Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Юсуф Ақчора – түркі ойының ояну дәуіріндегі тұлға...

Юсуф Ақчора – түркі ойының ояну дәуіріндегі тұлға

13.04.2026

170

Юсуф Ақчора – түркі ойының ояну дәуіріндегі тұлға - adebiportal.kz

Түркі дүниесінің ХХ ғасыр басындағы рухани серпілісі – тұтас өркениеттік кеңістіктің оянуы еді. 

Сол оянудың алдыңғы шебінде тұрған сана иелерінің бірі де бірегейі – Юсуф Акчора (Жүсіп Ақшора). Ол тек түркі әлемінің шыққан саясаткер немесе публицист қана емес, түркі халықтарының болашағын жүйелі түрде ойлаған стратег-ойшыл, үлкен тарихшы ғалым болатын. 

Жалпы көз жүгіртіп қарасаңыз, Юсуф Ақчораның өмір жолы – географиядан гөрі ұлттық идеямен өлшенетін тағдыр. Ол Қазан татарларының ортасында дүниеге келіп, кейін Осман империясының интеллектуалдық ортасында өсіп, жетіліп, тұлға ретінде қалыптасты. Бұл екі әлем – Ресей империясындағы мұсылман-түркі қауымы мен Осман кеңістігі – оның санасында біртұтас өркениеттік кеңістік ретінде айқындап берді. Сондықтан да оның ойлары белгілі бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл түркі жұртына ортақ сипат алған еді. 

Ақчораны тарихта мәңгі қалдырған әйгілі еңбектерінің бірі – «Üç Tarz-ı Siyaset» яғни «Үш түрлі саясат». Бұл кітап – тұтас бір саяси-философиялық концепция. Онда ол үш бағытты салыстырып, османшылдық, исламшылдық және түрікшілдіктің негізін анықтаған. Ақчора осы үш бағыттың мүмкіндіктерін саралай отырып, болашақтың кілті ретінде түрікшілдікті таңдайды. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. ХХ ғасырдың басында империялар ыдырап, ұлттық мемлекеттер дәуірі басталып жатқан еді. Ақчора осы тарихи заңдылықты ерте сезінді. Ол үшін түрікшілдік ұран – тек этникалық ұран емес, саяси және мәдени бірігу идеясы еді. Яғни, ол түркі халықтарының ортақ тіл, ортақ сана, ортақ мүдде негізінде жаңғыруын көздеді.

Юсуф Ақчораның ойлары қазақ даласына да әсер етпей қалған жоқ. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің дүниетанымынан біз осы идеялардың жаңғырығын көреміз. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды т.б. тұлғалар ұлттық мемлекеттілік, мәдени тәуелсіздік мәселелерін көтергенде, кеңірек түркілік ой ағымының бір бөлігі екенін байқаймыз.  Ақчора осы ағымның теориялық негізін қалаушылардың үлкен буыны, ұстазы. Бүгінгі күні Юсуф Ақчораның мұрасы қайтадан өзекті болып отыр. Түркі әлемінің интеграциясы, мәдени байланыстардың күшеюі, ортақ тарихи сананың қалыптасуы – бұлардың бәрі Ақчора армандаған идеялардың жаңаша көрінісі іспетті.

Алайда, Ақчораның тұлғасын тек идеолог ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол – дәуірдің күрделі сұрақтарына жауап іздеген үлкен интеллектуал. Оның өмірі бізге бір маңызды сабақ береді: ұлт тағдыры тек саясатта ғана емес, өмірлік идеяда шешіледі. Сондықтан Юсуф Ақчора – кешегі өткеннің ғана емес, бүгіннің де, иек астындағы ертеңнің де алып ойшылы. 

Биыл, сан қырлы саясаткердің туғанына 150 жыл. Топырағы торқа болсын! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan