Танымал жазушы Габриэль Гарсиа Маркес әлемге өзінің «Жүз жылдық жалғыздық» романымен танылды, осы романымен Нобель сыйлығын алғанын да білеміз. Бір қызығы, бұл романға қатысты автордың өз ойы басқаша екен. Сонымен қатар жазушының өзінің шығармашылық жеке зертханасы туралы, жазуға қатысты, кітаптары туралы, шабыт туралы ойлары да қызық. Осы мәселер туралы берген жазушының бір сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
***
– Сіз қай кітабыңыз көбірек көңіліңізден шықты деген сұраққа, үнемі «Полковникке ешкім жазбайды» («Полковнику никто не пишет») кітабы деп жауап бересіз. Қазірде сол ойдасыз ба?
– Мәселе мынада, біз жазушылар соңғы жазғанымызға үнемі басқаша көңілмен қараймыз, ата-ананың кенже балаларына қарағаны сияқты. «Полковникке ешкім жазбайды» повесін мен әркез өзімнің ең сәтті шыққан шығармам деп ойлаймын. Оған себеп, осы туындыда мен өзімнің негізгі ойларымды айтуға тырыстым, жазушы үшін де ең бастысы осы ғой. «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазған соң менде реніш, мүмкін қызғаныш пайда болды. Барлығы «Жүз жылдық жалғыздық» туралы айта бастады, ал өзім жақсы көретін кітабым оқырман назарынан белгілі бір деңгейде тыс қалды. Бұл зерделеп қарауды керек ететін мәселе шығар. «Жүз жылдық жалғыздықтың» оңай оқылатындығы мен шытырманға толы оқиғалар тізбегі оқырман назарын өзіне аударған болар. Қалай дегенмен, «Полковникке ешкім жазбайды» кітабы мен үшін өте сәтті шыққан әдеби туынды болып табылады, жазушылардың негізгі талпынысы да осы.
Ал «Белгілі болған өлім хикаясы» («Истории одной смерти, о которой знали заранее») кітабы жарыққа шыққан соң, бірнеше сұхбатта ең жақсы кітабым осы екенін айттым. Бұл «Полковникке ешкім жазбайды» кітабынан соң жиырма неше жылдан соң жарық көрген туынды екенін айта кету керек. Үнемі жазу барысында, жазуға, жақсы жазуға үйренуге болады. Өз ойымша, «Өлім хикаясы» – белгілі бір мөлшерде менің шығармашылығыма есеп берген тәрізді.
– Ал бұл «Өлім хикаясы» шындыққа құрылған ба, әлде қиялға ма?
– Нақты мына жері шын, мына арасы қиял деп айту қиын. Менің барлық кітабым шындыққа құрылған, тіптен кітаптарымда шындықтан алыс бір жол да жоқ деп айта алам. «Өлім хикаясына» келсек, оқиға сюжеті түрлі жерде болған, түрлі оқиғалардан құрылмаған. Бұл өмірден алынған – толық бір эпизод. «Өлім хикаясы» шынымен болған оқиға. Ал менің қосқаным – әдеби әдіс-тәсілдер мен көркемдік құралдар ғана. Мен жазушылық пен журналистика екеуімен қатар айналыстым, және осы екі қызметтің айрмашылығы не деген сұрақ мені үнемі мазалады. Олар кей жағдайда өте ұқсас, екеуі де оқиғаларға құрылады, сондықтан болар ешқандай айырмашылық жоқ сияқтанады. Журналистика да, әдебиет те – бір бастаудан нәр алады, мен бұл жерде әдебиет деп романдарды ғана айтып отырмын. Бейнелеу тәсілдері басқа демесеңіз, өзара өте ұқсас. Мақсаттары бірдей ғой: жеткізу, айту, сендіру. Осы екі кәсіппен қатар айналысу барысында, екеуін ұштастыру мақсаты менде үнемі болды. Осы мақсатты мен «Өлім хикаясында» жүзеге асырдым деп ойлаймын. «Өлім хикасы» – журналистердің көзқарасымен қарасаңыз репортаж, репортаж болғанда – әдеби репортаж. Бұл оқиғаның шын болғандығында емес, көркемделген, расымен болған оқиға екендігінде.
– Сіздің «Патриархтың күзі» («Осень патриарха») романыңыз жайлы екі пікір қатар өрбуде. Біріншісі, романның бір демде оңай жазылғандығы туралы болса, келесі пікір керісінше азапты жолмен жазылды дегенге саяды. Осы екі пікірдің қайсысы рас?
– Менің бір демде жазылған кітабым – «Жүз жылдық жалғыздық». Бұл кітаппен он сегіз ай жұмыс жасадым. Жазу барысында ешбір кедергі, қиындық болмады. Егер ешбір қозғалыссыз он сегіз ай отыру мүмкін десек, бұл роман бір жолғы отырыста жазылды деуге болады. Ешбір түзету, ешқандай күмән болмады, жазуға отырғанда кітап толығымен басымда еді. Ал «Париархтың күзі» мүлдем керісінше болды. Бұл кітапты әрбір әріптен, сөзден жасап шығардым, бұндай азаптың қайталанғанын қаламас та едім. Және бұлай боларын білдім де, себебі бұл кітапта мен көптеген эксперименттерге бардым, осылай жазып көргім келді. Жоғарыда айтқанымдай «Өлім хикаясында» мен жазушылық пен журналистаны ұшырастырғым келсе, «Патриархтың күзінде» басты эксперимент мынау еді: проза – қаншалықты деңгейде поэзия бола алады. Басымда, және жазбаларымда роман барысы түгелімен дайын болды. Ал жазу тәсілін, баяндау жүйесін табу шынымен аса қиынға соқты. Жазу жақсы жүрген күндері 4-5 жолдан жаздым, өкінішке орай ол жолдарды келесі күні сызып тастауға тура келді. Ритмді ұстап тұру, жазу үйлесімін сақтау, сонымен бірге мен композициялық шешімді өз ойыммен ұштастыра алмай қиналдым. Егер оқиға желісіне еріп отырсам, роман аяқсыз, іш пыстыратын дүние болып шығар еді. Сондықтан мен оқиғаны мүлдем басқаша құрдым, бәрін керісінше, жоғарыдан – төмен, артынан – алдыға қарай. Экспримент түрінде жазылған кітап жарыққа шықты, есесіне сыншылар оқырманды адастырды. Олар үнемі менің кітаптарыма өз ойларымен қарайды, солай оқырмандардың түсінуіне кедергі жасайды. Көп оқырман кітаптан бұрын сыни мақалаларға назар аударды, сол арқылы кітапқа барар жолды таба алмады. Бірақ алғашқы қорқыныш жоғалды, кітапты оқу оңай екенін түсінді. Оқырманның көзқарасы қараңғылыққа үйрену керек, сонда барлығы айқын болады. Менің әрбір кітабыма деген «қорғаныс жүйем» дайын, олар – менің балаларым ғой, олар үшін бәріне дайынмын.
– Хемингуэй: «Шабыт жазу барысында келеді», – дейді, бұған қалай қарайсыз?
– Келісем, менің ойымша да солай, шабыт – тек еңбек барысында ғана келеді. Романтикалық концепция бар ғой, «шабыт – құдайдың сыйы, шабытпен жұмыс істеу оңай» деген. Менің шабытқа қатысты концепциям – тек еңбектенуге тәуелді. Расымен, барлығы оңға басқанда, шынымен де ерекше шабыттану болады, магиялық бірдеңе бардай, біреу құлағыңа барлығын сыбырлап айтып тұрғандай күй кешесің. Бірақ бұл шығармашылық күй – саған көшеде, төсекте жатқанда келмейді, тек еңбектену барысында ғана осындай ахуал болуы мүмкін. Мұндай ахуал барысында ойлар еркін туады, өзіңді бір ерекше ғажайып, санадан тыс жағдайда сезінесің. Шабыт деген – осы, жазуға берілу. Бұл тұрғысында Хемингуэй өте дұрыс айтқан. Прустың сөзінде естен шығармау керек: «Кітап – бір пайыз шабыт, тоқсан тоғыз пайыз қара тер».
– Сіздің есіміңізге қатысты айтылатын аңызға айналған әңгімелер «Жүз жылдық жалғыздықтан» кейін ештеңе жазбау керек деген пікірге тоқталады. Бірақ сіз оны жоққа шығарып, басқа романдарыңызды жарияладыңыз. Сіз бұл әңгімелерді әлі де жоққа шығарасыз ба?
– Менің басымда жүрген идеялар жинақтала бастады, мен жақында оларды қағазға түсіре бастаймын. Бұл сұрағыңызға жауап бола алады деп ойлаймын. Өз кітаптарымды қалай жазғаным туралы кітап ұсынбақ ойдамын. Оқырманға шын жүректен менің кітаптарымның қандай оқиғаға құрылғаны, ойлардың қандай шындыққа негізделгенін, әрбір эпизодтың жазылу тарихын, әрбір кейіпкер жайлы айтып бергім келеді. Біріншіден, әдеби мәселелердің адамдарды қызықтыратынын түсіндім. Көбісі бұл әдеби сұрақтар кәсіби мамандарды, жазушыларды, ғылым жолындағы ұстаздарды ғана қызықтырады деп, оқырмандарды есепке алмайды. Оқырмандармен кездесу барысында, өз кітаптарымның жазылу тарихы жайлы айта бастасам, олардың қаншалықты қызыға түсетінін байқаймын. Олардың тарихы оқырманға қызық. Міне, мен романдарым жайлы түсініктемелер жаза бастадым (біраз жыл болды). Менің ойымша, әрбір романның ішінде тағы бір роман бар. Сол «роман ішіндегі романды» жазғым келеді. Бұл өз кітаптарымды талдау, өз өмірім жайлы баяндау, бірақ бұл – өте қиын және уақытты қажет етеді.
Бұны ғылыми-зерттеу еңбек деп атауға болатын сияқты. Бірақ нәтиже көркем әдеби шығарма болуы керек. Бұл сыни мақала да емес, эссе де емес, роман туралы роман болуы керек. Мұндай роман жазу қызық шығар деп ойлаймын. Және осындай романды оқу да қызық болатына сенем. Бұл еңбек өте қиын болмақ, көптеген томдар жазуым керек...
– Фолкнер үнемі көк түсті қағазға жазған екен, ал Гете ағаш атқа отырып жазыпты деседі. Ал Достоевский жазу барысында арлы-берлі жүрумен болады екен. Ал сіз қалай жазасыз?
– Хемингуэй тұрып жазған дейді ғой. Мүмкін, әр жазушының өз әдет-дағдысы бар шығар. Бірақ менің ойымша, бұл жазғысы келмегендердің, жаза алмайтындардың шығарғаны. Басқаша айтсақ, адам жазбау үшін түрлі кедергілер ойлап табады. Мені де үнемі жазу машинкасына отыру қинайды. Мен оған қарап қойып, арлы-берлі жүрем, телефонмен сөйлесем, газеттерге жармасам – бұның барлығы уақытты созу, жазу машинкасымен жеке қалмау үшін ғана. Алғашында мен ұзақ уақыт тұрақты температурасы бар бөлмеде жазуды ұнататынмын. Бұған себеп, мен жазуды Кариб теңізі маңында, тропиктік аймақтарда бастадым. Температура әр уақыт +30 градустан жоғары болады, ыстықта басқа бірдеңе жайлы ойлау мүмкін де емес. Сондықтан болар тұрақты бір температурада жазу қалыптасып кетті. Сонымен қатар почта форматындағы ақ қағаз керек... Қара түсті жазулы электр жазу машинкасы болса. Түзету де тек қара түсті сиямен жүзеге асуын қалаймын. Менің жазуыма қажетті әдет-дағдылар осылар. Бір күні өзіңе былай дейсің: «Жаза алмаймын, себебі керек қағаз бітіп қалды немесе тек қана көк сиялы қалам ғана бар» дегендей. Бұның бәрі іштегі күрес. Бұл жазу дағдыларын ұмытуға мәжбүрлейтін, бұл дағдыларға бағынбайтын бір жағдай бар, ол – журналистика. Журналистика сенің жағдайыңа қарамайды, себебі сен белгіленген уақытқа дейін жазуыңды аяқтап, тапсыруың керек. Сол себепті қонақ үйде ме, басқа жерде ме, қандай температура болсын, қандай жағдай болсын жазуың керек, болды.
Менің басты бір мәселем – бір кітаптан соң екінші кітапқа отыру қиынға соғатыны. Көп жағдайда бір кітаптан кейін, екіншісін қолға ала алмай жүремін. Сонымен қатар түрлі сылтаулар да пайда бола қалады. Кейбір шаруаларды екі жыл бұрын аяқтай алатын болсам, сол екі жылым кейінге қалдырумен өткен кездер болды. Сосон мен бұған қарсы бір амал ойлап таптым. Боготадағы «Эль Эспектадор» газетінен бағана аштым, апта сайын, әр жұма сонда бірдеңе жариялауым керек. Келісім бойынша міндетті түрде жұма сайын жариялануы тиіс, бұған мені ешкім мәжбүрлемеді. Бұл менің жазуға деген талпынысым, тәрбием деуге болады.
Журналистика жазушының тек жұмыс жасауына ғана көмектеспейді, сонымен қатар сөзбен үнемі байланыста ұстайды. Бастысы – өмірмен, оқиғалармен байланыста боласың. Жазушы оқиғалармен, өмірмен, адамдармен байланысын үзген күні, жазушылықтан да алыстайды. Журналистикамен айналысу арқылы осы байланысты сақтайсың, ал шығармшылық еңбек адамды өмірден, қоғамнан алыстата түседі. Атақ қалпақпен ұрып түсіреді ғой, бұндай жағдайда айналаңда не болып жатқанын түсінбейсің. Осындай сәттерде журналистика атақтың биігінен төменге түсуіңе, өзің өмір сүріп жатқан қоғамға зер салуға көмектеседі. Мен сондықтан журналистикамен айналысамын. Мүмкін, бұл менің ойымша қана солай шығар. Журналистика жазуыма кедергі келтірген кезінде, айналысуды доғардым. Бәрі қалпына келген соң, қайта жалғастырудамын. Журналистика қалаған тақырыбымда, қалаған формада жазуыма көмектеседі.
Аударған Нұрқанат Шаймұратұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.