Бізге не жетпейді? Қашан белді де, беделді қаламгерлердің туындылары БҰҰ басты тілдеріне аударлып, әлемге тарайды. Сол кезде бәрі орнына келеді. Қаламгерге әлемдік әдеби процестен бақ та, тақ та табылады. Оған біздің әдебиетті тек ұлттық ділдегі «Гиперреализм әдеби бағыты және оның ағымдары» жеткізеді. Тек сол арзу күндерді біздің жоғалған буынның өкілдерінің көруіне жазсын.
Біз Думан Рамазаннан дәстүрлікті жиі байқасақ, Асқар Алтай мен Дидар Амантайдан бейдәстүрлікті жиі аңғарамыз. Бұл әдеби құбылыс бұрынғы әдеби әмбебаптықтың келмеске кеткендігін танытады. Әрі аталған жазушыларды түрлі ыңғайда тәпсірлеуге мүмкіндік береді. Бұны біз классиктеріміз Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке қатысты қолдана алмаймыз. Олардың басын әдеби әмбебаптық біріктірсе, Думан Рамазан, Асқар Алтай мен Дидар Амантайларды әдеби сан алуандық алшақтатады.
Думанда белгілі және ойдан шығарылған кейіпкерлердің өмірбаяндық әңгімеленуі бар, сонымен бірге әдеттен тыс әңгімелеу үрдісі де бар. Міне, осы әдеттен тыс әңгімелеу әлеміне аяқ басқан кезде реалист Думан Рамазан мистик жазушыға айналып құбылып шыға келеді.
Жазушының әңгіме тілімен түсіндіріп беруге болмайтынды түсіндіруге талпынысы құшпайтын дүниеңді құшақтатқанмен бірдей тірлік. Думандағы құдаяттық мистика реализміндегі «түс» түсіндіріп беруге болмайтынды түсіндіріп, оқырман ретінде құшпайтын дүниені қауыштыра құшқызып құшағыңа алғызуымен құнды.
“Жын” әңгімесіндегі автордың ойлаған ойы және алға қойған мақсаты өзіне назар аудартады. Қазір қазақ прозаиктері адамды ішкі шайтаны бар – жын-періге немесе ішкі шайтаны жоқ – періштеге айналдырып, өзіндік ұстанымдарын персондандырып жүр. “Жын” – осы бағытта жазылған үздік туындылардың бірі.
Бұрынғы қазақ әңгімелері бір ғана желілі болып келіп, бір ғана талдаудың тоқпағына көнсе, қазіргі қазақ прозасын бір қазыққа байлап қойып, дағдылы әдіспен сөз бәрін көтереді деп, ағыл-тегіл есіліп, кеңінен көсіле алмайтындығың өмірілік фактіге айналды. “Жын” сынды әңгімелер бір ғана талдаумен шектелмейді, тәпсірлеушісінің ұстанған көзқарасы мен тұтынған дүниетанымына байланысты сансыз талдаулар легін туғызады. Бұндай әңгімелер сонысымен құнды, әрі осынысымен бағалы.
Бір қарағанда, сары басылымдарда жын-шайтан туралы бірін-бірі қайталап, жоқтан бар жасап дүркіндеп шығып жатқан, аяқталып болмайтын өзара тақырыптас дүмбілез әңгімелердің алып бара жатқан түгі жоқ сияқты көрінгенімен, егер де сөз өз иесін, тақырып өз жөнін тапқанда татымсыз дүниенің мәнденіп, поэтикалық арайланып шыға келетіні бар. Думан сары басылымдар жауыр қылған тақырыпты өзінше игеріп, кесек туынды тудырып отыр. Автордың осы тылсымды дүниені тым қарапайымдап, бірақ, өзінің жазу мәнерімен тамаша мистикалық әңгімеге айналдыра білгендігінің шеберлігін мойындауға тиіспіз.
Жын-шайтан секілді сары әдебиеттің бауырына басқан тақырыбын ұлттық әдебиеттің айдынына әсем аққудай жүздіру оңай дүние емес. Әрі жұрттың бәріне белгілі біреулер өзі куә болған, біреулер жақындарынан естіген жайтты жазып отырсың. Достоевскийдің “Қылмыс пен жазасы” және Сәбит Мұқановтың “Адасқандарына” дейін қылмыс оқиғасы тек бұқаралық көпшілік қолды әдебиеттің игілігі болып келгені жасырын емес. Қос автор өзіндік позициясы тұрғысынан тамаша классикалық дүниені өмірге әкеле білгендігін әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Міне, араға жылдар салып, Думан Рамазан ұлт әдебиетінде бұқаралық көпшілік қолды әдебиеттің жауыр болған тақырыбын жаңа қырынан таныта біліп отыр.
Думандағы түс көруді З.Фрейдше ғылымиласақ, қазақы мәнерде әдебилендірсек, онда үш сатыдан тұратын түс көру әуелі жасырын алмағайыптықтан белгісіздік пен белгіліктің тұтасқан қоспасынан тұрады. Өң мен түс мидай араласып кетеді де, шындық пен қиялдың бірін бірі алмастыруы орын алады. Ең соңынан оқырман санасына образданған ой қонақтайды. Думан қаламы фрейдтік психоанализді қаламгерлік поэтикалық тілге айналдырады. Нақтылай айтсақ, алмағайыптық – гиперболаға, алмастыру – метафора, метонимияға, ал, оқырман санасына образданған ой – аллегорияға айналады.
“ Түн қараңғылығын жамылып, жалбыр шашты біреулер той жасап жатыр. Адамдарға ұқсамайды. Ергежейлілер елінен келген елшілер сияқты: бойлары бір-ақ тұтам. Өздерінше ән айтып, би билеп, той көрігін қыздыра түскен. Ортадағы лаулай жанған отты айнала қоршай, бақадай балпаң басып, серкедей секең қағып, секіріп жүр. Мәз-мәйрам. Қойша маңырап, қозыдай жамырап, ду-ду, гу-гу етеді. Үсті-бастарын түк басқан қыз кейпіндегі екі албасты Болатбекті қос қапталдай құшақтап алған, сиырша жаланып, кенеше жабыса түседі. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, қасындағы қандықол қарақшы иығынан басып, тырп еткізер емес. Бір кезде сәл босанып, орнынан тұра бергені сол еді, сақал-шашы жалбыраған бадырақ көз біреуі бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды.
– Аа... ааа!...”
Неге жазушы жын араласқан фантостогрмониялықтан әңгімесін бастап отыр. Түс көруге қаламгер неге барып отыр деген сынды заңды сұрақ алдымызды кескестейді. Қаламгер ұлт әдебиетінде алғашқылардың бірі болып, ғылымда әлі сараланып, толық құпиясы ашылып бітпеген түс көру феноменін шығармашылықпен игеріп, ұлттық эстетика аясында оның мәнін ашуға талпыныс жасауда үш нәрсеге күш түсіреді: түс көрудің, алмағайыптанып барып, қиял мен шындықтың бірін-бірі алмастыруы нәтижесінде алаштық дүниетанымға сәйкесімді оқырмандық образдың санамызда жандануы. Автор осыны сәтімен шығара алған. Қаламгер дерексіз нәрсені деректендіре алған. Шын мәнісінде, көбіміз жын-сайтанға сенбейміз. Ескінің сарқыншағы деп қарайтын батыстық дүниетанымның ұшпағы да санамызда қылаңдайды. Бірақ, жазушы өз әңгімесін тап осы түстен бастау арқылы бізге бұрын белгісізді нақтыландырып бере алған.
Көркем туындының кейіпкерлері ерікті, ал, нағыз сөз зергері өз кейіпкеріне бағынышты емес. Осындай жағдаят біз талдағалы отырған әңгімеде орын алады.
Жынынан арылу, немесе арылмау Болатбектің өз еркіндегі дүние осыны автор қалай берген:
“– Не істесем екен, а?! – Қабырғасымен кеңескендей, ойлана терезе жаққа көз салды.
– Не істесем екені несі! Барамыз! Кеше өзің ғой, «барып-қайтайық» деген. Әйтпесе, бүгін... Көп сөзді қой! Жүр, жинал! Жаныңды алады дейсің бе, жолыңды ашып береді, – деді Еркін бастырмалатып.
– Жарайды, болмадың ғой! Жалпы осы емші, молда, бақсы-балгер дегендерге сенбеуші ем. Мүмкін...
– Не мүмкін?
– Мүмкін, сенікі де дұрыс шығар!..
– Әрине, дұрыс!.. Мен саған жаманшылық ойлайды дейсің бе?!
– Білем ғой! Кеттік онда!..
Екеуі әңгімелесе жүріп сыртқа шықты. Дала қапырық, күн ми айналып жерге түсердей шыжып тұр”. Жазушы неге қытымыр қысты емес, қапырық жазды алып отыр. Қыста жын жанымен қайғы болып кетсе, шыжыған ыстықта миыңды қағып қолыңа берері анық. Жазушы ұлттық архипсихологияны тамыршыдай тап басып отыр.
Әдебиет тарихында “Алиса ғажайыптар елінде” кітабының авторы Льюис Кэрролл өзінің жұртты дал қылған “Снаркке жасалған аңшылық” туындысы жайында: “Уақыт өткен сайын маған сыпайыгершілік аңыстағы “Снаркке жасалған аңшылық” аллегория ма, әлде жасырын мораль немесе саяси сатира бойына бұққан туынды ма деп сұрайды. Осындай сауалдардың баршасына өз басым “Ештеңкені білмеймін” деген бір ғана жауап қатудамын” дегенін бәріміз білеміз. Думанның жынға жасалар аңшылықты беруі Батыстық әдебиетке көзі үйренген, оларды ауызға алмай сөйлесе ұрты күйетіндер үшін түрпідей көруіні де мүмкін. Сонымен жынды қуу жорығының қалай өткеніне мәтін бойынша ой жүгіртейік:
“Молда оның қарсы алдына жүрелей отырды да:
– Аазу бил-лаһи минаш шай-та-нир-ражим.
Бис-мил-ла һир-рахма нир-рахим, – деп құран оқи бастады. Дауысы сондай әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Мақам-ырғағы да жүрекке жылы тиеді. Ара-арасында мойнын созып, басын қақшита «сүф... сүф...» деп жыландай ысылдап, Болатбектің бетіне түшкіріп қояды.
Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде тізесі онсыз да дірілдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан құлап түсті. Аузынан ақ көбік ағып, жан тапсырған адамдай қимылсыз қалды. Осы сәтті күтіп отырғандай молда қызылға түскен қырандай қомданып үстіне төне түсті. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, Құран оқуын жалғастыра берді. Бір кезде оқыс тоқтай қалып:
– Әй, малғұн, сөйле жаның барында! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін. Қанша алып болсаң да, құраннан күшті емессің! – деді дауысын көтеріп. – Сөйле, малғұн!.. Сөйле дедім ғой!..
Молда сөйлеген сайын сұстанып, сұрланып барады. Қас-қабағы түйіліп, түндей түнеріп алған. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай жалын атып, ызғар шашады. Осы сәт болар-болмас, естілер-естілмес күрсінген дыбыс білініп:
– Неғыл дейсіз? – деген күбір естілді. Еркін жалт қарап еді, ұйықтап қалған досының ауызы ояу адамша жыбырлап жатыр екен. Денесі ісіне бастаған сияқты. Киімінің ішін жел кеулеп кеткендей, көк көйлегі үрленген шар тәрізді тырсия томпайып барады. Бір мезет Болатбектің екі иығы селкілдеп, денесі оңды-солды қимылдай бастады. Тап бір билеп жатқан сияқты. Жаны тозақ отына күйдіріліп жатқандай «аһ, уһ... аһ, уһ...» деп қинала айғайлап қояды.
– Сөйле, малғұн! – деді молда зіркілдей.
– Не айтайын?!. – Дауысы жер астынан шығып жатқандай, қыр-қыр етіп қырылдайды.
– Қайдан келдің?
– Қара түнектен. – Күшпен күшене сөйлейді.
– Атың кім?
– Сәма.
– Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?
– Мұсылманмын.
– Реңің қандай?
– Қара.
– Әй, малғұн, кімді алдағың келеді. Кәпірсің ғой. Мұсылман жынның реңі сары болмай ма?! – деді молда долданып. – Енді өтірік айтсаң, өлтіріп жіберемін!
Жын үнсіз қалды. Молда дауысын мейлінше көтере құран оқи бастады. Бір кезде ыңырси ышқынған дауыс естілді де:
– Кешіріңіз, кешіріңіз! Енді өтірік айтпаймын! – деген жылаңқы дауыс құлаққа шалынды.
– Әп, бәлем, иманға келдің бе? Келмей қайда барасың! – деді молда сәл жымиып. – Ұрғашы жынсың ба, еркек жынсың ба?
– Қатынбыз! – Құдды Болатбек сөйлеп жатқандай, ауызы жыбыр-жыбыр етеді. Бірақ дауыс ауыздан емес, көмекейдің ар жағынан шығатын сияқты. Анық емес, талып-талып естіледі. Әр сөзді сағызша созып, түсініксіздеу айтады. Сөйлеген сайын кеуде тұсы бүлк-бүлк етіп, бүлкілдеп қояды.
– Қатынбыз дейсің бе?
– Иә, қатынбыз.
– Нешеусіңдер?
– Екеуміз.
– Ол неге сөйлемейді?
– Бұл өзі көп сөйлемейді. Қорқақ. Қорыққанынан тілі байланып қалған сияқты.
– Өй, сұры құрсын, сұрың құрғырдың!.. Бұл жігіттің бойына не мақсатпен кірдіңдер?
– Біз оны жақсы көреміз!
– Бағын байлап жүрген сендер екенсіңдер ғой!
– Біз бұны қатты қызғанамыз.
– Құдай-ау, кімнен?
– Қыздардан.
– Неге?
– Екеуміз де өлердей ғашықпыз!
– Әй, бұл жігіттің үйленіп, үйлі-баранды болуы керек қой!
– Бізді бұған некемізді қиып, заңды түрде қосқан. Біз бұның некелі әйелдеріміз.
– Кім қосты?
– Олар!..
– Оларың кім?
– Өзіміздің ағайындар.
– Адамда нелерің бар-ей! Өздерің сияқты жындар жетпей қалды ма?!
– Жақсы көріп қалған соң қиын екен. Қызғаныштан-ақ өлетін болдық. Қыздарға жолап кетсе болды, көзін байлап, азғыра бастаймыз. Өзімізше дұғамызды оқып... Содан өзі-ақ кездескен қызына көңілі толмай, бір-ақ күнде айнып шыға келеді. Қысқасы, дәм-тұзы жараспай кетеді. Сөйтіп, өзімізше меншіктеп алғанбыз бұл жігітті. Кейде тіпті бір-бірімізден қызғанып, қырықпышақ боп қаламыз.
– Бұл жігіттің адам сияқты түтін түтетіп, бала сүйіп, ұрпақ өрбітуі керек қой!
– Өзіміз-ақ тән ләззатына батырып, құмарын қандырып, бала тауып береміз!
– Тәйт әрі, тарт тіліңді. Екінші рет бұндай сөз айтсаң, желкеңді жетеңнен қиямын, антұрған!..
– Біз..
– Болды, жетер, қысқарт сөзді!.. Оданда кәне, шығыңдар бұл жігіттің бойынан!.. Неге үндемейсіңдер?! Шығыңдар дедім ғой мен сендерге. Өз еріктеріңмен шығып кетіңдер кәне. Әйтпесе, жақсылық күтпеңдер! – деді молда аюдай ақырып. – Не шыққыларың келмей ме?!. Онда өздерің біліңдер, оңбай қаласыңдар ғой, малғұндар!.. Өз обалдарың өздеріңе, көздеріңе көк шыбын үймелетемін!..
– Шыққанда қайда барамыз?!
– Меккеге барыңдар!
– Неге?
– Ол жақта мұсылмандар көп. Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Мұсылмандыққа тез бейімделесіңдер!
– Меккеде неміз бар, бұнда бәрі жақсы. Не керектің бәрі бар!.. Бізге бұл жігіттің денесінде өмір сүрген ұнайды. Біздің осында тұра бергіміз келеді, – Сылқ сылқ етіп, сайқалдана сықылықтайды. Күлкісі сондай жағымсыз, құлаққа түрпідей тиеді.
– Көп сөзді қойып, шығыңдар! Адамның денесі жындар тұратын мекен емес! Сендерге денеде тұрақтауға болмайды! Егер шықпасаңдар, өлтіремін! Аямаймын!..
– Шығамыз, шықпай қайда барамыз!”
Батыстың әдебиетінде Кафканы көкке көтереді. Ол өзі көзі тірісінде жариялануын құп көрмеген дүниелерін досы жариялап жіберді де, қаламынан шыққанының бәрі ғажайып дүниеге айналып шыға келді. Шынында солай ма!? Батыс пір тұтқан дүниелердің бәріне жапа тармағай бас салмай, қолайымызға қонымдысын екшеп алу керектігін Думанның осы әңгімесі танытады. Батыстың абсурдты әлемі мен алаштың абсурдты әлемін бір арбаға жеге алмайсың. Өйткені, батыс үшін фантастикалық Снарк бірде акула (shark), енді бірде жылан (snake) болып, өздерін дал етсе, Думанның Жыны – әрі мұсылман, әрі кәпір жын. Оның сондай екенін бабаларымыз қалай қабылдаса, біз де солай қабылдаймыз. Бар мәселе жазылуы мен ұғынылуында. Фольклорланған жын мен әдебиленген жын екі басқа дүние. Думан бізге осы екі басқа дүниенің әдебиленген авторлық нұсқасын ұсынып отыр.
“– Шықпас бұрын Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мен сендерге соңғы мүмкіндік беремін! Таңдаңдар!..
– Біз одан қорқамыз!
– Кімнен?
– Одан!.. Ол не бұйырса, біз соны істейміз!
– Әй, ол күшті ме, Алла күшті ме?
– Ол!..
– Сендер кәпірсіңдер! Ібіліске қызмет етесіңдер! Адамдарды азғырып, теріс жолға саласыңдар! Сайтандық пен сайқалдыққа жол ашып, күнәға белшелеріңнен батасыңдар! Бұл үшін кейін Алланың алдына барғанда есеп бересіңдер! Алланың қаһарына ұшырайсыңдар! Алланың құдіреті бәрінен күшті. Одан да ақылға келіп, мұсылмандық жолды таңдаңдар! Аллаға құлшылық етіңдер!
Молданың жүзі кәрленіп, тағы да дауыстап құран оқи бастап еді.
– Ой, ауырып кетті, ауырып кетті!.. Оқымаңызшы!.. Айтқаныңызды екі етпейміз! – деген жалынышты үн шықты.
– Әп, бәлем, қалай екен?! Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар ма?
– Қабылдаймыз! Сіз үшін...
– Мен бар-жоғы Алланың құлы ғанамын, Алла үшін қабылда!
– Айтқаныңызға құлдық!
– Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?!
– Зарлықыз... Үндемескүл...
– Иә, тап солай! Ұмытпай, жаттап алыңдар!
– Жақсы!
– Зарлықыз...
– Ау?
Таң-тамаша болып, таңдай қағып отырған Еркін еріксіз езу тартып, күліп жіберді. Молдаға бір, Болатбекке бір көз салып, қайта-қайта басын шайқап қояды.
– Енді шығыңдар! – Молда бұйыра сөйледі.
– Қалай шығамыз?
– Қалай кірсеңдер, солай шығыңдар! Қалай кіріп едіңдер?
– Аузынан.
– Ендеше аузынан шығыңдар!
– Қалай кіргенімізді ұмытып қалыппыз, қалай шығарымызды білмей тұрмыз!
– Ендеше естеріңе түсірейін, қу қаншықтар!..
Дауыстап құран оқи бастады, тағы да ыңырси ышқынған дауыс естілді.
– Шығамыз, шығамыз!..
Молда тоқтала қалды да, дауысын барынша көтеріп:
– Шығыңдар тезірек! «Ассалаумағалейкум!» деңдер де, шығыңдар! – деді зірк-зірк етіп, – Бұдан былай адам баласын мазалаушы болмаңдар!
– Ассалаумағалейкум!..
Сол сәт молда өзінің әр қимылын қарауылша міз бақпай бағып отырған Еркінге қарап:
– Қазір шығады. Шығуға жиналып жатыр. Аузынан шығады. – деді жайбарақат кейіпте. – Жындар шығып кеткен кезде мына қасқаң да оянады.
Еркін көріп қалармын ба деген оймен Болатбектің аузына қадала қарай қалған. Ол өзі ештеңе сезбейтін сияқты. Пыс-пыс етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Алғашқыдай емес, қыбыр-жыбырсыз тыныштала қалған.
– Әне, шығып барады! – деді молда. Бірақ оның көзіне ештеңе көріне қоймады. Тек досының «аһ» деп ауыр күрсініп, аузын кере ашқанын ғана байқап қалды.
– Ой, Алла-ай! – деді Еркін таңданған кейіп танытып, – Осыны біреу айтса сенбес ем!.. Құдайдың құдіреті-ай!..
Ол осы сөздерді айтып үлгермей жатып, Болатбек көзін ашып алды.
– Не қалғып кеткем бе? – деді орнынан сылбыр көтеріліп. Жан-жағына жаутаңдай қарап қояды. Не болғанын түсіне алмай тұрғаны ұйқы-тұйқы түрінен-ақ байқалып тұр.
– Екеуі де шығып кетті ме? – деді Еркін молдаға қарап.
– Иә, екеуі де алды-артына қарамай зытты ғой!..
– Қайтып кіріп алмай ма?
– Жоқ, өз бастарымен қайғы боп кетеді. Мен оларды әбден қорқытып, зәрелерін ұшырып жібердім! Енді адам баласына жуй қоймайды!..
Молда ештеңе болмағандай жаймен басып, өз орнына барып отырды. Еркін тағы да бірдеңелерді сұрағысы келіп оқтала берді де, досының көңіліне қарайлап, ол ойынан тез айныды. «Тағы бірде келермін!» деді өзін-өзі жұбатып.
– Ал жігітім, айта отыр, не сездің? – деді молда Болатбекке қарай мойнын бұрып.
Ол ештеңе естімегендей, меңірейген қалпында үн-түнсіз тұра берді. Көңіліне көп нәрсе ұялай қалған Еркін де оған сынай қарап қояды. Досы еш сасар емес, терең ойдың құшағында мәңгіріп тұрып қалған.
– Оу, жігітім, мен саған айтып тұрмын, не сездің? – деді молда сұрағын қайталап. Сонда ғана Болатбек өзіне сөйлеп тұрғанын аңғарып, бойын тез-ақ жиып алды.
– Не дейсіз? – деді алақтап.
– Иә, сенен сұрап тұрмын, не біліп, не сездің?
– Ештеңе де. Көзім ілініп кетіпті ғой!..
– Онда есіңде болсын, бойыңдағы жындарыңды шығардым! Ендігі өмірің шұғылалы да шуақты болады!
– Ой, рахмет... ой, рахмет, – дей берді Болатбек күлімсіреп”.
Бір анығы қазіргі қазақ авторы Ләйлі болса, әрбір қазақ оқырманы оған ғашық Мәжүн, сондықтан, Ләйлі мен Мәжүннің ойы ешқашан қабыса бермейді. Әр Мәжүн өз Ләйлісін өзінше ұғынады. Бұрынғыша, авторша ойлап, авторша түсіну деген ұғымды тарс естен шығарғанымыз жөн сияқты. Өйткені, әр қаламгерді тарихи және архитарихи ұлт тағдыры толғандырады да, барлық өмірлік құбылыстарға милеттік мүддені ұстанған жалпыалаштық көзқарас тұрғысынан келеді. Бұдан шығатыны мәтін тек бұрынғыны тек оқылған шақта ғана ұғынылатын “сәйкесімді түсіну” феномені деген көнерген ұғымнан арылуға тиіспіз. Мәтін біреудің ұғынбағанын екінші біреу аңғаратын, үнемі жаңару үстіндегі, тіпті кейде автор ұстанымымен еш қабыспайтын дербес әлем. Ол дербес әлем болғандықтан әркім өзі қалаған, өзі жөн деп тапқан түсінігін бере алады. Мәжүн мен Ләйлінің мәңгілік таусылмайтын сүйішпеншілігінің жаңа қырын оқырмандық әлеміне отау тіккізу – басты ұстаным. Оны жатырқай қабылдау мен одан ірге ажыратпау әркімнің өз еркіндегі дүние. Думанның қаламы бізден тек осыны талап етеді.
Оны бұрынғы “Абай жолы”, “Адасқандар” “Ұлпан”, “Шырағың сөнбесін”, “Қан мен тер”, “Өлгендер қайтып келмейді” т.б. кеңестік дәуірдің шоқтықты туындыларына берген формулалық түйіндеулермен кесіп-пішуге еш болмайды. Әр дәуір “Абай жолы”, “Адасқандар” т.б. классикалық туындыларға қилы аңсардағы, түрлі жапсардағы өз бағалауларын сан мәрте жасайды. Әрі бұндай жаңашыл ойлар әлдекімдерге ұнамауы да мүмкін.
Автордың көркемдік деңгейі жоғары болған сайын оның туындысының сюжетінің қайталанбастығы мен дербестігі айшықтала көзге ұрып тұрады. Міне, сондай қаламгердің бірі, әрі біргейі – Думан Рамазан.
Қазіргі қазақ әдебиетінің сюжеттік репертуары біздің қоғамымызда орын алып жатқан әдеби, қоғамдық және тарихи процестерге тікелей байланысты.
Біздің жағдайымызда қос шашты сайтан жігітке ғашық. Өлеңге сыймайтын дүние әңгіменің бойына сыйса, әңгімеге сыймайтын дүние өлеңге сыйады. Бұл – кереғарлық емес, әдеби заңдылық. Жынның өлең бойында тек поэтикалық образ болып қала беруі бар да, жынның әңгіме мәтінінде романтикалық, гротескілік, мифологиялық аңыста сан құбылуы бар. Бұны қаламгер персонаж аузымен былайша кестелейді:
“– Шыныңды айтшы, Сәкеннің бойында жын болғаны рас па?
– Рас болғанда қандай! Сен әлі сенбей жүрсің бе, не?
– Сенгім келсе де, біртүрлі сенімсіз сияқты. Жын адамның қай жерінде болады екен?
– Мен оны қайдан білейін. Білгің келсе барған соң молдадан анықтап сұрап аларсың. Сәкеннің бойында жын болғаны рас. Біреу емес тағы, үйірлі жын иектеп алыпты. Бақандай бесеу. Төртеуі алғашқы күні-ақ шығып кетті. Олардың да басшысы болады екен ғой! Мықты болған соң басшы болады да. Сол содыр молдамен үш күн тайталасып, әрең шықты. Сәкен содан бері бойым да, ойым да жеңілдеп қалды деп қуанып жүр ғой!.. Ауыруы да тас тиылды.
– Шын ба?
– Мен саған қашан өтірік айтып ем?! Міне, жол үстінде келе жатырмын ғой, өтірік айтсам оңбай қалайын. Тіпті Алланың атымен айтайын, шын сөзім.
– Олар адамның денесіне қалай кіріп алады екен?
– Дәл білмеймін. Имамның айтуынша, адам қатты есінегенде, қатты құмарланғанда немесе қатты ашуланғанда аузынан кіріп кетеді екен. Көбінесе лас орындарда, жаман жерлерде, күл-қоқыстарда жүреді дейді.
– Көрдің бе, өзі?
– Нені?
– Жынды.
– Жоқ, көрдім деп өтірік айта алмаймын. Көзге көрінбесе де, адамдармен қабаттаса, қапталдаса өмір сүретін көрінеді. Кәдімгі өзіміз сияқты, өздерінше ғұмыр кешеді дейді. Кейбіреулері адамдармен бірге үйде тіршілік етсе, кейбіреулері өздерінше үй-жай салып, отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп, елсіз мекендерде, тау аңғарларында, үңгірлерде тұрады екен!.. Алла оларды адамдардан да бұрын оттан жаратыпты. Тіпті, оны айтасың, кейбір діни кітаптарда жындар мен адамдардың қосылып, балалы болғандары туралы да айтылады! Керек десең, кезінде адамдар Аллаға қалай сыйынса, жындарға да солай бас ұратын болған. Олардың кесірлерімен бірге, қайырымдылары да болады дейді ғой!.. Біздің ауылда Құйқабай есімді молда болған. Сол кісі бір күні кешқұрым көк дөненімен желе жортып келе жатса, артына шайтан мінгесіп алып, түспей қойыпты. Әбден ыза болған ақсақал шайтанды ағашқа байлап қойып сабапты. Содан шайтан жалынып-жалпайып, кешірім сұрап, әрең құтылған екен. Бұл оқиға ауылдан-ауылға аңыз боп тарап кеткен еді. Ол кезде біз баламыз, онша сене де, мән де бере қойған жоқпыз. Кейін ойлап қарасам, сол шын ба деймін!.. Өйткені, ол кісі атағы елге жайылған үлкен молда болатын.
– Қойшы-ей, қайдағыны айтпай!..
– Бәлі!.. Жын-шайтандар туралы Құранда да көп айтылады ғой!.. Адамдар сияқты екі аяғымен жүретін, құстар секілді әуелеп ұшатын, тіпті жылан, ит кейпінде көрінетін жындар да болады екен. Сәкеннің қолтығының астындағы күлбілтеленіп тұрған жараны өзің де көрдің емес пе?!
– Иә.
– Жараның ортасы тесік, маңайы ағараңдап ісіп тұрған еді ғой! Жындар сол жерден шығыпты. Оны молда дұға оқып отырғанда өзі айтты, жындар қолтығынан шығады деп...
– Сәкеннің өзі сезді ме екен?
– Жоқ, сезбейді-ау! Өйткені ұйықтатып тастайды.
– Ұйықтатып тастайды! – Болатбектің өңі қашып, түсі бұзылып кетті.
– Иә, ұйықтатып тастайды!..
– Неге?
– Білмеймін. Әйтеуір, молда құран оқи бастағанда жыны бар адам ұйықтап қалады да, жыны шыққан соң, өзінен-өзі оянып кетеді. Кейбір жындар өз еріктерімен шығып кетеді де, кейбіреулерін молда шықпасына қоймай зорлап шығарады. Қазақта «Жынын алған бақсыдай...» деген сөз бар емес пе?! Сол шамасы тегін айтылмаған-ау!”.
Адам Мекебаев ұлттық прозада “Жезтырнақ” хикаятымен қазақ мистикалық реализмінің атасы болып табылады. Адам Мекебаев осы шығармасы арқылы жұрттың ыстық ілпитатына бөленді, бірақ, кеңестік сын оның азат ойын ашып айтқанын еш кешпеді. Сол кезең туралы, Адам Мекебаев Жұлдыз Әбділдаға берген сұхбатында ұлт әдебиетінің тарихы үшін маңызы бар екі шоқтықты ой айтады: оның бірі – “Егер нарықтық экономика сол заманда болғанда, кәсіби деген жазушылардың талайы іске аспай қалар еді. Муракамидің танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. Оның бір ұшы жапон халқының менталитетінде жатыр. Ал бізде не бір топ құрып алып, соны қорған тұтуың керек. Не басқалардың талауына түсіп, жем боласың. Менталитет солай. Мәселен, менің «Жезтырнақ» деген повесімді жұрттың бәрі мақтады. Бірақ, Сағат Әшімбаев бастаған сыншылар соны жаппай сынады. Бізді өсірмеген де осы нәрсе”. Екіншісі – өзінің әдебиетке қосқан үлесін ашып айта алмауы және біреулердің оның әдеби ағымдағы көшбасшылығын елмеуі. Енді жазушының сол күйінішіне орын берейік: “ –Тәуелсіздік алғаннан бергі 22 жылдағы қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығарма, сіздіңше, қай шығарма? Мысалы, біреулер асыра мақтап жүрген Мағауиннің «Жармағын» екінші біреулер жаратпайды. Адамның екіге жарылуын жаңалық деп қабылдағандар бар да, плагиаттық деп қабылдағандар бар. Болмыстың екіге бөлінуі ауыз ашатындай жаңалық емес дейді...
–Ол жаңалық емес. Достоевскийде бар. Тіпті, одан әріде бар. Мұндай болмыстың екіге жарылуы менің “Жезтырнақ” деген повесімде бар. Ал оны мен 30 жасымда жазғанмын. “Жар жағалаған қыз” деген повесімде де дәл осы адамның болмысының екіге жарылуы бар. 1978 жылы “Құпия қойманың” алғашқы нұсқасы шықты. Мұнда да болды әлгі екіге жарылу. Екіге жарылу үшін адам сондай күйге жетуі керек. Амалдың жоғынан жарылуы керек. Маған солай керек болды, сосын жаздым.
Жазушы ретінде айтарым, шығарма оқылуы керек. Әрине, жарнама да қажет шығар. Бірақ, оқылмайтын шығарманың берері шамалы. Мысалы, Муракамидің шығармаларын қызыға оқып шығамын. Достоевский мен Толстойды еріксіз оқимын. “Абай жолы” өте күрделі, қиын шығарма. Бірақ, мен оны да еріксіз оқимын. Ал шоқтығы биік шығарма... Оны айта алмаймын... ”. Қаламгер дұрыс айтады, қазақта бар нәрсені өзгенің жазған-сызғаны деңгейінде бағалау бізге опа әпермейді. Қазақтың құдаяттық мистикалық реализмінде Адам Мекебаевтан кейін өзіндік ойы мен өзіндік жазу мәнерін таныта білген Думанның “Жыны”.
Думан түркі әдебиетіндегі тылсымдыққа жаңа леп, соны үрдіс қосып, бұрын кеңестік дәуірдегі отаршылдықтан ұлтын өрелілікпен азат ететін егемен әдебиеттің алғашқы талпынысын сездірді: поэзияда – Бұхарлық мемлекетшілдіктің Жұбан Молдағалиевтағы, ал, прозада – ұлттық постмодерндіктің ілкі үлгісін Адам Мекебаевта неожаңашылықта бой көрсеткендігін араға уақыт салып, әңгіме жанрында жын-сайтанға қатысты құдаяттық мистикалық реализммен бере алған.
Біз жоғарыда Думанда белгілі және ойдан шығарылған кейіпкерлердің өмірбаяндық әңгімеленуі бар және сонымен қатар, әдеттен тыс әңгімелеу үрдісі де бар екендігін сөз еткен болатынбыз. Міне, осы әдеттен тыс әңгімелеу әлеміне аяқ басқан Думан Рамазан гипперреалист жазушы ретінде ұлтына екі бірдей ғажайып туынды сыйлап отыр.
Қазіргі әдеби процесте қазақ прозашылары бәрін есте сақтаушы мың-мың жылдық тарихы бар мұрағатпен жұмыс істейді. Осы жұмыс істеу барысында әдебиет пен мәдениет арасындағы шығу тегі бағзыдан тамыр тартатын әдеби жады жаңғырып, бір-бірінен алшақ және кіндіктес сюжеттер өзара дәстүрлік аяда тоғысуға түседі. Думан Рамазанның “Жан” және ”Жын” атты әңгімелері осының куәсі. Жалпы, Думан архетиптік жадыны жаңғыртуды ту етіп көтерген прозашыларымыздың бірі. Жазушының біз талдаған екі әңгімесі екі түрлі бағытты ұстанып, екі түрлі тұрақты мотивті тұтынған туындылар болып табылады. Оны ойы озық ұлт оқырманы жаңаша көзқараспен қабылдап үлгерді.
Жынға адалдық оның құлы болу қазақ әдебиетінде бұрыннан бар мотив осыны қазіргі қазақ құдаяттық мистикалық реализмінде әңгіме аңысында өзіндік бағыт қалыптастырған Думан Рамазан болып отырғаны жасырын емес.
Әзіли-шайқылық бір жазушыда айқын, бір жазушыда көмескі танылатын мәтінде: жаһандастыру дәуіріндегі қазақ қоғамның қос тілділігі мен көп дінділігіне үрке қараушы «ақырзамандық» ажал елесі қазақ прозасының рухани-мәдени кеңістігін кезіп, ұлт оқырманың иманын ұшыруда. Бейбіт Сарыбайдың «Ақырзаман» әңгімесіндегі автордық бетперделік сөз өрімі өзінің үрейлі көлеңкесімен ұлттық күлкіні жаңа деңгейге көтере білді.
2000-2017 жылдары қазақ сатирасы реалистік жосықта адам танығысыз трансформацияға (түр және тұрпат өзгешелігіне) ұшырап, бірыңғай гипперреалистік прозадағы әзіли-шайқылық ағымға ауысты. Қоғамның сұрықсыздығын, адамның парықсыздығын ежелгі әзіли-шайқылықпен пародиялап беруде қаламы төселген аға буын өкілдері Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат сынды қаламгерлер шоғырына іні буыннан жас талант Бейбіт Сарыбай қосылып отыр.
Қаламгер өзінің «Ақырзаман» т.б. әңгімелерінде өзіне дейінгі болған дүниені соны қырынан таныта білуі арқылы әдебиеттанушылар тарапынан, әсіресе, Құлбек Ергөбек ағамыз тарапынан, өзіне лайықты бағасын ала білді.
Гипперреалист жазушылардың қазақ әдебиетіндегі реалист қаламгерлерден және осы дәстүрді пір тұтып ұстанатындардан айырмашылығы – мәтін әлемінде шығармашылық адамы ретінде өзін таба біліп, өмірдің әдеби көшірмесі саналатын реалды дүниенің маңыздылығын басты орынға қоймай, өзінің ешбір шектеусіз, еркін ойы мен фантазиясына ерік беретін «фантастогормониялық» айырықша әлемін өмірге әкеле білулері болып табылады.
Біздің қолымызға түскен Бейбіт Сарыбайдың «Біздер, біздер...» туындысы өлеңи-прозалық үлгіде әдіптеген соны композициялық фарстық өрімдеуге құрылған әдеби новеллалық топтама болып табылады.
Осы ерек туынды өз бастауын «Ақырзаман» әңгімесінен алады. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы новеллалық-топтамалықтың әрін ашатын бір әңгімені ғана сөз етуді жөн көрдік.
Алаш күлкісі ұлтымыз үшін маңызы аса зор замана адамның болмысы, индивидуалдық пен әлеуметтіктің, жекелік пен типтіктік сынды философиялық пробеламаларды көтеруді және күлкінің табиғатына терең бойлап, оның жаңа жағдайдағы әм болашақтағы оқырман тарапынан эстетикалық жағынан түрлінше қабылдануын гипперреалистік әзіли-шайқылық реализмнен талап етіп отыр. Автор осы әңгімесінің әп-бісімілдасын бас кейіпкер Ахмет Қасымовтың персонажына жанама мінездеме беруден бастайды:
«Ахмет Қасымов бастаған қаланың ең ауқаттылары тұратын бұл аудан «элитный район» деп аталады. Атаңа нәлеттердің элита дейтіндей бірі жоқ. Әрқайсысы екі елі қазы беретін етжеңді демесең, басқа жұрттан асып бара жатқан түгі жоқ. Жан-жағының бәрін тау қоршаған бұл аймақ жеке әлем сияқты. Ең қызығы – бұл маңның тұрғындары бірін-бірі мүлде танымайды. Еңқұрымаса жүзтаныс та емес. Бір-бірін көрмесе, араласпаса қалай таниды? Тым құрыса көшеде абайсызда кездесіп қалмайды ғой. Автобус күтіп аялдамада тұрып жатпағасын сол екен да. Биік-биік шарбақтардың арғы жағында кім не істеп жүр деген сұрақтың жауабын іздеу ақымақтық».
Автор сатира тілімен «әлеуметтік жіктелісті» өз оқырманына ащы сарказммен таныта біледі.
«Бала-шағасы ақырзаманнан қашып Дубайға кеткен. Мекке-мәдинаға жақын жер ғой, мүмкін бір шарапаты болар деген. Қызылағашты сел алғанда бейіттер мен мешіттерді айналып өтіпті деген әңгімеден туған идея шығар, итім біліп па?»
Немесе:
«Ахмет үш қабатты үйдің екінші қабатындағы холда теледидар қарап жатқан. Бір кезде жарық өшті. Кілең дөкейлер мен дөйлер тұратын бұл ауданда өмірі жарық өшіп көрген емес. Демек... Рас, болғаны ма? Конец света! Орнынан тұрмаған күйі үш жасар бала құсап еңбектеп барып, терезеден қарады. Көршілердің ешқайсысында жарық жоқ екен. Айнала тау, алып қала көрінер емес. Қорыққаны сонша тілі байланып, қол аяғы ырыққа келмей қалды... Тұла бойы қалшылдап сала берді. Қалалық телефонды алып еді, істемей тұр екен. Ұялы телефонын қолына алып, қалада тұратын інісін тере бастағаны сол еді ол да пиқ етіп өшіп қалды. О байғұстың да бар айтқаны «батерейка села» деген жазу болды. Қозғала алмаған күйі жата берді. Әлденені күтті. «Қара түнек басты. Енді топан суы қаптайтын шығар» деп ойлады. Сипанып, қарманып жүріп енді ғана басталған бір бөтелке вискиді тауып алды. Стақан іздеп әуре болып жатпай аузынан жұтып-жұтып жіберді. Тұңғиыққа батып бара жатып, «шынымен мына дүниенің бәрі қалып бара ма» деп өкінді».
Авторлық маска «Меншіктенген хикаятшы» (тілшілер терминінше – 3-жақ) ал, бірдің бейнесіне мыңды сыйдыру, яғни, әзіли-шайқылықтың хас сипаты «Халықтық образ» бойына байыздап, «Дербес хикаятшы» (тілшілер терминінше – 1-жақ) арқылы өмірден ойып алынған комикалық ситуациялар монологтық әм диалогтық қосанжарлас баяндаулар арқылы жеріне жеткізіле болмағанды болдыру стильдік тәсілмен санаңа түрлі ой салады.
Реалистік күлкідегі бір кемшіндік не анайлықпен, не жасандылықпен оқырманды күлдіруге бағдар ұстанса, әзіли-шайқылық реализм өз алдына бұндай мақсат қоймайды. Қайта бұл ағымдағы «Күлкі» өзіне не автор, не кейіпкер тарапынан үн қосқанды қалайды. Бейбіт осы мақсатта «күлкілік» үн қосқызу үшін «күзетші жігіт» жанама кейіпкерін енгізіп, диалог әдісі арқылы оның «ішкі сырын ақтартып»; шайқы-бұрқылық арқылы оқырманға «аузына ие бола алмағаны» үшін не осындай жағдайға ұшыраған жандарды табалап күлуді, не «басшыға іштегі сырын ашқан батылдығы» үшін құптауды ұсынады.
«Бірер уақытта мұздап оянды. Денесі қалтырап кетіпті. Есіне түсті. Бағана айтарын айтып қор ете қалғанда бастығы жанындағыларға сүйретіп шығартып тастаған ғой. «Нем бар еді?» – деп жылап жіберді. Бүгін, ертең айлық алам, қарызды, пәтерақыны, несиені төлеймін деп отырғанда мынадай жағдай орын алды. Ақырзаман шын мәнінде осы тұстан басталды».
Тынымбай Нұрмағанбетов «Жезмүйіз» хикаят-әңгімесі арқылы ІІ жаһан соғысын қазақ сиырының көзімен берсе, тап осы бағытта Бейбіт Сарыбай бүгінгі қазақ қоғамының келеңсіздігін «Бақанастық бұқалар» әңгімесінде жергілікті және шетелдік сиырлардың ішкі пікірі арқылы береді. Бұл қаламгер шығармашылығына тән – аллегориялық ой кестелігінен хабардар етеді. Аллегориялық ой кестелеуге машықтану арқылы қаламгер өзінің авторлық шеберлік пен шығармашылық өздік дербестікке иелілігін назарияттық ғылыми ортаға танытып отыр.
Алдар Көседен тамыр тартқан түркі шайқы-бұрқылық әдеби дәстүрі екі рет католиктік-исламдық мәдени-рухани реформаға ұшырады. Сақалсыз фольклорлық кейіпкерге (Алдар Көсеге) арналған авторлық түркі прозалық мұрасын Рабле франктық-католиктік мәнерде өз туындысына айналып жіберсе, мұсылман-жөйіттер – «Қожа Насреддин» атандыра салды. Бұл дәстүрді ХХ ғасыр басында – Бейімбет Майлин тірілтіп, 1970-1990 жылдардағы ұлттық әдеби процесте Дулат Исабеков түрлендіре жалғастырды. Қадыр Мырзаәлі «бауырым Балпаңай» поэтикалық образын, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Судыр Ахмет» персонажын өмірге әкелді. Әлемдік әдебиеттануда М.Бахтин осы «әдеби феноменге» байланысты тек оның ғылыми көзге ұрып тұратын бетін қалқып, франктанған «ғылыми айсбергтік» түркі мұрасының көрінбес тұсына ой жүгіртпей, бар пейлі оның кей тұсын французды алға ала отырып, бірыңғай славяндарға бұрудың ғылыми әрекетін Рабле шығармашылығына қатысты жасады. Қожайнасырлық «Ақылды ақмақ» әдеби үрдісін осылайша аяр Батыс түркілерден тым алыстатып жіберді.
Пуризмге бейім қазақ неоахметшілері алдында «карнавалдықты немен (қандай төл терминмен) алмастырамыз?» деген назарияттық мәселе тұр. Бірі – шайқы-бұрқылықты, бірі – қожайнасырлықты құптар. Ол жағы – жеке мәселе. Өйткені, әзіли-шайқылық пен қожайнасырлықтың бірі (төл әдебиеттануымызда жеке термин ретінде тұрақтанып) – табиғатымызға жат христиандық «карнавалдықты» ділдік тұрғыдан алмастырып, жаңа салыстырмалы әдебиеттанушылық зерттеулерге арқау болуы керек.
Қожайнасырлық «Ақылды ақмақ» әдеби үрдісіндегі әдеби феномен Бейбіт Сарыбай – өзіне назар аударуды қажет етеді. Бұл мақала тек осы мәселеге неоахметшілердің назарын аударту үшін назарияттық жосықта жазылып отыр.
Бейбіт Сарыбай «ой қайшылығы» мен «сезілетін абсурд» стильдік айшығы арқылы бір отбасының басына түскен «ақырзаманды» сөз етіп, «бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген авторлық масканы санаңа сақ еткізеді. Бейбіт – қытықтап күлдірмейтін, ойланта күлдіретін гипперреалист. Ол оғаш ойдан одағай оқиға туғызып, қоғам мен оның мүшелерін «пародиялайды». Егер сатирада «ой қайшылығы» мен «сезілетін абсурд» стильдік айшығы болмаса, онда мың күндік емес, бір күндік «бұралқы күлкіге» құрылған дүние өмірге келгені деп білгеніміз жөн. Бейбіттің шығармашылығы бұндай әумесер авторлық ұстанымнан аулақ. Осылайша үнемі ізденіс үстіндегі қаламгер өзіне тән дербес фантастогармониялық әлемін өмірге әкеле алған. Алдар Көседен тамыр тартқан Бейімбеттің шайқы-бұрқылық дәстүрін әдеби мұрагерлікпен өз мәнерінде ешкімге ұқсамай, өзгені қайталамай ұлықтауды қазіргі әдеби процесте Жүсіпбек Қорғасбек, Дәурен Қуат, Бейбіт Сарыбай сияқты қаламгерлер жалғастырып отыр.
Қазақ гиперреализмі тек түркі емес, әлем әдебиетіне шоқтықты туындылар сыйлап үлгерді. Әрі өзінің болашағы зор екенін таныта алды. Біз соның кей тұстарын ғана осы монографияға еніп отырған тараушамызда сөз еттік. Осы ұлттық әдеби процесте өзін танытқан гипперреалисті әдеби бағыт пен оның ғылыми-философиялық, құдаяттық мистикалық, әзіли-шайқылық ағымдары өзін қолға алып, жан-жақты қарастыруды қазақ әдебиеттанушыларының алдына зор ғылыми міндет етіп қойып отыр.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,
Қазақ салыстырмалы әдебиеттануының өкілі
Фото: oboi-colibri.ru
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.