Биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ театры кеңістігін әлеуметтік желіде насихаттау, сондағы жастардың жүрегіне өнермен жол табу үшін өнер саласының мамандарын Instagram, TikTok сынды ғаламторлық желілерінде белсенді болуға шақырған еді. Міне, осы идеяның негізінде Астана музыкалық жас көрермен театры мен «QazContent» акционерлік қоғамы бірлесіп «Ғашықтар» атты қысқа метражды киноновелла түсіру үстінде. Бұл – Qazcontent пен Музыкалық жас көрермен театрының бірлескен алғашқы жұмысы. Идеяның бастамашысы – QazContent» акционерлік қоғамының төрағасы Бекзат Жүсіп. Шығармашылық топқа киноновелла сценарийін жазуға шабыт берген жас көрермен театрындағы «Ғашық жүрек» қойылымы екен.
«Ең алғашқы туынды есебінде біздің театрымызда М.Мақатаевтың сахналанған «Ғашық жүрек» атты поэтикалық музыкалық қойылым бар болатын. Онда жыр құлагері Мұқағалидың бейнесі, өлеңдері, жырларына жазылған әндері шырқалады. Бұндай шараны өткізудің негізгі мақсаты - тұлғаны дәріптеу, тану, ұлттық әдеби кеңістіктегі Мұқағалидай ақиық ақынның жырларын арқылы әлеуметтік желі әлеміндегі жастардың бойына сіңіру», - дейді Музыкалық жас көрермен театрының басшысы Асхат Маемиров мырза.
Сценарий бойынша, киноновелладағы екі жасты ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы табыстырады. Іңкәр есімді қыз Семейден Астана қаласына жұмыс іздеп келіп, елордада бозбала мен бойжеткеннің кездесу хикаясы басталады. Бойжеткен Іңкәр жұмыс іздеп келген компанияның басшысы орыс тілді қазақ болғанымен, ол да Мұқағали поэзиясының сүйікті оқырманы. Жұмыс сұрап келген қыздың бойында ақынның тұлғасына деген ынтызарлықты байқаған компания басшысы бойжеткенді бірден жұмысқа қабылдауға шешім шығарады. Қыздың поэзияға деген махаббаты түбі театрға жетелеп, сонда болашақ жігітмен танысады. 21 ғасырда жарқ-жұрқ еткен заман арасында жүрген жасөспірім мен жастар өздерінің рухани генетикалық кодын білмеуі мүмкін. Бірақ қос ғашықты біріктірген Мұқағалидың поэзиясы екі жастың қосылып, отбасы құруына әкеледі.
«Басында спектакльді көркем түрде түсіруді жоспарлағанбыз. Сосын Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын кірістіріп, бірақ бөлек сюжетпен, қазіргі заманға сай оқиғаны кино сияқты түсіруді ұсындым. Қазір түсірілім қарқынды түрде жүріп жатыр», - деді түсірілім алаңында қоюшы оператор қызметін атқарып жүрген Qazcontent АҚ мультимедиялық контент бөлімінің басшысы Нұртай Башенов.
«Ғашықтар» түсірілімінде екі ұйымнан екі режиссер жұмыс істеп жатыр. «Qazcontent» АҚ режиссері Дәулет Әуелбеков өз сөзінде бірлескен жұмыстың жанрын түсіндіріп өтті.
«Киноновелла деген – кинодағы мюзикл. Біздікі шамамен 20 минуттық қысқа метрлі киноновелла болады. Бұл – «Qazcontent» үшін де, театр үшін де алғашқы тәжірибе, компанияның театр ұжымымен бірінші коллаборациясы. Сондықтан біз де, театр актерлары да бұл жанрға бейімделуі керек. Өйткені театр мен кино – екі бөлек дүние. Театрда қозғалыстар, сөздер кең көлемде берілсе, кинода детальдар рөл ойнайды. Мимиканың өзі егжей-тегжейлі көрсетіледі», - деді ол.
Режиссер сценарийді «Qazcontent» АҚ «Әдебиет» порталының бас редакторы, жазушы Нұрлан Қабдай көмектескенін айтты. «Ендігі міндет – оны экранизациялау» - деді Д.Әуелбеков.
«Бұдан бөлек, біздің театр тек қойылымды көрерменге көрсетуден бөлек, ағартушылық үйірмелер жасай отырып, жастардың рухани ағзасы таза, коды болу үшін ұлттық рухты оятуға жұмыстанады. Мұқағалиға қатысты новелла түсірілімі 3-4 күн бойына жүріп жатыр. Кейіннен Шәмші Қалдаяқов, Фариза Оңғарсынова, тіптен Абай секілді ұлы тұлғаларды насихаттау арқылы ұрпақты өзіндік рухани тамырындағы өзегіне нәр бергіміз келеді. Ұлттық рух деген өзі мәдениет пен ұлттық сана қарамағында сақталып қалатын біздің баға жетпес қасиеттеріміздің бірі. Тек білім, ағарту саласы емес, сонымен бірге бар ақпараттық нысан, VR әлемдегі әр ел өзінің күшін көрсетіп жатқан кезде біз де осындай нәрселермен, тұлғаларымызбен тойтарыс бере аламыз. Ал енді бөлек бір жастардың арасында да эстетикалық жоғары интеллектуалды шоғары биіктеуі барлары анық. Сондықтан, солардың бір шоғырын көрсеткіміз келді. Батыс мәдениетіне еліктейтін, американдықтардың анимациялық фильмдерімен өскен ұрпаққа бұл қойылым жарқын үлгі, жақсы импульс береді деген үміттемін. Себебі қазіргі кино новелланың басы махаббатпен басталып, соңы екі жастың бақытты отбасы құруымен аяқталады.
«QazContent» АҚ ұжымының жаңа кино саласындағы мықты мамандарымен бірлесіп, 15-ке жуық қызметкер таңғы сағат 6-дан бастап түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатыр. Вокзал, ендігі «Керуен» сауда орталығына келіп, жақсы кадрлар түсірілуде. Заман ағымындағы жастық шақтық өмірді көрсету мақсатында алаңдар қарастырылды», - дейді Музыкалық жас көрермен театрының басшысы Асхат Маемиров мырза.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.