Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ғабит Мүсірепов: Ой Өмірінің Өрісі Мен Биігі...

08.08.2015 3752

Ғабит Мүсірепов: Ой Өмірінің Өрісі Мен Биігі

Ғабит Мүсірепов: Ой Өмірінің Өрісі Мен Биігі - adebiportal.kz

ҮЛКЕН САРЫННЫҢ АҚЫНЫ
 
Қазақ халқының жарқын болашағы үшін алысып өткен ұлы ақыны Абай — бір елдің белгілі бір ғасырдағы ой өмірінің өрісі мен биігін көрсететін ақындардың қатарына қосылады.
 
Алысты болжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз заманы мен ез елінің қайғы-мұңын көтергенде соны тарихи даму жолындағы бар адам баласының тақырыбына айналдыра алды.
 
Абай — қазақ халқының тарихындағы жаңа бір асудың тұсындағы ақыны. Бұл — дәуір қазақ халқынан шыққан ой адамдарының ел болашағы үшін қатты толғанған кезі.
 
Абайдың ұлылығы — ол тарихи жағдайлардан адаспай, алар бағытын, түсер жолын дәл тауып, қазақ елін ұлы орыс халқының бауырына бейімдеп, сол ұлы халықтың ұлы мәдениетіне құшағын кең аша ұмтылуында. Ойлы ақын Абай бөріктіре келе жатқан патша отаршылдығының тұсында-ақ орыс халқының шын тұлғасын дұрыс таныған. Советтер Одағының үлкен жазушыларының бірі Леонид Соболев «Орыстікі дегеннің бәріне кек, бәріне қарғыс айтқызып келе жатқан патшалық езу-қанаудың тұсында, Абайдың орыс мәдениетіне ұмтылуы — шын-ақ таң қаларлық іс»,— дейді.
 
Ұмытпауымыз керек, Абайдың алдындағы және Абай тұсындағы «зар заман» ақындарының бет алыс бағыты Абайға тіпті ұқсамайтын.
 
Абай — орыс халқымен ұғынысып, достасуға ерекше терең мән берген адам. Бұл қазақ халқының болашағының мәселесі деп қараған. Орыс халқының мол мәдениетіне терең бойлау, өз елінің алға басуының да бірден-бір шарты екенін айрықша терең түсінген. Абай мен орыс әдебиетінің классиктерінің арасындағы біте қайнасқан байланыста осындай үлкен арна бар.
 
Өмірден жалпы адамгершілік ұлы мағына іздеген Абай оңнан-солдан, шығыстан-батыстан келер жаңа идеяларға тіпті селқос емес еді. Бірақ әрі ақын, әрі азамат Абай ешбір ойды екшемей-елемей ала салмаған. Бар өмірін сарп еткен өмір жұмбақтарына шешу айтар, алға сүйрер ойды ғана алған. Сол алға бастар ойды Абай орыстың ұлы классиктерінен — Пушкиннен, Лермонтовтан, Белинскийден, Чернышевскийден, Толстойдан, Салтыковтан тапты. Орыс классиктерімен толық үндесудің бірінші нәтижесі: Абай қазақ поэзиясының өзіне дейінгі халін басқа елдердің әлдеқашан басып еткен кезеңі деп тапты. Эпостың идеялық тереңдігі мен халықтық көркемдігінен айрылып, түрін ғана ұстап қалған «Зар заман» ақындарының құр жылап-сықтауға, үмітсіздікке айналған «поэзиясын» мансүқ етіп, қазақ поэзиясын орыстың реалистік әдебиетінің жолына салуға тырысты.
 
Бұл жолы да Абай жалғыз еді. Оның замандас ақындары Абайға ат тізесін қоса алған жоқ. Орыс халқының реалистік поэзиясын Пушкин бастап, Лермонтов одан әрі тереңдетіп әкетсе, қазақ әдебиетінде Абайға әрі Пушкин, әрі Лермонтов болуға тура келді. Бірақ Абай бұл жолда жалғызсыраған жоқ. Өйткені ол өткен ұлы ағалары Пушкин, Лермонтов, Некрасовпен де, кейінгі ұрпақ, бүгінгі совет ақындарымен де бірге. Сондықтан Абай өз тұсындағы кертартпа поэзияны түр жағынан да, мазмұн, бағыт жағынан да мансұқ етіп, бүгінгі мен болашақтың үні — реалистік бағытқа көшкен. Ойлап қарасақ, Абайдың мұнысында үлкен мән бар. Ауыз әдсбиетке жақын жағдайдан есейген реалистік поэзияға бір-ақ қарғу — бұл — революциялық адым!
 
Абай қазақ поэзиясына толып жатқан жаңа түр кіргізді. Абайға дейін «қара өлең», «жыр-толғау» түрлері делінетін он бір және жеті буынды өлең түрлері ғана болатын. Абайдың осы жаңалығын да есейген орыс поэзиясының әсерінен жырып алып қарауға бола ма? Жоқ әрине. Даралап алғанда, Абайдың «айқыш» ұйқастары Пушкин мен Лермонтовтан келетіні айқын. Абай Пушкин мен Лермонтов шығармаларын аударғанда, кейде ұйқасы мен шумағына дейін дәл түсіріп отырады. Бұл түрлер Абайдың өз шығармасына да байырғы түр болып қалады. Абай өлеңдерінің сонша бай түрлерін алып қарасаңыз, ол — Абайдың өзінің төл тумасы, оған дейінгі қазақ поэзиясының төл тумасы емес. Екінші, бұл тек қана «түр» мәселесі емес, поэзияны жаңа сатыға көтерудің мәселесі: терең ойдың бұзылмай-сынбай, оқушыға дәл жетуі үшін, мәніне түрі сай болу керек. Абай мазмұн мен түрді екі бөліп қарамаған. Міне, бұл есейіп-нығайған реалистік поэзияның салты. Абай «Жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылар» дегенде өлеңнің түрін ғана айтпайды, сол әдемі түр арқылы бойды алатын ойды да айтады. Абайға дейін қазақта дәл тақырыпқа құрылған өлең де болмайтын. Біздің «өлең» деген ұғымға сыймай қалатын нәрсе жоқ еді. Көпшілік ұғымында «өлеңді» түп-тұқымға бөліп дұрыс ұғынбау осы күні де жоқ емес. Бұ да поэзияныц балаң шағын көрсетеді. Абай қазақ ақындарына поэзияныц түп-тұқымға, түрге, тарауға белінетінін ашып берді. Мұны да Абай үшін өз топырағымызда әзір тұрған нәрсе еді десек, құр өзімшілдіктен басқа дәлеліміз болмас еді. Қазақ поэзиясына сатира Абаймен кірді. Абай сатирасыныц түп ізі Салтыков, Некрасовқа қабысып жатады. Реалист ақын Абай реалист Пушкинмен, кекті Абай кекті Лермонтовпен үндес. Алған тақырыбын суреттеуі, дүние сезінуі, әр өлеңніи өзіне тән екпіні, жылата алар мұңы, ширата алар кектілігі орыс халқының ұлы классиктерімен үндес келіп отырады.
 
Абайда еліктеу де жоқ, «қарыз алу да» жоқ, табыну да жоқ; поэзияның өмірдегі орнын сол Пушкии, Лермонтовша ұғыну бар. Солай болған соң, «бірі құрау, бірі жамау» ақыңдарға ызалы Абай реалистік поэзияның жақсы үлгілерін қазақ әдебиетіне мол-мол кіргізіп отырады. Оиы орыс әдебиетіндегі, я басқа бір әдебиеттегі қалпында емес, қазақ әдебиетінің рухына төл тумадай қабыса кететін етіп кіргізеді. Абайда еліктеу жоқ, үндестік барын даусыз дәлелдейтін көп өлеңдер бар. Абайдың «Жазы», «Қысы» Пушкин, Некрасовта кездесетін «Жаз» бен «Қыстарға» үндес. Бірақ ол үндестік сезіну жағынан реалистік ақындардың өз ойын өзінше дәл суреттей алу жағынан. Одан әрі десек, біріне жала жапқан боламыз. Бұл жерде Пушкиннің «Ақыны» мен Абайдың «Ақын» дейтін өлеңін алып қарайық:
 
Пока не требует поэта
К священной жсртве Аполлон,
В заботах суетного мира
Он малодушно погружен…
Но лишь божественный глагол
До слуха чуткого коснется,
Душа поэта встрепенется,
Как пробудившийся орел…
 
Бұл — Пушкин. Енді осылай басталатып Пушкин өлеңін Абайдың «Ақынымен» салыстырып қараңыз:
 
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса,
Сылдырар өңкей келісім
Тас бұлактың суындай.
Кірлеген журек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан кеңіл ашар көз.
Қуаттан, ойдан бас құрап.
Еркеленіп шығар сөз,
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Қыранша қарап Қырымға
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар…
 
Мұнда екі ұлы ақынның бірінен-біріне ауысқан бір ауыз сөз жоқ, бірақ бірдей үн бар. Пушкин, Лермонтов поэзиясының Абайға тиген әсері ылғи осылай болып келеді.
 
Абайға үлкен әсер еткен ұлы ақынның бірі — Лермонтов. Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романының желісімен «Орыс қызы Татьяна» деп атарлық хатпен жазылған поэма жасады. Ал Лермонтовтан «Қанжар», «Жартас», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», тағы-тағы көп өлеңдер аударды. Сөз жоқ, Абайға үндес келген — Лермонтов поэзиясында «азаматтық» сарынның басымдылығы. Қөп соққы көрген, адал ойын өз тұсына ұғындыра алмаған Абай Лермонтовпен өте қоян-қолтық келеді. Абай да дәл Лермонтовша толғап:
 
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден:
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әр неден,—
 
дейді.
 
Сол кекті Лермонтовша:
 
Жартаска бардым,
Күнде айғай салдым,
Одан да шықты жаңғырық;
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып
Баяғы жартас — бір жартас,
Каңқ етер түкті байқамас,—
 
дейді атақты «Сегіз аяғында».
 
Елі үшін, елінің бүгінгі мешеулігі мен ертеңгі күні үшін толғанған ұлы ақындардың үндес сарынды келетіні — табиғи нәрсе. Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық» деп басталатын екі өлеңі, «Қалың елім», «Қөңілім қайтты», «Ішім өлген, сыртым сау» сияқты өлеңдері Лермонтовпен тоғысады.
 
Абай бізге үлкен мұра қалдырды. Үлкен мұра қалдырған Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің мол мұрасын пайдаланды. Ұлы орыс халқының мәдениетінен еншілес інісіндей, еркін шүйгіді. Сондықтан Абайдың бізге қалдырған мұрасы да мол. Сондықтан бүгінгі қазақ совет ақын, жазушылары орыс классиктерінен үйренумен бірге Абайдан да үйренді. Абайдың қасиеті ол — өткен заманның ақыны емес, бүгінгі заманның ақыны, бүгінгі қазақ ақындарымен іргелес, бағыттас ақын. Абайдың әдебиеттегі өсиеті — шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу!
 
2. ЖОЛ-ЖӨНЕКЕЙ
 
Тақырып өзінен өзi орала кетті. Қызық емес пе, поезд жүріп кетуден бұрын он бес минут кешігіп тұр. Әлі қозғалар да емес.
 
Вокзал басшыларында асыкқандық байқалмайды. Бipiн бipi алыстан бақыласып жүргендей баяу қозғалады: бес адым әpi, бес адым бepi. Жүздерінде бей-жайлық, тоқтық ырзалығы. Жүруге асығатын жалғыз паровоз ба дерсің. Демалысы ширақ, лебі алыстан сезіледі.
 
Екінші Алматыдан бipiншiге отыз минут кешiгiп келдік. Қаланың табан асты іргелігінен ұзағанша қырық бес минут.
 
Iшi пысқан жұрт терезеге жабылып кешкі күнмен шағылысып ойнаған Алатау қырқаларына қарап қалыпты. Поезд тағы аяңдады.
 
Мен себепсіз кешіге берген поезға өкпелеп купе терезесінен далаңқы жаққа қарай бұрыла бepiп күлiп жібердім. Бiздің вагонға тұспа-тұс келіп екі жеңіл машина қарама-қарсы тоқтаған екен. Бepгici дала жақтан келе жаткан ақ «Жигу­ли», арғысы қаладан шыққан қызыл «Жигули». Төбесі торланған ақ машинаның үстінде бip ақ қозының артқы аяғы сереңдейді. Teгi бұлқына-бұлқына байлаудан босанған аяқ болу керек, жан таласып тез-тез сермейді. Аяқ серпіле сермеп қалғанда құйрығы мен сан етінің арасынан қара маржандай жылтыраған ұсақ қара құмалақтар домалап-домалап кетеді. Үшеу-төртеуден домалайды. Ақбоз аттың сауырынан домалағандай, ақ машинаның сауырынан айқын көрінеді. Мен осыған күліп жібергенмін.
 
Күле отырып қозы байғұсқа құтылыс, жігітке ұтылыс ойлап отырғанымды аңғардым. Ақ қозы босанып алып аржағында жатқан сайды өрлей соркөлге қарай тартса, екі жігіт оны қуады ғой: қозы құтылып кетсе, екі жігіт әбден болдырып әлгі жерге қайта келгенде, машиналарын әлде кімдер айдап әкеткен болса деген жерге жеткенде, поезд қаттырақ жүріп кетті де менің ойым аяқталмай қалды. Олай болмағанда ол eкi жігітке көрсетерім енді-енді қоюланып келе жатыр екен…
 
Алматы облысының ойы-қыры биыл нағыз көкорай шалғын екен. Eгін-шөп белуардан, кешкі самалмен теңіздей толқындайды. Мыңдаған жаңа гүлдер, мыңдаған жаңа өciмдіктер таң қаларлықтай қою, таң қаларлықтай балғын. Мен Алматыда елу екі жыл тұрамын. Сол жарты ғасырлық өмiрімде мұндай малынып тұрған молшылықты көрген емеспін. Биыл Алматы облысының eгін-шөбі жылдағысынан ең кемі екі есе артық болары даусыз сияқтанады.
 
Осы балғын көк дүние Жамбыл, Шымкент облыстарына да жігін ашпай жетіпті. Сыр бойына жақындай бергенде аз ғана қуанданады да қайтадан толықсып кетеді. Биыл Қазақстанның оңтұстығы тұтас абыройлы болатыны айкын.
 
Поезбен жүргенде Қызылорда облысында қадағалай қарап өтетін менің үш қимас жерім бар. Жаңақорған, Қызылорданың өзі және Арал теңізі.
 
Қырық алтыншы жылы аяғымды сындырып алып, Жаңақорғанның балшығына бip-eкi аунап жазылып кайтып едім. Сонда Сырдарияның жолбарыс мекендейтін қарау қамысы Жаңақорғанға тірелуші еді. Жаңакорғанның айналасы көк құрақпен көмкерілген толып жатқан айдынды терең көлдер еді.
 
Осы күні ол көлдердің жоғын да білемін, қарау қамыстардың құрығанын да білемін. Бүкіл Сыр бойында жалғыз тал қамыс өспейтін болғанын да білемін. Бipaқ, сол көлдерді, сол қарау қамыстарды іздей өтемін. Жаңақорғаннан Арал теңізіне жеткенше Сыр бойынан көз алмай өтемін.
 
Көк құраққа көл тұрақ.
Көлге тұрақ көк құрақ!—
 
деген бip акынның дана айтылған екі жол өлеңі есіме түседі. Нағып ұмыттық екен? Әлде ақын сөзін елемедік пе екен?
 
Жиырма сегізінші жылы күзге қарай мен Қызылордаға қызметке шақырылғаным бар. Тұратын пәтерім Қазақстан баспасының қағаз қоятын сарайы. Өзен жағасына тым жақын еді. Жиырма тоғызыншы жылдың көктемінде Сырдария қатты тасыды. Қала тұрғындары Сырдариямен он күн алыстық. Қамыс буып, шеңгел-жиде буып, ұмытпасам «қара бура» жасап дарияның жағасын биіктете бердік. Гүрілдетіп гүрсілдеп келе жатқан «арыстанның жалындай бұйра толқындарға» әpi қызыға, әрі қауіптене ұзақ қарайтын едік. Қаланың батыс жағында бармақтай қара шиенің бау-бақшалары болушы еді. Келер жылы июль айында Аламесек ауданына атпен де бapyғa болмайтын болған соң, қайықпен барып едік. Менің ойымда көп сулар, сол көп қамыстар қала бepiптi. Сырдың не себепті дария деп аталғанын көзіммен көріп едім.
 
Арал теңізіне бірінші кездесуімнің өзі бip ұзақ оқиғаға байланысты. Ырғыз, Шалқар, Тереңөзен аудандарының арасында Қаракұм таласы болып, біз, Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, тағы бірнеше адам сол дауға кетіп бара жаттық. Бiзгe бip-eкi жүк машиналары керек болды. Машиналар табылғанша Арал қаласында оңаша купелі вагонда жаттық.
 
Аралдың өмip тарихына сол жолы жақын таныстым. Еділ бойында ашаршылық болған жылдары В. И. Лениннің Арал балықшыларына берген телеграммасы мен айтқан алғысын өз қолыммен көшіріп алдым. Ленин бұйрығы бойынша жіберілген eкi «Парсенс» эксковаторы, төрт «Артур», токарьлық, фрезерлік станоктар күні-түні жұмыс үстінде болатын кезі екен. Арал балықшылары осы машина-техникалардың қасынан өткенде бip-бip сипап өтеді. Оң қолдарының биялайларын шешіп алақандарымен сипайды. Осы бip сипап өтулерінде Лениннің өзімен күнбе-күн қол алысқандай қасиет сезіну жоқ деп кім айта алар? Мен Арал теңізіне Ленин аты мәңгі қорған ғой деп сеніп кеткенмін.
 
Сырдария тасыған кезде Арал теңізі әлде қандай сызат-жылғалар тауып қаланың бipнeше алаңдарына кішкене-кішкене көлшіктер жасап береді екен. Ыстық күндерде бала біткен сол көлшіктердің айналасында шағалалармен бipгe шуласып ойнап жүреді. Теңіздің өзі де қаланың іpгecін сабалап жатады.
 
Ол кезде он eкi арынды толқынмен бұрқанып жататын теңіз осы күні Қарақалпақтың бip ащылы көліндей, жыл сайын кішірейе-кішірейе Амударияның алқымына қарай тығылып барады. Сырдариядан аузы жаритын тұщы су келмейтін болған соң сөйтпеске амалы да жоқ болу керек.
 
Теңіз суының тұзы көбейген сайын балықтың ұрығы-уылдырығы мен жас ұрпагы мәлігіне бірден-бір қырғын апат. Осы кезде Арал теңізінде балық тұқымы ойсырап азайған. Әcipece, қымбат балықтардың тұқымы құрып бара жатқанын балықшылар жыр қылып айтады. Балықшылардың өз айтуларынша Арал теңізінде судак, сазан, лещ, вобла дейтін төрт-ақ төменқол балықтар қалған. «Аулауға ұяласың».
 
«Известия» газетіне 5 август күні басылған хабарға карағанда, «жаңадан игерілген Хорезм облысының жаңа жасалған бip көлінде белый амур, сазан, серебристый карп, зер­кальный карп, тағы басқа құнды балықтар молая бастаған. Көлдің көлемі мың гектардан артығырақ. Хорезм облысының азық магазиндеріне биыл 25 мың центнер тірі балық түседі. Өзбек ағайындар балық аулау жоспарын орындадық деп кейде рапорт бере бастағалы едәуір жылдар болды.
 
Сырдың жоғарғы жағындағы бауырлас республикалар, әcipece, өзбек ағайындар дарияның суын молырақ қамтып отырады. Күріш eгeтін, мал өcipетiн, бау-бақшалы ел бар-ау деп Сырдың аяқ жағындағы бiздің халықтың мұң-мұқтажына көп құлақ аса бермейді. Бұл — әзір теңбе-теңдігі табылмай келе жатқан өз алдына бip мәселе.
 
 
Ал енді Арал теңізінің өзі бipнеше республикаға ортақ, адам азығының сарқылмас қоры емес пе? Берекесін алмай күтіп ұстасаң теңіз өз байлығын өзі толықтыра береді.
 
Теңіз тіршілігін жақсы білетін ғалымдардың ойларына қарағанда, біздің Арал теңізін осынша тонауымыз түптердің түбінде үлкен өкінішке соқпай қоймайтын ұят сияқты. Алпыс төрт мың шаршы километр жерді алып жатқан теңіз түптердің түбінде құрғап қалар болса, одан борайтын тұзды шаң қанша дүниені бүлдірерін кім білсін! Оның немен аяқталарын кім айта алар? Оның үстіне Энгельстің: «История при­роды и история людей взаимно обусловливает друг друга»,— деген қағидасын да ұмытпаған дұрыс болатын шығар.
 
Шынымды айтайын — Арал теңізіне мен қашанда осы ойлармен қарап өтемін. Ленин аты мәңгі қорғаныш болар-ау деген сеніммен қарап өтемін.
 
Ленин атына байланысты оның 24 сағатқа орында деп берген бұйрығы революция eкпiнi, уақыт тынысы екені еске түседі. Сол ұлы екпін заманының отты карқынына ере алған әңгіменің бас кейіпкері, кішкене ғана адам Томарша еске түседі. Енді Томаршаның кім екенін ашуға да болар. Томарша-Томаршы деген атаудан алынған еді. Прототипі — 1926 жылдан КПСС мүшесі, Москва архивында Томаршы кезіндегі cypeттеpi сақталған Дүйсен Жолымбетов деген аса қадірлі еңбекші адам еді.
 
Биыл Сырдария бойы да көкорай шалғын екен, аунауға шақырады.
 
Баяғыда әр есектің соңынан бip көш шаң шұбалып бара жататын еді. Қазір машина соңынан да шаң ере бермейді екен. Елі көңілді. Жыл қорытындысына сенімді мінез көрсете сөйлеседі. Әртүрлі тойлары да Шымкент тойларынан артық болмаса кем өтпейтін көрінеді…
 
Күн қайнап тұрған ыстық болса да вагон іші жайлы. Әлсін-әлсін салқын ауа жіберіп тұрады. Төсек-орын таза. Ресторанда тамақ жақсы. Қызулар бар, нағыз мастар жоқ. Ұры-қарыдан да қayiпcіз, өз үйіңдей отыра бер.
 
Теміржол бойында үш ұнамсыз жайлар бар. Бipiншici — поезд кешіге береді. Біздің поезд жоғарыда айтқандай шықпай жатып қырық бес минут кешігіп еді, Жамбылға жеткенше екі сағатқа жеткізді. Сол екі сағат соңымыздан қалмай Москваға дейін ере барды. Партиямыздың XXVI съезінен кейін мұнымыз үлкен ұят шығар деп ойлағаннан басқа не айтамыз?
 
Екіншісі тіпті ұнамсыз: вагондар лық толы жолаушы. Бірақ, солардың кассадан билет алмағаны кей вагонда төрттің бipi, ең кемі бестің бipi. Бұлар «билетті» вагон күтушілерінен алады. Мұның өзі вагон күтушілеріне «бармақ басты» жолымен қосылған еңбек-ақы сияқтанып та кетеді. Поезд сирек, жүргінші көп болғандықтан соларға «жасалған жағдай» сияқтанып та кетеді. Контролерлер вагон коридоры лық толы адам екенін көре-тұра көңіл аудармайды. Вагон күтушілерінің купесіне кіріп жоқ болады… Әрине, «бармақ басты» бар жерде «көз қысты» да болмай қалған емес. Әттен, әшейін жүргінші көз қай жерде қысылғанын, бармақ қай жерде басылғанын көрмейді бipaқ қатесіз сезінеді.
 
Үшінші, біздің теміржол бойында, әcipece осы күні поезд тоқтамайтын разъездерде үйме-жүйме ұскынсыз ауылдар кездеседі. Аздаған малдары бар. Ал енді үй дегендері ecкі ауылдың шетінде кездесетін тақыр кедейлердің коқыс баспаналары сияқты. Мал қорасы қайсы, адам тұратын үйі қайсы, сыртынан айыра алмайсың. Бұлар теміржолға қарай ма, әлде ешкімге қарамай ма, оны өзі біледі. Қалайда көз қырын салатын уақыт әлдеқашан жеткен.
 
Сыр бойының көкорай шалғыны Шалқар тұсында құмға соққаны болмаса, Ақтөбе облысынан асқанша үзілген жоқ. Орал облысы қуаң екен. Жол бойына отырғызылған ағаштарына дейін жүдеубас, берекесіздігі көзге ұрып тұр. Ол елдің бірлі-жарымды кездескен жігіттері биыл бәсеңдеу сөйлеседі. Біз бұл облысқа жауын тілеп өттік. Саратовқа жақындаған соң жер бейнесі тағы құлпырып сала берді.
 
Поезда жолаушылардың газет, журнал, кітап оқитын, ән тыңдайтын уақыты көп болады. Сондай бip минуттарда Нұр­сұлтан Әлімқұловтың «Қазақ әдебиеті» газетінде «телефон шалып» дегені көзге шалынды. Ұнаған жоқ. «Мәдениет және тұрмыс» журналында (VI) «Бес тал cәбіз және eкі тал жұмыртқа»,— депті.
 
Сенімді жас жазушыларымыздың бipi Кәкен Хамзинның — «Жер мен көк iңip қараңғылығына басын сүйей тынши қалыпты»,—дегені тағы да көзіме түciп кетті. Кәкеннің осы бip сөйлемі не ат, не қыран кұс болса ұрлатып алғандаймын.
 
 
Бip күні таңертең Одақтық халық артискасы Роза Бағланова «Сырымбет» әнінің аяғын былай қайырды:
 
Қарындас-ау, енді есен бол,
Туған жерім сен де есен бол!
 
Ақан cеpі сүйген қызымен айрылысып, қоштасып жатса да туған жерін тастап ешқайда кетпегенін нағып білмейді екен?
 
Тағы бip дардай әншіміз радиода «Ат қайда Ақбақайдай арты желген», — деп ән салып жатыр. Әннің өзi түгіл сөзіне де түсінбейді-ау деймін. Аттың арт жағы желгенде, алдынды жағы не ітейді? Аяндай ма, шаба ма? Қай ел болса да желісті ат пен жорғаныц шауып кетпейтінін ұнатады. Біздің әнімізше аттың арт жағы желсе болды, алдыңғы жағы мейлі, не қылса да өзi білсін. «Ақбақай » әнінің дұрыс өлеңі: «Ат қайда ақбақайдай шаппай желген!»—деп басталады.
 
Халық әндері мен өлеңдерін бүлдіріп-ақ баққан екенбіз.
 
Жайлы вагонда тағы бip қадағалап оқып шығу үшін «Абайдың арызы» басылған «Қазақ әдебиеті» газетін ала шығып едім. Оралдан өткен соң, соны қолға алдым. Абай арызы сексен жыл бойында ceніп келген бірталай қателерімізді ашады екен. Kәpi-жасымыз түгел сонша уақыттың ішінде Абайдың таяқ жеуі қандай оқиғаға байланысты, сабаған кімдер екенін білмей, бей-жай салтымызға салынып жүре беріппіз ғой… Әуелі арызды тапқан жас ғалымға алғыс айттым, кейін өз қосқандарын оқи келе недәуір өкпелеп қалдым.
 
Бұл уақытқа дейін құлағымызға сіңіп, ойымызға ұялаған шындық оқиға болыстық сайлауларда кездесе беретін талас-тартыстан туатын. Мұнымыз жалаңаштау себеп болса да сенетінбіз.
 
Бірінші қатеміз осы болып шықты. Абайды сабаушылар Мұқыр болысынікі, Абай өзі — Шыңғыс болысының адамы. Болыстыққа таласу деген әр болыстың өз ішінде, өз адамдарының арасында болады ғой. Абайдың арызы бойынша да оқиға болыс сайлауына байланысты емес, жерге байла­нысты.
 
Екінші, Абайға қол көтерген адамдардың да бipeн-capaнын болмаса көпшілігін түгел білмейді екенбіз. Оқиғаның қай жылы болғаны да Абайдың өз арызы арқылы анықталып отыр — 1898 жыл, июнь.
 
Абайдың сенатқа берген арызына «беташар» беріліпті Автордың Абай арызына қандай мән беретіні, қалай түсінетіні сонда айтылған.
 
«Абайдың, — дейді мақала авторы, — сенатқа хабарлама жасауы даланың қуыс кеуде, тоңмойын жуандарын тәртіпке шақырып, әділдік күтудің шыншыл бейнесі, өзара түсінісу орнатамын деген әрекеттің бip көрінісі, күрес жолының бip амалы еді».
 
Әpi «өзара түсінісу, әpi «күрес жолының бip амалы», — деген тезис өзіне өзі қарсы келіп тұрғанын автор байқамай қалған ба, қалай…
 
Абай өз арызында былай депті: «1898 жылы июнь айында ояз бастығының қатынасуымен Мұқыр болысының сайлауы өтетің болды. Осы мезгілге Мұқыр болысы мен Шыңғыс болысының жер бөлісі тәртіпке келтіріліп бекілуі көзделген-ді. Ояз бастығы сол мәжіліске менің қатынасуымды қалаған». Оның үстіне Мұқыр болысында қаңғыбастар мен айдаудан қашқандар көп жүреді екен. Мұқырдың болыс бастығы оларды жасырын паналатып жүргенін білетін ояз бастығы Абайдан сол қаңғыбастарды ұстасуға жәрдем cұраған екен (Мұқыр болысы бұл жайды біліп жүрген).
 
Оқиға желісі осы екі мәселеде: бірінші, екі болыстың аяқталған жер-су дауларының қорытындысын бекіту, екінші Мұқыр болысында жасырын паналап жүрген қашқын-босқындарды ұстау. Абайдың болыс сайлауында жұмысы жоқ, осы екі мәселеге араласуға шақырылған. Абай Шыңғыс болысының адамдары келгенін ояз бастығына хабарлап шықты. Мұқыр жағы әлі келмеген екен, амалсыз күтуге тура келіпті. Ояз начальнигі түскен киіз үйге жақын жерде отырған Абайды Мұқыр болысының адамдары келе-сала сөзге келместен жабыла кетіп сабай бастайды. Абай жағынан арашашы болмаса өлтіріп жіберетін түрлері бар екен.
 
Абайға қол ic жасағандардың «жуан ортасында Мұқыр­дың болысы Мұсажан Әлімқожин, Бейсембі Жақыпов, Әбен Битембаев, Әзімжан Исабаев және Рақым Өмірзақов болды. Жақыпов қынаптағы пышағымды тартып алса, Әбен Битем­баев басымдағы тымағымды, Рақым Өмірзақов алтын баулы сағатымды жұлып алды».
 
Miне, Абайды сабаған адамдар — осылар. Абайдың өзі көрсетіп отырған тізімнің ішінде бұрын айтылып жүрген Оразбай, Әзімхан деген адамдар жоқ. Бұдан былай «Көшбике» оқиғасына Абайдың өзі атап көрсеткен жауларынан басқа адамдарды бытыстырмауымыз керек. Көркем әдебиетте сөз басқа. Көркем әдебиет eшбір геройына паспорт бола алмайды. Жарияланған арыз мазмұнындағы оқиға осы (бұған тек Абайдың тоналған мүлкі қосылады). Осыдан әрі асқан соң мақаланың авторы өз тұспалдамаларын кайталай-кайталай алдыңа тосып, Абай арызынан алыстатып әкете береді. Абайдың не жазғанын логикалық сүрлеуімен жалғастыра оқып түсіну қиын-ақ. Жиырма беттік кағаз салынған папканың барлық сыры түгел ашылмаған сияқтана береді. Абайдың өзі айтып отырған жер дауына да, қашкын-босқын мәселелеріне де автор мән бермейді. Айтылды, қалды.
 
Дұрысында «Көшбикедегі» қол ic оқиғаның бастамасы емес, аяқтамасы ғой»! Оның аржағына жер дауы, жесір дауы, сайлаулар, жазғы жайлау, қысқы қыстау сияқты талай-талай қоғамдык, әлеуметтік тартыстар жатады. Абайдың әділдігі де, демократтығы да, ақындығы да, азаматтық әрекеттерінің салмағы да сондай айқас аркылы көрінбек. Автор сондай тартыстардың өзіне соға алмаған. «Даланың тоңмойын жуан, феодал шонжарлары» деген ecкі жамыраманы бес рет кайталағанымен, олары ғылым тұрғысынан қарағанда, жансыз, жаттанды сөз болып кала барады.
 
Мақаланың тиянағы жоқ, дәлелсіз көпіртпе сөздерінен бipep мысал келтірейік.
 
1. «Ал, Абайдың сенатқа жазған өтініш-тілегінде дала тағылары феодал шонжарлардан қорлық көрген, өлімнен бетер жаза алған халық ұлы Ибрагим Кұнанбаев өміріне дүлей қара күштердің тек Абайға ғана емес, сонымен бipгe жокшысы болған халкына жасаған қазадан бетер қастығы айтылады». Сол «қазадан бетер қастықты» Абай өзi калай айтыпты? Тым болмаса сонысын келтіру керек емес пе? «Өлімнен бетер, қазадан бетер» деген сөздер қанша «тапқырлық» көрінгенімен бip сөйлемнің ішінде eкi қайталануы орынсыз. Және Абай қылмысы ашылып жазаланған кici емес. Ақ icтepi, әділ әрекеттері үшін жәбірленген адам. Осы сөйлемнің ішінде баттиып «Ибрагим Кұнанбаев» дегені қандай дөрекі көрінсе, оның үстіне сол сөйлемнің ішінде Абай деп қосқаны тағы бар екен. Филология ғылымдарының кан­дидаты сөйлемді осылай құрудың өзi ұят болатын шығар.
 
Peтi келгенде, айта кетейік, бұл сөйлемді Мұхтар былай кұраған: «Ол соққы Абайға ғана тиген соққы емес, халқының арына соққан сұмдық соққы болды» Бұзып-жарып өңін айналдырмай-ақ осының өзін неге ала қоймады екен?
 
2. Абайдың «Менің тоналған мүлкімнің барлық ақшадай мөлшері eкi жүз қырық бip сом», — дегеніне автор өз бағалауын жалғастыра «Тарихи шындықтың бетін ашып, жауыздар қатыгездігі мен дәрменсіздігін алдыңа жайып салады», — дейді.
 
Тоналған мүлік қанша қымбат болса да «тарихи шындық» деген сөзге бұл арада орын жок. Оның үстіне, осы тоналған бұйым жайлары Абай арызының ең осал, ең лайықсыз жері.
 
Автор «жәбір көрген халық сүйіктісінің әр адымы есепте, оның әрбір сөзі хатталынып» отыратынын бip ескертіп кетеді. Сол «хатталынып» отырған сөздерінен бipep үзінді келтіргeнi де дұрыс болар еді-ау…
 
Абайды ғылымдық, ақындық, азаматтық тұрғыларынан ең терең зерттеген біздің екінші Абайымыз — Мұхтар Әуезов. Өзге зерттеушілердің көбі үзіп-жұлып берекесін кетіріп жүр. Мұхтар Әуезов Абайдың дәуірін танытатын, тарихтық қасиеті үлкен мәліметтер іздейік дегенді талай рет айтқан да, жазған да болатын.
 
Мен осы беталысқа дәл келе ме деген бip ұсыныс жасағым келеді. Қазақ Ғылым Академиясының ғылыми кітапханасында 1886 жылы Қазанда шыққан бip кітапша бар екені жарияланды. Ол Семей облысының бес бапты дуанынан (оязынан) арнайы сайланған өкілдер қабылдаған 74 бапты дуаннан (параграф) ереже. Съезд Шар өзенінің бойында Қарамола деген жерде өткен. Ережені жасау iciнe Ибрагим Кұнанбай ұлы қатынасты деп атап көрсетілген.
 
Бұл «Күлтөбенің басында күнде кеңес» — Тәуке-хан кеңесінің қабылдаған ережесінен кейінгі екінші жасалған ереже. Осындай ереже 1896 жылы Ақмола облысында да қабылданған.
 
Академиямыздың ғылыми кітапханасы жариялаған кітаптар тізімінде Абайдың қатынасуымен жасалған 74 бапты ереженің үш бабы келтірілген: барымташыға, ұрыға — өлсе құн жоқ, суға кетіп бара жатқандарға, өртке ұрынғандарға көмек көрсетпегендерге — бас тоғыз айып, жесір қалған әйелдерге бас бостандығы!
 
Бұл — кәдуілгі елдік, әлеуметтік терең мәні бар ереже. Шариғат та, әдет-ғұрып та емес, өз тұсындағы заң (әрине-патшалық бекіте қойса!).
 
Менің айтпағым: осы 74 бапты ережені қабылдау үстінде Абай неше рет сөйледі екен, қандай шеке-қызбайлар болды екен? Өзге жетпіс бip бабын былай қойғанда жоғарыда көрсетілген үш бап Абайдың еңбегі емес пе? Және осының өзі әлеуметтік пен елдіктің ең түбегейлі мәселелері емес деп кім айта алады? Абайдың достары да, қастары да осындай талас-тартыстың төңірегінде топтаспай ма?
 
Meнің ойымша, осы ережені қабылдауға Абай еңбегін зерттеп, дәлелдеп шыға алған ғалым Абай дәуірінің Мұхтар айтқан бар сырын, тарихтық қасиетін ашып бере алар еді. Оның үстіне өзінің нағыз ғалым екенін де көрсетер еді.
 
Абай поэзиясының жаңғырығы ic-әрекеттерінде, әрекет жанғырығы поэзиясында, Абайды зерттеген ғалымдар осы тереңге де бойлаулары керек. Жол-жөнекей жаратылыс, болмыс суреттері ұйқыда көретін түсің сияқты тез ауысып отырады да, әлденеге түйілген ойыңды аяқтатпайды. Мақаланың атын «Жол-жөнекей» койғаным да сондыктан.
 
Менің ойымды Алматыдан шыға бере ұшырасқан ақ қозыны екі рет еске түсірген мынадай бip көріністер бөліп кетті. Мичуриннен өткен соң, жол бойына отырғызылған ағаштың ішінен еліктің бip-eкі айлық баласы шыға келіп, аржағындағы боздауыққа қарай жүре берді. Екі кұлағы төбесінде, көздері баданадай. Гүрсілдетіп өтіп бара жатқан поезда жұмысы да жоқ, үйреншікті қалыпта баяу аяңдап барады. Iрілеу бip ағаш жапырақтарының азғана кұбыла жайкалғанына карағанда, апасы сол ағаштың тасасында баласын бақылап тұр.
 
Бұл калың орман емес. Теміржол бойына қар тоқтатуға арнап отырғызған екпе ағаштар. Ағаш қалың болып өсіпті. Көлденеңі елу метрдей. Тұрғын елдің тимейтініне әбден үйренген елік, мүмкін осы ағаштың ішінде балалай салған болар.
 
Ершовкадан өткен соң, бауырын көтеріп қалған қаскырдың бөлтірігін көрдік. Ол ашық жерден қалың ағашқа қарай бет алып тұр. Кұйрығын шиырып алып, xayiп кездесе қалса, қарсыласпақ ыңғайы бар. Бұл да жол бойына отырғызыл­ған ағаштың ішінде туған бөлтірік. Қасқыр да тұрғын елдің момындығына сеніп алған ғой. Сол арадан жүз елу метрдей жерде үш-төрт сиыр да жайылып жүр. Әрине, үш балапанның ішінде ең xayiпке ұшырап бара жатқаны да ақ қозы байғұс…
 
Москвадан біздің Қызылжарға баратын 32-поезд да жүpiп кетуден бұрын бip сағат кешікті, Қызылжарға үш жарым сағат кешігіп келді. Қызылжардан Алматыға келетін поезд Қарағандыға үш жарым сағат кешігіп келді.
 
Мен теміржол шаруашылығының әлденелерге байланысты жағдайларына кездесіп қалып, соны мазақтағым келіп отырғаным жоқ. Ондай әдетім болған емес. Қазақстан өте кең жерлі мемлекет. Бізде су жолы жоқ деуге болады. Тасымалдық дүниелігігіміз ұлан асыр. Жалғыз Қарағанды көмірінің өзi қырық ceгіз миллион тонна екен. Астығымыз ше? Teміріміз шe, түсті металымыз шe? Бұл — аспан жолымен тасып алуға тіпті болмайтын байлық. Сондықтан, тасымал салмағы теміржолға түсетінін білмейтін адам кемде кем-ақ болар. Яғни Қазақстан үшін теміржол жүрісінің сағат-минутынан кешікпеуі бірінші бақылайтын, бұлжытпайтын icтepдің қатарында болу керек. Теміржолдың жүрісіне басқа барлық шаруамыздың тағдыры байланысты. Менің айтайын дегенім осы ғана.
 
Ел аралай жүргенде кездеспей қоймайтын, әдетке айналып тереңдеп бара жатқан бip дертке жол-жөнекей болса да coғa кеткім келеді. Қазақ ауыл-поселкелерінде сиырдың сүті шайға құюдан басқа түрде пайдаға аспайтын болып барады. Осынымыз қай астамшылық? Ең болмаса айран-қатығымыз қайда? Ақ ipiмшік, сары ipiмшік, тұщы кұрт, ащы кұрт дейтін қосымша тамақтары тағы болмайтын ба еді? Қазақ семьяларының қайсысында болса да бірді-екілі сауын сиыр жоқ емес. Әттең сол үйлерде шайға кұятын қаймақтан басқа сүт азығы болмайды.
 
Тоғайған, кейде тіпті байып алған ауыл әйелдері сиыр саууға epiне бастаған. Бие саууды біржола ұмытып барады. Орталықтағы сауын сиыр мен жеке меншіктегі сауын сиыр­дың беретін cүтін салыстыруға келмейді. Бipeyi сиыр сауып отырса, бipeyi ешкі сауып отырғандай. Сүт негізінде шайға кұюға ғана кажет болған соң сиырды онша қадағалап саумайды да. Сиыр сауу жөнінде eнeci мен келінінің арасында кикілжің де туып жатады екен. «Қазақстан әйелдері» журналына осы төңіректе әлі де бipaз мәселе бар ғой деймін.
 
Қымыз жайы бұдан да сорақы халде. Сүтке әр үйдің аузы тиеді. Қымызға олай емес. Қымыздың қасиетін қазақ еліне үйретудің кажеті жоқ. Облыстық, аудандық басшылар, сов­хоз-колхоз басшылары өздері үшін бие сауғызып қымыз жасатпайтыны жоқ. Сауғызады, жасатады, iшеді. Бірақ газды су болмай қалса, астан-кестең әңгіме жасар еді. Қымыз жөнінде бipeyi бip ауыз сөз айтқан емес. Қымыз бұрын қазақ биесі бары да, жоғы да жаппай iшетін тамақ болса, бүгін ол ел үшін керек болмай қалған сияқты. Қaзip бие сауатын машина да шықты, бие де, құдайға шүкір, бар. Бірақ халык үшін қымыз жоқ.
 
Павлодар облысы «Екібастұз» жұмыcкepлepiнe арнап қымыз киоскесін ашыпты. Орысы бар, қазағы бар, немісі бар жұмыскерлер рахмет айтып ішетін көрінеді. Илаһи, сол үлгі басқа жерлерге де тарағай-ақ-ты. Yш мың құлынды биeci бар Қарқаралы ауданы iргесінде тұрған «Шахтер» демалыс үйі, пионерлер лагері, турист базасы үшін қымыз ұйымдастырса шаш етектен пайдалы да болар еді-ау. Tүсінікті нәрсені езгілемей айтканда, мал өсірудің бip ордасы болып отырған Қазақстанға малдың сүтін түгел пайдалану уақыты жеткен сияқты.
 
Қарағандыдан «Сары-Арқа» поезымен өз мезгілінде шығып едік, Алматыға өз мезгілінен бес минут бұрын келдік! Miнe, поезд осылай кешікпей жүруіне болады екен ғой!?
 
Таңертең алты шамасында «Отардан» өтіп, Алматы облысының жеріне кірген екенбіз. Кірдік те көрдік, көрдік те таң қалдық! Eгін орылып болыпты. Егін сабаны көш-көш шөмеле болып ой-қырымызды түгел белдеулеп алыпты. Мұндай көп сабанды мен қара топырақты Россия жерінде бip екі рет кергенім бар!
 
«Сары-Арқа» поезы уақытынан бес минут бұрын бірінші Алматы стансасына келіп тоқтады. Miнe, бәйге беретін поезд! Miнe, бәйге беретін вагон кызметкері! Осыны әр ауыздан айтып, лепіріп тұрғанымызда, кеше кешке келетін ceгізінші поезд жаңа келіп, ұяла-ұяла үшінші жолға бұрыла кеткенін көрдік. Teксергісі келген адамға сол күні сәрсенбі, 22 июль болғанын да айта кетейік…
 
Мүсірепов Ғ. Заман және әдебиет. – Алматы, 1986. – 225-136-беттер.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар