Аттану
Атымды қорасынан шығаруға бұйырдым. Қызметшім сөзімді ұқпадым білем. Қораға өзім кіріп атты ерттеп, қарғып міндім. Алыстан құбырдың даусын естіп, жалма-жан мұның не екенін сұрадым. Ол ештеме естіп білмегендей. Қызметшім қақпа алдынан тоқтатып:
– Мырза, қайда шауып барасың? – деді.
Білмеймін,– дедім, – тек алысқа, алысқа қарай шабамын. Тым алысқа, тек осылай ғана мақсатыма жете аламын.
– Демек сен өз мақсатыңды білетін болғаның ғой? – деді ол.
Иә, айттым емес пе, «тым алысқа шабамын» – міне менің мақсатым.
– Сенде жолға қамдаған азық-түлік жоқ қой, – деді ол.
– Маған олардың керегі жоқ. Сапарым ұзақ, тіпті ешнәрсеге жете алмасам жолда аштан өлуім де мүмкін. Ешқандай азық маған көмектесе алмайды. Бұл дегенің, расында, адам сенгісіз сапар болмақ.
Пікір (Үміттенбе!)
Ерте таңның кезі еді, көшелер таза әрі бос, вокзалға қарай бара жаттым. Қол сағатымның тілін мұнарадағы сағатпен тексеріп, кенет қазір уақыттың тым кешкіріп кеткенін аңғардым. Маған асығу керек, тіпті көңіліме күмән ұялай бастады, қаланы әлі жөнді білмейтін едім, алдымнан жол сақшысы кезіге кетті. Оған ентіге жақындай беріп, вокзалға қалай бару керектігін сұрадым. Ол сәл жымиды да:
–Сен менен барар жолды білгің келе ме?–деді.
Иә,– дедім күмілжіп, – оны өзім таба алар емеспін.
–Үміттенбе, үміттенбе!– деген жол сақшысы өз күлкісімен жеке қалуды қалайтын адамдардай кері бұрылып кете барды.
Мысал
Ах, – деді тышқан,– әлем күннен-күнге тарылып барады. Басында дүние кең еді, үрейлі де көрінетін. Алға адымдай бердім, бақытты да болдым. Ақыры қазір шиырланған кең қабырғалармен жүре-жүре оң мен сол қабырғалары ғана бар соңғы бөлмеге де жеттім. Қайда тап болғанымды білмеймін.
– Саған тек бағытты өзгерту қажет, – деді де мысық оны қылғыта салды.
Кезқұйрық
Кезқұйрық тырнағын аяғыма батырып тұр. Кебісім мен шұлығымды жыртып, енді жалаң аяғымды осқылауға көшті. Бір жалықпай әрекетін жалғады да, сосын әлденеше рет айнала ұшып келіп қайта тырнады. Жанымнан өтіп бара жатқан беймәлім жолаушы сәл тосылып тұрып, жақын келіп бұл азапқа не үшін шыдап тұрғанымды сұрады.
– Мен деген қорғансыз адаммын,– дедім оған.
– Құс өзі келді де тырнағын батырды, мен, әрине, қууға тырыстым, тіпті тұншықтырдым да, бірақ мұндай жануар мықты емес пе? Кезқұйрық, міне, бетіме шабуды бастады, оны аяғыммен жасқап тастамақ та болдым.
– Сізге бұл азапқа төзіп не керек? – деді ол, құсты жайратып салуға жалғыз оқ жетіп жатыр
– Бары осы ма? – дедім, – мүмкін сіз атып саларсыз?
– Қуана-қуана,– деді жолаушы, – бірақ үйге барып қаруымда алып келуім керек. Ал сіз тағы жарты сағат шыдай аласыз ба?
– Білмеймін, – дедім ауырсынудан сілтідей тына біраз қозғалыссыз тұрып.
– Өтінем, барып қайтыңызшы. Не десек те, бірдеңе жасау керек емес пе?!
– Жақсы, онда асығайын, – деген ол жөней берді.
Маған бір қарап, жолаушыға бір қарап, кезқұйрық әңгімемізді асықпай тыңдап алды. Бәрін түсінгенін сезіп тұрмын, кенет қалықтай ұшты да, қайта күш жинап кері тап беріп, сүңгідей тырнағын ауызыма салып кеп қалды. Етпетімнен құлағанда өзімді еркін сезінгендей болдым, сонда жағаны алып терең аққан қанымнан кезқұйрық қайта оңалмастай шашалып көз жұмғанын көрдім.
Теміржол жолаушылары
Егер бажайлап қарасақ, біз теміржол түнеліндегі жолаушылар секілдіміз, ал мұндай басы мен ақырғы жарығы көрінбейтін жерде сол жарықты іздеген көзқарас та жоғалады, тіпті мұнда тіршіліктің алғышарты мен соңына сенімді қарау да мүмкін емес. Айналамызда калейдоскоп секілді қойыртпақ сезімдер жиынтығы, олардың шиеленісі, көңіл-күй мен жан жарасын жасыру үшін құбыжықтыққа түсу, қажытатын һәм еліктіргіш ойындар.
«Маған не істеу керек?» немесе «Мұны не үшін істеймін?» деген сауалдар бұл аймақта қойылмайды.
Достық
Біз бес дос едік, бір күні бәріміз үйден шықтық, алдымен біріншісі шығып есік алдында тұрды. Сосын жеңіл шар секілді біріміз қарғып шықтық, алдыңғысының қасына барып ол тұрды. Сосын үшіншісі, төртіншісі, бесіншісі. Ақыры бәріміз ретке келдік. Үйден бесеуіміз шыққанымызды көріп көпшіліктің назары ауа бастады. Содан бері бәріміз бірге өмір кешіп жүр едік, алтыншысы келіп килікпегенде тату-тәтті-ақ едік. Ол бізге ешнәрсе де жасамайды, бірақ өзінен-өзі ауырлық тудырады, зиян шектіреді. Егер онымен сырымызды бөліскіміз келмесе, бізге себепсіз неге байланады? Оны анық білмейміз де, өзімізге қабылдағымыз да келмейді. Бесеуіміз, расында, бір-бірімізді танып білмедік, білмесек те өз-өзімізге жетіп артыламыз, бір-бірімізге шыдас береміз, ал алтыншы адам бізге артық етеді, әрі оған төзе алмас та едік. Үздіксіз бірге жүруімізде жалпы қандай мән бар десек, мұнда тағы ой жоқ, бірақ бәрібір бірге боламыз, өмір тәжірбиемізді негізге ала отырып, ортамызға жаңа адамды қосуды қаламаймыз. Мұның бәрін алтыншыға қалай ұқтырсақ екен, ұзақ түсіндірме жұмысы ортамызға жайсыздық әкелері даусыз. Ештеңе түсіндірмесек дейміз, тек оны қабылдамай қоя саламыз. Қанша рет келсе де шынтығымызбен кері иетерміз, бірақ қанша кері итерсек те, ол бізге қайтып келе береді.
Түнде
Түнге еніп, әдеттегідей еркін жатып ойға берілесің, барлық түн қойнауына кірген жаратылыстың дағдысы осы болар. Айналаңда адамдар ұйықтап жатады. Кіші комедия, кінәсіз өз-өзіңді алдау секілді. Бәрі үйінде мығым кереуітінде, берік шатырдың астында, тізесіне матаны қымтанып, көрпе астында жатыр. Бәрі де ешқашан бірге болмағандай бірігеді, сансыз көп адамдар, бүтін бір әскер, бүтін халық... Олардың үстінде суық аспан, астында суық жер, қайда тоқтаса да қолдарын шынтақтарына қойып, еркін тыныстап ұйқыға кетеді. Ал сен ояусың, басқаларды бақылау үшін басыңды арлы-берлі шайқайсың, қолына шыбық ұстаған түнгі қарауылдың бірісің. Неге сен ғана ояусың? Бірақ біреу-міреу ояу болуы тиіс емес пе? Қайтсе де біреу ояу болуы тиіс.
Аударған – Батырхан СӘРСЕНХАН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.