Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кітапсыз дүние – бос...

22.04.2022 2782

Кітапсыз дүние – бос 12+

Кітапсыз дүние – бос - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Нұс-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен, елордадағы «Экспо» халқаралық көрме орталығында V Еуразиялық халқаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатқаны баршаңызға аян. Жирманшы сәуірде басталған «Eurazian Book Fair-2022» кітап-жәрмеңкесі жирма төртінші сәуір күні соңғы мәресіне жетеді. Аталған көрмеге алыс-жақын шетелден және еліміз ішінен алпыстан аса баспалар мен кітапханалар желісі қатысып отыр. Төрт күнгге жалғасқан кітап тойына, кітап қуанышана орай жүзден аса мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Іс-шара барысында көптеген кітаптардың әдеби таныстырылымы өтті. Қаламгерлермен кездесулер, еркін сұхбаттар ұйымдастырылды. Осы орайда біз осы реткі кітап мерекесіне жиналған баспалар мен кітапханалар туралы шағын аңдатпа бере кетуді жөн санадық.

Халқаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап көрме-жәрмеңкесіне Ресейдің Мәскеу қаласынан келген қонақтардың бірі – А+А. А+А – АBCdesign және Ad Marginem арасындағы өзара ынтымақтастық негізінде құрылған шығармашылық топ. Олардың негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға ынталандыру, кітап оқуға, табиғатты тануға, өнер этикасын меңгеруге шабыттандыру. Көркем суретпен безендірілген кітаптар арқылы жас өспірімдердің көкжиегін кеңейту. Кітап жәрмеңкесіне қатысып жатқан тағы бір серіктестік – «Ақбұлақ академиясы» біліктілікті арттыру институты». Бұл академияның негізгі мақсаты – білімді ұлт, сапалы ұлт қалыптастыру жолында, болашақ ел азаматтарының кәсібіи деңгейін мектепке дейінгі және мектеп оқушылар ортасында қалыптастырып, сапалы білімнің негізін қалау. Олар ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлға тәрбиелеудің, жетілдіріп дамытудың жолдарын қарастырады. Осы негізде мамандардың біліктілігін арттыратын оқу-әдістемелік құралдар дайындау академияның негізгі жұмыс ұстанымына жатады.

Халқаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап көрме-жәрмеңкесіне Қытай Халық Республикасы, Пекин қаласынан арнайы келген баспалардың бірі – «Қытай Халық университетінің баспасы». Атлмыш баспа 1955 жылы құрылған. Бір ғана 2018 жылдың ішінде жалпы құны бір млрд юаньнан асатын үш мыңнан астам кітап шығарған, жұмыс өнімі алдыңғы санаттағы тәжірибелі баспа. Сонымен қатар аудио кітаптар мен интернет басылымдарын, әртүрлі медия қызыметін заманға сай біріктіре білген кешенді баспа болып саналады. Өзінің мол жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінде әлемнің қырық алты елімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұл баспадан шығатын кітаптар тек қана қытай тілді кітаптар емес. Баспа осы уақытқа дейін отыз төрт тілдегі кітаптар шоғырын шығарып үлгерген. Елімізде өтіп жатқан халқаралық кітап көрмесіне осындай білікті баспалардың тартылуы, отандық баспагерлер үшін үлкен шығармашылық байланыс тудырып беріп отырғаны қуанарлық іс. Сонымен қатар, аталмыш көрмеге, Түркияның Ыстанбол қаласынан «Envar Nesriyat» баспасының келуі де «Eurazian Book Fair-2022» кітап мерекесінің мерейін асырды. «Envar Nesriyat» баспасы – «Хизмет» қорының ұйтқы болуымен 1979 жылы құрылған. Түркия еліндегі белді баспалардың бірі болып саналады.

Астанадағы кітап мерекесіне көршілес Ресей елінен келген баспалардың қатары мол болды. Солардың бірнешеуін оқырмандарға қысқаша таныстыра кетейік. БИБКОМ Орталық кітапхана коллекторы – бұл баспа негізінен орыс тілін үйренушілерге арнап көптеген ғылыми, танымдық, көркем әдеби кітаптар шығарумен айналысады. Мыңнан аса баспалармен, кітапханалар желісімен, сауда орталықтарымен бірлесе отырып, жыл сайын жүз мыңнан астам кітап түрлерін ұсынады. Ал Екатеринбург қаласынан келген «Большая медведица» баспасының ұстанымы бұдан сәл өзгерек. Бұл баспа негізінен орыс халқының мәдениеті, дүние танымы, фольклоры, этнографиясы негізінде сұрыпталған халықтық сарындағы кітаптар сериясын шығарумен айналысады. Негізгі мақсаттары орыс әлемінің ұлттық мәдениетін жалпы халыққа таныстыру. Онда орыс ертегілері, халық ән-күйлері, ұлттық киімдер мен тағамдар, салт-дәстүрлер сынды толып жатқан халықтық мұраларды өз ішіне қамтыған бай мазмұнды кітаптар өз оқырмандарын тауып жатады. Мәскеуден келген тағы бір баспа – «Вакоша». Бұл орталық негізінен танымды еңбектерді шығарады. Олардың өнімі балалардың қиялының дамуына, ойлау формасының кеңейуіне молынан жол ашары сөзсіз.

Ыстанбол қаласынан арнайы келген баспалардың бірі – «Издательство дамла». Damla Publishing – 1974 жылы Ыстанболда тек балаларға арналған кітаптарды шығару мақсатында құрылған баспа. Осы уақытқа дейін Дамла тарихи романдарды, фантастикалық романдарды, әсіресе Михрабад пен Хумаюн сауда белгілері бар детективтік кітаптарды қамту үшін өз ауқымын барынша кеңейтіп келеді. Бұл баспаның Түркия және шетелде төрт жүзден астам ресми агенттері мен мың жарымнан астам кітап дүкендері бар. Жұмыс тәртібі жүйеленген, нақтыланған, Түркиядағы ең ірі баспалардың бірі болып саналады.

Елорда төрінде өткен кітап жәрмеңкесіне белсене ат салысқан ұйымның бірі – Қазақстан Жазушылар одағы республикалық қоғамдық бірлестігі болды. Оадқтың негізгі мақсаты – жалпыадамзаттық құндылықтарды жоғарылату, адамдар арасындағы және ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлестіру мүдесі үшін әдебиет әлемінің барлық салаларын шынайы түрде демократияландыру және ізгілендіру. Қазақстанның кәсіби әдебиетшілері мен тарихи Отанынан сырт жерлерде тұратын қазақ әдебиетшілерінің шығармашылығын еркін дамытуға қолайлы жағдай туғызу, олардың зияткерлік әлеуеттерін Қазақстан халқының рухани және имандылық тұрғыдан қайта жаңғыруына, өркениетті, демократиялық, құқықтық қоғам орнатуға барынша тиімді пайдалану. Халқаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап көрме-жәрмеңкесіне астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасы мен кітапханалар желісі де белсене ат алысты. Еуразия ұлттық университеті – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан ғылыми және білім беру орталығының бірі. Университеттің миссиясы: зерттеулер жүргізуді және үздік білім алуды, өз әрекеті үшін мемлекет пен қоғам алдында жауапты, экономиканың басым бағытты саласын дамыту үшін кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін еуразиялық аймақтағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы болу. Студенттердің ұлттық-мәдени, рухани-адамгершілк, эстетикалық және патриоттық тәрбиесіне көп көңіл бөлінеді. Зерттеу құрлымдарын ғылыми-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, профессор-оқытушылар құрамының және студенттердің ғылыми жобаларын қолдау және зерттеу нәтижелерін коммерциялық бағытта жұмыс жүргізуге бейімдеу.

«Eurazian Book Fair-2022» кітап көрме-жәрмеңкесіне еліміздегі ең іргелі кітапхана – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы да өз үлесін қосты. Ақпараттық ресурстарға көпшіліктің қол жеткізуімен қамтамасыз ете отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды басымдылықпен енгізу әрі оқырмандарға дәстүрлі-инновациялық кітапханалық қызметті ұсыну жолымен Қазақстанның материялдық мәдениетінің әмбебеп қорын кітапхана пайдаланушылары үшін жинау, сақтау және енгізу. Алматы қаласына орналасқан «Қазақ университеті» баспа үйі де аталған кітап көрмесіне өз өнімдерін ұсынды. «Қазақ университеті» баспа үйі еліміздің байырғы білім ордасы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанында өз жұмысын атқарады. Оның қызметі барлық ғылыми пәндер бойынша оқу, ғылыми әдебиеттерді, сонымен бірге полиграфия және жарнама өнімдерін шығаруға бағытталған. Баспа үйінің тауар және қызмет түрлері кең ауқымды: кітап, журнал дайындау, кувертка, визитка, жарнамалық өнімдер, буклеттер мен блокноттар шығару сынды кешенді жұмыстар атқарып келеді. Үйлесімді жұмыстың арқасында «Қазақ университеті» баспа үйі қазіргі уақыттың жаңа талаптарына сай бірегей интеллектуалды өнім шығарып келеді. Соның нәтижесінде, ҚР Ұлттық Кітап палатасы рейтингісінде алдыңғы қатардан табылып отыр. Қазіргі таңда елімізде шығатын барлық кітаптың он пайыздан астамы «Қазақ университеті» баспа үйінің үлесіне тиесілі болып келеді.

Еліміздегі ең іргелі баспалардың бірі – «Мектеп» баспасы». «Мектеп баспасы» жетпіс бес жыл бойы Қазақстанның білім беру саласына өлшеусіз үлес қосып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдармен қатар көркем әдебиет түрлерін де шығарып келеді. Әрбір оқулықты даярлау – бұл күрделі шығармашылық үрдіс. Ұзақ жылдар бойы «Мектеп» баспасы мен негізгі авторлық ұжымды құрайтын танымал авторлар, белгілі педагогтер, практик-мамандар және білім саласының тәжірибелі қызыметкерлері арасында тығыз қарым-қатынас қалыптасты. Баспа жаңартылған бағдарламамен барлық негізгі пәндерден 5-11 сыныптарға арналған қазіргі заманға лайықты оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін даярлады. Бүгінгі күні баспа қызметкерлері кәсіби шеберліктің жаңа қырын – электрондық оқулықтарды даярлауды меңгерді. Баспа OPIQ платформасы негізінде 5-11-сыныптарға арналған электронды оқулықтар даярлады. Сонымен қатар баспа электрондық оқулықтарды орналастыратын өз платформасын даярлап шықты және ол электронды оқулықтарды цифрландыруға даяр. «Мектеп» баспасы ұзақ жылдар бойы сөздіктер, тілашар және мемлекеттік тілді оқып-үйренуге арналған оқу құралдарының сұраныстағы аталымдарын үнемі толықтырып отырды. Баспа балалар әдебиетімен қатар, сыныптан тыс оқитын кітаптар мен мұғалімдерге және ата-аналарға арналған әдебиеттерді де шығаруға көңіл аударып келеді. Баспа іске асырып келе жатқан жұмыстардың бір бағыты – суретті фотоальбомдар. Қазақстан табиғаты, Орта Азия таулары, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, сондай-ақ, Қазақстанның ежелгі қалалары туралы таптырмас материялдар жинақталған альбомдар сериясы атап айтарлықтай көрнекі құрал қызметін атқарып келеді. 2020 жылдан бастап баспадан жарық көрген барлық оқулықтар мен оқу әдебиеттерін онлайн сатып ауға болатын интернет дүкен ашылды. Қазір Қазақстан бойынша тапсырыс берген оқырманға «есікке дейін» жеткізіп беретін қызмет түрі өз жұмысын мүлтіксіз атқарып келеді.

Бесінші рет өткізіліп жатқан Еуразиялық халқаралық кітап жармеңкесіне өз өнімдерін ала келген шығармашылық топтың бірі – «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының шығарған кітаптар сериясы болды. Еске түсіре кетер болсақ, 2013 жылдан бастап ұжымдық авторлардың еңбегімен «Отбасы хрестоматиясы» сериясында түрлі кітаптар жариялана бастады. Осы уақытқа дейін осы сериямен 34 кітап жарық көріп, олардың жалпы тиражы үш жүз мыңнан асты. Тақырыптық аясы әр алуан: қазақ фольклорлық мұралар, балаларға арналған ертегі-аңыз, қиссалар, шетел әдебиетінің аудармалары, психология, философия, логотерапия, экзистенциалдық бағыттағы еңбектер мен талдаулар. Сұраныстың артуына байланысты 2017 жылдан бері арнайы қоғамдық қор құрылып, аталған мекеме түрлі бағытта жұмыс жасап келеді.

Осы реткі кітап көрмесіне «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасыда» өзінің тарихи жәдігерлерімен келіп қосылды. Абай атындағы кітапхананың іргетасы 1883 жылы Абай Құнанбайұлы және Е.Михаэлис бастаған саяси жер аударылғандардың ұйымдастыруымен қаланды. Кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі – Абай Құнанбайұлы болды. Кітапхананың қорында XVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында жария көрген ресейлік және сирек өлкетану басылымдарының бай қоры сақталған. Кітапхана қаладағы ақпараттық мәдени орталық ретінде кітапханалық-библиографиялық, ақпараттық білім беру және демалыс қызметінің кең түрін ұсынады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» сериясымен көптеген кітаптар жарыққа шығып келеді.

Ел астанасының «Экспо» халқаралық көрме орталығында өтіп жатқан V Еуразиялық халқаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне еліміздің тұс-тұсынан және шет елдерден келіп жатқан кітапханалар мен баспалар, ғылыми орталықтардың бас-аяғы бұл емес. Олардың ұлт руханияты үшін атқарып жатқан қызметтері де ұшан теңіз. Біз алыстан ат арытып осы мерекеге келген қонақтарға, баспаларға шын жүректен алғыс айтамыз. Шығармашылқ толағай табыс тілейміз. Кітап – адамзат баласының осы уақытқа дейін жеткен ең ұлы өркениеті екені сөзсіз. Сол ұланғайыр өркениетіміздің көші аумай, мәдениетіміздің мәйегі үзімесін дейміз. Кітпсыз дүние – бос. Кітаппен бірге болайық қадырлы оқырман.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар