Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Германияда «Көшпенділер ойыны» кітабының тұсаукесе...

Германияда «Көшпенділер ойыны» кітабының тұсаукесері өтті

16.10.2025

4275

Германияда «Көшпенділер ойыны» кітабының тұсаукесері өтті - adebiportal.kz

Германияның Франкфурт қаласында өтіп жатқан Frankfurter Buchmesse 2025 халықаралық кітап көрмесінде қазақ мәдениетінің жаңа жобасы – «Көшпенділер ойыны» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітаптың авторы — Қымбат Караева, жобаның идея авторы әрі жетекшісі – Дидара Алина, Arman-PV баспасының бас директоры. Ол кітап арқылы ұлттық ойындардың мәдени және тәрбиелік мәнін әлемдік аудиторияға ұсынуды мақсат еткен. Arman-PV – отандық баспа ісінің жаңа стандартына айналған компания.

Білім және мәдени бағыттағы жобалармен қатар, баспа тарихи-танымдық еңбектерді де жүйелі түрде шығарып келеді.

Баспаның ерекшелігі — дәстүр мен заманауи технологияны үйлестіріп, ұлттық мазмұнды жаңа форматта ұсынуы. «Көшпенділер ойындары» – осы бағыттың айқын мысалы: ұлттық құндылықтар мен цифрлық тәсілдердің тоғысы.

Лейден университетінің (Нидерланд) мәдени зерттеулер профессоры Фредерик Янсен Қазақстанның баспа саласындағы серпінді атап өтті: 

«Соңғы жылдары Қазақстанда баспа индустриясы айтарлықтай дамып келеді. Мазмұн мен дизайн сапасы халықаралық деңгейге жақындаған. Бұл – кәсібилік пен жаңа ойлау жүйесінің айғағы», - деді.

Сондай-ақ көрмеге қатысқан Германияның мәдениет коммуникациясы институтының сарапшысы Лорена Хоффманн Қазақстан павильонының деңгейін жоғары бағалады:

«Біз Қазақстан павильонын көргенде, заманауи елдің мәдени бейнесін байқадық. Қазақ баспалары дәстүрге сүйене отырып, қазіргі әлемдік форматты дұрыс түсінеді. Бұл өте маңызды тенденция», - деді.

Франкфурттағы тұсаукесер – Қазақстанның мәдениет және баспа индустриясы үшін маңызды қадам болды.

Ұлттық идеялар мен заманауи технологиялар тоғысқан жаңа жобалар елдің мәдени брендіне айналып келеді.

«Көшпенділер ойыны» кітабы – дәстүр мен инновацияның үйлесімін көрсетіп, қазақ мәдениетінің әлемге ашық екенін дәлелдеді.

Биылғы Buchmesse 2025 көрмесіне 92 елден қатысушылар жиналды. Әлемнің жетекші баспалары мен әдеби агенттіктері қатысып жатқан іс-шарада жасанды интеллект пен әдебиет, webtoon индустриясыавторлық құқықкітаптан экранға өтетін контент тақырыптары талқылануда.

Көрменің құрметті қонағы – Филиппин Республикасы. Олардың павильоны мен бағдарламалары көптілді әдебиет пен мәдениетаралық байланыстарды көрсетуге бағытталған.

Қазақстан биыл екінші жыл қатарынан Франкфурт көрмесіне ұлттық стендпен қатысып отыр.

Бұл — Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдени дипломатияны және ұлттық контент экспортын дамыту бағытындағы қолдауы нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Министрліктің қолдауымен еліміздің бірқатар жетекші баспалары өз өнімдерін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды.

Көрмеге Arman-PV, Мектеп, Атамұра, Алматыкітап, Step & World, Мазмұндама және басқа да баспалар қатысты.

Суреттер Arman-PV баспасынан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan