Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

07.06.2025 452

Ибалы зиялы 14+

Ибалы зиялы - adebiportal.kz

Өтепберген Ақыпбеков хақында…

Өз өмірін өзі қалағанындай риялықпен өткізетін пенде атаулы сирек. Ілгерінді-кейінді іркіліп, оңға-солға шайқалып, көтеріліп-басылған тіршіліктің ырықсыз толқыны әркімді мезі етіп, ыңыршақтай ырғап, қалыптан шығарып жіберетіні бар. Оған төзіп, шыдап, жығылып-сүрініп жүріп тізерлемей, «жасынан түсін билеп, сыр бермей» (Абай) өтетін жігіттер, иә, жігіттер аз. Сондай соқталы азаматтың бірі және бірегейі, «ақырын жүріп, анық басқан», кеудесіндегі буырқанған долы күшті ибалы зиялы мінезіне жеңдірген тағдыр иесі, өлеңі де өзіне тартқан, бар сырлы бояуын ішіне сақтаған ақын Өтепберген Ақыпбекұлы екен. «Екен» деп отырғаным Тайыр ақынның:

Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермейді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екем ғой, –

деп айтқанындай, Өтепбергеннің жан қатпарындағы маған құпиялау көрінетін сол қасиеттің қасіретті сырын ол дүниеден өтіп кеткен соң он жылдан астам уақыттан кейін, шәкірт ұлым Елдос Тоқтарбайдан естіп барып, жүрегім шым ете қалды.

Оның маған өзі келіп танысқан бетте: «Сіз бен біз тағдырласпыз. Бірақ оны бір-бірімізге біліп жатудың қажеті жоқ», – деп неге айтқанын енді түсіндім.   Бір-бірімізге іш тартқан, жан жылуын сезінген, жайдары сәлемдесіп жүрген жиырма бес жылдың ішінде оның бұл жанына жақын тартуының мәнісін білмегенім өкінішті. Сол өкініштің ендігі өтеуі осынау шағын жұбаныш сөзі ғана. Бұл алғауды оның өзі көзінің тірісінде кездескен сайын емін-еркін отырып естуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ, оған оның алғаш танысқанда айтып, өзі қойған ықылас шекарасы  аралық сыйластықтың ақ жібін аттауға жібермеді.

Адамдардың «көңіл жібі» әр қалай жалғанады ғой. Сыйласа білетін адам көңілдің сол нәзік жібін кере тартып үзіп алмауға, немесе босаңсытып жіберіп, жерге сүйретіліп қалмауына  алаңдайды ғой. Онсыз сыйласың – қимасыңа айнала алмайды.

Бұл ойды сабақтауымның себебі мынадай. Университетті енді бітіріп, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде істей бастаған  кезім. Бір күні оңаша отырғанда есікті баппен ашып, баяу басып, жиырма бес жастағы жігітке көрсетіле бермейтін ибамен, шашы артына бұйралана қайырылған, қияқ мұртты, кербез киінген, менен егде бір жігіт кеп, қолын кеудесіне апарып баппен амандасты. Жасы «егде» (Маған солай көрінді) екені анық. Атып тұрдым. Ол білегімнен ұстап орыныма отырғызды. Сөз мәнері мен мені әспеттей сипаттауын тосаңси қабылдап: Кекетіп тұрған жоқ па? Әйтпесе, әдебиет табалдырығын енді аттаудан дәмелі, бір жинағы шықпаған, әлі кәсіби журналист болып танылмаған мендегі қайдағы атақ  деген үркек ой ұшқындай қалды. Байыбына барсам, жоқ, шыны сияқты. Орындыққа отырды да абдырап қалған мені сабырға шақырып, баптап тұрып былай деді (Асылықпен айтты демеңіз, естелік қой, жадыма қиянат жасамай, турасын жазайын):

Сіз атақты Тұрсын Жұртбаевсіз ғой. Білемін, жасыңыз кіші, оған қысылмаңыз. Кекеткенім де емес. 18 жасында «Лениншіл жас» газетіне суретімен жарты бет өлеңі шыққан ақын Сіз ғой. 19 жасыңызда жарияланған «Өмір деген тамаша ғой, бауырым!» деген көркем очерк сіздікі ғой. Ал, 20 жасында «Қалқаман-Мамыр» қиссасын қиссашы шопанның ауызымен баяндап берген де сіз ғой. Біз сіз меңзеп отырған ол ақынның кім екенін (Шәкәрім), оның атын атауға болмайтынын, бірақ, амалын тауып жариялаған Сіз екенін де білеміз. Бүкіл оқырман біледі. Біз, ауылды жердегілер сізді сол үшінде атақты адам деп есептейміз. Қарапайым адам мына бізбіз. Мен – Өтепберген Ақыпбеков деген Талдықорғанның талапкер ақынымын, қатардағы журналистпін. Қазір Жоғары партия мектебінің тыңдаушысымын. Осы «Жетісуға» тәжірибеден өтуге келдім. Сізбен арнайы танысайын деп, сәлем беріп тұрмын. Мен сізді – «Сен» дей алмаймын, жасыңыз кіші екенін білемін. Бірақ, әдеп солай. Тек, Сіз бен біз тағдырласпыз. Сіздің өміріңізді қанық білемін. Бірақ оны бір-бірімізге біліп жатудың қажеті жоқ. Өзіміз білеміз, өз сырымыз өзімізде. Тек жырымыз басқа. Мен балалардың тілін тауып, оларды тақпақпен уатқанды ұнатамын. Мен бұдан кейін де Сізді – «сіз» деймін. Оған қарсы болмаңыз, – деді өзі айтып, өзі үкімін шығарып.

Менің ойыма Жарасқан (Әбдірәшев) қаншама рет: Мені «Сен» деп айт. Мен сенің жездеңмін – дегеніне қарамастан, – Жоқ «Сен» дей алмаймын. Сіздің «Марикке» деген өлеңіңізді оқығаннан кейін өзім «Аға» тұтамын деп іштей серт бергенмін. Сертімді бұза алмаймын, – дегенім есіме түсті. Амал қайсы, содан бастап қашан Өтепберген дүниеден қайтқанша, тіпті ол «Қазақ әдебиетінде», мен «Жұлдызда» есік пе есік отырып, сағат сайын жолығып, ара-арасында сыр бөліскенде де, ол «сіздетуден», мен «сендетуден» жаңылмадық. Шыққан кітаптарын тұрақты түрде сыйлап тұрды.

Сол «Сіз» – у-дуы, булығуы мен буырқанысы, әзілі мен оспағы, сыны мен сыйпаты мол Жазушылар одағының «соқтықпалы, соқпақсыз» тіршілігінің өзінде де сыпайылықты сақтатты. Тіпті, ел ауызына іліккен елеулі балалар ақыны, өз жанрының ең үздік қаламгерінің бірі атанып, жалы күдіреюге тиісті тұстарда да Өтепберген өзін өте кішіпейіл ұстады. Кейде өкпелеген бала сияқты бұртия қалып, ішкі өкпесін бір-екі ауыз ренішпен жеткізгені болмаса, бар буырқанысын бойында ұстап, шалт бұрылып, аяғын соза адымдап «маңып» бара жататын.

Өзі керемет балажан еді және балалардың тілін оңай табатын. Бірде одаққа  менің үшінші сыныпта оқитын Алма атты қызым келді. Сусын алып берейін деп «Қаламгерге» барсам, Өтепберген тұр екен. Сәлемдесе салып, Алмаға бұрылып, екеуі шүйіркелесе жөнелді.  Іле қойнынан, кезекті кітабы шыққан екен соны алып, тура сол арада әр жолдың басына Алманың атының әр басқы әрпін келтіріп, оны ерекше өрнектеп, тігінен оқысаң «АЛМА» деген сөз шығатын бір шумақ өлең жазып, сыйға тартты. Ой, мұқаба бетіндегі өзінің аты өрнектелген жазуды көріп, баламның қуанғаны-ай десеңші. Мен тек тұрмай: Бүгін Серік деген ағасының туған күні, соған барамыз. Лайықтап өлең жазып бер, ендеше, – дедім. Берік пен Серіктің атын сұрап алды да теріс қарап тұрып әлгі кітабының мұқабасының екінші бетіне әлденені жазып, бізге қарап: – Мынау жарай ма? – деп:

Берік, Серік

Өрік теріп жеп еді.

Берік, Серік

Жеген өрік көк еді.

Ішті, тісті

Ауыртқан көк өрікке,

Ренжулі

Берік те,

Ренжулі Серікте, –

деген сондай үйлесімді, жаттауға жеңіл тақпақты оқып берді.

Алма мәз боп, әлгі тақпақты тез жаттап алды да, кешке Серік ағасының туған күнінде сондай бір салтанатпен айтып берді. Алма әлгі қос қолтаңба жазылған кітапты ешкімге ұстатпай, бертінге дейін сақтап келді. Кітапханам екі-үш рет қоныс аударған соң, көп кітаптың «қойнына» кіріп кетті де, Алма көз жазып қалды.  Бұл өлең сол арада жазылды ма, жоқ, бұрын жазылған ба, ол арасын білмеймін. Әйтеуір, баламды бір мәз еткені анық.

Кейде, сол «сіз», «біз» деп жүріп, айтқанға көнбей, өзінің дегенін сондай бір шынайы образға кіріп, бетіңе қарап тұрып қайталаушы еді.  Мен ашуланғансимын, сонда да кінәлі адамдай момақанси қалып, қалыбынан жазбайтын. Келесі жолы сол әдетін тағы да қайталайтын. Соның бірі, неге екенін білмеймін, «Өтепберген деген ақын осы» – деп біреуге таныстырсам болды: «Қазақтың ақын Сарасы атанған Жұмаштың күйеуімін» – дейтін қолын беріп жатып. Әуеліде: «Мұның не, ыңғайсыз емес пе. Жұмашты емес, сені таныстырып тұрмын ғой» – деймін. Ол сол момақансығын қалпынан жазбай үндемей тұра береді. Тіпті, кейін ашуланып та айттым. Бәрібір. Сондай бір ішкі мысқылға құрылған мінезі бар еді.

Астанаға ауысқан соң сирек көретін болдым. Соңғы рет ескі қаланың бір көшесінің қиылысынан қарама-қарсы кездесіп қалдық. Қасында «Ақын Сарасы» – Жұмаш бар. Біздің жөн сұрасуымызды сырттай тыңдап тұрды. Өңі жүдеу, қабағында кірбің бар екен. Сөйтсем, дерті дендей бастаған кез екен ғой. Мен оны білгем жоқ. Шүйіркелеспей, сыралғы ғана сөйлестік. Бұл, менің оны соңғы рет көруім екен ғой. Сол жолы, мәңгі бақилық қоштасып тұрғанымызды білмей қошайтысыппыз ғой.

Қазір де оның сол бір кірбің шалған, сұрақ белгісімен сүзіле қараған мұңлы жанары көз алдымда. Ал, Елдос қаперіме түсірген: «Сіз бен біз тағдырласпыз. Бірақ оны бір-бірімізге біліп жатудың қажеті жоқ», – деген алғашқы танысқанда айтқан сөзі менің жандүниемді астан-кестен етіп кетті. Расында да, біз тағдырлас екенбіз. Екеуміз де анамыз он екі-он үш құрсақ көтеріп, балалары шетінен шетіней берген соң туған екенбіз. Оның атын: алдыңғы шейіт періштелердің «өтеуі» болсын деп –  «Өтеп берген», менің атымды: Енді осы тұрақтасын деп – «Тұрсын» қойыпты. Оның да әке-шешесі ерте дүниеден озыпты. Демек, екеуміз де мұңы да ортақ, мұқтаждығы да ортақ, нәумез көңіл өскен «маманданған жетім» екенбіз. Мұны, ол – білді, мен – білмедім. Бар мен жоқты білдірмейтін сырбаз да сері мінезінің астарында «ұрпақ» деген ұлы озанды қамкөңілдік жатыр екен-ау. Енді, өкіндім не, өкінбедім не, менімен тағдырлас бір есіл өмірімнің қатарымда жүргенін қалай аңғармадым?

Енді ұмытпайтын боламын, Өтепбергенді бұрынғыдан да бетер қадірлеп еске аламын. Одан басқа не шара?!.  Оның – Өтепбергеннің балаларға арналған  өлеңдері, сәбилердің санасына мейірім мен қайырымның, ана тілімізге деген махаббаттың  иіндісі боп ұйып, бүлдіршіндерді әлдилейтін бесік жыры боп мәңгі өмір сүретініне кәміл сенемін. 

Ол, шын мәніндегі ибалы зиялы еді.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар