Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова жүргізді.
Ақынның аз ғұмыры әдебиетте өлең болып қалды. Сол мұралардың бірі, Мұқағалидың аты аталғанда қатар еске түсетін Фариза апамыз жырға қосқан Мұқағали Мақатаев туралы цикл өлеңдер еді. Солардың бір шумағы мынау болатын:
«Шың – Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай,
Тұрса да, бір тірегі олқы жандай.
Жаралы жүрегімді жарға соғам,
Орныңды еш тұлғамен толтыра алмай…», деп жырлады.
Осылай жоқтады. Фариза ақын Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтей шоқтығы биік тұлғалардың ортасында жүрсе де, Мұқағалидың орны ерекше, орны толмас екенін мұңмен жеткізеді.
«Бүгін біздің ортамызда Мұқаңның көзін көрген азаматтар отыр», деп бастады сөзін Елена Әбдіхалықова.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Сейітова Күміс Қарсақбайқызының құттықтауынан кейін ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов ақын жайлы өз естелігін айтты.

Ол өзінің студент кезінде Мұқағали ақынның «Қайран жеңгем» өлеңі жастар арасында кеңінен тарап кеткенін еске алды. Сондай-ақ «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деген жолдағы «Махаңдар» деп Мағжанды меңзеп тұрғанын айтты. Сонымен қатар өмірінің соңғы шағында ақынның «Моцарттың жан азасы» реквиемін қалай жазғаны жайлы да студент жастарға түсіндіріп өтті. Елена Әбдіхалықова: «Өнер адамының, ақынның екі өмірі болады. Бір өмірі, қанша жасаса да, мынау пендеуи тірліктегі өмірі болса, екінші өмірі шығармашылық өмірі.
Мұқағали бар-жоғы қырық бес жыл өмір сүрсе де, оның екінші өмірі қазақ өлмей өлмейтін өмір. Ал Мұқаңнан қалған мұраларды жанына серік етіп, оның бүкіл шығармашылығын насихаттауға ғұмырын арнап жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі және бірегейі, бүгін осы Мұқағали шығармашылығының ең жанашыры десек болады, «Мұқағали» журналының Астанадағы өкілі Ерқожа Тілепбердиев ағамыз келіп отыр», деді.

Мұқағалидың рухани інісі есепті Ерқожа Тілепбердиев: «Жұлдыз ағаның, Мұқағали ағамыздың келіні Бақытгүл тәтенің, жалпы әулеттің атынан сіздерге үлкен алғыс айтқым келеді. Мұқағали аға десе, менің көз алдыма тәй-тәй басып жүрген тауларым, төбелерім, өзен-көлдерім, ғажайып табиғат елестейді. Мен де сол өңірде, ағамыздың туған жерінде тудым. Бір жағынан жерлеспіз, бір жағынан ағайындаспыз. Айта кетейін, Мұқағали ағамыздың жұбайы Лашын апай мен менің әкемді кішкентай кездерінде атастырған екен», деп әңгімесін өрбітті.
Әкесі балаларына қалжыңдап: «Сендер Лашынның баласы боласыңдар», деп айтатын көрінеді. Сондай-ақ ол кісі Мұқағали ағамызды ерекше құрметтеп, «Алматыда сендердің Мұқағали деген ағаларың бар, ол кісіге жететін ақын жоқ» деп отыратын.
Ерқожа Тілепбердиев сөз арасында Райымбек батырға деген ел ықыласы және ақынның батыр бабасына арнаған поэмасы жайында да әңгімелеп берді.
Бұдан кейін ақын, сазгер, Қазақ радиосының дикторы Серік Әбілұлы Мұқағалидың өлеңдерін оқып, «Шолпаным, сағынғаным-ай!» әнін орындады.

Ақын Асантемір Қаршығаұлы «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!» өлеңін оқыды. Әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арзамасұлы Нұрболат Ерғожа Тілепбердиевтің «Жалғыз сәт» әнін, Мұқағалидің сөзіне жазылған «Мұқағали» әнін орындады.

Қазақ радиосының ардагер дикторы Молдахметова Күләш Кәйләнқызы «Сыр» өлеңін оқыды. Бұл кеште, әсіресе, полиция өкілдерінің өнері көпшілікті таңғалдырды.

Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы, аға лейтенант Жеңіс Өнербек Мұқағалидың «Үш бақытым» өлеңін оқыды. Ал Астана қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция майоры Охан Күнтуған «Өкінбеймін» және «Ғашықпын» өлеңдерін оқыды. Ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Бекзат Смағұл «Аягөз аруды» оқыды. «Богатица» казак ән-ансамблінің мүшесі Баирбек Мерей «Мен деп ойла», «Бақыт деген…», «Сәби болғым келеді» әндерін шырқап, көрерменді сергітті. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің түлегі Шаназар Аружан да өз өнерін көрсетті.

Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықованың халық жүрегінен орын алған «Есіңе мені алғайсың» әні орындалып, кештің әдемі түйініне айналды.

Мұқағали залында өткен әсерлі кештен есте қалған тағы бір жайт, кешке арнайы қатысқан жастар мен студенттер ақынның өлеңдері мен әндерінен рухани әсер алып қайтты. Айта кету керек, Ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» 1972 жыл, «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» 1975 жыл, «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» жыр жинақтары, сондай-ақ «Қош, махаббат!» 1988 жыл сынды прозалық кітабы бар. Сонымен бірге ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме жасақталған. Көрмеде ақынның жыр жинақтары, зерттеу еңбектері, естелік кітаптар мен сирек басылымдар оқырманға ұсынылған.

