел. Директорға барасың, — деді Роза апай зілді дауыспен. Мен сөмкімді алдым да, тез шығып кеттім.
— Ой, апам-ай менің. Ашуланған кезде апам ешкімді тыңдамайды.
— Немене, сендер менің баламды кір, жалқау дейсіңдер? Директор жолдас, қарашы мына қолдарға. Құдай солай жаратса не істейсің? Пышақ алып бір терісін сыдырып тастайық. Бәлкім, сонда ағарар.
— Директордың аты шіркін, директор ғой. Ағай бәрін дұрыс шешті. Маған да ескерту жасады:
— Айналайын, сен жігітсің ғой. Қанша ашулансаң да, сабырлы болуың керек. Роза, шынында да, мына жеңешем дұрыс айтып отыр. Баланың жаратылысы солай. Сіз қандай нәрсені болсын әділ шешуіңіз керек. Жәрәйді, Нұрғалиев, сен сабағыңа бар бер! — деді ол жылы сөйлеп. Апам, Роза апай бәрі директорда қалды.
— Айттым ғой, сіздерді жалықтырып жібердім деп. Білесіз бе, қазір менің бар жан дүниемді жаулап алған нәрсе, ол — Аждаһа көл. Мәселенің бәрін тез-тез шешіп тастағым келеді. Содан көп алтынды мемлекетке, халыққа өткізсем ылғи маған ұрсатын Роза апай маған не дер екен? Бүкіл мектеп, бүкіл ауыл, тіптен республика шулайды ғой. Шіркін, сол алтынға үлке-ен мектеп салса. Біздің мектеп өте ескі. Сынып бөлмелерінде тышқандар жүгіріп жүреді. Біздің ауылдың адамдарының бәрі шетінен кедей. Соларға көп қой, сиыр, жылқы сатып әперсе...
Ал мен жалғыз өзім Аждаһа көлге бара алмаймын. Көкемнің манағы бұйрығын орындап қойғанмын. Қаппар мен Саттарды жоңышқаның арғы шетіне жібергем. Өзімше жеке ойланғым келді. Жоңышқаны да орып жатырмын. Бірақ жұмысқа салғыртпын. Қалың ойдың ішіне кіріп кетсем, орағымды жаныма қоя салып, сұлқ отырып қаламын.
Шындығында да, мен жалғыз ештеңе бітіре алмаймын. Алдымен жоспар жасауым тиіс. Содан кейін шағын отряд құрсам. Оған кімдерді алсам-ә? О-о, таптым, таптым! Бақытжанды аламын. Мәдина ше? Ол қыз Құран аяттарын жатқа біледі. Арапша жаза алады. Оның атасы Қытайдан келген. Арапшаға судай. Яғни, Мәдина маған керек. Оның үстіне уәдеге берік әрі сенімді. Саяхат жөнінде кітаптарды көп оқиды. Сәдуді ше? Ол жөнінде жаңа құрылатын отряд мүшелерімен ақылдасып алуым қажет.
Біреу түртіп қалды. Қарасам — көкем. Шошып кеттім де, ұшып тұрдым.
— Неғып отырсың, мәңгіріп? Ана екі ініңді қарашы, жайпап тастаған. Ал сенің отырғаның, мынау. Сен соңғы кезде бір түрлі болып барасың. Әлде басың ауырып тұр ма? — дейді көкем. Өзі тас-түйін киініп алыпты.
— Ойланып кетіппін, көке, — дедім міңгірлеп.
— Ойланғышын. Бүгін кешке дейін бітіріңдер. Біз Аян ағаң екеуміз кетіп барамыз.
— Мен елең еттім.
— Қайда барасыздар? — дедім жұлып алғандай.
— Аждаһа көлге барамыз. Үйде жатып ішім пысып кетті дейді. Қыдыртып қайтайын, — деді көкем жайбарақат. «Е-е, түсіндім, қайда баратындарыңды. Алтын сандықшаны алып келесіңдер. Әй, әй, қулар-ай!» — деп ойладым мен. Сәлден соң қос салт атты Аждаһа көлге қарай жортып бара жатты...
IX тарау
Шарбаққа қадалған орақ. Құпия дайындық
Ал мен ойланып қалдым. Отрядты құруды тездетпесе болмайды. Білесіз бе, әрбір минөт қымбат. Орақты дік еткізе шарбаққа қададым да, екі ініме келдім.
— Сендер жұмыс істей беріңдер. Мен белсебетіммен бір жерге тез барып келемін. Келгеннен кейін сендерді дарияға жіберемін. Мақұл ма? — дедім мен екі ініме.
— Қайда барасың? — деді Қаппар.
— Ол — құпия. Кейін бір-ақ білетін боласың. Келістік қой.
— Жәрәйді. Барсын. Есесіне дарияға барамыз, — деді Саттар тез келісіп.
— Бірақ тоқтамай орыңдар. Әйтпесе, жібермей қоюым мүмкін, — деп саусағымды безедім. Мен өте бір жылдамдықпен белсебетті алдым да, көшенің арғы бұрышына қарай зымырай жөнелдім.
Бақытжан май-май болып белсебетін жөндеп жатыр екен. Оның сол қолының төрт саусағы жоқ. Кішкентай кезінде электр ара кесіп кеткен. Соған өзі қатты ұялады. Мені жақсы көреді. Көбінесе екеуміз бірге жүреміз. Адал бала. Әзіл айтсаң, соны шын деп қалады. Мені көріп Бақытжан қуанып кетті. Ал мен маңғазданып тұрмын.
— Бақытжан, мен үлкен шаруамен келіп тұрмын. Құпия! Аса құпия! Ол құпияны саған айтуға ғана шешім шығардым. Саған ғана сенемін! — деп әрбір сөзімді қадап-қадап айттым.
— Мен дайынмын! — деді Бақытжан сымдай тартылып. Әскер сияқты қолын шекесіне қойып.
— Жүр! Менде уақыт жоқ. Енді біз сенетін тағы бір адам бар. Ол — Мәдина. Соған барайық. Содан кейін бәрін түсіндіріп айтамын. Кеттік!
— Сәт өтпей Бақытжанды артыма мінгестіріп, Мәдинаның үйіне бара жаттық. Мәдинаның үйі ауылдың шетінде. Жаңадан үй салып алған. Әкесі Қасымхан аға жақсы адам болғанымен Мәдинаны қатаң ұстайды. Ең бастысы, үйде болса екен деп ойладым.
— Оның үйіне жақын қалғанда иінағашпен екі шелегін салдыратып ол біздің алдымыздан шықты. Қатты қуандық. Бізді көріп Мәдина да көңілденді.
— О-ой, біздің жігіттер адасып жүрме екен мұнда? — деді ол сыңғырлай сөйлеп.
— Сәлем, Мәдинаш, — деп біз қосарлана сәлемдестік. Содан кейін мен:
— Біз сені әдейі іздеп келе жатырмыз. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген мақал бар ғой, — деп сөзімнің аяғын әзілге сүйедім. Мәдина көзі аспан көк, аппақ қыз. Түсімде көрген Мәлика ханшайымға ұқсайды. Сабағын жақсы оқиды. Сынық мінез. Сезімтал. Жұрт сияқты джинси шалбар кимейді. Көп сөйлемейді. Шындықты бетің бар, жүзің бар демей тура айтады.
— Қандай суыт шаруа?! Қазір айтасыңдар ма? — деді Мәдина шелегін қойып жатып.
— Өте суыт әрі құпия шаруа. Біз саған үлкен сенім артайын деп келдік. Бұл құпия сырды тек достың досына айтуға болады. Біз сені солай деп ұғамыз, — дедім мен «біз» деген сөзге салмақ сала сөйлеп. Мәдина сәл-пәл ойланып қалды. Көздерінен «білсем» деген құмарлық сезімі пайда болғанын көріп тұрмын.
— Егер сенсеңдер, мен дайынмын, — деді Мәдина Бақытжан-ның сӨзін қайталап. Біз күліп жібердік. Мәдина таңданып әрі ыңғайсызданып қалды.
— Неге күлесіңдер? — деді жұлып алғандай. Біз түсіндірдік. Үшеуміз де күлдік енді...
X тарау
«Алтын сандық» отряды. Түнгі әңгіме
Енді міне, көкем мен Аян аға әңгімелескен төбеде тұрмыз. Ауыл табан астымызда жатыр жамырап. Ауылдың ар жағынан лақтырған арқандай дария да көрініп жатыр. Әне, шаңды бұрқыратып тіркемесімен трактор кетіп барады. Канал жақтан таспа жолмен мұрны пұшық автобус келеді. Ауыл тұрғындарының ауданға қатынайтын көлігі. Күн арқан бойы көтеріліп кеткен. Іскәмейкеде үшеуміз қатарласа отырдық.
— Мен құпияны айтпас бұрын мына қасиетті Құранды ұстап ант береміз. Айтылған сыр, құпия әңгімені қандай ауыртпалық, қиындық, қинау болса да ешкімге айтпауға, тіс жармауға ант қабылдаймыз. Айтқанымызға жеткенше өзіміздің арамызда соғыс жағдайын орнатамыз. Өйткені, бұл өте маңызды мәселе.
— Осыған келіссеңдер ғана құпияны ашамын, — дедім мен салтанатты түрде.
— Келісеміз, — деді Мәдина мен Бақытжан жамырай үн қатып. Барлығын түсіндіріп болғанша біраз отырдық. Мен әңгіме айтқанда олар ауыздарын ашып отырды. Әсіресе, аңыздың соңындағы қасіретті жағдай, патшаның жылауы, болашақ ұрпақ үшін өзін-өзі құрбан етіп байлықты тығып кетуі, екі баласын бостандыққа жіберуі оларға қатты әсер етті. Мәдина жылап отыр. Бақытжан мұңға батты.
— Аждаһа көлдегі аралға барған адам неге жынданып кететінін енді түсіндім, — деді Мәдина ерекше толқып. Әңгімеміздің басында салтанатты түрде ант қабылдағанымызды ұмытып барады екенмін. «Алтын сандық» деген шағын отряд құрдық. Оның басшысы болып бір ауыздан мені тағайындады.
— Сәду деген баланы отрядқа қабылдаймыз ба? Бізге жақсы көмекші болар еді, — дедім мен кетер кезде. Енді екеуі ойланып қалды.
— Сөзге берік пе? Бізден бір сынып төмен оқитын бала ғой, — деді Мәдина. Мен басымды изедім. Оны отрядқа қабылдау рәсімі кейін өтетін болды да, үйді-үйімізге тарадық.
Кешке дейін жоңышқаны өндіре ордым. Ана екі дәу суға түсіп келді. Бақытжан екеуміз Аян ағаны бақылауға алатын болдық. Мәдина арабша жазуды одан сайын тереңдеп оқуға тиіс. Мен көкем мен Аян ағаның келуін асыға күттім. Олар түннің бір уағына дейін келмеді. Өзімді-өзім зорлап ұйықтамауға тырыстым. Қайда-а? Тарс ұйықтап кетіппін. Бір кезде жып-жылы, жұп-жұмсақ алақан басымды сипағандай болды да, әлдекім:
— Тәуекелтай, тұр, тұра ғой, — деді. Мәлика, Мәлика ханшайым ғой. Ұшып тұрдым. Әлі қараңғы. Сыртта әлдекімдер сөйлеп жүр. Көкемдер шығар. Терезені жайлап аштым. Сәл әрірек екеу тұр. Көкем мен Аян аға. Әңгімелеріне құлағымды түрдім.
— Алтын сандықшаны біздің үлкен әбдіреге салсақ қайтеді. Құлыптап қоямыз, — деді көкем бәсең дауыспен.
— Жо-жоқ. Оны жерге көмеміз бе, әйтеуір, бір құпия орынға тығуымыз қажет. Ал әбдірені аңдушылар көп. Көзге бірден көрінеді. Сондықтан оны тайтерімен бірге сенімді орынға қойған жөн. Аға, өте сақтық керек. Әйтпесе, жоспарымыздың бәрі көкке ұшады. — Бұл Аян аға. Нық-ның сөйлейді. «Ол қандай жоспар?» деп ойладым мен.
— Е-е, дұрыс айтасың. Ауылдың қазағы мұндайға мән бермейміз. Бір сенімді орын бар. Сарайдың бір бұрышында ұра бар. Қыста анау-мынау заттар сақтаймыз. Іші кең. Есігі де темірден. Сарай да мықты салынған. Сол жерге қойсақ қайтеді? — Бұл көкем. Аян аға сәл үндемей тұрды да:
— Іші құрғақ па? — деді.
— Құрғақ, құрғақ.
— Ендеше сол жерге қоямыз. Бірақ оның ішінен де ұра қазып көмеміз. Сарайдың есігі әлсіз емес пе?
— Мықты, емен есік. Тек жаңадан жақсы құлып сатып алу керек, — деді көкем.
— Жәй, жәй сөйлеңіз. Шам бар ма? Күн шыққанша сол шаруаның бәрін реттейік. Дипломатты әрі-бері тасып шаршап едім. Енді жақсы болды. Жұрт та одан күдіктенеді. Әнеукүні далаға шығып кетсем біреу ашпақшы болып әрекеттенген. Кодын қозғап тастаған. Жалпы байқап жүрмесек болмайды. Ал кеттік. Мен сарайға бара берейін. Сіз, шам, күрек алып келіңіз, — деді Аян аға. Менің ішім қылп ете түсті. Себебі, сол жолы кодты қозғаған мен ғой. Орнымнан жайлап тұрып қонақ бөлмеге бет алдым. Сол бөлменің тура қарама-қарсысында сарай тұр. Бәрі маған анық көрінеді. Апамның даусы шықты.
— Бұл кім-әй?
— Мен ғой, мен, бәйбіше. Ұйықтай бер, — деп көкем жауап берді. Көкем бар ғой, өте қу болып барады. Естідіңіз бе, қалай жауап бергенін. Әне, екеуі сарайдың ішіне кіріп кетті. Жарықты жақты. Олар енді онда ұзақ болатын шығар. Мен есінеп қойдым да, терезеден сыртқа мұқият қарап тұрдым. Күңгір-күңгір дыбыстан басқа ештеңе естілетін емес. Бәрібір мен ол жаққа бара алмаймын. Мен келіп төсегіме жаттым.
XI тарау
Арлан алтын сандықшаны күзетеді. Күтпеген қуаныш
Құлағыма бірдеңе кіріп кеткен бе, жыбырлап сала берсін. Көзімді ашпай қалқан құлағымды бір пердім. Сәл тынышталды. Екінші жағыма аунап түстім. Енді екінші құлағымның үсті жыбырлады.
— Тфу, шайтан! — Құлағымды алақаныммен уқалап-уқалап жібердім. Қолымды алып ем, қайтадан жыбырлайды. Қолым жақындаса әлгі мақұлық тынши қалады. Не деген зымиян?! Кенет әлдекім қарқылдап күліп жіберді. Көзімді жыртитып ашсам — Бақытжан. Өзінше мәз.
— Түу-у, сен екенсің ғой. — Ашуланып қайта жатқым келіп еді, түндегі оқиға есіме түсіп ұшып тұрдым. Сәлден соң Бақытжан екеуміз апам берген қою қатықты нан турап соғып отырдық. Бақытжанға «Қызық әңгіме бар» деп едім ол бір аяқ қатықты басына бір-ақ төңкерді.
— Жүр, кеттік, — деді ол дегбірсізденіп.
— Қатығымызды ішіп алайықшы, — деп қиылдым.
— Қазір тамақ ішетін уақыт па? Тезірек, тезірек, қара дәуім, — деді Бақытжан. Мен тездеттім. Екеуміз көп өтпей бақта отырдық. Түндегі әңгімені айтып бердім.
— Тайтерінің қайда тығылғанын білдік. Бірақ оны қалай аламыз? — деді Бақытжан ойлана маған қарап.
— Мен де соны ойлап отырмын. Күзет мықты. Көрдің бе, біздің Арлан тура сарайдың алдына көшірілді. Сендерді жолатпайды. Мен ғана өте аламын. Бірақ қалай? Құлып ішінен құлып салынған. Ал біз тайтерісіз Аждаһа көлге бара алмаймыз. Түнде залда Аян аға жатады. Ол кісі жанынан тышқан жорғалап өтсе де біліп қояды. Тек бір-ақ жол бар, ол кісілер кеткен кезде ғана сарайға кіре аламыз. Оны қалай жүзеге асырамыз? — дедім мен екі қолымды жайып. Кенет Бақытжан айқайлап жіберді:
— Таптым, таптым! — дейді ол шарылдақ дауыспен.
— Нені, нені таптың? — деймін мен қызығып. Ол біреу естіп қоятындай құлағыма сыбырлай бастады:
— Екі жол бар. Бірі кілтті ұрлап алу. Екіншісі сарайдың үстінен түсу.
— Қиын, қиын, Бақытжан. Екінші жол аздап келеді. Бірақ оны біліп қойса, менің жанымды жаһаннамға жібереді. Іш жағындағы ұраның аузында да құлып бар. Ал кілт, меніңше, Аян ағада. Одан кілт ұрлау аспанға құс болып ұшқанмен бірдей, — дедім мен жаңа ғана үміттенген көңілім жабырқап.
— Мен кілтті ұрлауға тырысып көрейін. Сен ойлан, ойлан, балақай. Мәдинаға барып онымен де кеңес. Маған ешқайда шығуға болмайды. Аян ағаны аңдимын. Оның үстіне көкем: «Шөп шабуға барамыз» деген, — деп мен отряд басшысы ретінде соңғы ойымды айттым. Сөйткенше болған жоқ, менің атымды атаған көкемнің даусы шықты.
— Әне, көкем шақырьш жатыр. Сау бол, әзірге!
— Шынында да шөпке кететін болыппыз. Ат арбаны дайындауға бұйрық алдым. Мен, Самат, Жаппар шөп шабуға аттанамыз. Қап! Шөпке кетсек бір аптасыз оралмаймыз. Ал «Тайтері» операциясы тоқтап қалатын болды. Және Аян аға да қарап жатпас. Бәлкім, олар Аждаһа көлге баратын болса ше? Осы ой келген кезде жүрегім зырқ ете түсті. Онда бәрі бітті дей бер. Алтын сандықтарды Аян аға қайда жіберетінін кім білсін?
— Әй, қазанбас! Не ойланып тұрсың? Бар, ана Құланы әкел! — Бұл Жаппар ағам. Құла дегеніміз біздің екі атымыздың бірі. «Е-ей, Жаппар аға-ай! Менің қандай маңызды іспен айналысып жүргенімді білмейсің ғой» деп ойладым мен атқораға жүгіріп бара жатып.
Аяқ астынан зор қуанышқа кенелдім. Ол қуанышты сыйлаған көкем. О-ой, және қандай қуаныш десеңізші! Өмірімде мұндай қуанбаспын. Бірінші қуанышым шөп шабуға бармайтын болдым. Екінші қуанышым Аян ағамен аудан орталығына барамын. Аян аға бір үлкен кісіні қарсы алмақшы. Сол кісіні ауылға ертіп әкелеміз.
Оған дейін менің жұмысым — Аян ағаны аудан орталығында тұратын Ұлжан әпкемнің үйіне апару.
— Аға! Мен он минөтке бір жерге барып келейінші, — дедім Аян ағадан рұқсат сұрап. Ойым Бақытжанға кететінімді ескертіп кету еді.
XII тарау
Аян ағаның әңгімесі. Тәжікстаннан келетін бейтаныс қонақ
Пұшық автобус уақытында келді. Апам мені неғұрлым әдемі киіндіруге тырысты. «Сабаққа киесің» деп тығып қойған көк шалбарымды берді. Әдемі ақ жейдемді үтіктеді. Судай жаңа шәпкімнің күнқағары қандай әдемі десеңізші. Соған қарағанда келетін қонақ бір дәу болуы тиіс. Көкем маған: «Көп шошаңдамауымды және артық-ауыс сауалдар қоймауымды» ескертті. Енді, міне, Аян ағамен қатарласа отырып, аудан орталығына кетіп барамын. Бір жарым сағаттық жол. Терезеден сыртқа қарап отырмын. Теп-тегіс асфальт жолда автобус жүйткіп келеді. Қалың ойдың ортасындамын. Әнеу шуда-шуда бұлттар тура менің ойларым сияқты. Бірде ыдырайды, бірде қалыңдайды.
Аян ағадан білдірмей бір нәрселерді сұрағым келеді. Бірақ бұлдіріп алсам онда бәрі құриды. Келе жатқан адам кім? Оһо, соны сұрайын. Аян ағаға қарадым. Ақшулан сақалы кеудесін жауып, басын тұқыртып көзін жұмып отыр. Ұйықтап отыр ма, әлде мен сияқты ол да ой құшағында ма білмейсің?!
— Аға! Аян аға! — дедім шәңк-шәңк етіп. Ол кісі маған керенау бұрылды. Жақтырмағаны жүзінен көрініп тұр.
— Не дейсің? — деді кейісті үнмен.
— Біздің қарсы алатын кісіміз кім?
— Ол қайтадан көзін жүмды да, күңк ете қалды.
— Онда жұмысың болмасын!
— Мен іштей ашуланып қалдым. «Әлдеқандай болуын. Тұра тұрыңыз. Біз сіздің жоспарыңыздың бәрін әлі-ақ быт-шыт қыламыз, — дедім өзімше іштей кіжініп. Жол бойы неше түрлі жоспар құрдым. Алайда, олардың ешқайсысы да маған ұнаған жоқ. Орта жолда ма, қалғып кетіппін. Біреу нұқып қалғандай болды.
— Тұр! Әй, тұр, балақан! — Аян аға екен. Жан-жағыма қарасам жұрт абыр-сабыр автобустан түсіп жатыр. Апам берген қоржынымды сүйрете-мүйрете Аян ағаның соңынан ердім. Пойыз жолдың анықтама бөліміне келдік.
— Әй, әй, қызым, Тәжікстаннан пойыз қашан келеді? — деді терезеге еңкейіп.
— Түнгі он бірде.
— Е-е, әлі ерте екен ғой. Бала, әпкеңнің үйі қайда? Сонда барамыз. Баста, кәнеки! — деді Аян аға сұңқылдай сөйлеп. Мен қырсығып үндеген жоқпын. Бағанағы ашуым әлі де тарқамаған еді...
— Әпкем мені қуана қарсы алды. Өткенде жездем екеуі Аян ағаға сәлем беріп кеткен.
— Тәуекелжан, көкем мен апай қалай? — деп әпкем амандықты сұрап жатыр. Жездем жұмысында. Өзі кішкентайымен үйде отыр. Бармақтай Серік бізді көріп ол да ыржың-ыржың етіп мәз болды. Біздің бір қонақты қарсы алатынымызды естігенде әпкем:
— Ол кім? — деп таң қалып қалды.
— Менің досым, — деп Аян аға қысқа жауап қайтарды. Әпкем Аян ағаның томаға-тұйық қалпын көріп әрі қарай қазбалаған жоқ.
— Ол Тәжікстанннан келеді, — деп мен сарт еткіздім. Аян аға маған жақтырмай қарап:
— Қайдағы Тәжікстан. Білмейсің бе, тыныш отыр. Ол Ауғанстаннан келеді. Ауғанстан — мазасыз жер. Жиі-жиі соғыстар болып тұрады. Англиямен жүз жылдан аса соғысқан. Орыстармен де көп шайқасты. Сол кезде біз орыстарға қарсы соғыстық. Содан бір шайқаста мен ауыр жараландым. Молда Насырадин мені құтқарды. Өзіне де оқ тиді. Тура бетіне. Жақсылыққа жақсылық. Мені оны қонаққа шақырдым. Біраз бізде болады. Оның қайғысын жеңілдеткім келді. Айтпақшы, орыстар оның Ауғанстандағы үйін, бес баласын, әйелімен бірге өртеп жіберген. Не деген зұлымдық десеңізші?! — деді Аян аға қатты ашуланып. Қатты ашуланғаны соншама тістері сықырлағандай болды. Ағаның бүйтіп ашық сөйлегенін бірінші рет көруім. Мен де қатты ашуландым.
— Қандай обал жасаған. Кішкентай балалардың не кінәсі бар екен? — деп әпкем қатты қынжылыс танытты.
— Сіздің балаларыңыз бар ма? — деп мен сауал қойдым.
— Болған. Үш балам шетінеп кетті. Әйелім соның қайғысына шыдамай ол да өлді. — Аян аға осылай деді де, теріс бұрылып сыртқа шығып кетті.
XIII тарау
Түнгі пойыз. Насыр молда өзбек пе, қазақ па?
Түн. Пойыз күтіп тұрмыз. Қап, қоржын көтерген, арқалаған жолаушылар әрі-бері сапырылысады. Арбакештер жанығып жүр. Шойын жолдың майы ма, әйтеуір, қоңырсы бір иіс мұрнымды жарып барады. Қарама-қарсыдағы прожектордың сәулесінен шимай-шатақ болып жатқан шойын жолдар күмістей жалт-жұлт етеді. Әне, вокзалдан хабарлады. Біздің күткен пойыз жақындап келеді. Жездем Берік те біздің қатарымызда. Түнде вокзалға келіп күріш сатады. Бүгін біз болған соң күрішін үйге тастап кетті. Жер солқылдағандай болды. «Мен келемін! Мен келемін! Жолымнан кет былай!» деп келе жатқан пойыз бір ышқынта айқайлап алды. Біздің жолаушымыз он бесінші вагонда. Қасымыздан тарсылдап вагондар өтіп барады. Біз вагонның нөмірлеріне алақ-жұлақ қараймыз. Пойыздың дөңгелектері шойын жолды қаршылдата шайнап, тоқтады-ау, әрең! Жолаушылармен бірге біз де өз вагонымызға тапыр-тұпыр жүгірдік. Адасып қалам ба, деп қорқып Берік ағадан қалмауға тырыстым.
— Ой, жан досым менің! — Басында сәлдесі, үстінде ұзын шапаны бар адамды Аян аға құшақтап жатыр. Қараңғыда ол кісінің беті-жүзін дұрыс көре алмадым. Әйтеуір, сақалы жоқ. Мұртты кісі. Бізді Аян аға таныстырып жатқанда:
— О-о, яқшы, яқшы! Менің атым Насродин. Насыр десеңіз де болады, — деп өзбекше жауап берген. Өзбек пе деп қалдық. Ал Аян аға:
— Бұл Насыр өзбек арасында кішкентайынан өскен. Содан Ауғанстанда өмірі өткен. Өзі қазақ. Өзі молда. Өзі батыр, — деп Насыр ағаны желпінтіп мақтап жіберді...
— Қатты шыққан дауыстан оянып кеттім. Екі дос қатарласа тұрып намаз оқып жатыр:
— Алло-оо-акпар! Алла-оо-акпар!
— Дауыстары сондай жағымды. Көкем де бес уақыт намазын тастамайды. Бірақ мына кісілердей мақамдап созып айта алмайды. Менің де ұйқым шайдай ашылды. Аян аға: «Таңертең ерте тұрамыз. Автобус таңғы сегізде жүреді», — деген.
— Насыр ағаның жүннен тоқылған қоржыны бар екен. Екі қалтасы бар. Иығына салып алды. Ыңғайлы. Қоржыны толы түрлі кітап па деп қалдым. Бәлкім, Құран шығар. Арабшаға судай деді Аян аға оны. Мақтаса Насыр аға ыңғайсызданып қалады екен.
— Қойың, қойың, — дей береді аппақ тістерін жарқырата көрсете ыржиып. Қоңқақ мұрны қып-қызыл. Жез мұрты қап-қалың. Шындығында оң жақ бетінде тыртық бар. Оқ тиген. Аздап сылтып басады. Бомбаның жарықшағы сүйегін жаралаған дейді.
— Кешегі пұшық сары автобусқа жайғастық. Берік аға шығарып салды. Алғы жаққа олар қатарлас отырды. Мен тура солардың артына қонжидым. Тағы да жол үстіндеміз. Күн қоңырсалқын. Аздап денем тоңазығандай еді. Автобус жүргеннен кейін жылынып кеттім. Мен неге екенін білмеймін, Насыр ағаның қазақ екендігіне сенбедім. Бұл кісінің мұнда келуінде бір сыр бар. Егер өзі молда болса, яғни мұны Аян аға тайтерідегі дұға жазуды оқу үшін шақыртып отыр. Дұға аралдағы қазынаға жол ашады. Сақтану керек. Мәлика ханшайым алтын сандықтар тағдырын неге оларға тапсырмайды? Яғни, оларға сенбейді. Маған сенім жүктелді ме, мен оны ақтауым тиіс. Арам ниеттілердің жолын қырқа алмасам менің ол сенімді ақтамағандығым. Соңғы кезде күдікшіл, ойшыл болып кеттім. Менің жеке құпиям Насыр молда дұғалардың сырын ашады.
Бұрын, түу, айтуға ұялып тұрмын. Қалай дегенменде оқырманым сізге бір қызық сыр айтқым келеді. Әйгпесе, ішіме сиятын емес. Иә, бұрын мен Мәдина туралы көп ойланатынмын. Мәдинаны білесіз ғой сіз? Жақсы көрем ғой деймін. Ол да кет әрі емес. Өткенде мені қалай қорғағанын білесіздер. Әлде бұл махаббат па екен? Балалардың бәрінен қызғанамын. Оған хат та жазғанмын. Бірақ жыртып өртеп жібердім. Әрине, оны жек көргендіктен емес. Біреу-міреу көріп қоймасын дегенім ғой. Содан батылым жетпеді. Енді өлең жазғым келді. Алғашқы шумақтарын шығарып та қойғанмын. Әрине, үлкен ақындарға еліктейтінім рас. Мына өлең шумағы сізге ұнай ма, айтып көрейін. Басына «М...ға» деп қойдым.
Мен сені сағындым, сәулем, сағындым, сәулем,
Өйткені, жақсы көрем, жақсы көрем.
Сен сұлусың, әлемдегі ең сұлу,
Сөз ақығын сен үшін ерінбей терем.
Жүрегім сен деп соғады,
Арнағым келед саған бір әнді.
Әперсем деймін аспандағы жұлдызды,
Тақсам деймін сырға етіп сұлу айды.
Міне, менің өлеңім осылай кете береді. Ұнады ма? Ұнаса да, ұнамаса да өзіңіз біліңіз. Сабақ кезінде Мәдинаны күнде көріп тұратынмын. Көз астыммен қараймын. Тәмпіш танау. Дөңгелек жүз. Сары алтын шашы қандай?! Көздері аспанға ұқсайды. Өзі сондай сезімтал. Менің қадала қарағанымды біліп, ол да маған көгілдір көздерінен нұр шаша жалт етіп қарайды. Мен шыдамай жанарымды төмен түсіремін. Әй, ұялшақпын ғой, ұялшақпын. Әйтпесе, біздің балалар өздерінің қыздарына хат жазып, сезімін әлдеқашан білдірген. Тіптен Бақытжан екеш Бақытжан да Айзадаға жақсы көретінін жеткізіпті. Ал біздің қыздарымызға жоғарғы сыныптың оқушылары да сөз айтып жүрген көрінеді. Мысалға, оныншы сыныптағы тыриған арық қара Сағат менің Мәдинама сөз айтыпты деседі. Оны Бақытжан сол сыныпта оқитын ағасы Ікрәмнан естіпті. Сондықтан тездетпесем болмайды. Көрдіңіз бе, батыл қимыл жасап, Мәдинаны өз отрядыма алдым. Енді махаббаттан да үлкен әрі маңызды мәселе бар. Ол — Тайтері операциясы...
О-о, тоқтаңыз. Менің көз жұмып отырғанымды ұйықтап қалды деп ұққан болуы тиіс, Аян аға артына сақтана бұрылып қарады да, Насыр ағаға бір қызық әңгіме айта бастады. Ал мен, шынында да, «ұйықтап» қалған болдым да, бар зейінімді алдыңғы екеудің әңгімесін тыңдауға бұрдым.
— Насыржан! Сенің келгеніңе қуанып қалдым. Мен де мұнда қарап жатқан жоқпын. Біраз жұмыс істедім. Алтын сандықша да, тайтері картасы да қолымызда. Енді сенің жұмысың дұғалардың сырын ашу, — деді Аян аға.
— Шынында да аралда көп алтын бар ма екен?
Насыр ағаның сөзін қазақшалағанда осындай мазмұнда болды.
— Оған күмәнданба, бауырым. Ол туралы аңыз да бар екен. Ана шал маған қатырып айтып берді. Оны кейінірек ауылға барғасын айтамын. Тайтерідегі салынған аждаһа да аралда шын бар көрінеді. Алтынды қорып жатқан екі басты аждаһа бар. Мына ғажапты қараңыз, аралға ешкім кіре алмайды. Себебі, аралға барған адам жынданып, өзін өзі тырналап, тістелеп өледі. Тіптен Сәбет кезінде Мәскеуден арнайы комиссия келіп, жергілікті адамдардың «ертегісіне» сенбей, аралға қайың салып барады. Ондаған адам аралға кіреді. Сол кезде ғаламат оқиға болған. Аждаһа гүрілдеп, адамдарға от шашады. Жалын тиген адамдар отқа жанып, шыңғырып құзға секіреді. Қайықта қалғандар олардың бір-екеуін ғана құтқарған. Сол бір-екеуінің өзі Мәскеудің жындыханасына түсіпті. Қалғандарын кейін тыржалаңаш күйде көлдің жағасынан тапқан. Үсті бастары қанжоса, тырналған, әлдебір құбыжық тістелеп тастаған. Ашуланған Мәскеу әлгі аждаһаны өлтірмекке бес қаруы сай солдат жіберген. Автоматтан оқты қардай боратып барған солдатың ең соңында біразы қашып, ал аждаһаның оты тигендер құзға құлаған. Бәрі де жаңағыдай қасіретті халге ұшыраған. Әрине, мұның бәрі бір Алланың құдіреті. Одан кейін аралға ешкім бармаған. Көл «Аждаһа көл» деп аталып кеткен, — деп Аян аға қызулана әңгімеледі. «Менің айтқаным дұрысқа шықты. Насыр аға тек қана осы мақсатпен келген» деп ойладым мен.
— Аждаһа көлге өзің бардың ба? — деді Насыр.
— Бардым. Ана шалмен екеуміз барып көмілген алтын сандықшаны әкелдік. Аралға дүрбі салып қарадым. Шалдың айтуынша анда-санда болмаса аралдың айналасы ашылмайды. Қалың көк тұман бүркеп көрсетпейді. Құдайдың құдіреті де сол.
Көлдің айналасы шөл. Сонда су қайдан келіп жатыр? Астында өзен бар дейді. Бәрінен де қызығы аралдың ортасында биік тау бар. Ол тау қайдан өсіп шыққан? Іші толы бұлақ көрінеді. Қазынаға барар жол үңгір арқылы жалғасады. Оның өзі саты-сатыдан тұрады. Әр сатыға шыққанда дұға оқылуы тиіс. Аралға дүрбі салып қарағанда, аждаһа қарап тұрғандай болды, — деп Аян аға қазірдің өзінде әлденеден қорыққандай дір-дір етті.
— Апырмай-ә! Әйтеуір, сен сенімге кірсең бопты. Барған соң ақылдасамыз. Енді ислам дінін бір кісідей білемін деп ойлаймын. Көз ашқалы осы ақ жолда келемін, иншалла. Бір Алла жар болсын!
— Әумин!
Бетін сипап жатып Аян аға мен жаққа тағы да күдіктене қарап қойды. Мен қатты «ұйқының» құшағында едім. Неге «шал, шал» дей береді. «Аға» деп неге айтпайды деп ойладым. Күдік көп. Бірақ түйін де біртіндеп шешіліп келеді. Сонымен бірге мен тағатсыздана күткен қызық оқиға да ақырын-ақырын жақындап қалған сияқты. Ауғанстаннан келген екі қонақтың әңгімелерінің соңы онша қызық болмай кетті. Сол жақтағы қызықтарын айтып жатты. Ара-арасында қарқылдап күліп алады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.