Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы, «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің жүлдегері, ақын Талғат Тілеулесовпен кітапхананың бүгінгі тынысы жайлы сұхбаттасқан едік...
Армысыз, Талғат аға! Әуелі тақырыпқа кіріспес бұрын өзіңіз туралы аз-кем айтып таныстыра кетсеңіз.
Мен, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында 1970 жылы дүниеге келіппін. Бұл ауыл Сырдарияның теңізге құяр сағасында орналасқан балықшы ауыл. Әкем Бұрхан өмірінің соңына дейін балық шаруашылығы саласында басшылық қызметте болды. Шешем Айбарша қарапайым жұмысшы болды. Әжем Ақмоншақтың бауырында еркелеген сары баласы атанып, еркін өскен ұл болдым. Жасымнан тарихи жырларға құмар болып, жыр жаттап өстім. Мектепті бітіргеннен кейін мені әйгілі жыршы Набат Ойнарова Алматыға шақырды. Өкінішке қарай ол жаққа барудың сәті түспеді. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында педагогика және психология мамандығы бойынша оқып бітірдім. 2016 жылы Ақтөбе облысы мәдениет басқармасына басшы болып келген Қанат Айтбаев мені Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа шақырды. Менің кітапханаға келуім осылай басталды.
Кеше сіздің фейсбук әлеуметтік желісінде: «Кітапханашылардың өзі кітап оқымайды» деген жазбаңызды көзіміз шалып қалды. Енді біз кітапханашы емеспіз, бұл саланы соншалықты біле бермейміз. Бұл пікірді не үшін ортаға салдыңыз, осы арқылы не айтпақ едіңіз? Әңгіме тізгіні өзіңізде...
Кітапханашылардың кітап оқымайтыны жайында әлеуметтік желіге пікір жазып едім, жекеме өкпе-ренішін білдірген хаттар қаптап кетті. Бір танысым тіпті: «Су ішкен құдығыңызға түкірмеңіз!» - депті. Ол кісі менің мұны кітапхана деген киелі шаңырақтың құтын қашырған кейбір қызметкерлерге қарата жазғанымды қайдан білсін! Өзім осы салада 6-7 жыл жұмыс жасадым. Сонда көп нәрсеге көзім жетті. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Мұнда өз ісінің небір мықты мамандары да бар. Солардың арқасында жұмыстың кемшін тұстары білінбей кетіп жатады.
Басқасын айтпай-ақ қояйын, өз өңірінен шыққан ақын-жазушылардың аты-жөнін білмейтін, кітабын оқымаған кітапханашыларға не деуге болады?! Мұның жалғыз себебі – кезінде тамыр-таныстықпен немесе жоғарыдан түскен тапсырма бойынша жұмысқа алынғандардың біліксіздігінде ғой.
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дейді, атам қазақ. Өзінің қызметтік саласына сай келмейтіндерді жұмыстан шығарып, кітапхананы білімді мамандармен толтырған жөн. Біреулер мені: «Өзі кітапханадан кеткен соң жамандап отыр, кезінде неге айтпады?» деп ойлауы да мүмкін. Мүлде олай емес. Кітапханада жүргенде де бұл мәселені сан мәрте көтергенім ұжым мен әріптестердің есінде болар, сол үшін де басшылыққа жақпадым.
Кітапханашы болу үшін маманның бойында қандай әдеттер мен талаптар болса дейсіз? Ойыңызда жүрген, айтқыңыз келіп жүрген пікірлер болса ортаға сала кетсеңіз...
Мен өзімнің жауаптанған жұмысыма бейжай қарай алмайтын адаммын. Облыс орталығында А.С.Пушкин, М.Ломоносов, М.Горький, С.Я.Маршак атындағы кітапханалар бар. Солай бола тұра күні бүгінге дейін қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Қуандық Шаңғытбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин сынды тұлғаларымызға бірде бір кітапхана бұйырмағанын қалай түсіндіруге болады? Осыған байланысты қаламгерлердің қолы қойылған хатымды жергілікті жауапты орындарға тапсырдым, әзірге тым-тырыс. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы заман талабына сай салынбаған. Жаңбыр жауған күні төбесінен су тамшылап тұрады. Кезінде облыс әкімі болған Оңдасын Оразалинге, Ералы Тоғжановқа заманауи кітапхана салып беруін сұрап хат та жаған болатынмын. Бұл хатым үшін өңірдің мәдениет басшысы соңымнан шырақ алып түсті. Ақырында өз еркіммен жұмыстан кетуіме тура келді. Негізінде мәдениет басшысының тапсырмасы бойынша Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасын жастар шығармашылықпен айналысатын креативті орталық қыламыз деп, ішіндегі сексен мыңға жуық кітапты кітапхананың гаражына шығарып тастапты. Бұл іске тікелей араласып, даулы мәселені шешуге ат салыстық. Сол кезде бұған дейін бекершілікте: «Кітапхананың жанашырымын, кітап – құндылық!» - деп кеуде соғып жүрген біраз «жанашырлардың» біреуі де қасымнан табылмағаны өкіншті.
Адам кітапханашы болу үшін өз кәсібінің адал құлы болуға тиіс. Онсыз жұмысыңда береке болмайды. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» - дейді Әлихан атамыз. Демек, мінез – адамның ішкі әлемінің айнасы. Біз көңіліміздің қаншалықты кірлегенін сезбейміз, сырт көз сезеді. Кітапханашы ғана емес, жалпы біздің қоғамда жұмысқа кірер кезде алғашында көркем мінезді болып көрінеді де, еті үйренген соң жұмыс талабын белден басып, теріс мінез көрсететін қызметкерлер жетеді. Сол қатарда оқырманға «мынау тағы келді ғой» дегендей тоң мінез көрсетіп, кітапханашыға лайық сыпайылық пен жылылықтан ада, дөрекілігін жасырмайтын кітапханашыларды да көп кездестіріп жатасың. Осы жаман әдеттен арылуымыз керек.
Алматы, Астана қалаларындағы кітапханалар мен шетелдің небір алып кітапхана жүйесімен қаншалықты таныссыз. Тәжірибе алмасып, ой-пікір бөлісу болып тұра ма?
Елімізде өтіп жатқан іс-шараларға қатысып тұрамыз. Бір-біріміздің ой-пікірлерімізді ортаға салып, содан нәтиже шығаруға талпынып жұмыс жасаймыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Рухани қазына» республикалық фестиваліне қатысып, жүлдегер де атандық. Бұл да болса кітапханада атқарған жұмысымның жемісі деп білемін. Мені әлі де кітапханадан көргісі келетін оқырмандарым өте көп, бірақ қайтып барғым келмейді. Себеп түсінікті. Бұл: «Кітапхананың есігін ашпаймын!» - деген сөзім емес, өткізген іс-шараларынан қалып көрген емеспіз. Жалпы ақпарат, кітап, газет-журнал төңірегінде жүргендіктен, кітапхана тақырыбынан алыстамайтыным анық. Кітапхана төңірегінде болып жатқан жаңалықтарды жіті қадағалап, назардан тыс қалдырмай қарап тырамын.
Кітапханашыларға арнаған әніңіз де бар екен, демек өз салаңызды қатты беріле жақсы көріп, махаббатпен қызмет қылатын болып тұрсыз ғой. Бұл ән қашан, қай кезде туды?
Әл-Фараби бабамыздың заманында кітапхана «даналық үйі» аталған екен. Қаншама ғұламалар осы даналық үйінен шықты. Қазірде кітапхана деп жатырмыз, осы кітапханаға қонақтар, білімді азаматтар, мемлекеттік деңгейдегі зиялылар келіп жатады. Соларды кейде әнмен қарсы аламыз, сонда сол кісілерді қарсы алатын өзіміздің әніміз жоқ екен. Осы мәселе мені көп толғандырды. Өлең де, ән де үлкен толғаныстан туатын дүние ғой. Үш жылдың шамасы болып қалды, кітапханашылар туралы әнімді әлеуметтік желіге салып едім, төрт жүзден аса адам көшіріп алыпты. «Кітапханашылар әнінен» тыс «Қайда жүрсің», «Сені іздедім», «Әкеме», «Қазақ болып туғаныма мақтанам» сынды әндерді де жаздым. Осы «Кітапханашылар әні» туралы өзіме тікелей хабарласып, алғысын білдіргендер көп болды. Демек, әнімнің жаман болмағаны.
Кітап төңірегінде жүріп өзіңіз кітапты қаншалықты көп оқисыз? Кітапқұмар болуға кімдер әсер етті?
Менің әкем кітапты көп оқитын. Үйде кітап таудай болып жатады да, ол кісі кітапты рет-ретімен оқи беретін. Дастарқан басында сол оқыған кітаптары жайлы әңгімелеп беретін. Ол кезде телевизор нашар көрсететін кез, біз сол әкеміздің айтқан әңгімесін кәдімгі телевизор көріп отырғандай тыңдайтынбыз. Әкейдің сол әңгімесіне қызығып кейін өзіміз де кітап оқи бастадық. Жалпы кітапқа жақын болып өсуіме әкем үлкен себепкер болды. Әкемнен алған тәрбием болар, кітапханада жүргенімде баланы кітапқа баулитын ата-аналар көп болсын деп «Кітаптан алған әсерім» атты жоба дайындадым. Бұл жоба өз кезегінде жақсы нәтижесін көрсетті.
Сосын әжемнің де ықпал көп болды. Әжем аңыз-әңгімелерді көп айтады. «Баяғыда ата-анасы қартайса балалары Барсакелмес деген аралға апарып тастайды екен. Бір күні бір бала әкесін алып бара жатып, бір жерге барып демалса, әкесі қарқылдап күліпті. «Әке неге күлесіз, мен сені ай далаға әкеліп тастайын деп жатырмын ғой», - десе: «Айналайын, балам, мен де бір кезде әкемді осында әкеле жатқанымда осында демалып едім. Сол есіме түсіп отыр. «Ата-анаңа не істетсең, алдыңа сол келеді» деген рас екен, міне, енді өз басыма сондай күн туып тұр», - депті. Сонда баласы шошып кетіп: «Ертең менің де балам мен қартайғанда осы жаққа әкеліп тастар, одан да әкемді үйіме алып барып бағайын», - деп әкесін арқалап үйіне қайта қайтқан екен. Осы секілді әңгімені әжем көп айтатын еді. Кейін қалаға келіп, жұмыс бабымен қайырымдылық жасап қарттар үйіне барып, ондағы қарт аналар мен әкелерді көргенімде әжемнің әңгімесінің астарын әбден ұққандай болдым. Жалпы адам болып қалыптасуыма, әке-шешем мен әжемнің тәрбиесінің орыны бөлек болды.
Талғат аға, өзіңіз туралы, кітапхана туралы берген сұхбатыңызға рахмет! Өмір жолыңызға шығармашылық табыс тілеймін!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.