Бүгін елімізде алғаш рет өткізіліп отырған «Ұлттық кітап күні» ауқымды түрде атап өтілді. «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткізілген салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, баспагерлер мен кітап сүйер қауым қатысты. Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау сөз сөйледі.

«Ұлттық кітап күнін белгілеу идеясы қоғамда біраздан бері айтылып жүрген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы III Ұлттық құрылтайда қолдап, арнайы тапсырма берген болатын. Міне, бүгін сол рухани күнді ұлттық деңгейде алғаш рет атап өтіп жатырмыз», – деді Мәжіліс төрағасы.

Сөз барысында Ерлан Қошанов қазақ әдебиетінің ардақты тұлғасы Әкім Таразидың өмірден озуына байланысты көңіл айтып, оның ұлттық әдебиетіміз бен руханиятымызға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Мәжіліс төрағасы қазіргі таңда отандық кітап нарығы шетелдік өнімдерге тәуелді екенін сынға алды. «Біздің кітап нарығы әлі күнге дейін шетелдік өнімдерге тәуелді. Әдеби, ғылыми және жастардың сұранысына ие мотивациялық кітаптардың көп бөлігі сырттан келеді. Тіпті қазақ тілінде кітаптардың үлесі жиырма пайыздан да аспайды екен. Бұндай жағдайдың салдары неге апарып соғатыны айтпасақ та түсінікті. Сондықтан Президентіміз Түркістандағы құрылтайда: «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі ол – кітап шығару» дегенді баса айтқан болатын», – деді Мәжіліс төрағасы.

Салтанатты іс-шарада зиялы қауым өкілдерінің ғана емес, кітапханашылар мен баспагерлердің басын қосып, жыл бойы кітап басып шығару мен кітап сатуда жасаған жұмыстарының еңбегін бағалаған Ұлттық байқау нәтижелері жарияланып, марапаттау он номинация бойынша өткізілді. «Үздік комикс», «Балаларға арналған үздік кітап», «Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Иллюстрацияланған үздік кітап», «Аудармадағы үздік кітап», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа үйі» номинациялар бойынша жеңімпаздар марапаттарға ие болды.

Салтанатты рәсім соңында Мәжіліс спикері ұлттық байқаудың бас жүлдесі – «Жыл кітабы» Гран-приін табыстады. Бұл сыйлыққа «Қазақстанның тарихи тұлғалары» сериясы үшін «Алматы кітап» баспасы ие болып, оның президенті Гаухар Саймасаеваға бес миллион теңгенің сертификаты салтанатты түрде тапсырылды.



































Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.