Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Кітапхана – зерделі ұлт қалыптастырудың стратегиял...

Кітапхана – зерделі ұлт қалыптастырудың стратегиялық алаңы

27

Кітапхана – зерделі ұлт қалыптастырудың стратегиялық алаңы - adebiportal.kz

2026 жылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат – кітап пен руханияттың қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, кітапхана саласының алдағы даму бағытын нақтылаған маңызды мемлекеттік бастама.

Президент Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту, жаңа форматтағы кітапханалар құру, цифрлық жүйелерді енгізу, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, кітап саласындағы инновацияларды қолдау және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мәселелері басым бағыт ретінде көрсетілді. Бүгінде бұл міндеттер кітапхана қызметінің жаңа моделін қалыптастыруды талап етеді.

Осы бағытта Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы өңірдегі кітапхана саласын жаңғырту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Президент Жарлығында ерекше аталған бағыттардың бірі – кітапханалардың заманауи инфрақұрылымын дамыту. Бұл ретте «Кітапханашы PRO: жаңа дағдылар, жаңа мүмкіндік» облыстық тренингінің маңызы зор болды. Ауылдық және аудандық кітапханалардың 30 маманы қатысқан бұл жоба кітапханашылардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталды. Тренинг барысында қатысушылар кітапхананы бренд ретінде дамыту, әлеуметтік желілерді тиімді жүргізу, визуалды контент жасау, платформаларда дизайн әзірлеу, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын пайдалану бағытында практикалық білім алды. Әсіресе ChatGPT, Gemini, Grok платформаларын қолдану бойынша өткен тәжірибелік сабақтар кітапхана саласының цифрлық трансформацияға қадам басқанын көрсетті. Президент Жарлығында көрсетілген «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын жүзеге асыруда дәл осындай инновациялық жобалардың маңызы зор. Өйткені бүгінгі оқырманға тек кітап ұсыну жеткіліксіз – оған заманауи, жылдам әрі қызықты формат қажет.

Жарлықтағы маңызды бағыттардың тағы бірі – ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және халықаралық деңгейде насихаттау. Осы мақсатта IX Халықаралық «Astana Eurasian Book Fair – 2026» көрме-жәрмеңкесінде Алматы облысының ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл – өңір қаламгерлерін қолдау ғана емес, қазақ әдебиетін халықаралық мәдени кеңістікке шығару жолындағы маңызды бастама.

Ұлттық әдебиетті дәріптеу тек кітап көрмелерімен шектелмеуі тиіс. Қазіргі қоғамда әдебиет пен өнерді біріктіретін форматтар жастардың қызығушылығын арттыруда ерекше рөл атқарады. Мәселен, осы ретте әнші Роман Майғазиев пен ақын Нұртас Тұрғанбектің қатысуымен өткен «Өнер жолындағы өрлеу» кездесу кеші оқырман мен шығармашылық иелерінің арасындағы рухани байланысты нығайтты. Мұндай кездесулер кітапхананың мәдени диалог алаңы ретіндегі рөлін айқындай түседі.

Президент Жарлығында жаңа форматтағы кітапханалар құру мәселесі де нақты атап өтілді. Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Ұйғыр аудандық кітапханасының модернизациядан кейін қайта ашылуы –  өңірдегі маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды. Заманауи жиһаздармен жабдықталған, жаңа талаптарға сай кеңістікке айналған кітапхана ауыл тұрғындары үшін білім мен мәдениеттің жаңа орталығына айналды. 

Президент бастамасындағы «зерделі ұлт» идеясы — тек мемлекеттік бағдарлама емес, ол қоғамның рухани дамуына бағытталған ортақ міндет. Ал осы міндетті жүзеге асыруда кітапханалардың орны ерекше. Сондықтан кітапханаларды жаңғырту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту, жастарға арналған креативті жобаларды көбейту, ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды дамуы тиіс.

Кітап оқитын қоғам – көкжиегі кең қоғам. Ал көкжиегі кең ұлт –  бәсекеге қабілетті, рухани мықты мемлекет құра алады.

 

Алматы облыстық орталық 

әмбебап кітапханасының 

директоры Ғалия Сламбайқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan