Гуанчжоу кітап көрмесінде Қазақстанның заманауи әдебиеті таныстырылды
Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан 30-шы Оңтүстік Қытай кітап көрмесі аясында Қазақстанның заманауи әдебиетіне арналған арнайы сессия ұйымдастырылды.
«Гуанчжоудағы кітап көрмесінде Қазақстанның заманауи әдебиеті таныстырылды», - деп хабарлайды, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан отызыншы Оңтүстік Қытай кітап көрмесі аясында Қазақстанның заманауи әдебиетіне арналған арнайы сессия ұйымдастырылды.

Кездесуде қазақ қаламгерлерінің шығармалары қытай оқырмандарына таныстырылып, қазіргі қазақ әдебиетінің негізгі бағыттары мен жаңа буын авторларының шығармашылығы сөз болды.
Атап айтқанда, Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы, Айсұлу Алмасбайдың балаларға арналған «Жел тербеген әуен» кітабы, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» детектив романы және Нұрайна Сәтпаеваның заманауи проза жанрындағы «Мұхит жарыққа ұмтылады» шығармасы таныстырылды.

Жиында кітап аудармасы, әдеби шығармаларды халықаралық деңгейде таныту және авторлық құқықты қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы баспа ісі мен әдеби байланыстарды одан әрі дамыту жайы қозғалды.

Айта кетейік, көрме күндері Қазақстанның ұлттық павильонында 100-ге жуық кітап пен ұлттық мәдениетті танытатын дүниелер қойылған. Экспозицияда заманауи және балалар әдебиеті, мәдени мұра мен креативті индустрия бағыттары қамтылған.
Мәтін мен фотосуреттер ҚР Жазушылар одағының фейсбук парағынан алынды.
