Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
IFLA 2025 кітапханашылар конференциясы мәресіне же...

22.08.2025 996

IFLA 2025 кітапханашылар конференциясы мәресіне жетті

IFLA 2025 кітапханашылар конференциясы мәресіне жетті - adebiportal.kz

21 тамыз Астана қаласында өтіп жатқан IFLA 2025 кітапханашылар конференциясы өз мәресіне жетті. Жабылу салтанатына орай IFLA өзінің кәсіби құрылымдары арасындағы ең үздік жетістіктерді бағалайтын 2025 жылғы Dynamic Unit and Impact Awards  (DUIA) (Динамикалық бірлік және әсер ету) жеңімпаздарын жариялады. Бұл марапат IFLA аясында соңғы екі жыл бойы белсенді жұмыс істеп, ұйымның жаһандық деңгейдегі миссиясына айтарлықтай үлес қосқан бөлімдер мен топтарына табысталады.

Dynamic Unit and Impact Awards –  кәсіби құрылымдарының IFLA мақсаттарын жүзеге асырудағы тиімділігін, көшбасшылықты дамытуын және мүшелерді тартудағы белсенділігін мойындайтын беделді марапат. Бұл марапат сондай-ақ олардың жоғары сапалы қызметтерін және халықаралық деңгейде ықпалды коммуникация жүргізуін айқындайды.

Ақын, ЮНЕСКО-ның Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов:

«Кітаптың тағдыры туралы әңгімені бастау үшін Астанаға жиналған IFLCA Дүниежүзілік кітапхана конгресінің қатысушыларын қарсы алуға қуаныштымын.

Бұл күндері Қазақстанда Абайдың 180 жылдығы тойлануда. Ұлы ақынның әрбір мерейтойы халық пен мәдениет үшін мереке болса, кітап үшін   де сондай мереке. Абайдың  өз халқының арасында  идеяларының жүзеге асуын іс жүзінде көруіне еш мүмкіндігі болмады. Ал бізге, сөз адамдары үшін, шығармашылықтың ең  басты нәтижесі адам болу», - деді құттықтау сөзінде.

2025 жылғы жеңімпаздар:

Жалпы жетістік үшін марапатты – Әділ және қолжетімді кітапхана қызметтері бөлімі (EALS) еншіледі. Бұл бөлім инклюзивті кітапханалық қызмет көрсетуде жаңа биікке көтеріліп, соңғы үш жылда тұтқындарға , босқындар мен қоныс аударушыларға қызмет көрсетті. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік жөніндегі маңызды нұсқаулықтарды жариялады. БҰҰ-ның 2024 жылғы «Мүгедектік және даму туралы баяндамасына» қосқан үлесі олардың жаһандық ықпалын айқындай түсті.

IFLA Кәсіби бөлімшесі D комитетінің төрайымы Энн Окерсон жеңімпаздарға құттықтау сөзінде:

«D комитеті әріптестерінің атынан EALS-ты осындай маңызды кәсіби марапатқа ие болуымен құттықтаймын. Жаңа атауына сәйкес, бұл комитет теңдік пен қолжетімділік ұғымдарын жаңа деңгейге көтере отырып, үш ерекше нұсқаулық жариялады. Олар мазмұнды байыту мақсатында көптеген басқа IFLA комитеттерімен және сыртқы серіктестерімен бірлесе жұмыс істеп, осы нұсқаулықтарды түрлі алаңдарда кеңінен насихаттауға бағытталған белсенді күн тәртібін қалыптастырды. EALS-тың жалпы коммуникация стратегиясы кең ауқымды әрі инклюзивті болды: бөлім мүшелерін, IFLA сайты мен ақпараттық бюллетеньдерін, сондай-ақ әлеуметтік желілерді қамтыды. Біз әріптестерімізді жаңа белестерге көтерілген сәттеріне қуанамыз», - деді.

Мүшелерді тарту және көшбасшылықты дамыту үшін марапат – Парламенттерге арналған кітапхана және зерттеу қызметтері комитеті еншіледі (IFLA PARL). 

2024–2025 жылдары бұл бөлім Мадридте сәтті өткізілген жыл сайынғы конференцияны ұйымдастырды, ЖИ (AI) тақырыбы бойынша халықаралық пікірталастарға белсенді қатысып, еске алу вебинар сериясын бастады. PARL сонымен қатар Малайзия мен Австралиядағы маңызды жобаларды қолдап, парламенттік кітапханалар саласында жаһандық ынтымақтастықты нығайтты.

Жұмыс сапасы мен ықпалы үшін марапат – Бұған жаңа кәсіпқойлар арнайы қызығушылық тобы ие болды (NPSIG).

Жаңа буын мамандарына арналған бұл топ жас кітапханашылардың дауысына халықаралық деңгейде ықпал етіп келеді. 2025 жылы олар жас мамандарға арналған жаңа марапат тағайындауды ұсынды, сондай-ақ IFLA лагерьлері мен флешмобтар ұйымдастырып, оқуды насихаттады. Сонымен бірге, ALA, ASIS&T және студенттік қауымдастықтармен бірлескен вебинарлар өткізіп, ерте мансаптағы мамандарға жаһандық тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынған еді.

Тиімді коммуникация үшін марапат – Мұны Қоршаған орта, тұрақты даму және кітапханалар бөлімі еншіледі (ENSULIB).

ENSULIB тұрақты даму мен экологиялық бастамаларды кітапхана саласына енгізуде көшбасшылық көрсетуде. 2025 жылы олар «Жасыл кітапхана» халықаралық сыйлығын табыстады, «Жасыл кітапханаларға арналған алғашқы жаһандық нұсқаулықтың» жобасын әзірледі және «Білім беру және тұрақты даму» тақырыбындағы кітап жобасын бастады.

IFLA Кәсіби кеңесінің төрайымы Те Паэа Парингатай өз сөзінде:

«Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз көшбасшылықтың, ынтымақтастықтың және кітапханалардың трансформациялық күшіне деген ортақ сенімнің айқын дәлелі», – деді.

Сондай-ақ әрбір жеңімпаз бөлімнің жұмысын жоғары бағалаған IFLA кәсіби дивизияларының төрағалары олардың тәжірибесі бүкіл салаға үлгі екенін атап өтті.

2025 жылғы Dynamic Unit and Impact Awards иегерлерінің жұмыстары кітапханалардың қолжетімділік, тұрақты даму, кәсіби ынтымақтастық және жаңа буын мамандарын қолдау бағытындағы рөлін күшейтті. Бұл марапаттар кітапханалық қауымдастықтың болашақтағы жаһандық миссиясын жүзеге асыруда ерекше маңызға ие бола бермек.

Осылайша, Астана қаласында өткен IFLA-ның 89-шы Дүниежүзілік кітапханалар мен ақпарат конгресі өз мәресіне жетті. Конгресс барысында кәсіби қауымдастық өкілдері кітапхана ісіндегі жаңа үрдістерді, тең қолжетімділік пен тұрақты даму қағидаттарын талқылап, тәжірибе алмасып, ортақ мақсаттарға бірлесіп қадам жасады.

Келесі, 90-шы IFLA Дүниежүзілік конференциясы Корея Республикасында, Пусан қаласында өтетін болып шешілді. Бұл келешекте халықаралық ынтымақтастық пен кітапхана саласының жаһандық дамуына серпін беретініне еш шүбәміз жоқ.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар