Ертіс мелодиясындағы тағдыр

Бекарыс Мейіртайұлы Секен – Абай облысы, Ақсуат ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінiң филология факультетінің түлегі. Халықаралық, республикалық жыр-мүшәйраларының лауреаты. Өлеңдері мерзімді басылымдарда жарық көріп, облыстық жас ақындар антологиясына енген. Қазiргi таңда «ALTAI» телеарнасының шеф-редакторы.

105

Ертіс мелодиясындағы тағдыр - adebiportal.kz

САҒАН ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН

Қайта келдік,

Тағы да өртенді арман,

Сезімдер де сезімсіз ерте барған.

Қара қыздың қайғысын іштім тағы,

Құрбысынан қара күз ерте қалған.

 

Ерте қалған,

Үнсіздік басты мені.

Менікі не?!

Мағына,

Ғұмыр,

Сенім.

Сүю,

Жылау,

Сенікі – жақсы көру.

 

Тағы келдім,

Қара Ертіс, қалың тұман.

Айтсам ба екен тағдыр-ау, бәрін бұған?!

Қалың ойдың ішінде дірілдейді,

Қамығулар,

қайғылар,

жалығулар.

 

Сосын саған келемін таң атқанда,

Мендегі өмір мұңаю, сол-ақ қарғам.

Бақыт үзіп аламын ғұмырлардан,

Уақыт үзіп аламын сағаттардан.

 

Тағдыр сенің жаныңмен мың кеңестім,

Көз алдымда көңілсіз күндер көшті.

Әлсін-әлсін әуенмен есіме алдым,

Аппақ-аппақ ұшқынын жиырма бестің.

 

Сәл дамылдап қалғандай барлық нүкте, 

Бізге қарсы тұрмасын жарлық біткен. 

Мен өзімді іздедім, сосын сені,

Көп адамның ішінде қалғып кеткен.

 

МҰҢСЫЗ

Қара Ертіске бір қарап, Өскеменге,

Қимай тұрмын аяулым қош дегенге.

Сенің нұрың жаныма ұялаған,

Сенің жүзің ақыры көшті өлеңге.

 

Содан бері мазасыз бір бұлбұлым,

Өткізермін өзеуреп түнді бүгін.

Қимай кетіп барамын сағынышты,

Қимай батып барады күн мұңлығын.

 

Жымиғаның,

күлгенің,

қарағаның,

Сені күту жоқ сірә, бар амалым.

Жалғыз кездім жалқылық дертіменен,

Жәудіреген Ертістің жағалауын.

 

Сол Ертіспен мен және сіз болғанбыз,

Қуанғанбыз,

күлгенбіз,

мұңданғанбыз.

Мен Ертіске тағы да келдім жалғыз,

Сіз қайдасыз қоп-қоңыр күз болған қыз?!

 

Мына ғұмыр жүрексіз, аяусыз ба,

Басталғаны кеше еді баянсыз ба?!

Сізге қоңырау шалуға ұмтылдым мен,

Қалқам, ояусыз ба?!

 

ҚАУЫС ТҮНІНДЕГІ ҚОШТАСУ

"Сізді көрдім, 

Түсімде сізді көрдім..."

Нұрлан Мәукенұлы

 

У-шу қала, дүрмек таң, бәз баяғы,

Ғұмыр деген – басталу, біту сынды.

Күзге қарай асығып жаз аяғы,

Жаятындай жалғыз қап бүкіл сырды.

 

Көңілсіздеу күйімді ешкім білмей,

Коңыр мұңға малынған ессіздігім.

Әндері де қайғының естілді кей,

Естеліктер парағы өшті құрбым.

 

Сол күндердің жарығын өшірмедім,

Сенің атың жазылған жұлдызды аспан.

Қайырылмай кеткен қыз кешір мені,

Бізге нендей арнады бұл күз дастан?!

 

Сан сауалдың шырмауын үзген хәлім,

Иығыма шаршаған түн кеп жатты.

Елесіңді іздеген ізгі арманым,

Арбауында қалады жел бейбақтың.

 

Сарқымайын сары уайым, төзімді енді,

Бәлкім, мәні өзіңсің бұл өмірдің.

Нөмірлерін теремін сезімдердің,

Қоңырауын соғамын жүрегімнің.

 

Тағдыр маған тағы бір жол нұсқадың,

Сезімімді жеткізер мекен іздеп?!

Қара күзбен қайтатын сол құстардың,

Ізіменен екеуміз кетеміз деп...

Сол түні.

 

ҒАЗАЛДАР ӘУЕНІНДЕ

Ертіс!

Ерке өзенім, тағы бір келдім енді,

Өмір "өмір" дегенге сендіреді.

Қара құздар сыбызғы сыңсытқандай,

Жағаңызда жымыңдап жел жүреді.

 

Ертіс!

Алып шаһар, мұнара, даңғылдарды,

Шақырасың жиі сен жаңбырларды.

Шақырасың жиі сен жалғыздықты,

Қасыңа әкеп аласың қаңғырғанды.

 

Ертіс!

Тыныш ағып, бір уақта тулап кері,

Есіңді алды құстар да шулап тегі.

Мен айтатын әндерге қосыласың,

Сен айтатын сөздердің жұмбақ көбі. 

 

Ертіс!

Күрең өңдер көзеде мөлдіреген,

Бір бойжеткен балконда телміреді ол.

Селқос қана ағасың дем шығармай,

Сезіктеніп жатырсың енді неден?!

 

Ертіс!

Дәл осылай қалпыңда қалдың дәйім,

Кім біледі, сенде рас сан мұңайдың?!

Сен өзіңмен қала тұр жұбанышым,

Мен өзіңмен тағы да жолығайын.

Кейін бірақ...

 

УАҚЫТТАР ВАЛЬСІНДЕ 

Саған бастап барса деп бүкіл жолдар,

Кеттім тағы,

Көңілсіз жұтылған жан.

Махаббат деп шарт қойдық келісімге,

Сүю, 

іздеу,

сағыну –

үкім, заңдар.

 

Жолаушылап өткенді, бүгінді әлі,

Қалай ғана көрмегем бұрындары.

Тағдырымдай өрілген бұрымдары,

Қала,

Кешкі саябақ,

Түйсігімде –

Сені сүйген кезім ол ұғынғаным.

 

Сені сүйген кезім ол шаттық бар-ды,

Жүгіргені,

Кездесу,

аптыққаны.

Елемей-ақ қауыштық жоқтық-барды.

Қол ұстасып, қолшатыр төбеңізде,

Ақжауынға малынып өттік тағы.

 

Өттік тағы, кезеңнен,

Маусым, 

жылдан.

Сен айтатын әндер де таусылмаған.

Мен айтатын сөздер де таусылмаған.

Һәм бүртүрлі өзіңсіз үрей басар,

Һәм бүртүрлі күйге енер сенсіз ғалам.

 

Бәлкім, біздер ғашықпыз ілкідегі,

Бәлкім, біздер қосылсақ бүртүрлі енді.

Бояуы да сезімнің бір түрге енді,

Қайырлы түн!

Аяулы аппақ ару,

Ұйқым келді...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan