Кітап оқитын қоғам қалай қалыптасады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел болашағын айқындайтын маңызды міндеттердің бірі ретінде интеллектуалды ұлт қалыптастыру мен оқу мәдениетін орнықтыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Президенттің осы бағытта арнайы Жарлыққа қол қоюы да кітап оқуды қоғамдық құндылық деңгейіне көтеруге бағытталған қадамдардың бірі болды.

Кітап оқитын қоғам қалай қалыптасады? - adebiportal.kz

Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған ақыл-ойы мен рухани тәжірибесін сақтап келе жатқан асыл қазына. Оған деген құрмет – ұлттың білімге, парасатқа және өркениетке деген көзқарасының өлшемі. Сондықтан қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту мәселесі қай кезеңде де өзекті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел болашағын айқындайтын маңызды міндеттердің бірі ретінде интеллектуалды ұлт қалыптастыру мен оқу мәдениетін орнықтыру қажеттігін үнемі айтып келеді. Президенттің осы бағытта арнайы Жарлыққа қол қоюы да кітап оқуды қоғамдық құндылық деңгейіне көтеруге бағытталған қадамдардың бірі болды.

Мемлекеттік деңгейде көтерілген бастама қоғамдағы оқырмандық белсенділікке де ықпал етіп отыр. Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызының айтуынша, кейінгі жылдары кітапханаға келушілер саны 150 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштің тағы бір назар аударарлық тұсы – оқырмандардың басым бөлігін жастар құрайды екен. Демек, кітапқа бет бұрған жаңа буынның қатары көбейіп келеді.

Кітап оқуға деген ықыласты бүгінде арнайы статистикадан ғана емес, күнделікті өмірден де аңғаруға болады. Астананың саябақтарында, қоғамдық көліктерінде, демалыс орындары мен көшелерінде қолына кітап ұстаған жастарды жиі кездестіруге болады. Бірі бос уақытын тиімді пайдаланса, енді бірі кітаптан ой іздеп, танымын толықтыруға ұмтылады. Кезінде сирек ұшырасатын осындай көріністердің қала тіршілігіне біртіндеп ене бастауы – қоғамдағы рухани сұраныстың өзгергенін аңғартатын жақсы нышан.

Осы өзгерістің тынысын сезіну үшін елордадағы бірнеше қоғамдық орын мен кітапхананы аралап, кітап оқып жүрген тұрғындармен тілдестік. Олардың таңдаған шығармалары, кітапқа қызығу себептері мен оқырмандық көзқарастары бүгінгі қоғамдағы кітаптың орны туралы ойлануға жетелейді. Әңгіме барысында бір ақиқатқа көз жеткіздік: кітап оқу тек білім жинаудың амалы емес, адамның өзін-өзі тануына, уақытын бағалауына және рухани дүниесін байытуына жол ашатын өмірлік дағдыға айналып келеді.

Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы – елорданың мәдени-рухани өмірінде өзіндік орны бар білім ордасы. Мұнда оқырманның жасына, қызығушылығы мен ізденіс бағытына қарай кітап оқуға және зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік қарастырылған. Жайлы оқу залдары, цифрлық қызметтер мен ақпараттық ресурстар кітапхананың жұмысын жаңа талаптарға бейімдей түскен.

Кітапхана сөрелерінен қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын, әлем әдебиетінің классикалық үлгілерін, ғылыми еңбектер мен сирек басылымдарды кездестіруге болады. Сонымен бірге мұнда кітап таныстырылымдары, әдеби жүздесулер, шығармашылық кештер, халықаралық конференциялар мен тақырыптық көрмелер өткізіліп тұрады. Осылайша кітапхана тек басылым сақтайтын орын ғана емес, әдеби ой мен зияткерлік ізденіс тоғысатын мәдени кеңістік қызметін атқарып келеді.

Елордадағы кітап оқу мәдениетінің дамуына қалалық кітапханалар желісі де елеулі үлес қосып отыр. Қаланың әр ауданында орналасқан бұл мекемелер тұрғындарға кітапты қолжетімді етуімен қатар, балалар мен жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқу залдары, электронды қорлар, жас оқырмандарға арналған арнайы кеңістіктер мен танымдық іс-шаралар кітапханалардың қызмет аясын кеңейткен.

Мәселен, Астана қалалық №1 балалар кітапханасында оқырман қатарының артып келе жатқаны байқалады. Мекеме меңгерушісі Гүлкен Сұңқарбекқызының айтуынша, кітапхана жақында ашылғанына қарамастан, келушілер саны күн сайын көбейіп келеді. Әсіресе жазғы демалыс кезінде балаларын ертіп келетін ата-аналардың қатары артқан.

«Кітапхана ашылғанына көп уақыт болмаса да, оқырман қарасы күн сайын артып келеді. Қазір сабақ уақыты болғанымен балалар сабаққа дейін де кітап оқуға уақыт тауып жүр. Ең көп сұранысқа ие кітаптардың көшін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» бастап тұр. Сонымен қатар Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы мен қазақ және әлем халықтарының ертегілері де жиі оқылады. Негізінен балаларға арналған кітапхана болғанымен, ересек оқырмандардың да қатары көбейіп келеді. Сол себепті кітап қорында балалар әдебиетімен қатар көркем әдебиет, танымдық және түрлі бағыттағы басылымдар жинақталған. Қазіргі таңда кітапхана қорында 3 мыңға жуық кітап бар», – дейді Гүлкен Сұңқарбекқызы.

Балалар әдебиетіне деген қызығушылықтың артуы – көңіл қуантатын құбылыс. Өйткені кітаппен ерте достасқан баланың дүниетанымы да, ойлау қабілеті де біртіндеп қалыптасады. Ал ата-ананың баласымен бірге кітапханаға келуі оқу мәдениетінің отбасылық дәстүрге айналуына жол ашады.

Жаңа кеңістіктер

Кітап оқу мәдениеті дәстүрлі кітапханалармен ғана шектелмейді. Соңғы уақытта Астанада кітап дүкендерімен қатар, оқырманға өзгеше орта ұсынатын кітап-кафелер мен шығармашылық кеңістіктер де көбейіп келеді. Мұндай орындарда келушілер сүйікті кітабын оқып, кофе ішіп, кейде әдебиетке құмар жандармен пікір алмасуға мүмкіндік алады.

Әсіресе студенттер, жастар мен шығармашылық орта өкілдері үшін бұл кеңістіктердің тартымдылығы бөлек. Кітапты арнайы уақыт бөліп қана емес, күнделікті тіршіліктің арасында да оқуға болатын осындай орындардың пайда болуы оқырмандық дағдыны қалыптастыруға ықпал етеді. Бір жағынан, бұл – кітап оқуды міндет ретінде емес, адамның өз еркімен таңдайтын мәдени әдеті ретінде орнықтырудың жолы.

Қоғамдық кеңістіктердің кітапқа бейімделуі қаланың мәдени келбетіне де әсер етеді. Кітап сөрелері мен оқу бұрыштары, әдеби кездесулер мен шағын талқылаулар оқырманды бір ортаға жинайды. Мұндай бастамалар әлі де кеңейе түссе, кітап оқу жеке адамның қызығушылығынан қоғамдық мәдениетке айналары сөзсіз.

Соңғы жылдары кітап оқу мәдениеті әлемде де жаңа сипатқа ие болды. Оқырманның талғамы өзгеріп, әдебиетті тұтынудың жолдары көбейді. Бір кезеңде басымдыққа ие болған дәстүрлі оқу дағдысы бүгінде цифрлық мүмкіндіктермен толықты. Романтика мен фэнтези жанрларына қызығушылық қайта жанданса, психологиялық және мотивациялық әдебиеттер де оқырман назарынан тыс қалған жоқ. Адамның ішкі әлеміне үңілуге, өмірлік сауалдарға жауап іздеуге бағытталған шығармаларға сұраныс арта түсті.

Бұл өзгеріске әлеуметтік желілердің де ықпалы аз емес. Кітап туралы пікір алмасатын онлайн қауымдастықтар, бейнерецензиялар мен әдеби блогтар бұрын кең аудиторияға жете қоймаған шығармаларды танытуға мүмкіндік берді. Оқырмандар енді кітапты тек кітап дүкенінен немесе кітапхана сөресінен іздемейді. Әлеуметтік желідегі ұсыныстар арқылы жаңа авторлармен танысып, өз талғамына жақын туындыларды таба алады.

Электронды және аудиокітаптардың қолжетімді болуы да оқу мүмкіндігін кеңейтті. Уақыт тапшылығы мен күнделікті қарбаласты алға тартатын адамдар үшін аудиокітап тыңдау, ал электронды нұсқаны пайдалану кез келген жерде оқуға жағдай жасайды. Технология дамыған сайын кітаптың таралу жолы өзгергенімен, оның адам санасына әсер ететін рухани қызметі сол қалпында қалды.

Қазақстандағы оқырман ортасында да осындай өзгерістер байқалады. Бүгінгі жастардың таңдауы классикалық әдебиетпен ғана шектелмейді. Олар қазіргі қаламгерлердің шығармаларына, әлем әдебиетінің жаңа туындыларына, психология мен танымдық бағыттағы кітаптарға да қызығушылық танытады. Әртүрлі әдеби клубтар да осы талғамның қалыптасуына ықпал етіп отыр.

Әрине, кітап оқитын қоғам қалыптастыру бір Жарлықпен немесе бір реттік науқанмен жүзеге аспайды. Бұл – отбасыдан басталып, мектепте жалғасатын, кітапхана мен мәдени мекемелерінде жүйелі түрде дамитын ұзақ мерзімді жұмыс. Ең бастысы, кітап оқуды насихаттаумен қатар, оны адамның күнделікті қажеттілігіне айналдыру маңызды.

Кітапқа қайта оралған қоғам – ойға, ізденіске және рухани кемелденуге бет бұрған қоғам. Ал бүгін қолына кітап алған жас ертеңгі күні елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын тұлғаға айналары сөзсіз. Сондықтан кітап оқу мәдениетін дамыту – келешекке жасалған инвестиция.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2205

Taza Qazaqstan