«KiтaпTime – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті

Бүгін, 11 қыркүйекте, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханасында «KiтaпTime-2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі жоғары дәрежеде өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестивальдің негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, оқырман мен кітап арасындағы байланысты заманауи форматта дамыту. Сондай-ақ, әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, білім көкжиегі кең, ойлы, мәдениеті жоғары ұрпақ қалыптастыру жолында мұндай игі шаралардың атқарар рөлі орасан.

«KiтaпTime – 2026»  V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті - adebiportal.kz

Ұлттық академиялық кітапхананың оқырман үшін әр жылы ұйымдастыратын бұл бағыты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Зерделі ұлт» қалыптастыру, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыру және кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларымен үндесіп отырғаны қуантады. 

Шараның ресми ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы Алмаз Әмірбекұлы Мырзахмет, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марсель Фортуна Биато, ҚР Жазушылар одағы  Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы және «Bilte» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Едіге Қожахмет сөз сөйледі.

«Биылғы жыл кітап деп тыныстаған игі жыл болып басталды. Еліміздің барлық өңірлерінде кітап оқу марафоны жүзеге асып жатқаны қуантады. Бұған екі миллионға жуық оқырман қатысады деп күтілуде. Мемлекет басшысының кітапқа қатысты арнайы қол қойған Жарлығы аясында атқарылып жатқан жұмыстар қазірде өз жемісін бере бастады. Соның бірі – осы «КітапTime-2026» жобасы. Бес жыл қатарынан үздіксіз өткізіліп келе жатқан бұл шара бүгін, міне, бас қаламыздан бөлек республиканың түкпір-түкпірінде де өтуде», - деп атап көрсетті, өз сөзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы Алмаз Әмірбекұлы. Ортаға шыққан зиялы қауым өкілдері кітап оқуға қатысты ізгі ойларын жиналған көпшілікпен бөлісті.

Фестиваль аясында әдебиет пен өнер, білім мен медиа салаларының  өзара байланысын нығайтуға бағытталған бірқатар мәдени және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылғанын байқадық. Солардың бірі – Серб әдебиеті бұрышының ашылуы болды. Мұндай тың бастама әрі жаңа әдеби кеңістік Қазақстан мен Сербия елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтып, серб әдебиеті мен мәдениетін елдегі оқырманға кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Әдеби бұрыштың ресми ашылу салтанатына және лента қию мәртебесі Сербия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Йовичичке, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызына және ақын, драматург Баянғали Әлімжанов мырзаға бұйырды. 

 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия мемлекетіне ресми сапары аясында, Серб Ұлттық кітапханасымен меморандумға отырған едік. Сол меморандумның жемісті нәтижесінде, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бір бұрышы енді серб елінің атақты қаламгерлерінің  еңбегімен толығып отыр. Бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың  одан әрі нығая түсуіне және кітапхана үшін жаңа оқырман аудиториясын тартуға септігін тигізеді деген үлкен үміттеміз», - деді Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Күміс Қарсақбайқызы.

 

Сондай-ақ, «КітапTime-2026» фестивалінде Ұлттық академиялық кітапхана мен «Қазақстан» ұлттық арнасының арасында, Ұлттық академиялық кітапхана мен Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры арасында меморандумға қол қою рәсімі де өткізілді. 

«Жастар» театрының директоры, ақын Мақпал Мыса: «Жалпы ең әуелі, әдебиет, сөз және өнердің түрлі жанрына айналып отыр. Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрының репертуары әдебиеттегі қаламгерлердің туындыларын сахналап жүргені мәлім. Біз Ұлттық кітапханамен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек деп санаймын. Жақында ғана театрымыз жаңа XX маусымын «Шыңғысхан» спектаклімен ашқан болатын. Сол кезде Ұлттық академиялық кітапхана театрымызда Шыңғысханға қатысты барлық кітаптар қойылған арнайы көрме ұйымдастырған еді. Өте сәтті шықты деп ойлаймын. Меморандум екі жақ үшін де жемісті болғай», - деп ойын қорытындылады. 

Фестиваль әрі қарай «Бір кітаптың әсері» деген танымал тұлғалардың сұхбатымен жалғасын тапты. Қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, танымал әнші, педагог, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова, жазушы, медиа саласының маманы Мирас Мұқаш сынды тұлғалар оқырманмен кездесіп, өз өмірлеріне әсер еткен кітаптары жайлы сұхбаттасты.  

Сұхбат соңында әнші Света Айтбаева жиналған көпшіліктің қолқа салуымен «Гауһартас» әнін тыңдармандарына тарту етті. Кітап оқуды көпшілікке насихаттаған бұл шарада түрлі танымал баспалар ұсынған кітап көрмелері мен «Ауылға кітап» атты акциясы да ұйымдастырылған екен. 

Осылайша, кітап пен өнерді тоғыстырған тағылымды кеш оқырман мен көрерменге рухани азық сыйлап, кітап оқудың маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

  

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan